Нейробиологиялық технологиялар халықтың көңіл-күйіне баға беруде

59411

Отандық зерттеушілер Қасіретті қаңтардың салдарына қатысты әртүрлі зерттеулер жүргізуде

ФОТО: © Depositphotos/ryanking999

Халық үшін саяси және қоғамдық маңызы бар ақпараттардың әсерін сарапқа салған қазақстандық зерттеушілер, нейробиологиялық зерттеу негізінде азаматтардың пікір-ойы мен сезімдеріне талдау жасағанын ортаға салды.

Аталған зерттеу жөнінде PhD ғалым, AlmaU «Нейромаркетинг және нейроменеджент» лабораториясының жетекшісі Айман Қазыбаева әңгімелеп берді. Оның айтуынша, бұл зерттеуге белгілі журналист Арманжан Байтасовтың Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаевпен сұхбаты және отандық телеарналардың бірінде жарық көрген Алматының жаңа әкімі ретінде Ерболат Досаевтың тағайындалуы туралы ақпарат арқау болған. Зерттеуді жүргізуге, сондай-ақ э.ғ.к, Professor Emeritа Мадина Смыкова және студенттер Мәдина Дущанова, Дастан Келдібеков қатысқан.

Айман Қазыбаева
Айман Қазыбаева

«Бұл зерттеуде біз, ең алдымен, Алматы жұртының Қасіретті қаңтарға қатысты сезімін анықтауға мән бердік, - дейді Айман Қазыбаева. – Биылғы қаңтар қазақстандықтардың қай-қайсысын болмасын бей-жай қалдырған жоқ. Тәжірибе жүргізе отырып, біз, бұл оқиға алматылықтарға қалай әсер еткенін анықтауды мақсат еттік, оның ішінде, мысалға, респонденттер гендерлік және жас ерекшелігіне қарай бұл оқиғаны қалай қабылдап, оған қандай баға бергенін бағамдасақ дедік. Зерттеу facereading технологиясы негізінде жүргізілді. Бұл – зерттеуге қатысушының эмоциясын анықтап, сол эмоциялық жағдайда ол қаншалықты белсенді болғанын анықтауға мүмкіндік беретін технология».

Зерттеуші маманның түсіндіруінше, бұл жүйеде респонденттің эмоциялық көрсеткіштері бақылау сенсорлары арқылы жазылып, тіркеуге алынады. Яғни, зерттеуге қатысқан адам камераның алдында отырады, ал бақылау сенсорлары негізінде оның саналы және бейсаналы сезім импульстары бақылауға алынады.

«Нейробиологиялық зерттеудің қарапайым сауалнамадан басты ерекшелігі – біз зерттеуге қатысқан кісінің физиологиялық реакциясын байқап, тіркей аламыз, әдетте адамдар бұл деңгейдегі сезімдерін өздері де бақылай бермейді. Біз жүргізген зерттеуде респонденттерге қарап, тамашалауға ақпараттық екі бейнеролик ұсынылды, ал facereading бағдарламасы олардың сол роликтерді қалай қабылдағанын тіркеп, сарапқа салды», - дейді Айман Қазыбаева.

Зерттеушілер респонденттерге екі бейнеақпарат ұсынған. Біріншісі – Арманжан Байтасовтың Қасіретті қаңтар жайлы Бақытжан Сағынтаевпен (Алматының экс-әкімі) сұхбаты. Екінші ақпарат – «Алматының жаңа әкімі несімен танымал?» деген мазмұнда. Екі ақпарат та Алматы қаласының әкімдеріне қатысты: бұрынғы және бүгінгі.

«Біз саналы түрде осындай таңдау жасадық, - дейді зерттеуші маман. – Алматылықтардың жергілікті билікке деген көзқарасын, ұстанымын анықтап, бағалау мақсатында. Бұл зерттеуге жас шамасы 16-дан 65 жасқа дейінгі Алматы қаласының тұрғындары өз еріктерімен қатысты, әрине, олардың ішінде әйелдер де, ерлер де болды».

Бірінші ақпарат бойынша facereading жүйесіндегі талдау көрсеткіші
Бірінші ақпарат бойынша facereading жүйесіндегі талдау көрсеткіші

Айман Қазыбаеваның айтуынша, зерттеу барысында ұсынылған ақпараттарды қарап шыққан респонденттердің сезімдік көрсеткіштері әртүрлі болған. «Дегенмен, негативті эмоциялар басымдау болды, әсіресе, қайғылық сипаттағы. Сол сияқты, ашу-ыза және үрей сынды эмоциялар да бірден байқалды. Осы арада айта кетсем, ақпараттарды қарап шыққан респонденттердің қызығушылық, қатысушылық деңгейі айтарлықтай жоғары болды», - дейді ол.

Зерттеуші маман, сондай-ақ респонденттердің көңіл-күйі ақпараттар мазмұнына қарай өзгеріп отырғанын алға тартады: «Арманжан Байтасовтың сұхбатында Алматыдағы 4–6 қаңтардағы оқиға туралы айтпас бұрын, экс-әкім COVID–19 дертіне қатысты жағдайды тілге тиек етеді. Бұл біздің респонденттерді барынша таңқалдырды. Артынша олардың бейнесұхбатқа деген ықыласы суып, эмоциялық қатынасы төмендеп кетті. Бірақ Бақытжан Сағынтаев: 2–3 қаңтарда қала ішіндегі коммуникациялық қызметтер түгелдей жұмыс режимінде болды деген тұста, респонденттердің көңіл-күйі біртіндеп жадырай бастады. Ал ол «Almaty Arena жақтан бастау алған тәртіпсіздіктің бірінші толқыны» туралы айта бастағанда, респонденттердің біразы қайғы құшағына енсе, кейбіреуінің бойында ашу-ыза байқалды. Қала ғимараттарына жасалған шабуыл мен оған қатысқандардың саны туралы айтылғанда (Дәйеккөзде: «1000, 2000 адам, бар болғаны жарты сағаттың ішінде 3000 адам...» деген сияқты) және өрт сөндірушілер мен полцияның көліктерін тартып алу фактілері туралы ақпарттарды естігенде – көпшілік үрейге беріліп, қорқыныш сезіміне бой берді».

Айман Қазыбаева, респонденттердің бойындағы ашу-ыза әкімшілікке жасалған шабуыл және көшеге шыққандардың арасында қару-жарақ таратылғаны туралы, сондай-ақ билік өкілдерінің халық алдына шығып, басу айта алмағаны туралы ақпараттарда бірдей байқалды деп отыр. Оның айтуынша, Бақытжан Сағынтаев қалыптасқан жағдайды ретке келтіруге қауқарсыз екендігін түсініп, президент әкімшілігі мен ішкі істер министрлігінен көмек сұрағанын айтқанда да респонденттер ашу қыспағында болған. Ал қалыптасқан жағдай «еліміздің 11 өңірінде бірдей кең тарап кетті» дегенді естігенде, олардың бойын үрей шалған.

Айтпақшы, зерттеуші мамандар нейробиологиялық зерттеуге қатысқан респонденттердің эмоциялары гендерлік және жас ерекшелігіне қарай да біршама өзгеріп отырғанын айтады.

«Өзіміз байқаған эмоциялар көрсеткішін талдай келе, біз ер азаматтар ұсынылған ақпараттарды байсалды қабылдады деп тұжырым жасадық. Олар, мысалға, экс-әкім ауырып отырса да полиция департаментіне келгені туралы ақпаратты қатардағы жағдай ретінде қабылдады, ал осы ақпарат бойынша әйелдердің қабылдау, қатысу деңгейі мейлінше эмоционалды болды. Жалпы, ер азаматтардың бойында ұсынылған ақпараттарға қатысты таңғалу сынды сезімдер аз байқалды, олар, әдетте, ақпараттағы негізгі дерекке мән береді. Ал әйелдер үшін оқиғаның даму барысы, ондағы детальдар маңызды. Сол сияқты, әйелдерге «заңнамаға сәйкес» деген сияқты штамп түріндегі тіркестер ұнамайды.

Жас ерекшелігі тұрғысында қарастырсақ, 16 және 21 жас аралығындағы респонденттердің ақпараттарды қарап, тыңдаудағы қатысушылық, қызығушылық көрсеткіштері тұрақты емес. Мысалға, экс-әкім Сағынтаев өзінің денсаулығы туралы, COVID–19 бойынша тест нәтижесі оң болғаны туралы айтқанда, жастар жағы мүлдем мән берген жоқ, олардың қатысушылық деңгейін «нөл» деп бағаладық. Есесіне, қала ішіндегі жағдай «қиындап, шиеленісе түсті» дегенде олардың қызығушылығы арта түсті. Сондай-ақ, Қаңтар оқиғасы аясында «шабуыл жасағандардың» қимыл-әрекеті туралы әңгімелер бұл санаттағылардың бойындағы үрей, қорқыныш сезімдерін тереңдете түсті», - дейді Айман Қазыбаева.

Зерттеуші маманның айтуынша, ұсынылған бейнероликтерді қабылдап, ақпараттарды түйсіну, оларға « эмоционалды негізде қатысу», қызығушылық таныту деңгейі жоғары болған санат – 21-ден 35-ке дейінгі респонденттер болса керек. Ал, мысалға, 36–65 жас аралығындағы кісілер ұсынылған ақпараттарды барынша байсалды қабылдап, олардың бұл ақпараттарға «қатысып, кірігу деңгейі» орташа сипатта болған.

«Ұсынылған ақпараттарды қабылдау барысында, респонденттердің біразына Алматының жаңа әкімі туралы ақпараттар аса ұнаған жоқ, бірақ, мысалға, Ерболат Досаев Forbes-тің жергілікті тізіміне кіретінін естігенде, ерлер жағында ашуға негізделген эмоциялар байқалды, ал әйелдер жағы біртіндеп жадырай бастады. Респонденттердің бір бөлігі оның 20 жылдан бері мемлекеттік лауазымды қызметтерде болғанын естіп, таңғалып жатты. Сол сияқты, Досаев экономика министрі болған тұста халық жер телімдерін шетелдіктерге сатуға қарсылық танытқаны туралы ақпаратты естігенде, респонденттер жиырылып, жиіркеніп қалды. Бірақ ол бұл қызметтен өз еркімен кеткенін естігенде, қайта жіби бастады», - дейді зерттеуші.

Өздері жүргізген зерттеу қорытындысын сарапқа салған Айман Қазыбаева, респонденттердің ұсынылған бейнероликтерді қабылдау көрсеткішінде де өзіндік айырмашылық бар деп отыр. Оның айтуынша, Алматының экс-әкімімен сұхбатты тамашалауда зерттеуге қатысқандардың біразы әкімшілік мамандары мен ұсынылған деректерге қатысты эмоциялық тұрғыда аса сене қоймайтынын анық көрсеткен.

«Бірақ алматылықтар үшін мұндай форматтағы кездесулер, ақпараттар, деректер аса маңызды – мұны біз респонденттердің қызығушылық деңгейі жоғары болғанынан анық байқадық. Яғни, қандай да бір қалыптасқан жағдай туралы шынайы да толыққанды ақпаратты қала басшысының өз аузынан естіп, тыңдау халық үшін өте маңызды, бұған шындап мән беру керек. Және де ақпаратты сол оқиғаға әкімнің тікелей қатысып, араласуы тұрғысынан ұсыну да аса маңызды», - дейді зерттеуші.

Айман Қазыбаеваның айтуынша, Алматы тұрғындары жаңа әкімнің тағайындалуы туралы ақпаратты мүлдем ынтасыз қабылдаған. Мұның бір себебі – алматылықтар әкім таңдау процесіне өздері кірігіп, қатысқанды жөн санайды.

«Зерттеуге қатысқан алматылықтармен әңгіме барысында байқадық, олар әкімдерді тағайындағаннан гөрі, сайлаған тиімді деп есептейді. Бұл тұрғыда олар қала басшысына ұсынылған үміткерлердің бұған дейінгі тәжірибесіне түпкілікті көңіл бөлу керек деген пікірде.

Тағы бір қызықты мәлімет – аға ұрпақ өкілдері (50–65 жастағы) арасында Бақытжан Сағынтавқа деген көзқарас оң, ал Ерболат Досаев, негізінен, жастар жағына көбірек ұнайды. Зерттеуден кейінгі сауалнама барысында аға буын өкілдері Ерболат Досаевтың денсаулық сақтау және экономика министрі тұсындағы қателіктерін қатаң сынға алды», - дейді Айман Қазыбаева.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить