Әлем әдебиетін қазақша оқу неге керек?

23184

Қазақ елі ескі коммунистік жүйеден мүлде тазарған, адами құндылықтарды құрметтейтін әлемнің озық елдері, халықтары қатарына жетері даусыз

ФОТО: pexels.com/ Фотограф: Caio

Мен армандаған «жаңа» Қазақстанның да мақсаты сол. Жаһандану дәуірінде, интернет пен IT заманында ескіден халықтар арасын бөліп тұрған шекара біртіндеп жойылып, әлем біртұтас жалпақ дүниеге айналып барады. Осы кезеңде біз, қазақ халқы, сол жаңа ортадағы өзімізге тиесілі орнымызға қалай нық жайғаса аламыз? Өзге халықтардың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, болмысы тірлігі жайында мәліметті қалай, қайдан аламыз, қалай үйренеміз? Міне, бұл – бүгінгі күннің басты сұрағы.

Әдебиет, соның ішінде балалар әдебиеті – жеткіншектердің жеке тұлғасын қалыптастыруға, өзге елдің, халықтың мәдениетін, болмысын түсіндіруге көмектесетін басты құрал.

Кеңес заманында әлем әдебиеті қазақ тіліне сирек аударылған. Мәскеудегі «главлит» аталған цензурадан өткендері арасынан бірлі-жарымы ғана, соның өзінде автор тілінен емес, орыс тіліндегі аудармасынан қазақ тіліне тәржімалап бастырған. Андерсеннің бірнеше ертегісі, Марк Твен сынды жазушыларды есепке алмасақ, балалар әдебиетінің жауһарларын қазақ тіліне аудару ісі мүлде қолға алынбаған. Батыс жазушыларының балаларға арналған шығармалары коммунистік моральға сәйкеспейді деген желеумен қазақшаға аударылмаған. Ағылшын, француз, неміс, испан тілінен тура аударған шығарма сирек кездесетін, ал қы-тай, жапон, корей, малай, парсы, араб, тіпті түрік тілінен қазақ тіліне тура аударған кітап болмаған. Тіпті Әзиз Несиннің өзін қазақ тіліне туысқан түрік тілінен тура емес, орыс аудармасынан қайталап аударған.

Ал енді тәуелсіздік алған соң бұл үрдіс неге өзгермеген? Еліміз тәуелсіздігін жариялап, нарықтық экономикаға көшкеннен кейін кітап саудасы, соның ішінде аударма әдебиеті саласы тек орыс тілінде ерекше қарқынмен дамыды. Көрші елден салықсыз импортпен келген тонна-тонна аударма кітаптармен қазақ тілінде басылатын әдеби кітаптар бәсекелесе алмай қалды. Оның үстіне бізге орысша оқығанымыз жеткілікті, қазақ тілінде кітап талап ететін оқырман жоқ деген сияқты өз ішіміздегі кереғар көзқарас та бұған үлкен себепкер болды. Қазақ баласы әлем жазушылары туындыларын неге өзге тілде оқуға мәжбүр, неге өз туған тілінде оқи алмайды?

Өз ұлтыңды, қазақ халқын әлемге танытам десең, ең әуелі әлемді өзің танып білуің керек. Қаршадайыңнан танысаң нұр үстіне нұр. Сол үшін әлем балалар әдебиеті жәуһарларын көптеп аударуымыз қажет. Басқалар, көршілер қалай қарайды деп жалтақтамай, үрейленбей әлем қауымдастығына жақындауымыз керек. Тек «орыс әлемінің» шеңберінде ғана шырмалып қалмай, басқа әлем – Еуропа, Америка, Жапония, қытай, араб, парсы, түрік, латын әлеміне жақындау, олармен араласу, үйрену – заман талабы.

Міне, осы бір жасанды жағымсыз стереотипті өзгерту үшін осыдан бес жыл бұрын Steppe and World баспа үйін құрып, әлем балалар әдебиетінің жауһарларын қазақ тіліне тура аудару ісін қолға алдық. Біздің мақсат «Қоғамға қызмет ету және әлем әдебиетін халыққа таныстыру». Әдебиет арқылы басқа әлемді танып білу, өзіңді таныту. Үрей, қорқынышты ысырып қойып, мақсатыңды дұрыс айқындап, қолға келген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, алған беттен қайтпасаң, межеңе жетесің. Болашақ – жарқын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить