Әлемге әйгілі болған Димаш пен Денис Теннің киімдерін әзірлеген отандық дизайнер туралы не білеміз

«ZekenModa» бренді қалай қалыптасты, оның коллекциялары шетелде қалай бағаланады

Бұл жайында қазақстандық дизайнер Қайролла Әбішев Forbes.kz сайтына берген сұхбатында айтып береді.

Қайролла мырза, «ZekenModa» -ның негiзі қалай жәна қашан қаланды? Неге олай аталды?

- Негізі Зекен деген менің әкемнің аты. Ол өте талантты адам. 12 аспапта өзі ойнап үйренген, ән жазумен, өлең жазумен, сурет салумен айналысқан. Тіпті үйді де өзі тұрғызған адам. Көп жылдар бойы мұғалімдік қызмет атқарған, мектеп директоры болған. Әкемнің бойындағы кейбір өнері маған берілген, мен бала күнімде суретші немесе дәрігер боламын деп ойлағам. Бірақ, уақыт өте келе маған тігумен айналысқан ұнайтынын байқадым. Қарындасыма көмектесемін деп, киім тігуді үйреніп алдым. Астанаға келіп жұмыс істей бастағанда, студия моды Қайролла Әбішова деп бастадым. Көптеген, конкурстарға қатысып жүрдім, бірақ жұмыс бағытым басқаша болды. Осылайша маған Астанада жаңа ателье ашу керек болды. О баста атауын Зекен деп қоймақшы болдым, бірақ ондай ұйымдар өте көп және сән әлеміне жақын ету үшін, жанына бір сөз қосу керек болды. Сөйтіп, «Зекен Мода» деп аталып кетті. Брендті қалыптастыру үшін, Парижға шақырту алдым. «Зекен мода»-ның «Әміре» атты коллекциясын дайындап, Парижға апарып, қорғап келдік. Содан бері «ZekenModa» подиумдарға белсенді шығып жүр.

Бәрі қалай басталды? Кімдер қолдау жасады?

-Менің туған жерім Қарағанды облысы, сонда ауылда жұмыс жасап жүргенде, театр киімдерін тіге бастадым. Кейіннен Астанаға келіп, Еуразия ұлттық университетінде жұмыс жасадым, сол кезде маған Мырзатай Жолдасбеков деген ағамыз көп көмектесті. Қазақ костюмдерін қалай тігу керек, жалпы қалай болатындығын айтып, өз кеңестерін берді.

Кәсіп бастау қаншалықты қиын болды? Тұтынушыларды қалай қызықтыра білдіңіз?

-90-шы жылдары дағдарыс кезінде бізде ателье деген ұғым болған жоқ, тіпті киім тігуді де ұмытып кеттік, себебі жұмыс болған жоқ. Сондықтан халық қытай киімдерін кие бастады. Себебі сапасы болмаса да, арзан еді. Сол кезде мен жұмысымды ауыстырамын деп ойладым. Шаштараз немесе даяшы боламын деп ойладым. Бірақ өз жұмысымды, өзім үйренген дүниені тастап кете алмадым. Осылайша жұмысымды жалғастыра бердім, тіпті тұтынушым өте аз болса да, тігуді жалғастыра бердім. Әр тіккен киіміме кішкентай ғана болсын, қазақша оюларды қосып жүрдім. Тұтынушыларыма сіздің киіміңіз басқалардан ерекше болсын, қазақы нақышта болсын деп айтудан жалықпадым. Солай тұтынушыларда да қазақ ою-өрнектеріне қызығушылық пайда бола бастады.

Неліктен оюларға мән бересіз? Бұл ұлттық өнерді насихаттаудың жолы ма?

-Бұның бәрі тәрбиеден бастау алды деп ойлаймын. Қарапайым қазақы отбасыда өстім, әкем домбырасын қолынан тастаған емес, үйде отырып үнемі ән салып беретін. Сол кезде мен клубқа, биге бармай, әкем мен шешемнің жанында отыратынмын. Осылайша патриоттық сезім қалыптасты деп ойлаймын.

Әлемді мойындатқан Димашты киіндіргеніңізді барша біле бермейді. Оның бірі «I am singer» байқауындағы ұлттық нағыштағы үлгі болса, екіншісі Лондондағы халықаралық турындағы киген алтын түстес киімі. Таңдау неліктен сізге жасалды?

- Аяқ астынан Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева хабарласып, Димашқа костюм керек болып жатыр деп айтты. «Қандай костюм?- десем, - қазақы нақыштағы киім «Дайдидау» әніне арналған»- деді. Содан ойым сан жаққа кетті. Бірақ, оның алдында әншіге арнап фраг және костюм тіккенбіз. Сондықтан пішіні, қандай киім үйлесетінін білген соң, сол меркалар қолымда болды. Сөйтіп, сағат түнгі 3:00- ден таңғы 5:00-ге дейін WhatsApp арқылы Димашпен бірге Қытайда болған жолдас жігіті Алпамыс екеуміз отырып киімдерді талқыладық. Екі-үш нұсқаны сызып, соған ұсындым, ол ішіндегі біреуін таңдады. Ақ түс бекер таңдалған жоқ. Димаштың жолы ашық, болашағы жарқын болсын деген ниетттен туындады. Мықты дизайнерлерім Ақбота Тоқтасынова мен Берік Тургановпен бірге қолға алған костюм өте тез, сәтті тігілді. Небәрі 1 күн ғана кетті. Димаш осы образымен сахнаға шыққанда «қазақтың ханзадасы» атанып шыға келгенін білесіздер. Ал мен оны үлкен экраннан көргенде іштей тілектес болып, менің де оның образын қалыптастыруыма аз да болса септігім тигеніне қуанды және оған қолдау жасау парызымыз деп санаймын.

Ал, екінші костюм қалай жасалды? Бұл жолы таңдау неліктен алтын түске жасалды?

- Иә, алғашқы ақ түсті костюм көпшіліктің есінде ерекше сақталып қалды. Кейбір іс- шараларда мені Димаштың киімінің авторы деп таныстырғанда, адамдар таңқалып қарайтын. Тіпті, бұл қазақ киімінің дизайынын қалыптастырған қытайлықтар деген де қате пікір кетті. Екінші тапсырыс түскенде, бірден ауытқып кетуге болмайды, себебі әлем жұртшылығы оның өзіндік стилі бар екенін көру керек деп ойладым. Димаш дәл қазір қазақтың алтыны. Ол әлемге сеніммен қадам басып келе жатыр. Сол себепті де Лондонда өткен концертіне алтын түсті қолдандық. Біріншісі сүттей ақ киім болды, одан кейін алтын түстес киімімен Лондонда өнер көрсетті, ал үшінші киімі брилиант түсте болады деп ойлаймын.

Димаштан басқа қандай қазақстандық жұлдыздармен жұмыс істедіңіз? Олардың ішінде ерекше есте қалған үлгіні атап өтсеңіз.

-Мен мақтанғанды ұната бермеймін. Бірақ ең есте қалғаны Денис Тенге дайындаған образ. Динеспен алғаш танысқанда, оны құшағыма қысқанда ерекше сезімде болдым, тіпті жібергім келген жоқ. Мен тұтынушаларыммен жұмыс жасағанда міндетті түрде олармен отырып, әңгімелесуді жөн санаймын. Себебі, ол қандай адам, оның талғамы қандай, ойы қандай деген сұраққа жауап табу керек. Дениспен жолыққанда ол өте қарапайым, сондай жағымды, айналасына нұр сеуіп тұратын адам десем болады. Екеуміз ақылдаса отырып, бес алты костюм шығардық. Мен Дениске осындай түс қолданамын, осы түс жақсырақ дегенімде «жоқ» деп айтқан емес. Қандай номерға қандай киім керек екендігін айтып, менің талғамыма жүгінді. «Денис және оның достары» деп аталатын шараға, үлкен командасына да киім тіктік.

Қазақстандықтардың киімге деген талғамы мен таңдауын қалай бағалайсыз? Заман талабына сай киіне біле ме?

- Әркімнің өз талғамы бар. Кел келген адам дұрыс емес киініп жүрмін деп ойламайды. Ал дизайнерлердің негізгі мақсаты адамдарды үйрету болып табылады. Мысалы, тойға былай киіну керек, ал іскерлік кездесу болса, міндетті түрде іскерлік стильде киіну керек деген сияқты. Әрине, киім таңдауды дұрыс меңгермегендер бар, себебі, біздегі сән саласы енді ғана қалыптасып келе жатыр. Қазақстандық киім дизайнерлері негізінен қазақы нақыштағы киімдерді дайындайды. Мысалы, Ая Бапани секілді. Егерде Азия халықтарын алатын болсақ, олардың ішінде қазақы нақыштағы киімдер ерекшеленіп тұрады. Себебі, біздің фантазиямыз, дәл біздің дархан даламыз секілді кең.

Сізге идея қалай келеді, шабытты қайдан аласыз?

- Мен үнемі ізденісте жүремін. Дизайнер болу деген ол күнделікті сәнді болып жүру дегенді білдірмейді, дизайнер дегеніміз әр секунд, әр минут сайын айналаңнан сәнді дүниені іздеу. Тіпті қазір отырып бір сән үлгісін көріп отырмын.

Енді қазіргі коллекцияңыз туралы айтсаңыз. Көптеген шетелдік подиумдардан көріндіңіз. Парижге, Түркияға барып келдіңіз. Онда не ұсындыңыздар?

- Алдында айтып өткенімдей Парижге брендті қорғап алуға барғанда Азия мен Еуропаны қалай біріктіруге болады? Париж жұртын немен таңғалдыруға болады деп ұзақ ойландым. Нәтижесінде Әміре Қашаубаев есіме түсті. Бір кездері қазақтың әнімен Францияны бағындырған әнші еді. Әнін тыңдап отырып, қандай түстер болу керек, Әміренің өзінің даусының өзіндік түсі бар. Қызғылт, алтын түс, сары деген секілді. Алғаш рет Парижға апарғанда қатты қобалжыдым, қалай қабылдар екен деп. Конкурс болардың алдында бізге Парижда фотосессия жасауға рұқсат берілді. Мен халық ең көп жиналатын жерді таңдадым. Опера және балет театры және метроның маңы. Фотографтар олай болмайды, адам тым көп деп келіспеді. Бірақ мен қазір көресіңдер деп қоймадым. Шынымен де, модельдер көшеден өтіп бара жатқанда қала бір орында қатып қалғандай болды. Қазақтың ұзын, денелі жігіттер және аң терісімен алтын, сары түсте болған қызды көргенде халық жаппай сэлфи жасап кетті. Сол кезде мен қателеспегенімді түсіндім. Бірақ қазылар талғамы әртүрлі,олар маған теріні алып таста деп ұсынды. Бірақ, мен теріні ала алмаймын, ол қазақтың қазақтығын танытатын киім дедім. Жалпы жоғары бағаланды.

Бұл коллекцияны тағы қайда көрсеттіңіздер?

- Польшада, Миланда, сосын Қазақстанда «ASPARA FASHION WEEK» шарасында, кейін Стамбұлға апардық. Бұл коллекция басқалардан өзгешеленіп тұрды. Қарапайым сәнді көйлек емес, қазақстандық екенін көрсетіп тұратын киім. Подиумда жүріп өткенде, домбыраның үнімен өте үлкен әсер қалдырды.

Соңғы уақытта спорттық үлгіде киімдер шығарып жүрсіз, бұл бағытты таңдауыңыздың себебі неде?

- Ол жай ғана спорттық киім емес, қазақстанның спортта жеткен жетістігін көрсететін киім. Шәкіртім деп атасам болады, дизайнер Ақбота Тоқтасыновамен бірлесе атқарылған жұмыс. Аздап көк тудың түсі және қызыл түсті қолдандым. Бұл кезде де өте қатты қорықтым, қалай қабылдар екен деген қорқыныш болды. Бірақ, барлығына ұнап, жоғары бағасын алып шықты.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
7327 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
22 сентября родились
Кайрат Боранбаев
председатель наблюдательного совета ФК "Кайрат", №13 рейтинга богатейших бизнесменов Казахстана - 2019
Ануар Джумадильдаев
экс-председатель Комитета по финансовому мониторингу Министерства финансов Республики Казахстан
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить