Қалыпты өмір салтына қайта оралу

10309

COVID-19 пандемиясы қашан аяқталады?

1920 жыл: Бірінші дүние-жүзілік соғыс пен испан тұмауының тауқыметін тартып, әбден қалжыраған әлем халқы болашаққа үміт артып, жаңа өмірдің жаңа қазығын қадауға асықты. Дәл сол кезде «қалыпты өмір салтына оралу» деген өзіндік ерекше ұғым пайда болды, оны АҚШ-тағы 1921 жылғы президент сайлауында жеңіске жеткен республикашыл саясаткер Уоррен Гардинг жария еткен-ді. Бір қызығы, арада тура 100 жыл өткенде дүние жүзінде дәл осыған ұқсас кезекті жағдай көрініс берді: 2020 жылдың соңында әлем жұрты тағы да жағымды жаңалық күтіп телміруде. Осыған орай, McKinsey & Company сарапшылары COVID-19 пандемиясы қашан аяқталады және одан кейінгі әлем сипаты қандай болмақ деген сұрақтар төңірегінде ізденуге мән берген.

Эпидемиологиялық тұрғыдан алғанда, пандемия аяқталуы үшін адам баласының бойында COVID-19 дертіне ұжымдық иммунитет қалыптасуы керек. Яғни, қауіпті дертті жаппай жұқтыруға жол бермес үшін, коронавирусқа төзімді адамдардың саны жеткілікті болуы тиіс. Бұл тұрғыда көпшілік қауым медицина ғылымына үміт артады: таяу арада тиімді вакцина табылып жатса, иммунитет қалыптастыру үшін жұрттың елеулі бөлігінің инфекцияға шалдығуын күтіп отырудың қажеті жоқ. Ал вакцинаға жаппай қол жеткізген тұста, қарапайым жұрттың күнделікті тұрмысына мемлекеттің сұғына араласуы біржолата тоқтатылады. Әрине, вакциналау шарасын жыл сайын өткізуге тура келуі мүмкін, мәселен, тұмаудан сақтану шаралары секілді. Есесіне COVID-19 дертінің жаппай таралу қаупіне жол берілмейді.

Сарапшылардың айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцина пайда болғанға дейін де әлем жұрты шектеулі түрде болса да бұрынғы қалыпты өміріне орала алады. Яғни, экономиканың бірқатар салалары өз жұмысын қайта жандандырып, күнделікті қызметтерін атқара береді. Жұрт қайтадан дүкен аралап, табиғат аясында серуендеп, той-думан өткізіп, спортпен шұғылданып, саяхатқа аттанып, зауыт-фабрикадағы не кеңседегі жұмысына барып, біртіндеп қалыпты өмір салтына оралады. Бірақ бұл үшін халықтың мейлінше әлжуаз топтарына вакцина егіп, тестілеу шараларын шұғыл да дәл етіп өткізу керек болады. Сол сияқты, коронавирусты емдеуде және инфекция ошақтарының алдын алуда неғұрлым жаңа әрі жетілдірілген хаттамалық талаптар қолданысқа түсуі керек.

Ал дүние жүзі бұрынғы өмір ырғағына қашан оралады дегенге келсек, бұл арада мәселе әр мемлекеттің өзі әзірлеген тетік-құралына, әрекет-шарасына келіп тіреледі. Мемлекет шарасы тиімді нәтиже беріп жатса, ондағы жағдай да тез арада жақсаруы ықтимал, тіпті вакцина жаппай қолданысқа түскенге дейін-ақ. McKinsey болжамынша, АҚШ және өзге де дамыған елдерде пандемия соңы 2021 жылдың үшінші, төртінші тоқсанында көрініс бермек. Сарапшылар өз болжамында бұл елдер қалыпты өмір салтының шектеулі түріне бірінші тоқсанда да қол жеткізуі әбден мүмкін дейді.

Ащы сабақ

Коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыруға жеткілікті адамдар санын вакциналау шарасын алты айдың ішінде жүзеге асыруға болады. Ең бастысы – жаппай вакцина шығару өндірісін жолға қойып, түпкілікті өнімді таратып, жеткізу тізбегін қолға алу. Сондай-ақ, вакциналау шарасына тұрғындардың белсене қатысуына ықпал ету, яғни вакцина егу қажеттілігіне халықтың көзін жеткізу. Егер коронавирусқа қарсы вакциналар тиімді әрі қауіпсіз болса, онда АҚШ және өзге де дамыған елдерде ұжымдық иммунитет алдағы жылдың екінші тоқсанында қалыптасуы мүмкін. Ал егер вакцинаның қауіпсіздігі күмән туғызып, оны өндіру не жеткізу жолдары қиындап жатса, онда пандемия соңы әлі де ұзаққа созылмақ. Сарапшылардың ең пессимистік болжамы әлем елдерінің COVID-19 дертімен күресі 2023 жылға дейін созылады дегенге саяды.

Әйтсе де олар дамыған елдер, әлбетте, оның ішінде Құрама Штаттар да қалыпты өмір салтының шектеулі режиміне 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында қол жеткізеді деген сенімде. Мұндай болжам жасауға коронавирусқа қатысты өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуі себеп болса керек. Дамыған елдердің бірқатары қазір КВИ дертін емдеуде ептілік танытуда, кей елдер пандемия салдарында ұлғая түскен өлім-жітімді ауыздықтап, жоюға да жақындап қалды. Бұдан шығатын қорытынды – әлемде COVID-19 дертінен емделіп шыққандар саны өсіп келеді. Бірақ олардың арасында дерттің асқынуынан зардап шегетіндер аз емес: коронавирус салдары неге сонша ауыр болатынын ғалымдар әлі де зерттеп, жауабын береді деген үміттеміз.

Бүгінде коронавирусты емдеуде әртүрлі амалдар қолданылуда, өкінішке қарай, ғалымдар әзірше нақты бір әмбебап дәрі-дәрмек ұсына алған жоқ. Әрине, кей препараттар өзіндік тиімді нәтиже беруде деген мәліметтер бар, ал кейбіреуінен біржолата бас тартуға тура келген. Айтқандай, өмір ағымын бұрынғы деңгейге қайта бұруды ниет етсек, бұл арада емдеу жолдары мен тәсілдерін жаңартудан өзге, қосымша факторлар барын да ұмытпау керек.

Соның ішінде, мысалы:

  • күнделікті қызмет барысында шектеу талаптарын қажет етпейтін денсаулық сақтау саласына қатысты тетіктерді жетілдіріп, жақсарту (айталық, жаппай тестілеу не байланыс көздерін бақылауға алу деген сияқты);
  • COVID-19 дертінің таралуына шектеу қоя алатын шараларды орындап, жүзеге асыру (мәселен, әлеуметтік қашықтықты сақтау);
  • тестілеу жүйелерін жетілдіру;
  • коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек терапиясында жетістікке жету;
  • КВИ жұқтыру салдарындағы асқынулар себептерін дұрыс түсініп, олардың алдын алу.

Пандемияның аяқталуы – әлем жұрты асыға күтіп отырған елеулі де маңызды оқиға. McKinsey сарапшыларының пікірінше, пандемия соңы дүние жүзінің әлеуметтік-экономикалық құрылымына түбегейлі өзгерістер енгізетін ерекше жағдайға ұласуы ықтимал. Бірақ қашан? Әзірше оған ешкім де дөп басып жауап бере алған жоқ. Ал McKinsey сарапшылары болса, алдағы жылы әлем халқының түгелдей болмаса да, елеулі бір бөлігі қалайда жағымды жаңалықпен қауыша алады деген болжам айтады.

Әрине, бәрі де ұлы мәртебелі Уақыттың еншісінде. Ендеше күтейік, Уақыт – төреші.

 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить