Кофе, какао және озық технология

10714

ВАШИНГТОН – Бір күні миллиондардың әр таңдағы қарапайым ритуалына айналған кофе ішу дәстүрі келмеске кетуі мүмкін. Жаңа зерттеу нәтижесіне қарасақ, орманның жойылуы кесірінен әлемдегі 124 жабайы кофе түрінің 60 пайызына жоғалу қаупі төніп тұр. Осы генетикалық әралуандықты жоғалтып алсақ, бұл кофенің өзгеріп жатқан климат пен түрлі аурулар қаупіне бейімделу мүмкіндігін азайтып жібермек

Фото: pixabay.com/Christoph

Қауіп төніп тұрған – тек кофе емес. Орманның жойылуы какаоға және шоколадтың болашағына қатер төндіріп тұр. Орманның жойылуы Амазон алқабындағы какао тұқымдас жабайы өсімдіктерді жойып жатса, Батыс Африкада ол топырақты құнарсыздандырып, ауылшаруашылық өнімдерін өсіруді қиындатып жатыр. Топырақтың құнарсызданып, ескі ағаштардың қартаюы зиянкестер мен аурулардың таралу қаупін арттырып, онсыз да қиын күн кешіп жатқан әлемдегі кофе мен какао өндіруші шағын фермаларды өмірлік азығынан айыруда.

Әлемде 25 миллион кофе өндіруші мен 6 миллион какао фермері (және олардың отбасылары) бар екенін ескерсек, адами және табиғи ресурстар сарқылуының осы бір циклін тоқтату әрекеті проблеманың ауқымы мен салмағына сай келуі керек. Бағымызға қарай, озық технологияны ақылмен қолдану бұл мәселені қолға алуға мүмкіндік береді.

Жаңа бастамалар фермерлердің тұрақты практиканы жылдам үйреніп, қазір қолдарында бар ауылшаруашылық жерлерінің өнімділігін арттыруына жол ашуы тиіс. Соның арқасында олар өз әл-ауқатын арттырып, орманға көп салмақ салмайтын болады. Кедейлікті азайтуға бағытталған әрекеттер қаржыландыру, ауыл шаруашылығына оқыту және алдын ала жоспарлау құралдарын үйрету мәселелеріндегі олқылықтың орнын толытыруы керек.

Мұнда технология ерекше рөл ойнай алады. Дата, цифрлық және қашықтан зондтау технологиялары, заттар интернеті – ауыл шаруашылығының болашағы, әрі олар ауқатты елдердің фермаларында қазір-ақ қолданылып жатыр. Бірақ, технология кедейлеу елдердегі шағын фермаларға да көмектесе алады, мұнда инновациялық әдістерді дамытып, енгізіп, қолдап, ауқымын кеңейтіп отыру керек.

Африкада мұның керемет мысалдары бар. Ганада агробизнес, азаматтық қоғам және ғылыми орта арасындағы ынтымақтастықтың арқасында SAT4Farming бағдарламасы жасалды, ол шағын шаруа қожалықтарының ферманы дамыту жоспарына (FDPs) цифрлық және қашықтан зондтау технологияларын пайдалануға мүмкіндік берді. Орман альянсы және Mars компанияларымен бірлесіп, Grameen Foundation қоры әзірлеген цифрлық даму жоспары табиғат жағдайы, отбасының қаржысы, өнім деңгейі сияқты ферма мәліметтерін қолданып, “ақылды логика” негізінде жеті жылға жоспар жасайды, шағын фермалар соның негізінде инвестиция салады. Бұл жоспарлар табыс пен шығын туралы есеппен сабақтас, сондықтан ол жыл сайын фермерлердің шешіміне қарай түзетіліп отырады.

Сандық FDP-ді алғаш енгізгендердің бірі – 17 жылдан бері какао өсіріп жүрген ганалық фермер Питер Оппонг. Соның негізінде ол кәрі ағаштардың орнын алмастыруға көшті. Шығыны көп болғандықтан, ол жұмысты жерінің төрттен бір бөлігінен ғана бастады, ол жыл сайын жерінің төрттен бірін өңдеуді жоспарлап отыр. Ал ағашты кесу сияқты шығыны аз жұмыстар тез жемісін беріп жатыр.

Жақсы жері – Питердің ферманы тірілтуге қаражаты болды. Какао мен кофе өндіретін басқа көп ферманың мұндай жағдайы жоқ. Қаржы жоқ болса, агрономның керемет кеңесінің өзі аяқсыз қалады. Мұнда да жаңа, радикал тәсілдер қажет-ақ.

Мұндай тәсілдердің бірі – Кенияда іске қосылған FarmDrive жобасы. Ол шағын фермерлердің ұялы телефондарындағы мәліметтерді, балама мағлұматтарды (фермерлердің ауыл шаруашылығындағы оң әрекеттері) және машиналық үйренуді қолдана отырып, несие берушілер үшін фермерлердің несие тарихын әзірлейді. Бұл несие берушілердің сенімін арттырып, шағын фермерлердің көбірек несие алуына мүмкіндік береді.

Ал шоколад өндіруші Barry Callebaut-тың айтуынша, қаржы секторы озық фермерлік әдістерге ынталандыру үшін фермерлерге қолжетімді микронесие беруі керек. Компанияның айтуынша, бір гектар какао ағашын қайта отырғызуға 2400 доллар кетеді, ал Гана мен Кот-д’Ивуарда мыңдаған гектар алқапта ағаш қайта отырғызылуы керек. Тек Батыс Африкадағы жеткізу тізбегінде  шағын фермалардың тәуекеліне кепілдік беру үшін 250 миллион доллар қажет.

Кофе жеткізу тізбегіне де инновациялық қаржыландыру қажет. Мәселен, Starbucks фермерлерді қаржылық тұрғыда қолдайтын, соның ішінде жаңаруге септесетін 50 миллион доллардың Жаһандық фермерлік қорын құрды. Бұл қор сегіз елдегі  60 кооперативке және 40 мың фермерге қаржылай көмек көрсетті.

Кофе мен какао жеткізу тізбегін трансформациялауды қаржыландыру – аса ауқымды шара, ол барлық деңгейдегі инвестицияны арттыруды, түрлі әдістемені қолдануды, тәуекелді азайтып, оны өзара бөлісу үшін мемлекеттік және жекеменшік секторлардың арасында әріптестік орнатуды, арнайы әзірленген микронесие өнімдерін және несие беруге тұратынына көз жеткізу үшін цифрлық құралдарды қолдануды қажет етеді. Биг датаны ақылмен қолдану бұл бастаманы жеделдетіп, фермерлердің қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін тереңірек саралауға жол ашады.

Бүгінде таңғы кофенің хош иісі мен шоколадтан әлдеқайда маңызды жайттың тағдыры шешілуде. Шағын фермерлер мен олардың отбасыларының ахуалын жақсарту миллиондаған адамды кедейліктен құтқарды. Ол, сондай-ақ, экономикалық даму мен ауыл шаруашылығын қолдайтын экожүйеге ерекше оң ықпал етеді.

Стив Холлингворт – Grameen Foundation қорының президенті әрі атқарушы директоры

© Project Syndicate 1995-2019 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube