Ақпарат өкініш тудырмасын

9529

Бүгінгідей әлеуметтік желілер арқылы жылдам тарап жатқан ақпараттар легін интернеттегі іздеу жүйелерінен, ресми ақпарат көздерінен қарап, оның ақ-қарасына көз жеткізуді әдет етуге үйрену керек. Ақпаратты өзіңіз таңдаңыз, желі қолданушыларының ақпаратына тәуелді болмаңыз

ФОТО: pixabay.com

Заманалы ақпарат кеңістігі күн сайын емес, секунд сайын өзгеріп, осы сәттегі жаңалық жарамсыз болып жатқан тұста, жалған ақпаратқа дес берушілер арасында БАҚ өкілдері де, әлеуметтік желі тұтынушылары да, ақпарат тұтынушы оқырман да айтарлықтай көп. Мысалға, коронавирус инфекциясы тарай бастағанда, ақпаратты тексерместен, көсіле сілтеуге журналистер де, блогерлер де, мессенджері бар қарапайым көпшілік те жол бергені мәлім. Өкініштісі сол, бүгінде ақпарат алаңында фейк мәлімет үшін БАҚ та, әлеуметтік желідегі қолданушы да, ресми орындар да кешірім сұрау мәдениетін ескеріп жатқан жоқ. Көп жағдайда онлайн шыққан жалған контентті өшіре салып, үндемей құтылуға тырысады, алайда технология заманында «Гуглдан» бәрібір қашып құтыла алмайсың.

Ақпарат тарату жолындағы тағы бір белең алған өрескел құбылыс: әдетте отандық БАҚ мемлекеттік орындардан жеткен ақпаратты тексеру процедурасын мүлдем ескермейді. «Билік айтты, бәрі дұрыс» деген қатаң көзқарас қалыптасқан. Баспасөз мәліметі қолға тиген бойда, дереу жариялай салады. Шындап келгенде, билік басындағылардың сөзінде спичрайтерлер мән бермеген қателіктер өріп жүреді. 

Мысалға, мемлекет басшысының соңғы Жолдауында: «Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматымыз 42 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ» деп көрсетілді. Алайда, ел азаматтарына қаржылай қолдау көрсетуде, «Мәселен, Жапония пандемия кезінде әр азаматқа (теңгеге шаққанда) 387 486 теңге, Әзірбайжанда 46 881, Ресейде 57 мың теңгеден берген. Ал АҚШ үкіметі табыссыз қалған әр азаматқа 501 600 теңгеден таратса, Қырғызстан 1 мың сомнан (5 435 теңге) төмен табысы бар отбасыларға әлеуметтік көмек қарастырған».

Жалған ақпарат таратуға БАҚ өкілдерімен қатар, қарапайым азаматтар да молынан септік етуде. Ал ҚР Қылмыстық кодексінде «Көрінеу жалған ақпарат тарату» деген арнайы бап бар. Бұл бап бойынша жалған ақпарат таратқандарға 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл бапты естен шығармаған дұрыс және телефонға жүктелген мессенджер қосымшалары арқылы күнделікті келіп жататын аудио не видео жазбалармен бөлісуде де мұқият болу керек: Қылмыс кодексінің 174-бабымен танысып алыңыз.

Жалпы, мессенджерге сырттан келген ақпарат сіздің эмоцияңызға қаншалықты әсер етеді? Онымен танысып шыққан соң, «бұл шынымен осылай болуы мүмкін бе?» деген сұрақ төңірегінде ойланған жөн. Әсіресе қазір, әлеуметтік оқшаулану қажеттілігі орын алған жағдайда.

Қолға түскен ақпаратты таратуға асықпас бұрын, мұнымен оқып танысқан өзге жұрт оны «қалай қабылдайды, қандай әсер алады, қандай қадам жасайды?» деген сұрақтар да туындауы тиіс.

Бүгінгідей әлеуметтік желілер арқылы жылдам тарап жатқан ақпараттар легін интернеттегі іздеу жүйелерінен, ресми ақпарат көздерінен қарап, оның ақ-қарасына көз жеткізуді әдет етуге үйрену керек. Ақпаратты өзіңіз таңдаңыз, желі қолданушыларының ақпаратына тәуелді болмаңыз. 

Оқып танысқан ақпаратқа күмән келтіру – бұл БАҚ өкілінің тікелей міндеті және жұмыс барысындағы басты қаруы. Бұл тетікті желі ішінде ұзақ отыратын қарапайым оқырман да күнделікті ескерсе дұрыс болады. Бүгін күмән келтіріп, сырттан келген ақпаратпен бөліскен жоқсыз, кім біледі, мүмкін сіз орны толмас үлкен өкініштің алдын алған шығарсыз.     

Байқасақ, қазір ақпарат алаңдарында ақиқат пен жалған өзара күресіп, ақпарат тұтынудың жаңа модельдерін қалыптастырып жатқан шақ. Бұл тұрғыда журналист те, блогер де, ақпарат тұтынушы қарапайым оқырман да сыни ойлау қабілетін дамытуды ескеруі керек. Күнделікті сырттан келіп жатқан ақпарат ішінен ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажыратып, нақты дәлелін тани білу де өнер. Бүгінгі таңда журналистиканың өзіндік өзекті де бірегей бағыты фактчектің негізгі қағида, ұстанымы да осында. Жалған ақпаратқа босқа алданып, өкініп қалмайық.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить