Сапар Сатаев Лондондағы Халықаралық ғарыш компаниясының басшылық қызметіне қалай тағайындалды

63367

Бұл туралы HEAD Aerospace Group компаниясының коммерциялық директоры Сапар Сатаев Forbes.kz тілшісіне берген сұқбатында айтады

Сапар Сатаев
ФОТО: личный архив
Сапар Сатаев

Сапар, сіз орта және жоғары білімді қайда алдыңыз. Қандай мамандықты меңгеріп шықтыңыз?

-Мен орта білімді Нарынқол ауданындағы М.Тағаев атындағы орта мектепте бастап, Талғар қаласындағы С.Сейфуллин атындағы № 2 мектепте бітірдім. Негізгі жоғарғы білімімді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Физика факультетінің арнайы бөлімін бітіріп, физика мамандығын алдым, соның ішінде плазма физикасы саласында университет қабырғасында бірнеше жыл ғылыммен айналыстым.

Италия мен Германия және Калифорнияда оқыған екенсіз. Бұл білім ордалары сізге не берді, қай бағытта оқыдыңыз?

-Италияда Рим қаласында «La Sapienza» университетінің Саяси ғылымдар факультетінде «Геосаясат және жаhандық қауіпсіздік» саласында магистратураны бітірдім, ал Германия мен Калифорниядағы оқуым «Инновация және бизнесті құру» саласындағы MBA бағдарламасына қатысты болды. Аталған оқу орындарына өз бетіммен түскен болатынмын, бірінен грантқа ие болсам, ал екінші оқуымды өз қалтамнан төледім. Италиядағы оқуымның нәтижесі әлемдік саясатты түсінуіме және халықаралық саяси процесстерге өзімше баға беруге, сонымен қатар қазіргі жұмысымның аясында мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, ғарыш бизнесіне қатысты геосаяси тәуекелдердің әсерін уақтылы болжауға мүмкіндік береді. Өзіңіз білетіндей ғарыш технологиялары қорғаныс және қауіпсіздік салаларында көптен пайдаланылады, сондықтан жұмыс барысында геосаясатты да түсіне білудің маңызы үлкен. MBA білімі маған өте жақсы көмектесті. Себебі бұл бағдарлама классикалық MBA бағдарламаларынан өзгеше, оның себебі біз инновациялық бизнес модельдер мен технологиялық компанияларды қалай құру керектігін, оларды инвестициялық тұрғыда қалай бағалап, венчурлық инвестицияны қалай пайдалану қажеттігін тереңірек үйрендік. Онымен қоса осы тобымызда 14 мемлекеттен келген әр түрлі саладағы халықаралық орта және ірі компаниялардың өкілдері білім алды, бұл мен үшін пайдалы таныстық (networking) болды. Біз әлі күнге дейін байланысымызды үзбей келеміз, ал халықаралық бизнес үшін бұл баға жетпес актив.

Білім алу үшін шағын бизнесіңізі сатқан екенсіздер. Бұл қандай кәсіп еді, оның қаржысы қайда жұмсалды?

-Білім беру мен маман даярлау саласында шағын отбасылық кәсібіміз бар еді, сатқан ақшамыз менің шет елдегі MBA бағдарламасы құнының бөлігін өтеуге жұмсалды.

Ғарыш саласына алғаш Қазақстанда келген екенсіз. «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясында қызмет етіпсіз. Ондағы миссияңыз қандай болды?

-«Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясына Үкімет тарапынан бірнеше бағыт бойынша үлкен міндеттер жүктелген, оның ішінде «Ғарыш аппараттарын құрастыру және сынау кешенін салу және іске қосу», «Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін құру және осы салада ішкі және сыртқы нарықта қызмет көрсету», «Жоғарғы дәлдікті спутниктік навигация жүйесін құру және қызмет көрсету». Компания осы күнге дейін айтылған жобаларды сәйкесінше іске асырып, мемлекет пен жеке ішкі нарықтың қажеттілігіне қызмет жасап, сонымен қатар сыртқы нарықтың бірталай сұраныстарын қамтамасыз етіп жатыр. Мен аталған компанияда 7 жылдай қызмет еттім, «халықаралық ынтымақтастық» басқарма басшысынан «бизнесті дамыту департаменті» директорына дейін қызмет атқардым. Басқарма басшысы кезінде аталған жобалардың іске асырылуы барысында, шетелдік стратегиялық әріптестермен ынтымақтастықты орнатуды ұйымдастыру мен олардың дамуын қамтамасыз етуге жауап бердім, ал кейін жобалардың орындалуы аяқталып, айтылған ғарыштық және жерүсті кешендер іске қосылған кезде, ішкі және сыртқы нарықта компанияның қызмет көрсетуі мен бизнесінің дамуына жауап бердім.

Airbus компаниясынның жер серіктері жобасына қатысыпсыз. Бұл қандай жоба, нәтижесі қандай?

- Мен келген жылы, 2009 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК әлемдік ғарыш саласындағы № 2-ші компания саналатын Airbus Defence and Space арасында стратегиялық серіктестік орнады. Бұл компания Қазақстан Үкіметі деңгейінде құрылған арнайы коммисиямен таңдалған еді. Осылай екі компания бірлесіп Қазақстанда теңдесі жоқ «Ғарыш аппараттарын құрастыру және сынау кешенін құру», «Жерді қашықтықтан зондтау жүйесін құру» бойынша келісім-шарттарға қол қойды. Ал бұған дейін Airbus Defence and Space компаниясымен қарым-қатынасты жүргізу Халықаралық ынтымақтастық басқармасына жүктелген еді. Кейін компанияда «Жобалық Офис» құрылып, оларды іске асыру осы құрылымға тапсырылды, мен де аталған топқа мүше болып кірдім. Бұл жобалар Қазақстанның ғарыш саласы үшін өте маңызды болды. Өйткені ТМД елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып батыстың технологиясын алып келді, ал оған қатысқан біз үшін бұл өте қызықты әрі тәжрибеге мол кезең болды.

Әрине, мұндай жобаларды іске асыру оңайға соқпады, көптеген қиындықтармен кездестік, бірақ сол кездегі Ұлттық ғарыш агенттігінің және ҚҒС ҰК басшылары мен мамандарының үлкен еңбектері мен тәжрибелерінің арқасында аталған жобалар толығымен іске асып, қазір ғарыштық және жерүсті кешендері жұмыс істеп тұр, елге қызмет етуде. Оларды іске асыру нәтижесінде жоғарғы және орта дәлдікті екі KazEOSat-1, KazEOSat-2 «Жерді қашықтықтан зондтау» ғарыш аппараттары ұшырылып, қазіргі таңда «Ғарыштық мониторинг» мемлекеттік бағдарламасы аясында экономиканың әр саласына үлес қосуда, бұндай жүйені пайдаланудың мультпликативтік әсері өте жоғары. Мысалы, Еуропа Одағы «Жерді қашықтықтан зондтау» ғарыштық технологияларын экономиканың әр түрлі салаларына пайдалу үшін «Copernicus» бағдарламасын іске асырды, оған 2008-2020 жылдар аралығында 8,2 млрд евро жұмсады. Осы бағдарламаның нәтижесі одақтың экономикасына 21,3 млрд евро пайда (оның ішінде жанама пайданы қоса есептегенде) алып келді. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық ғарыш орталығы салынып, Ғарыш аппараттарын құрастыру және сынау кешені іске қосылды. Бұл жобаның іске асуы 2018 жылы Қазақстандық инженерлердің өз күштерімен алғашқы рет жобалап, құрастырып және ғарышқа ұшырылған KazSTSat (Made in Kazakhstan) ғарыш аппараты себепкер болды.

Германияда жүргенде Еуропаның ғарыш саласына қатысты бизнес жоспар, маркетингктік зерттеумен айналысыпсыз. Оның нәтижесі қандай?

-2014 – 2015 жж. аралығында «Болашақ» стипендиясы аясында Мюнхен қаласындағы «IABG» халықаралық аэроғарыш және қорғаныс саласындағы компанияда «Ғарыш аппараттарын құрастыру және сынау кешенін басқару» бойынша өндірістік тағылымдамадан өттім. Бос уақытымда қосымша зерттеу жұмыстарымен айналыстым. Соның бірі Нордвайк (Нидерланды корольдігі) қаласында орналасқан Европалық Ғарыш Агенттігінің (ЕҒА) «Ғарыш аппараттарын құрастыру және сынау кешенінің» жұмысын трансформация жасау. Өндірістік бизнес процесстерді анализ жасап, жақсарту бойынша ұсыныстар дайындау, болашақта туындайтын әр түрлі тәуекелдерді анықтау, оларға жол бермеу және аталған кешенді басқа да салаларға тиімді пайдалану мүмкіндігін қарастыру болды. Мысалы ғарыш саласынан тапсырыс жоқ кезде бос тұрғын кешенді авиация, атом өнеркәсібі және темір жолдағы техника мен құралдарын пайдаланып, оларды сынақтан өткізу. Сол жұмыс тобының ішінде маған жүктелген жұмыстың бірі- Еуропа нарығындағы қосымша салалардың көлемін және олардың қай бөлігін Кешенді жұмысқа қосуға болатынын анықтау еді. Нәтижесінде ЕҒА «Ғарыш аппараттарын құрастыру және сынау кешенінің» жұмысын тиімділі артып, қосымша табыс көздері тартылды.

Кремний жазығында тағылымдаман өтіпсіз. Қандай компанияларда жұмыс істедіңіз, олардан сіз үшін қандай пайда болды?

-Кремний жазығындағы оқуым Executive MBA бағдарламасының аясында бір айға жалғасты. Бағдарлама екі тармақтан тұрды, теориялық бөлігі Беркли Университетінің Хаас бизнес мектебінде, ал практикалық бөлігі Кремний жазығындағы белгілі инновациялық компанияларда өтті. Мақсат-олардың инновациялық технологиялары мен бизнес модельдерінің жұмыс жүйесімен танысу болды. Олар: Google, Yahoo, Sunpower Corporation, IDEO, Alphabet Energy және Indiegogo. Тағылымдамада венчурлық инвесторлармен кездесу ұйымдастырылып, оларға болашақ жобаларым туралы баяндап, ақыл- кеңес алдым. Сонымен қатар инновациялық стартап компаниялар туралы және венчурлық инвесторлардың ғарыш саласына үлкен қызығушылық танытып келе жатқанын байқадым. Соның ішінде Space X, Planet, SkyBox Imaging, Rocket Lab компанияларына Khosla, Bessemer, DJF және де басқа венчурлық қорлардың үлкен инвестиция салғаны белгілі. Егер зерттеулерге сүйенсек 2000 жылдан 2015 жылға дейін АҚШ-тың ғарыш саласындағы стартап компанияларына $13,3 млрд. инвестиция тартылған, оның ішінде $8,2 млрд.венчурлық инвестиция болып табылады. Қазіргі уақытта бұл тенденция өсіп келеді, тіпті Қазақсанның өзінде бой көтеріп келе жатқан стартап компаниялар бар.

Енді өзіңіз қызмет ететін, коммерциялық директор ретінде шақырылған компания туралы айтып өтсеңіз. Cізді онда қалай шақырды, ондағы міндетіңіз қандай?

-HEAD Aerospace Group компаниясы аэроғарыш саласында халықаралық деңгейде енді дамып келе жатқан жас компания. Онда жалпы 100- ден аса маман қызмет етеді. Орталық офисі Пекин (Қытай) қаласында, сонымен қоса Шанхайда (Қытай) арнайы технологиялық өндіріс орналасқан және Париж (Франция), Нордвайк (Нидерланды Крольдігі) қалаларында халықаралық бизнесті дамыту бойынша қоласты компаниялар бар. Соның бірі HEAD Technology France. Мен осы компанияға қараймын және онда коммерциялық директор ретінде көп бағытта жұмыс істеймін, маған қарасты нарықта, соның ішінде Ресей, Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азияда үлкен өкілеттік пен жауапкершілік жүктелген.

Дамып келе жатқан компания болғандықтан көптеген идеялар мен бастамаларды іске асыруға және әр бағытта тәжірибе алуға мүмкіндік мол. Олар LinkedIn парақшасында жұмыс орнын жариялады, мен оған қатысып, сынақтан өткен соң маған арнайы ұсыныс келді. Компания бағыттары: Skywalker IoT байланыс жерсеріктерін құрастыру, басқару және IoT қызметтерін көрсету. Jilin, Superview және GaoFen Жерді қашықтықтан зондтау жерсеріктерінің түсірген материалдарды әлемдік нарықта коммерцияландыру. Қазіргі таңда біз Қытайдың Жерді қашықтықтан зондтау жөніндегі 100-ге жуық жерсеріктерінің түсірімдерін және олардың негізінде жасалған қосымша шешімдерді әлемдік нарықта ұсынамыз. Ғарыш техникалары мен технологиясын импорттау және экспорттау бойынша жұмыс істейміз, бұл Жерді қашықтықтан зондтау және байланыс ғарыш аппараттары. Қазіргі таңда біраз ірі жобалар қолға алынуда, өйткені бірнеше мемлекеттен сұраныс түсіп отыр. Сонымен қатар 2023 жылға дейін байланыс жер серіктерінің санын 48 – ге дейін жеткізіп, әлемдік нарықта бірнеше бағыттарда қызмет көрсету ойымызда бар. Қазір бұл жобаларға қосымша инвестиция тарту үшін Шанхай Қор Биржасына IPO-ға шығуға дайындық үстінде.

Сіздің табысыңыз қалай белгіленеді, қалай бағаланады? Бұл неге байланысты?

-Кез келген коммерциялық компаниялардағы жүйеге сәйкес, менің табысым екі бөліктен тұрады, оның бірі қызыметіме байланысты тұрақты жалақы, ал екінші бөлігі менің тоқсандық және жылдық жұмыс жасау нәтижеме байланысты төленетін сыйақылар (бонус).

Жарыңыз да кәсіпкерлік және инновация бойынша грантқа ие болған екен. Қазір қайда білім алуда?

-Жұбайым биыл Ұлыбританияның алдыңғы қатарлы білім орталағының бірі «Imperial College London» жоғарғы оқу орнының «Кәсіпкерлік пен инновация» бойынша PhD бағдарламасының грантын жеңіп алды. Қазір осы жоғарғы оқуында білімін алып, өз саласында зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Қазіргі күні Қазақстанның ғарыш саласындағы беталысы туралы не ойлайсыз? Болашағы қандай?

-Ғарыш өндірісі әр салалы, оның бәрін қамту үшін көп қаржы қажет. Қазақстан қазіргі таңда толық циклді ғарыш саласын құра алды. Бастапқыда үкіметтен көмек қажет және ол мемлекеттік тапсырыс ретінде іске асу керек. Болашақта қолданыстағы ғарыш аппараттарын толыққанды пайдаланып, ішкі және сыртқы нарықта пайдалану үшін мамандар дайындап отыру керек. Бұл сала да саяси факторларға тәуелді болғандықтан, Қазақстан ғарыш технологияларын трансферлеуді де диверсификация жасады. Мысалы біз тек Ресеймен ғана емес, Батыс Еуропа елдерімен де стратегиялық әріптестік орнатып, ғарыш аппараттарын құрастыру осы елдердің технологияларына негізделген. Әлемдегі ғарыш экономикасының немесе нарығының көлемі шамамен $400 млрд жетеді, соның ішінде коммерциялық ғарыштың үлесі 90%-дан асып кетеді. Ал жалпы ғарыштық коммерциядан түсетін әлемдік пайданың 80% АҚШ пен Европа елдеріне тиесілі. Әлемдік нарық жылдан жылға өсуде, өйткені бұл күнделікті өмірдің қажеттілігіне айналуда, сондықтан Қазақстан үшін оның келешегі зор, әсіресе оны коммерцияландыру. Ол екі ағысқа бөлінеді: біріншісі - ғарыш аппараттарын құрастыру, ұшыру және басқару (upstream), екіншісі - ғарыш қызметтерінің әр саладағы (downstream) қолданысы. Осыған орай біз екінші «ағысты» дамытуға күш салып, осы салаға жеке компаниялардың келуін қолдау керек. Қазақстан өзінің бәсекелестік ерекшелігін пайдаланып, жақын және орта мерзімде көршілес елдерге шығып, Орталық Азия мен түркітілдес елдердің нарығында нық орын алуы керек, ал ұзақ мерзімде аталған елдермен ортақ нарықты бірге игергені дұрыс деп есептеймін.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить