Алтын шаш қыз экономикасы

11964

ЛОНДОН – Уолл-стриттің бұрын-соңды болмаған биікке жеткенін, АҚШ экономикасы келесі айда рекорд көрсетуге әзір тұрғанын ескерсек, өткен жылдың соңындағы қаржы нарығында тұнжырау бекер болып шығады. Рецессия үрейі толығымен сейілді, және қаңтардың басында осында көпшілік айтқан пікірмен келісіп, “нарықтар иррационал дүрбелеңді бастан кешірді” деген инвесторлар 1998 жылдың басынан бергі сәтті өрлеуге куә болды

Фото: Depositphotos.com/robeo123

Өтіп кеткен соң саралап болса да, нарықтың жоғары-төмен қозғалысын түсіндіру оңай. Өткен жылы инвесторлар төрт бірдей тәуекелден қорқып тұрды: АҚШ-тың ақша-несие саясатын барған сайын агрессивті жүргізуі, АҚШ-Қытай сауда конфликтінің ушығуы, мұнай бағасының өсуі (барреліне 100 доллар не одан да жоғары бағаға оралу ықтималдығы) Италиядағы сайлаудан кейін құрылған бұрын-соңды болмаған солшыл-оңшыл коалицияның кесірінен күшейген еуроның кезекті дағдарысы. Дегенмен, жыл соңына қарай бұл тәуекелдің бәрі азайды: Федералдық резерв райынан қайтты, АҚШ-Қытай конфликті бітімге қарай беттеді, мұнай бағасы түсті ал Италия Еурокомиссиямен арадағы қаржылылық қақтығысты біршама бейбіт жолмен шешті.

Осы проблемалардың барлығы шешіле бастаған соң, қаңтардан бастап акциялар құнының өсуі түсінікті де заңды еді. Бұл секіріс нарықтың қарқынды өсуіне алып келе ме, әлде бұл тек уақытша құбылыс па, мәселе сонда. 

Меніңше, ұзақтығы жөнінен рекордты жаңартқанына қарамастан, нарықтың қарқынды өсуі жалғаса береді. АҚШ экономикасының ұлғаюы да маусым айында 11-ші жылға аяқ басып, жаңа рекордты жаңартты. Мұның басты себебі – 2008 жылғы қаржы дағдарысынан бері әлем экономикасында жүріп жатқан тым төмен инфляция мен өте қарқынды экономикалық белсенділіктің тоқтайтын түрі көрінбейді.

Бұл қолайлы жағдай қаржы дағдарысынан кейінгі экономикалық сараптамада үстемдік еткен “зайырлы стагнация” және “жаңа қалыпты дефляция” деген екі концепцияға қайшы келді. Екеуі де жаңылтып, адастырғандай көрінді. Жаһандық экономикалық белсенділіктің  сипаттамасы ретінде “зайырлы стагнацияның” қате екені рас. 2009 жылдың ортасында рецессия аяқталғалы бергі ғаламдық өсім орташа 3,7% болды. Ал бұл 2008 жылға дейінгі 30 жылдағы орташа 3,6%-дан сәл жылдамырақ. Соңғы он жылда жаһандық өсім 3%-дан төмендеген бірде-бір жыл болған жоқ.

Дағдарыстан бері Еуропада, АҚШ-та және Қытайда өсім баяулады, сонда бұл қалай болғаны? Мұның тек арифметикалық түсіндірмесі бар: алдыңғы онжылдықтармен салыстырғанда Қытай мен басқа да дамушы экономикалар жаһандық экономиканың анағұрлым көп бөлігін қамтып отыр. Олардың ықпалының артуы ұлттық деңгейдегі өсім баяулауынан да артық әсер етіп жатыр. Мәселен, Қытай былтыр 14 триллион долларлық экономикамен ЖІӨ-сін 6,5%  өсірді, ал 2007 жылы  3,5 триллион долларлық деңгеймен экономика өсімі 14% болған еді, есесіне сол жылмен салыстырғанда әлемдік өнім өндіруге екі есе көп ықпал етті.

Бұл тек статистикадағы түсініксіздік емес. ЖІӨ-нің тұрақты түрде біртіндеп өсуі тауарға, энергияға, заттар мен қызметке деген әлемдік сұраныстың артуына, бұл өз кезегінде корпоративтік табыстардың тұрақты түрде біртіндеп артуына жрл ашты. Екінші жағынан, экономикалық өсім емес, инфляцияға назар салсақ, “жаңа қалыпты дефляция” концепциясы шынымен рас болып шығады. OECD экономикаларында 2007 жылға дейінгі 30 жылдағы 6,2%-дан 2008 жылдан бергі 1,9%-ға дейін төмендеді.

Уолл стритте орташа экономикалық даму мен тым төмен инфляцияны көбіне “ботқа тым ыссы да, тым салқын да болмасын” деп талап еткен ертегі кейіпкері құрметіне “Алтыншаш экономикасы” (Goldilocks economy) деп атайды. Бірақ Алтыншаш экономикасының ең басты ерекшелігін инвесторлар да, экономистер де, тіпті орталық банктер де дұрыс түсінбей жүр. Экономикалық белсенділікті тым асыра бағалауға әкелетін акция бағаларының қымбаттығы мен ғаламдық рецессия мен зайырлы стагнациядан хабар беретін облигациялар тиімділігінің төмендеуі арасында қайшылық бар.

Экономистердің көбі қаржы нарықтары тым оптимист болғандықтан қателеседі, ал облигация нарықтары болашақтағы қиындықтар туралы “бірдеңе біледі”, сондықтан олардікі дұрыс деп санайды. Біреулері бұған кереғар пікір айтады. Бірақ екі жақ та тым орташа өсім мен тым төмен инфляция кезінде акция нарықтарының оптимист, ал облигация нарықтарының тым пессимист болып көрінуінде қайшылық жоқ екенін естен шығарып алады. Акциялар бағасының аспандауы, облигация бағасының тым құлдырауы бір-бірінен мүлде бөлек жайттардан хабар береді.

Акциялар бағасы шынайы экономикалық іс-әрекеттің болашағы мен соның арқасында болатын корпоративтік табыстар болжамы негізінде қалыптасады. Ал облигация бағасы инфляцияның болашағы одан болатын пайыздық мөлшерлеме болжамы негізінде қалыптасады. Дағдарыстың қарсаңында күшті экономикалық өсім жоғары инфляцияға және соның кесірінен пайыздық мөлшерлеменің өсуіне әкеледі деген түсінік болды. Бірақ соңғы он жылда 1980-90 жылдарда қалыпты саналған экономикалық белсенділік, инфляция және ақша-несие саясаты арасындағы байланыстар тас-талқан болды. Дағдарысқа дейінгі кезеңдегі “инфляция деген – үнемі ақша-несие феномені” деген догма ең аз дегенде ешқандай инфляциядан қорқыпай ақшаны тұсқағазша басып шығара берген дамыған экономикалар үшін қате болып шықты. 

Өсім мен инфляция арасында байланыстың бұзылуы жаһанданудан, технологиядан, демографиядан, еңбек күшінің лайықты ұйымдаспауынан не басқа себептерден болуы мүмкін. Бірақ себебі қандай болса да, оның қаржы нарықтарына тигізер салдары анық болуы керек. Тұрақты өсім мен төмен инфляцияның жымдасуы бұзылмай тұрғанда активтердің бағасы дағдарысқа дейінгі сараптама қалыпты деп санаған деңгейден жоғары, ал облигациялар бағасы төмен болып қалмақ. Ерте ме, кеш пе, АҚШ президенті Дональд Трамптың былтырғы сауда соғысы немесе мұнайға санкция салуы сияқты әлдебір саяси тербеліс тұрақты ғаламдық өсім мен төмен инфляция арасындағы тепе-теңдікті бұзады. Бірақ мұндай тербеліс болғанға дейін инвесторлар орындарына жайғасып, өз қалауындағы ботқаларын жеп отыра берсе болады.

© Project Syndicate 1995-2019 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube