Әскери археология: Германиядағы іздеу және анықтау жұмыстары қалай жүріп жартыр

20452

Вермахт ардагерінің сұхбаты, әскери тұтқындар, олар ұсталған концлагерлерге шағын экскурсия

Хайнс Мучинский жəне оның көмекшілері
Фото: Азат Сардарбек
Хайнс Мучинский жəне оның көмекшілері

Германияда ресми тіркелген және іздеумен айналысатын бірқатар топтар бар. Солардың бірі Берлинде 20 жылдан астам уақыт тұрып келе жатқан ауған соғысының ардагері Эдуард Птухин жетекшілік ететін «Обелиск интернационал» халықаралық мемориалдық қоры. Ол алғашында соғысқа қатысқан өз атасын іздеді, кейін іздеу тобын құрды, ресми тіркеуден өткен. Жүздеген майдандердің зиратын, мыңдаған тізімді тауып жариялада және туыстары табылып жатқандары да көп. Оның айтуынша Германия аумағында 750 мыңдай адам жерленген болса, солардың 500 мыңдай әлі белгісіз. Қор қызметкерлері тек майангерлер зиратын ғана емес, концлагерь тұтқындарын іздеу жұмыстарын қатар жүргізуде. Себебі, соңғылары жайлы көпке дейін мәлімет берілмеді, құпия ұсталды, ал тұтқында түскендерге көзқарас басқаша болды.

Эдуард Птухин
Эдуард Птухин

- Германияда әскерилерге арналған лагерлер, мәселен шталаг және концлагерьлер болды. Оларды шатастырмау керек. Концентрациялық лагерь бұл адамдарды арнайы апарып көзін жоятын орын. Яғни, олар есік арқылы кіреді, және тек мұржа арқылы ғана шығады. Олардың алда тек крематорий мен қабір ғана күтіп тұрды. Тәртіпке бағынбаған, арбауға көнбегендер, қашуға бейімдер осында жеткізіліп отырды.

Жалпы 1941-1945 жылдары шамамен 5 млннан астам кеңес жауынгері тұтқынға түсті. ҚР Президент мұрағатының дерегі бойынша олардың ішінде қазақстандықтар саны 200 мыңға жуық болуы мүмкін. Қазіргі күні 35 мыңға жуық тұтқынның есімі белгілі. Қалғанының тағдыры белгісіз. Оларды анықтау, іздеу жалғасуда. Біз қазақстандықтар ұсталған және қаза тапқан Германиядағы аты шулы бірқатар концентрациялық лагерлер туралы мәлімет ұсынамыз.

-Ең алдымен немістер қылмыстарын жасыру үшін құжаттардың көзін жоюға тырысты. Екіншіден көп құжаттардың аймақты азат еткен одақтастар алып кетті. Кеңес одағына нені беру керектігін, нені бермеу керектігін солар шешті.Үшіншіден әскери тұтқындар соғыстан кейін халық жауы атанғанын ұмытпаған жөн. Барлығы қатаң бақылауда болды, кейбірі Германиядағы уақытша лагерлерде ұсталып кейін, Сібірге айдалды. Құжаттар құпия болды, көбі әлі де құпия күйінде қалып отыр, - деді қор басшысы.

Заксенхаузен крематорий
Заксенхаузен крематорий

Германия. Дрезден қаласынан 50 шақырым жерде жатқан «Цайтхайн» мемориалдық кешенінде кезінде тұтқында болған 6 мыңннан астам кеңес жауынгерінің сүйегі жатыр. Соның ішінде 130 астамы қазақстандық болып шықты. Қорым қызметшісі олардың тізімін, құжаттарын және жатқан жерлеріне дейін көрсетіп береді.

Йенс Нагель
Йенс Нагель

-Бұл Цайтхайн мемориалдық кешені. Алғашқы тұтқындар ұсталған лагерь, 1941 жылдың жазында осында шамамен 20 мың жауынгер жеткізілген. Тұқтқындар қыркуйек айына дейін осы жерде болды. Кейін өзге лагерлерге жіберілді. Германияның индустриясын көтеру үшін басқа лагерлерге ауыстырылды, қара жұмысқа салынды. Ал олар жайлы мынадай құжат толтырылған, онда туған жері, қызметі, аты-жөні, денсаулығы туралы барлық анқытама жазылған, тіпті саусақ іздеріне дейін алынды, - дейді мемориал жетекшісі Йенс Нагель.

Хорст Зеференс мен совет сарбазы
Хайнс Мучинский 

Бұл кешегі нацистік-германияның унтер-офицері, кеңес жауынгерлерінің бейтін тұрғызумен, іздеумен және әскери археологияға көмегін беріп келе жатан Хайнс Мучинский. Берлин тұрғының әкесі кеңес әскерінің, ал өзі болса америкалдықтардың тұтқынында болған және кейін босатылған. Қария соғыс жылдарынан кейін өзіне серт беріп, әрдайым іздеу топтарының құрамынан табылып, ұрыс даласында мерт болған сарбаздарға тағзым жасап келеді.

- Мен осы күнге дейін 150 жауынгерді қайта жерлеу рәсіміне қатыстым. Оның ішінде кеңес жауынгері де, неміс жауынгері де бар. Жалпы 18 экспедиция жасалды. Мен соғыста көзі тірі қалған соңғы неміс жауынгерлерінің бірімін. Мен үшін олардың тегі маңызды емес. Мейлі неміс болсын, мейлі кеңес жауынгері болсын барлығы анықталып, құрметпен жерлеуні тиіс, - Берлин тұрғыны.

Хайнстың құжаты
Хайнстың құжаты

Вермахт ардагері Германиядағы Одер маңында дүниеге келіпті. Соғысқа 17 жасында аттанған. Жас жігіт бұл кезде халықаралық саясат дегенді білмегенін, ал ел ішінде басқаша идеология жүргізілген, яғни, отанды сыртқы жауадан қорғау керек деген ұран тасталған. Ал бас тарту мүмкін болмапты, тіпті соғыс кезінде сәл кері шегінгендер бірден атылған, дарға асылған. Сондықтан ол соғыс дегенді адам баласына тілемейтінін айтады.

- Мен осылайша қаза болғандарға өз деңгейінде құрмет көрсеткім келеді. Себебі, менің көретін күнің бар екен, ал оларға бұндай бақыт бұйырған жоқ. Сондықтан мен іздеу тобының жұмысына,қайта жерлеу рәсімдеріне шын ниетпен, шын жүректен қатысамын. Майдан даласында жастай опат болған марқұмдарға құрмет көрсету парыз деп санаймын. Өйткені мен тірі қалдым, ал олардың мен сияқты жолы болмады, - деді экс-офицер.

Бухенвальд
Бухенвальд

Бухенвальд. Әлем елдерінің азаматтары жыл сайын 11 сәуірден бастап осында ағылады. Себебі, дәл осы күні онда ұсталған тұтқындар қарулы көтеріліс ұйымдастырып, лагерді өз бақылауларына алған еді. Бірккен ұлттар ұйымының шешімімен сәуірдің 11 нацистік концлагерь тұтқындарын азат етудің халықаралы күні болып белгіленгені осыдан. Еске алу шарасына келгендердің ішінде сол кездегі тұтқын киімін киіп келгендер бар. Солардың бірі Бухенвальд тұтқыны болған Александр Бычок.

Александр Бычок
Александр Бычок

- Бұл жер нағыз тозақ болды. Анау мұржаны көріп тұрсыздар ғой, бұл бостандыққа апаратын бірден бір жол. Яғни адам жаны мұржа арқылы көкке көтерілген кезде ғана жай табады. Еркіндікке шығатын басқа жол болған жоқ, - Александр Бычок.

Бухенвальд сол кездері «ажал фабрикасы» аталған Германиядағы ең үлкен концлагерлердің бірі болды. Екінші дүниежүзілік соғыста бұл жерде 250 мыңнан астам адам ұсталды. Соның 56 мыңы түрлі жағдайда қаза тапты. Бірі суықтан, аштықтан қаза тапты. Ал жұмысқа жарамсыз болып қалғандары бірден атылды, денелері болса креметорйде өртке оранды. Онда әзірге тек 30 астам қазақстандықтың дерегі бар.

Заксенхаузен
Заксенхаузен

Заксенхаузен. Бір кездері Германия мен Еуропа аймағындағы концлагерлердің басқару орталығы болды. Жаппай ату, газ камераларына түншықтыру, медициналық сынақтарды сан түрі осында жүргізілді. Кешен қызметкерлерінің айтуынша мұнда түрлі ауруларды қолдан жұқтырып, ем жолдарын іздеген, жалпы 30 астам медициналық сынақ жасалыпты.

Хост Зеверенс
Хост Зеверенс

- Мұнда 20 мыңнан астам кеңес жауынгерінің көзі жойылған. Оның 10 мыңнан астамы атылған. Яғни, жаппай ату болған. Олар жайлы мәліметтер толықтырылу үстінде. Ал қалғандары аштықтан,сан түрлі аурулардың салдарынан көзі жұмды. Мыңдаған адамның өмірі осындай ауыр зардаптан үзілген. Бізге кезінде Қазақстаннан мұрағат қызметкерлері келген болатын. Біз олармен жұмыс істеуге әзірміз және қолдау көрсетуге дайынбыз. Бірлескен жұмыстарды жүргізу арқылы жаңа деректері,есімдерді анықтауға мүмкіндік туады. Бізде тұтқындар тізімі енген кітап бар, - деді «Бранденбург мемориалдары» қорының баспасөз-қызметшісі Хорст Зеференс.

Дахау
Дахау

Дахау. Гитлер билікке келісімен ашылды. Онда алғашында оның саяси қарсыластары, қылмыскерлер, дін өкілдері және тағы басқа азаматтар отырса, соғыс жылдары кеңес жаунгерлері жеткізіле бастады. Алғашқылары айтуға ауыз бармайтын сынақтардың құбаны болса, қызыл әскер сарбаздары тирдағы тірі нысанаға айналды. Жалпы 1933-1945 жылдары аралығында 200 мыңдай адам ұсталған. Солардың ішінде 40 мыңы қырғынға ұшырады. Дерек бойынша онда Еуропалықтардан бөлек 4 мың кеңес тұтқыны атылған. Қазірде олардың бір мыңы ғана белгілі. Лагерде қазақстандық сарбаздардың отырғаны да белгілі, ендігі міндет соларды анықтау.

Максимилиан Лютгенс
Максимилиан Лютгенс

- Көбі аштықтан қаза тапты. Себебі мұнда дұрыс тамақ бермеген. Оның үстіне ауыр жұмысқа салатын,тыным бермеген. Көбі лагерь тәртібін бұзғаны үшін атылды. Болмашы нәрсе үшін, мәселен төсегі дұрыс жиналмай қалған жағдайда немесе айналаға кішкентай ғана қоқыс тастаса бірден оққа ұшатын. Егер денсауықтары сыр берсе, оларды темір жол арқылы Освенцимге немесе Австриядағы лагерлерге апарып, газ камераларында түншықтырған, - Дахау мемориалының қызметшісі Максимилиан Лютгенс.

Бүгінгі Дахау
Бүгінгі Дахау

Қазіргі күні Қазақстан мен Германия арасында түрлі келісімдер жасалып, іздеу жұмыстары жалғауда. Бұл ұзақ уақытты талап ететін қиын жұмыс болатыны анық, себебі анықталмағандардың саны мыңдап саналады. Бүгінде Гемания құжаттарды цифрлық форматқа ауыстырып, ғаламторға жариялау үстінде. Бұған дейін Қазақстан елшілігі «Арманда кеткен боздақтар» кітабін шығарды, онда 6 мың тұтқынның тізімі енд, ҚР Президент архиві Tutkyn.kz сайтын ашты, жұмыс жалғасуда.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить