Нұрлан Қоянбаев: «Бизнес по-казахски» жобасының жалғасуы кино табысымен тікелей байланысты

19671

Оңтүстік Кореяда түсірілген комедияның кезекті бөлімі көрерменге қашан ұсынылады

Киноның бюджеті қандай, жалпы «қазақша бизнес» қанша табыс әкелді, Сеулдегі жобаның ерекшелігі неде? Бұл туралы  Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген продюсер Нұрлан Қоянбаев айтып береді.  

F: Нұрлан, «Бизнес по-казахски» жалғасын тапқанын және оның Кореяда түсірілгенін  білеміз. Қай қалада түсірілді, қандай мекендер қамтылды?

- Иә, «Бизнес по-казахски» франшизасының жаңа бөлімін көрерменге дайындап жатырмыз. Басты түсірілім Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында өтті. Оқиға әдетінше Алматы қаласында басталады.

F: Неге Корея? Қандай да бір ұсынстар жасалды ма? Таңдау қалай жасалды? Кімдер тарапынан?

- «Бизнес по-казахски в Африке»-ден кейін  жаңа ел жайында ұзақ ойландық. Алғашында Австралия, Ресей және Еуропаны қарастырған болатынбыз. Былтыр Оңтүстік Кореядан шақырту алып, сол елге барып келдік. Сондағы   индустрияны көріп, кинокомпаниялармен таныcтық. Маған олардың масштабы және бизнесті қалай жолға қойғандары қатты ұнады. Оның үстіне, жергілікті продакшн тарапынан бізбен жұмыс жасауға деген қызығушылықты көрдім. Әлеуметтік желіде сауалнама жасап, соның нәтижесінде соңғы шешім қабылдадық. Көрермендердің арасында Корея өнері мен елінің жанкүйерлері көп болып шықты. Сосын түсірілім барысында түсінгенім, қазір жастардың арасында Корея тренд екен.

F: Онда кімдермен жұмыс жүргізілді, корей елінен кімдер қатысты, қандай да бір киностудия, актерлар қатысты ма? 

- Әрине, шет ел болған соң серіктессіз түсіру мүмкін емес. Өйткені, әр елдің өз заңдары мен тәртібі бар. Біз бұл жолы The Groove деген компаниямен, Хван Дон Соб және Ким Се Ван мырзалармен бірігіп түсірдік. Ол Сеулдегі ірі продакшннің бірі. Сол елдегі локацияны келістіру, актерлер, декорация,  жергілікті органдардан рұқсат қағаз алу деген сияқты біраз жұмысты соларға сеніп тапсырдық. Біздің топпен алдын ала келісіп жасады. Сюжеттің басты бөлігі Кореяда өткендіктен, біраз актерлер де қатысты. Атап айтсақ,  Ли Сэ Чанг деген белгілі актер түсті.  Негізгі түсірілім тобы әрине Қазақстаннан барды.

F: Бұл жолы актерлар құрамында, сценарийде қандай өзгерістер, ерекшеліктер бар?

- Актерлар құрамына қатысты көрерменге айтатын жақсы жаңалығым бар – сүйікті актерларыңыздың бәрі өз орнында. Және Гүлназ Жоланова мен Дариға Бадықова актриса ретінде жаңа қырынан танылады деп ойлаймын. Бұған дейінгі бөлімдерде де менің кейіпкерімнің бизнесмен ретінде қалыптасу жолы суреттелсе, төртінші бөлімде ол аяғын нық басқан кәсіпкер ретінде сомдалады. Оған қоса, біздің қатарымызға Қайрат Құдайберген мен Дильназ Ахмадиева қосылды. Жалпы, фильм сюжеті арқылы Оңтүстік Кореяның бүгінгі келбеті, кәріс жастарының өмірі, «к-pop» стилі кеңінен көрсетіледі.

F: Жалпы командада қанша адам жұмыс істеді? Шығармашылық топта кімдер бар? Сценарий авторы, режиссері кім?

- Кино үлкен жұмысты және жоғары профессионализмді талап етеді. Біздің шығармашылық топтың негізі  осы салада қызмет етіп жүрген мықты мамандардан қаланған.  Оған қоса, мен продюсер ретінде жаңа есімдермен жұмыс істегенді жақсы көремін. Бұл жолғы сценарийді жазуға   Бұхар Марат, Нұрмахан Ахметов, Самат Сыржанов, Асхат Тохтарханов деген авторлар қатысты. Қоюшы-режиссер Ален Ниязбековпен «Каникулы в Таиланде» фильмін түсіргенбіз. Маған оның көзқарасы және стилі ұнайды. Қоюшы-оператор Асылхан Мелдебековтың де екінші толық метражды фильмі. Монтаж режиссері, осыған дейінгі фильмдерді де жасаған Тимур Дулатов деген маман. Негізі, бір кинода барлығын қосқанда жүзге жуық адам жұмыс істейді.

F: Жалпы «Бизнес по-казахски» жобасын жалғастырудағы негізгі мақсат қандай болды? Бұл сұранысқа, кассалық табысқа қаншалықты байланысты?

- Тікелей байланысты. Киноның жалғасын түсіру немесе түсірмеу туралы шешім алдыңғы бөлімнің кинотеатрлардағы көрсетілімінен кейін қабылданады. Егер көрерменнің қызығушылығы төмендемесе, кинозалдар толы болса, шығарылған құн өтелсе, міндетті түрде жалғастыру қажет. Біз сол формула бойынша жұмыс істеп келеміз. Жаңа бөлім түсірген сайын, біздің тәжірибеміз көбейеді. Қазір, әр бөлім алдыңғысына қарағанда сәтті шығып жатыр. Дегенмен алар шыңымыз әлі алда деп ойлаймын.

F: Туындының желісі қандай болмақ?

- Фильмнің желісі бойынша отбасылық қонақ үйде халықаралық конференция өтуге тиіс. Бас кейіпкер Жомарт келген қонақтарға жаңа техниканы таныстырмақшы. Осы мақсатпен ол қонақ үйді жоғары технологиялы тұрмыстық техникамен жабдықтауға көшеді. Алайда швейцар Бақдәулет аңдаусызда клиенттің бағалы құрылғысын сындырып алады. Ал ол тек қана Сеул қаласында жөнделетін болғандықтан,  кейіпкерлерге Оңтүстік Кореяға аттануға тура келеді.

F: Киноны түсіруге кімдер қолдау көрсетті? Бұл жолы демеуші болды ма? Әлде жеке қаражат жұмсалды ма?   

- Алғаш кино түсіріп бастағаннан бері жеке инвестициялардың көмегіне жүгініп келеміз. Бюджеттің 50% инвестордың қаржысы болса, 50% біздің компанияның үлесі. Алдыңғы фильмдерден түскен табысты келесі фильмді түсіруге құямыз. Ал инвесторлардың үлесі прокаттан кейін қайтарылатын ақша. Онымен бірге, фильмнің тұрақты демеушілері - «Алекс-Сарыагаш», «МсDonalds» брендтері мен «Алмалы» компаниясы. Коммерциялық жарнаманың да үлесі бар.

F: Жалпы фильм бюджеті қандай болды? Шығын неге байланысты болды? Алдындағы бөлімдерінен айырмашылығы бар ма?

- Сапамен бірге фильмнің бюджеті қатар өседі екен (күледі). Бұл жолғы бюджет барлық шығынды қосқанда $400 000 көлемінде. Шет елде түсіруге көп қаржы жұмсалады,  өйткені отыздан аса адамның жұмыс жасағанымен қоса жүріп-тұруы, тамағы бар. Жыл сайын техникаға қатысты қаражат та өсуде.

F: Енді «Бизнес по-казахски» жобасының табысына тоқталсақ. Кіріс көлемінің алды қандай болды?  

- Африкадағы оқиғаны кинотеатрларда 800 000 жуық адам қарады. Табысы – 800 млн теңге көлемінде. Жалпы, бүгін отандық киноиндустрияның жаңғыру кезеңі деп айтса болатын сияқты. Көрермендердің қазақ фильмдеріне деген сенімі артқан, кинотеатрларға барғанда бірінші ретті ұлттық картиналары таңдайды. Оның үстіне таңдау бар. Қазірдің өзінде кинотеатраларда біраз қазақ киносы көрсетілуде, түсіріліп жатқаны қаншама. Осыдан біраз жыл бұрын, «Бизнес по-казахскидің» бірінші бөлімін түсіргенде, біз тәуекелге бел буып, Жаңа жыл қарсаңында көрсетеміз деп шешкен болатынбыз. Оған дейін бір де бір продюсер олай істемеген. Ал, қазір қарасаңыз көбісі осы мерекелерге қарай ұмтылады. Бұл жақсы тенденция деп ойлаймын. Өйткені, бәсеке сапаны талап етеді. Оның ұлғайғанынан көрермен де продюсерлер де тек қана ұтады.

F: Кореяға аттанбас бұрын әлеуметтік желіде байқау жариялап, оның жеңімпазын өздеріңізбен бірге алып кететіндеріңізді айтқан едіңіздер. Бұл қандай байқау еді, жеңімпазы кім, Кореяға барды ма?

- Мен «Бизнес по-казахски» фильмнің өз жанкүйерлері бар болғанымен мақтанамын.  Олардың саны артып келетіндігімен екі есе мақтанамын. Осы киноны бастамас бұрын, көрермендер көңілі үшін алғыс ретінде, сондай байқау ұйымдастыруды шештік. Шарт бойынша, менің инстаграмдағы парақшамда Кореяға баратын кино кейіпкерлерінің қандай оқиғаға тап болатыны туралы өз нұсқаларын жазу керек болатын. Бір апта ішінде біз 5 мыңнан астам комментарий алдық. Оның бәрін оқып шығуға тағы бір апта кетті. Қызықты варианттар көп болғандықтан, сценаристермен бірге бірнешеуін таңдап алып,  халық таңдауына ұсындық. Сөйтіп, үш жеңімпаз таңдалды: Павлодардан Мейірман деген жігіт, Талғардан Назипа апай, ҚазҰУнің студенті Ұлжан қарындасымыз. Олар бір аптаға Сеулге барып, түсірілім алаңында болды, барлық көрікті жерлерді аралады. Бізге ризашылықтарын білдіруде. Болашақта осындай байқауларды тағы да қайталаймыз деп ойлаймын.

F: Жалпы Корея қалай қарсы алды?

- Корея халқына, сол елде бізбен бірге жұмыс жасаған мамандарға, Қазақстанда өкілеттігі бар корейлік компанияларға айтар алғысым шексіз. Корея елінің Қазақстандағы елшісі Ким Дэ-cик  мырза бастаған азаматтар біздің түсірілімді қолдап, барынша көмек көрсетті. Айтқым келетіні, екі ел арасындағы қарым қатынасты бекітуге деген ниеттері мықты. Өз елінің басқа елдің киносында қалай көрсетілетін, келген адамдардың қандай көңілмен қайтатындығына үлкен мән береді. Бір ғана кино емес, ұзақ мерзімді қарым қатынасты көздейтіндіктері айқын. Бізден кейін, олардың түсірілім тобы Алматыға келіп, «Алтын Емел» ұлттық паркінде бір фильмнің біраз сценаларын түсіріп кетті. Жақында Сеулде өткен фестивальға қатысушы ретінде барып қайттық.

F: Премьера қашан? Жобадан не күтесіздер?

- Дәстүр бойынша, жаңа жылдық мереке қарсаңында, 26 желтоқсанда Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетілім басталады. Жоба көрерменнің көңілінен шығады деп күтеміз. Өйткені, біздің Ресейде, Еуропада, тіпті Антарктидада түсіру жоспарларымыз бар (күледі). Барлық қазақстандықтарды отбасыларымен бірге кино көруге шақырамын.

F: Нұрлан Қоянбаев пен оның командасының шығармашылық бағыттағы жоспары қандай?  Өзге туындыларды қолға алу ойда бар ма? Болса қандай?

- Әрине, киноөндірісті қолға алғаннан кейін даму жоспарымыз да бар. Бір жылда 5-6 кино түсірсек деген ойымыз бар. «Love is...» деген романтикалық комедияның түсірілімін аяқтап жатырмыз. Оған қоса, келесі жылдың Наурыз мейрамына қарай көрерменге 100% қазақ тіліндегі кино ұсынамыз. Ол да бір жаңа трендтің басы болатын сияқты.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить