Мәңгі өлмеуге ұмтылу керек пе?

16632

КЕМБРИДЖ – Адамзат бұрыннан жасартатын эликсир іздеп келеді, сондықтан ғылымнан алыс адамдардың өздері қартаюға қатысты соңғы жаңалықтарды білуге құмар. Бірақ, жұрттың көбі жай ғана өмір заңдылығы санайтын қартаю – емдеуге тұратын “дерт” пе? Адам тәнінің өмір сүру ұзақтығының белгілі бір шегі бар ма?

ФОТО: Depositphotos.com/Yurii_Zymovin

Әрине, дені асу болып, ұзақ өмір сүруді әркім-ақ қалайды, кейбір ғалымдар бұған қол жеткізудің тым ерекше жолдарын ұсынып жатыр. Дегенмен, егер біз ерекше шаралардың арқасында өлмей қалатын болсақ, жұрттың көбі жансақтау шараларын емес, таза паллиативтік емді қалаған болар еді. Оның үстіне, өмір сапасы нашарлап, ажалға қарай бет алғанда, “жәрдемшінің” көмегімен жан тапсыруды жөн санар едік. Оның үстіне адамның орташа жасының тым жоғарылауы жалпы қоғамға тым көп кесірін тигізуі ықтимал.

Қазір қартаюға қатысты зерттеулердің көбі жас ұлғайған сайын қысқара беретін теломер деп аталатын ДНК бөлігіне бағытталған. Мәселен, нематод құртының теломерін өзгерту арқылы ғалымдар жәндіктің өмір жасын он есе ұзартқан, бірақ бұдан күрделірек аңдарға жасалған эксперимент мұншалық жақсы нәтиже көрсетпеген. Атжалманның өмірін ұзартудың жалғыз жолы – оны үнемі дерлік аш ұстау. Бірақ сусоқыр бізге біршама биологиялық сабақ бола алады: олардың кейбірі басқа шағын сүтқоректілерден бірнеше есе ұзақ жасап, 30 жылға дейін өмір сүреді.

Адам өмірін ұзартудағы кез келген сәтті қадам халық санын болжауға үлкен әсер етеді. Мұның әлеуметтік әсері де үлкен болатыны түсінікті, дегенмен көп нәрсе қарттықтың мерзімі ұзара ма, әйелдердің менопауза кезеңі ұзара ма, бірнеше буын бір мезетте өмір сүрер болса, отбасылардың құрылымы қандай болады деген сияқты мәселелерге байланысты болмақ. Адам өмірін ұзартудағы ем-домның қымбаттығы теңсіздікке алып келуі мүмкін, технология сияқты басқа көп салада бай адамдар мұндай қызмет түрлеріне көбірек қол жеткізеді.

Өмірді ұзартуға деген ерекше құлшыныс сынақтан өтпеген экзотикалық ем түрлерін көбейтеді. Мәселен, 2016 жылы АҚШ-та ашылған Ambrosia атты стартап Силикон алқабындағы басшыларға “жас қанды” трансфузиялауды ұсынды, дегенмен АҚШ-тың реттеуші органдарының талабымен олар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Өмірді ұзартады деген тағы бір нәрсе – метформин дәрісі. Кейбіреулердің айтуынша, қант диабетімен ауыратындарға арналған бұл дәрі дені сау кісілердегі қатерлі ісік пен деметияның алдын алады екен.

Адам геномын зерттеумен айналысатын америкалық 23andMe компаниясы адамдардың кейбір дерттерге бейім болуына, біздің шығу тегімізге қатысты біршама шынайы мәлімет жариялады. Ал адам геномының картасын жасауда ерекше жаңалық ашқан Крейг Вентер денсаулығымыз үшін маңызды рөл атқаратын ішкі экожүйеміз – ішектегі мыңдаған бактерияның геномын зерттеуді мақсат етіп отыр.

Силикон алқабындағы мәңгі жастыққа деген құлшынысқа ондағы басшылардың ауқаттылығы ғана емес, 30-дан асқандарды қарт санайтын мәдениет те әсерін тигізіп отырса керек. Футурист Рэй Курцвейл “өлімнен қашу” деген метафора негізінде медицинаның дамығаны сондай, жыл сайын адамның орташа жасы бір жасқа ұзаратын заман келіп, түптің түбінде мүлде ажалсыз дәуір орнайды деп үмттенеді. Немесе компьютерлердің дамығаны соншалық, біз миымызды электрондық симулякрға көшіріп, ой-санамыз бен жадымызды әрі қарай жалғастыра береміз.

“Өлімнен қашу” өздерінің табиғи өмір кезеңінде толық мақсатына жете алмайтындықтан, ұзақ өмірді қалайтын энтузиастар көз жұмған сәтте денелерін мұздатып, кейін ажалсыздық дәуірі туғанда қайта “оятуды” қалайды. Осыдан біраз уақыт бұрын Ұлыбританияның үш ғалымы (мен дәріс оқитын Кембриджден ешкімнің болмағанына тәуба) өздері қайтыс болған соң қандарының орнына нитроген сұйықтығын құюды өсиет етті. Олардың бірі Мичигандағы Крионика институтымен келісім-шарт жасасса, екеуі Аризонадағы Alcor атты арзандау компанияға тек бастарын қатырып қоюды тапсырған. Үшеуі де қайта тірілуден үміт аз екенін мойындайды, дегенмен бұлай істемесе мүлде үміт қалмайтынын айтады.

Бұл талпыныстарды мүлде түсіне алмадым, өмірімнің соңында Американың мұздатқышында емес ағылшын шіркеуінің ауласында жатқым келеді. Әрі крионика жетістікке жетсе, мұның игілігі болады деп ойламаймын. Alcor тұрақты жұмыс істеп, криогенмен қатырылған денелерді бірнеше ғасыр бойы күтіп-баптап келді делік. Денелер мүлде бөтен ортада қайта тірілсе, олар өткен заманнан қайтып келген “босқын” болады.

Бәлкім оларға бассауға сұраушы мүсәпірлер мен босып кеткен Амазон алқабындағы тайпа мүшелеріне қарағандай қамқорлықпен қарауға тырысуы мүмкін. Бірақ “ерітілген мәйіттер” болашақ ұрпаққа таңдаудың батпан салмағын артады, сондықтан оларға қаншалық назар салу керектігі түсініксіз.

Адамдардың мәңгі өмір сүруі ұзақ жылдан бері ғылыми фантастиканың тақырыбы болып келеді. Оның солай қала бергені біз үшін әлдеқайда жақсы болар еді.

Мартин Рис – космолог және астрофизик, 1995 жылдан бері Британияның “Корольдік астрономы” атағын иеленіп келеді. Мұның алдында ол Кембридждегі Тринити колледждің мастері әрі Корольдік қауымдастықтың президенті болған

© Project Syndicate 1995-2019 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить