Экспорт: сыртқы фактордың тәлкегі

Қазақстан экономикасының таяу арада дереу оңала қоятыны екіталай – Дүниежүзілік банктің соңғы болжамдарын осылай қабылдауға болады

ФОТО: pixabay.com

Халықаралық ұйым сарапшыларының бұл пікірі: «пандемия салдары созылмалы» және «шикізат ресурстарына тәуелділік басым» деген себеп пен салдар аясында өрбуде. Оның сыртында, Қазақстан экономикасы экспортқа деген аймақтық сұраныстың төмендеуінен де (мысалы, Еуроодақ не Қытай тарапынан) зардап шегуде. Басты себеп – мұнай нарығындағы баға сергелдеңі.

Ел экономикасына Ресей және Қытай сынды аймақтас серіктестердің бүгінгі хал-ахуалы да ықпал етпей қоймайды. Мәселен, 2011 жылы Қытай экономикасы экспорт пен инвестицияға негізделген жүйеден тұтыну бағытына қарай өзгеріп жатқанда, олардағы экономикалық баяулау – Қазақстаннан Қытайға жеткізілетін шикізатқа деген сұранысты күрт төмендетті. Бұл қазақстандық бизнес өкілдерінің біразының жоспарын астан-кестен етті.

Негізі, Қазақстан экспортына ықпал ететін қытайлық жеке факторлар бұл ғана емес. Автокөлік құралдары бойынша жетекші импортшы ел ретінде қазір Қытай бензин және дизельді көліктер өндірісіне тыйым салуды жоспарға алды. Ішкі жану қозғалтқышы бар автокөліктерден шығыс көршіміздің бас тартуы – еліміздің мұнай нарығына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Сол сияқты, Қытайдың игерілмеген мұнай қоры таяу келешекте Қазақстанның шикізат секторымен бәсекеге түсуі де ықтимал. Айтқандай, биылғы дағдарыс барысында Қытайдағы зауыттардың біразы жабылып, Қазақстан экспортының ілкімді бағыты тоқтап қалды: соның салдарында ішкі нарыққа жеткізілетін ресурстар бағасында тұрақсыздық көрініс берді. Демек, биылғы дағдарыс Қытай экономикасын кезекті құрылымдық өзгерістерге итермелеп отыр деген сөз. Олай болса, Қазақстан да алдағы күндері өзінің экономикалық даму әдістерін дереу өзгертуге мәжбүр болады.

Бұл тұрғыдағы негізгі шешімдер

1. Диверсификация. Экспорттан түсетін кірістердің мемлекеттік шығындарды қолдауға шамадан тыс тәуелділігін ұстап тұру үшін Қазақстан экономикалық өсудің баламалы жолдарын дамытуы тиіс.

2. Ел үкіметі инвестиция тарту стратегиясын жаңартуды ескеруі керек. Шикізат секторына тікелей шетелдік инвестициядан келген қолдау бұған дейінгі дағдарыстар барысында экономиканың түбегейлі күйреуінен құтқарып, нарықтық көрсеткіштердің оңалуына мүмкіндік берді, бірақ ел ішінде жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қоса алған жоқ. Бұл, әрине, Қазақстандағы мұнай секторының қалай басқарылып отырғанын меңзесе керек.

3. Тағы бір тиімді шешім – Қазақстан Орталық Азия аймағында өз позициясын кеңейтіп, нығайтуды ойластырғаны жөн. Әрине, Орталық Азия мемлекеттерінің нарығы Қазақстан экспортының сұраныстарына толық жауап бере алмас, бірақ географиялық және мәдени жақындық тұрғысында біз үшін бірден-бір перспективалы нарық болып қала бермек. Оның үстіне аймақ ішінде энергияға деген тапшылық тағы бар. Мәселен, Өзбекстан жылына 5 млн тонна мұнай сатып алуға мүдделі екендігін білдірді. Ал энергоресурстар нарығының аймақтық дамуы тұрғысынан алғанда, Түрікменстанның оқшау саясаты бұл үшін өзіндік қолайлы жағдай жасап отыр.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
6322 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
25 июня родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Оксана Чусовитина: Любое поражение – это первый шаг к победе Смотреть на Youtube