Дұрыс мақсат қоя білу бизнесте маңызды

7002

Қазіргі таңда еліміздің бизнес өкілдерінің көпшілігі кішісінен бастап үлкеніне дейін «корпоративтік мәдениетке» аса мән бере бермейтіні айдан анық. Көбінесе бұл ұғым жайындағы түсінік компанияның миссиясы, құндылықтары және принциптері деңгейінде шектеліп қалады

ФОТО: pixabay.com

Өз басымның жеке пайымдауымша, бұл – өте күрделі де қызықты, тереңдеуі толастамайтын прогрессивті басқару жүйесі. Міндетті түрде бұл бірінші басшының өзінен басталып, барлық қызметкерлерге анық та түсінікті, бастысы – күнделікті өмірінде айқын сезіне алатын, бар екендігі расталып та, көрініп те тұратын кәсіпорынның ішкі философиясы болуы керек.

Әлемде барлық мемлекеттердің конституциясы бар, бірақ, өкінішке орай, барлық елдердің азаматтары сол конституцияда жазылған құқықтарының бұлжытпай орындалып, қалтқысыз сақталатынына, сол басты құжаттың оңай өзгеріп кетпейтініне көзі жетпейді. Тек қана санаулы мемлекеттердің ғана халқы бұл үрдіспен мақтана алатын шығар? Сол үшін мен де қабылдауға жеңіл болу үшін осындай теңеуді қолдануды жөн көрдім. Басты заңы мықты мемлекеттердің әрдайым алдыңғы шепте жүретінін айтудың қажеттілігі де аз, соған ұқсас корпоративтік мәдениеті қалыптасқан кәсіпорындардың да нарықтың көшбасшысы болу заңдылығы да осыған іспеттес.

Корпоративтік мәдениеттің құрамындағы көп элементтердің бірі – қызметкерлердің тарапынан «мақсат қоя білу» процесі.

Компанияның әр деңгейіндегі қызметкерлердің дұрыс мақсат қоя білуінің маңызды екендігі – ақиқат. Бұл бағытты тыңғылықты игеру, күшейту үшін әртүрлі заманауи технологиялар да аз емес. SMART, OKR, SCRUM сынды тәсілдер мақсаттардың анық, уақытқа байланысты және де жетістіктің өлшеулі болуы сияқты жақтарын реттеп бере алады. Яғни, бұл құралдарды қалтқысыз қолдана бастаған кәсіпорынның тасы бірден өрге домалайды деген түсінік қалыптасуы әбден мүмкін.

Бірақ бұл жерде менің байқап жүрген, көзге көрініп бірден айқындалмайтын жасырын құбылыс бар. Ол да тағы корпоративтік мәдениетке тікелей байланысты. Олай болса мақсат қоя білудің қалыптасуына, дұрыс болуына бірден-бір әсерін тигізетін фактор деп «шешім қабылдау» процесін айтар едім. Ол үшін, әлбетте, тәжірибелілік пен батылдық керек. Тәжірибені уақыт береді. Бұл – ең қымбат ресурстардың бірі. Яғни, уақытты үнемдеу үшін жиі әрі жылдам шешімдер қабылданып тұрғаны дұрыс.

Шешім қабылдаудың қиын болар тұсы, ол –сол қабылданған шешімнің берер нәтижесі үшін алатын жауапкершілік. Өмірдегі де, қызметтегі де барлық шешімдердің толық дұрыс болуы мүлдем сирек немесе тіпті мүмкін емес. Ал қате шешім кесірін тигізеді. Қызмет барысындағы қате қабылданған шешімдерге басшылық тек қана жаза қолдануды дұрыс деп тапса, қызметкерлер тарапынан жазалану қорқынышы шешім қабылдау функциясын блокка қойып тастайды. Өз бетімен шешім қабылдай алмайтын жұмысшының өз бетінше дұрыс мақсат қоюы да күмәнді. Яғни, мақсат қоюдың қанша технологиясы жайында тренинг, оқулар өткізіп шығындалсаңыз да, оның қалаған деңгейде жүзеге асуы мүмкін емес. Қызметкерлеріңізден максималды эффект көріп, шешім қабылдауға үйретіп, мақсат қоя алуға жетелегіңіз келсе, оларды көбірек жазалау позициясынан еркіндік позициясына ауысқаныңыз абзал. Қате қабылданған шешімдерден келген шешімді қабылдай алуды үйрену керек. Бұл – біздің кеңістікте көбірек қолданылатын директивті басқару тәсіліне үйренген басшылар үшін оңай түспейтін процесс.

Дегенмен, әлемдік трендте көшбасшы болып үлгерген компаниялар өз қызметкерлерімен қарым-қатынасты «бақытты әріптес» моделіне сүйенген корпоративті мәдениетті қолдана отырып жүзеге асырады. Бұл – жұмысшылардың сол кәсіпорынның жалдамалы құралы емес, бір бөлшегі ретінде сезінуінің арқасында компанияның дамуына импульс беретін инструмент.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить