Кино туралы заң қазақстандық кинематографияға қандай өзгерістер әкелуі тиіс

13778

Ұлттық туындыларға қандай қолдау жасалады, әйгілі киностудиялармен бірлескен жұмыс не үшін қажет

Фото: pixabay.com

2019 жылдың 3 қаңтарында Қазақстанда "Кинематография туралы" жаңа заң күшіне енген болатын. Кино саласының тарихында бұндай құжат бұрын мүлде болмаған және алғаш қабылдануда. Себебі, кино саласын реттейтін нормалар тек «Мәдениет туралы» заңда, атап айтсақ онда ұлттық тіл, прокат сияқты мәселелерді реттейтін 6 ғана бап болған. Ал, жаңа заң алдағы уақытта отандық өндірісті қолдауға, сан мен сапаны жақсартуға, ұлттық фильмдердің кең таралуына, халықаралық нарыққа шығуға жағдай жасауы тиіс. Болашақта Қазақстанда әлемдік киностудиялармен бірге бірлескен жобалар түсіру, салаға инвестиция тартуға мүмкіндік жасалуы тиіс. Forbes.kz аталған құжаттың қажеттілігі мен маңыздылығы және оның болашағы туралы киногерлер пікірін білді.

Дана Әмірбектің
Дана Әмірбек

Кинотанушы Дана Әмірбектің айтуынша соңғы жылдары ұлттық кино қарқынды дамып, жан-жақты өрбу үстінде. Статистикаға сәйкес, осыдан он жыл бұрын жылына шамамен 7-8 туынды жарыққа шықса, бүгінде кәсіби және әуесқой режиссерлардың көрермен назарына ұсынып отырған фильмдерінің жалпы саны 40 асып жығылады.

- Бұл тек толықметрлі көркемсуретті фильмдердің ғана көрсеткіші. Одан бөлек деректі, анимациялық фильмдер де түсірілуде. Дегенмен, қазақ көрермені 27 жыл бойы төл туындыларымызды мемлекеттік тілде, қалаған уақытында көруіне мүмкіндігі болмай келді. Әлемнің ең беделді кинофестивальдерінде жеңімпаз атанып, білікті кино мамандарының оң бағасын алған кинотуындыларымызды көп жағдайда туған жерімізде отырып өзіміз көре алмадық. Бұл жағдай кинематография туралы заңның жоқтығына байланысты еді, - дейді Дана.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Nomad Stunts» каскадерлар тобының жетекшісі, актер Жайдарбек Күнгүжиновтың ойынша бұл заң өте қажет. Себебі, келешекте жоғары сапалы фильмдер түсіріледі, киногерлерге қолдау жасалады.

Жайдарбек Күнгүжиновтың
Жайдарбек Күнгүжинов

- Көбі біздің кино неге шет мемлекеттерге шықпайды, неге дұрыс түсірілмейді деген сауалдар қойып жатады. Әрине, бұл көп нәрсеге байланысты. Білеміз, елімізде көптеген талантты режиссерлар бар. Мысалы Тимур Бекмамбетов осында түсірді, қазір қандай дәрежеге көтерілді, Сергей Бодров «Көпшенділер», «Моңғол» фильмдерін түсірді, қазір Америкада. Ахан Сатаев, Ермек Тұрсынов сияқты мықты режиссерлар бар. Заңсыз түк болмайды. Мысалы, шетелде ондай заңдар бұрыннан бар. Мен жұмыс істеген Болгария,Чехияда бір кездері жағдай қиын болды, кинолар түсіріледі, саны көп, бірақ өте сапалы емес. Голливуд, Түркияның деңгейін көріп отырсыздар, олардың туындыларын қазірде көбі қарайды. Менің ойымша бұл заң көп жағдайды ретке келтіру керек. Ең алдымен бізге шетелдік компаниялар кіру керек. Жоғарыда атап өткен Болгария, Чехия кезінде америкалық, италиялық, испаниялық компанияларды шақырды. Сол жерден олар өз студияларын ашты, заңға сай олар салықты қайтарып береді. Неге? Олар студиялар салып берді, нәтижесінде аталған елдерге қаншама мамандар келді, қаншама туристер келді. Болгарияның Софиясы қалай өзгерді, қалай гүлденді. Болгарияға киноға түсуге неше түрлі актерлар келеді. Мысалы біз «Конар Варвар» киносын түсіргенде әйгілі «Аватар» киносының актерлары келді. Ал оларды көру үшін келген туристер көбейді, оларды көруге жан-жақтан көптеген адамдар келеді. Біз бұл заңды 10 жылдан астам уақыт күттік, сондықтан бұл құжат өте керек, - дейді Жайдарбек.

«Nomad» басшысының айтуынша Чехия мемлекеті де осылай жасады. Сондықтан Қазақстан келешекте солардың тәжірибесін енгізгені дұрыс. Өйткені бұл ең алдымен отандық киноиндустрия үшін керек екен. Себебі шет елдік компаниялар келген жағдайда бірлескен жобалар дүниеге келеді, инвестиция келеді, сол арқылы табыс табуға болады. Қысқасы жағдай оңалады, жақсы әрі сапалы кинолар түсіріледі, сонымен қатар көптеген мамандар дайындауға мүмкіндік туады. Болашақта әлгі мемлекеттердегідей туристер саны артуы тиіс.

Шарипа Оразбаева
Шарипа Оразбаева

Режиссер Шарипа Оразбаева заң аясында авторлық фильмдерді дамытуға қолдау жасалса деген пікірде. Себебі, халықаралық фестивальдерде осындай мазмұндағы туындылардың маңызы зор және олар әлем киногерлері тарапынан жоғары бағаланады.

- Осы жылы Арменияның Ереван қаласында өтетін беделді "Золотой абрикос" xалықаралық кинофестивальіне қатысып, дөңгелек үстелде қазақ киносы жайлы таныстыру барысында «әлемде кино жайлы заңы жоқ жалғыз Қазақстан шығар», деп қынжыла бергенімде "кино жайлы заңы бар бізде жетісіп жатқанымыз шамалы", деп өзге мемлекеттің өкілдері шулай кеткендері есімде. Әрине, қазір осындай үлкен қадам жасап президент "кино туралы заңға" қол қойғаны қуантарлық жағдай. Бұл жерде күдіктен гөрі, үміт көп. Ұлттық киномыз қазіргі кезде экранды қаптап келе жатқан сапасыз, арзан күлкіге толы фильмдерден арылып, саннан сапаға өтеді деп ойлаймын. Осы заң аясында авторлық фильмдердің мәртебесі де ескерілсе екен, өйткені Қазақстанды мемлекет ретінде танытатын xалықаралық кинофестивальдер екені белгілі. Онда терең ой салатын, мағыналы авторлық фильмдер олжалы болатыны анық. Заң туралы: "Бұл – өте күрделі де ауқымды заң. Ол ұлттық киноның ары қарай дамуы жолында түбегейлі өзгерістер алып келеді. Оның үш бағыты бар. Жаңа заң, біріншіден – ұлттық фильмдер өндірісін қолдаса, екіншіден – ұлттық киноның кең таралуын қамтамасыз етеді. Ал үшіншіден – қазақстандық киноның халықаралық нарыққа шығуы, оның ішінде бірлескен кинофильмдер және әлемнің жетекші кинокомпанияларымен бірлескен өнімдер жасауға мүмкіндік береді», деген еді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Бұл үлкен мотивация. Демек, сенейік.

 

Дана Әмірбектің айтуынша заңға сәйкес бұдан былай ұлтымыздың ежелден қалыптасқан салт-дәстүрін, болмыс-бітімін, әдет-ғұрпын, кемеңгерлігі мен философиялық ұстанымдарын жас ұрпаққа таныстыратын тарихи жанрдағы фильмдер мен асқақ ойлы, рухы мықты ұрпақтың өсіп жетілу жолында маңызды орынға ие балалар киносына және анимациялық фильмдерге мемлекет тарапынан толыққанды қолдау көрсетілетіндігі көңілге қуаныш сыйлады.

- Аталмыш заңның біз үшін ең бір маңызды тармақтарының бірі ретінде Қазақстан Республикасының аумағындағы кинозалдарында және көпшілік көретін өзге орындарда прокаты және көрсетілімі жүргізілетін кез келген шетелдік фильмдердің мемлекеттік тілге дубляждалып, субтитрленуі немесе кадрдан тыс аударылып көрсетілуі міндеттелгендігін айтуға болады. Себебі, қазақ экрандарын жаулап алған шетелдік фильмдерді қазақ тіліне дубляждау арқылы отандық актерлерімізді қосымша жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Алайда, субтитрлер арқылы аударылып көрсетілген жағдайда, фильмнің түпнұсқада, демек, фильмді шығарған мемлекеттің тілінде көрсетілуін қадағалау аса маңызды. Себебі, прокатпен айналысатын компаниялар фильмдердің шетел тілінен орыс тіліне дубляждалған нұсқасын көрсетіп, заңды айналып өту мақсатында субтитрлерлерді ғана қазақ тілінде қосып қоюлары әбден мүмкін. Сондай-ақ, заңда ұлттық фильмдердің прокаты қазақ тілінде және қажет болған жағдайда өзге тілдерде жүзеге асырылуы тиіс екендігі айтылған. Осы тұста «қажет болған жағдайда өзге тілдерде жүзеге асырылуы тиіс» делінген жері алаңдатады. Бұл тұрғыда прокатпен айналысатын мекемелердің «қажет жағдайлары» көбейіп кетпесе жарар еді, - дейді кинотанушы.

Дананың айтуынша заңда мемлекеттік кинотуындыларды есепке алып, бір жүйеге келтіруді көздеп отырған фильмдер мониторингінің ақпараттық жүйесін құратын ұлттық киноөнімдерді қолдау Қоры ашылады. Бұл өз кезегінде киноиндустрияның дамуына жол ашып, қазақ киносын жаңа деңгейге көтеруге, биік белестерді бағындыруға бағытталған ең маңызды қадам болуы тиіс.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить