Санжар Тайжанның бұрғы машинасы

39770

Tesla ұйымдастырған Not-A-Boring Competition турниріне қатысқан қазақ жігіті Санжар Тайжан мен оның командасы ұсынған бұрғы машинасы Илон Масктың назарынан тыс қалған жоқ...

Санжар Тайжан
ФОТО: © өз архивінен
Санжар Тайжан

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің түлегі (2015) Санжар Тайжан Кембридж колледжін (Ұлыбритания)  тәмамдаған соң, машина жасау және инженерия саласындағы әлемдік ең озық ЖОО-ның бірі University Of Warwick оқу орнында білім алды. Жас та болса, білімді, алғыр жігіт Jaguar Land Rover компаниясында да жұмыс істеп үлгерді. Ал 2017–2019 жылдары SpaceX Hyperloop Pod Competition жобасына қатысып, бағын сынады. Осы мақсатта ол өзі құрған Warwick Hyperloop деп аталған студенттік команда Hyperloop үшін (яғни, Илон Масктың арманы – вакуумдық пойыз) транспорттық капсула жасауды қолға алды. Сөйтіп, 1600 ұжым қатысқан байқау барысында студенттердің Warwick Hyperloop командасы іріктеудің біраз сатысынан сүрінбей өтіп, ең мықты 35 жоба тізімінен көріне алды. Әйтсе де, Санжардың өзінің айтуынша, тәжірибенің аздығынан болса керек, студенттік команда топ-20 қатарына ене алмады.

Әлбетте, 24 жасар жас жігіт мұнымен жасып қалған жоқ, керісінше бойындағы күш-жігерін жаңа жобаларға жұмсап, жаңа белестерді игеруге бел буды. Оның ішінде отандық бірінші электрокөлік, яғни электрокарр жасау технологиясын әзірлеуге ерекше ден қойды (бірақ бұл өз алдына бөлек әңгіме).

Санжар Тайжан: «2013 жылы Эшли Вэнстің «Илон Маск: Tesla, SpaceX және ғажайып болашаққа іздеу салу» атты кітабын оқып шықтым. Содан инженерияға деген қызығушылығым артты. «Біздің әрқайсымыз әлемге өз саласында жаңа жетістік әкелуі тиіс» деген Илон Масктың пікірі санамды оятқандай болды».

2020 жылдың шілде айында әйгілі миллиардер Илон Масктың тағы бір компаниясы – Tesla – The Boring Company кезекті байқауын жария етті. Not-А-Boring Competition туринирінің мақсаты – диаметрі 0,5 метрді құрайтын туннель салуға арналған бүрғы машинасының прототипін жобалау болатын. Машинаның прототипін бағалауда, ең алдымен: туннель салу жылдамдығы; туннель сапасы; және «А» пунктінен «Б» пунктіне дейін туннель салудағы дәлдік көрсеткіші есепке алынды.

Айта кету керек, Илон Масктың компаниясы, өзге де бірқатар талаптармен қатар, туннель салу құнын барынша төмендету мәселесіне де ерекше көңіл бөлді. Мысалы, Нью-Йоркте ұзақтық қашықтығы бір мильмен өлшенетін толыққанды туннель салу үшін кем дегенде 1,5–2,5 млрд АҚШ доллары қажет екен. Ал өзге штаттарда не болмаса, мәселен, Австралияда осы тұрғыдағы қашықтыққа 600–900 млн АҚШ доллары, Еуропа не Таяу Шығыста – 250–500 млн доллар, Қытай, Үндістан және Оңтүстік Азияда – 100–200 млн доллар шамасында қаражат кетуі ықтимал.

Санжардың Warwick Boring атты жаңа командасы
Санжардың Warwick Boring атты жаңа командасы

- Not-А-Boring Competition турнирі басталғаны туралы ресми ақпарат 2020 жылдың 8 шілдесінде түн жамыла мәлім болды, бұл күн менің туған күнім болатын, - деп әңгімелейді Forbes.kz сайтына берген сұхбатында Санжар Тайжан. – Сол арада мен бірден анаммен ақылдасып, байқауға қатысуға бел будым. Осылайша Warwick Boring атты жаңа команда жасақталды (Warwick Hyperloop командасынан бөлек). Жаңа команда құрамында 27 адам болса, олардың басым көпшілігі инженерлер-тін. Біз жаңа жобамыз бойынша екі баяндама әзірлеп (оның біреуі 30 бет, екіншісі 120 беттей), іріктеудің екі кезеңінен сүрінбей өттік. Құжаттамада біз өзіміз ұсынған технологияны негіздей отырып, оның артық тұстары мен оған қатысты шешімдерді толыққанды түсіндіріп бердік. Сөйтіп, 2021 жылдың 17 ақпанында біз финалға шыққанымыз туралы ақпарат алдық та, бұрғы машинасының прототипін жасауға кірістік. Біз үшін бұл шын мәнінде елеулі мәртебе еді, қалай дегенмен 400 команданың ішінен іріктелген 12 жүйріктің тізіміне ене алдық!

12 жүйріктің қатарындағы Warwick Boring дереу іске кірісіп, өз жобасын әрі қарай шыңдауға кірісті. Бұрғы машинасын қыркүйек айынан қалдырмай жасап шығаруы керек және де ол байқау талаптарына сай толыққанды жұмыс істеуі тиіс. Санжардың командасына тәулік бойы жұмыс істеуге тура келді, ал бұл тұрғыда өзіндік қиындықтар да жоқ емес-тін. Команда құрамында оқуын аяқтап үлгермеген студенттер де, тұрақты жұмысқа орналасқан мамандар да бар-тын. Олардың бәрі бірдей күні-түні жұмыс істей ала ма?

- Турнир басталған тұста, яғни, ең басында, осы индустриядағы беделді кісілердің бірқатары бізге электронды хат жолдап, мұндай қысқа мерзім ішінде осындай жобаны аяғына дейін жеткізу мүмкін емес деп хабарласа бастады. Бірақ мен де өз дегенімнен қайтпадым: қолымыздан келеді, аяғына жеткіземіз деуден танбадым. Қазір енді, уақыт өте, мен сол кісілердің бойындағы скептицизмге дес бермегеніме тәубе деймін, - деп күледі Санжар.

Қиындықтарды еңсеруде әр екі апта сайын келіп, қолдау көрсеткен The Boring Company және SpaceX мамандары тірек болды деп отыр жас инженер.

- Біз олармен ұдайы кеңесіп, техникалық мәселелерді талқыға салдық, жалпы, олар біздің ұсыныстарымызды жақсы түсініп, қолдап отырды. Шындап келгенде, олар біздің кураторларымыз, кеңесшілеріміз іспетті болды. Және де бұл тұрғыдағы жұмыстар әлі де өз жалғасын табуда, біз олармен әлі де байланыстамыз, - деп әңгімелейді Санжар Тайжан.

Бұрғы машинасының сынағы: Ұлыбритания полигонында
Бұрғы машинасының сынағы: Ұлыбритания полигонында

Бұрғы машинасын жасау барысында, әрине, қаржы мәселесі де өте маңызды. Байқауға сай, өз жобасын жүзеге асыру үшін әр команда қажет қаражатты өзі іздеп табуы тиіс. Ал бұл кешегі және бүгінгі студенттер үшін оңай шаруа емес...

- Біз үшін бұл шынында да ауыр сынақ еді, өйткені 2021 жылдың наурызында қалтамызда «көк тиын доллар» болған жоқ - дейді Санжар. – Ал демеуші тарту үшін ірі корпорациялардың басшылығына шығатындай жолдарды білу керек, танымал компанияларда таныстарың болу керек, әрине, егер олар біздің ұсыныстарымызды қолдай қойса. Ондай таныстық бізде қайдан болсын. Әйтсе де бізге ең алдымен көмек қолын созған өзіміздің университет, яғни University Of Warwick болды. Артынша біз кей компаниялардың бұрынғы басшыларына хабарластық: олар зейнетке шығып кетсе де, біразы консалтингпен айналысады. Солардың көмегімен, біртіндеп ірі компанияларға шыға бастадық. Мысалы, Bechtel Corporation – АҚШ-тағы ірі құрылыс компаниясының бірі. Олар бізге қаржылай көмек көрсетумен қатар, ірі медиа өкілдерінде біз жайында хабарлап, ақпарат бере бастады. Сол сияқты, инжиниринг саласындағы ірі компаниялардың бірі BAM Nuttall да қолдау көрсетті. Негізі, бұл компания туннель салумен айналысады, мысалға, Лондон метросындағы желілердің біразы осы компанияның арқасында қолданысқа берілген. Тағы бір қолдаушымыз – минералды ресурстарды өндірудегі әлемдік көшбасшының бірі – қазақстандық ERG компаниясы.

Бар болғаны 5 айдың ішінде бізге 80 сағаттан асатын ұзақ-сонар келіссөздер жүргізіп, тұсаукесерлер өткізуге тура келді. Сол кездесулер нәтижесінде компаниялардың бір бөлігі бізге қаржылай болмаса да, өзге де қолдау көрсетіп, көмек қолын созудан бас тартқан жоқ. Біздің жобаны қаржыландыру барысы ерікті негізде жүргізілгенін айта кеткім келеді, яғни бұл венчурлық инвестиция түріндегі қаражат емес. Біз бұған дейін қолданыста болмаған, инновациялық бірегей технологияны әзірлеуді қолға алдық, сондықтан да олар бізге қаржылық қолдау көрсетуге ниетті болды, біздің жобаға тәнті болды. Сөйтіп, шілденің соңын ала біз 15 демеушінің көмегімен 250 мың доллар жинай алдық, - деп әңгімелейді Санжар.

Бірегей жобаның түйінді мәселесінің бірі логистикаға келіп тірелсе керек. Санжардың айтуынша, қажет бөлшектер мен сауыт-сайман жеткізу барысы ұзаққа созылып кеткен кездер де болған. Бұл, әрине, бұрғы машинасының прототипін сынақтан өткізіп, тестілеу, бағалау шараларына кедергі келтірері анық.

- Уақыт тапшылығы үнемі сыр беріп жатты: құрал-сайман жеткізушілермен үнемі байланыста болып, жұмыстың тоқтап қалмауын жіті қадағалап отырдық. Соның өзінде қажет бөлшектер мен тетік-құралдарға тек 13 шілдеде ғана қол жеткіздік. Дереу іске кірісіп, бір айдың ішінде машинамызды жасап шығардық та, 12–13 тамыз аралығында Англиядағы арнайы полигонда алғашқы сынаққа кірістік. 20 тамызда біздің прототип толығымен дайын болды, бірақ біз оған әлсін-әлсін түзетулер енгізіп, толықтырып, өзгертіп отырдық, - дейді Санжар.

Дайын құралды Ұлыбританиядан Құрама Штаттарға жеткізу де оңай емес, оның сыртында пандемия тауқыметі тағы бар. Санжардың айтуынша, Еуропадан Америкаға жету үшін Еуроодақ құрамында жоқ елдерде екі аптадай карантинде отыру керек.

- Сол себепті де біз екі аптадай Румынияда қалып қойдық, ал бұл – қосымша шығын, – деп түсіндіреді ол. – Әрине, біз АҚШ-қа тікелей ұшқымыз келді, осы мақсатта британдық шенеуніктерге де, The Boring Comany компаниясына да хат жазумен болдық, бірақ бәрібір реті келмеді...

Айта кетейік, The Boring Competition турнирінің финалы биылғы жылдың  6–12 қыркүйегі аралығында Лас-Вегаста өткен болатын. Ақтық мәреге шыққан 12 команда үшін арнайы әзірленген аймақта үміткерлер өзара бақ сынасты. Бірақ 12 жүйріктің 4-і соңғы кезеңге бәрібір жете алған жоқ: біреулері ақша таппай қиналса, екіншілері өз жобасын аяғына дейін сомдап үлгере алмаған.

Байқаудың соңғы кезеңі: Warwick Boring командасы Лас-Вегаста
Байқаудың соңғы кезеңі: Warwick Boring командасы Лас-Вегаста

- Үміткерлер өз жобаларын бөлшектеп әкелгендіктен, алғашқы 5 күнде командалар прототип машиналарын жинап, іске қосуға дайындаумен болды. Ал 12 қыркүйекте біз туннель бұрғылауға кірісу керек едік, бірақ ұйымдастырушылар техникалық қауіпсіздік талаптарынан бірінші болып өткен неміс компаниясына ғана бұрғы салуға рұқсат берді. Олардың бюджеті бізбен салыстырғанда 3-4 есе ауқымды әрі команда құрамында бір жыл бойы тұрақты жұмыс істеген 60 шақты адам бар. Әйтсе де, сәл кешірек болса да, қауіпсіздік нормативтерінен біз және тағы екі команда сүрінбей өте алдық, ал өзге командалар осы тұста байқаудан шығып қалды. Нәтижесінде біздің Warwick Boring командасы тиісті талаптарды еңсере алған топ-4 тізіміне енді, - дейді Санжар.

Түптің түбінде алматылық Санжар Тайжанның командасы – диаметрі 0,5 метр болатын 30 метрлік туннель қазуды бар болғаны 3,5–4 сағатта жүзеге асыра алатын бұрғы машинасы мен су жаңа технологияны әзірлей алды: машинаның жылдамдығы минутына 150 мм құрайды.

- Біздің прототиптің көлемін ұлғайтуға әбден болады, олай болса, туннель диаметрін де арттыруға болады деген сөз. Біздің жоба экономикалық тұрғыда, сөзсіз, тиімді және де ол тек бұрғы машинасына ғана қатысты емес. Біздің есептеулеріміз көрсеткендей, бір миль үшін 100 млн доллардан 1 млрд долларға дейін қаражат талап ететін дәстүрлі машиналармен салыстырғанда, біз ұсынған ұлғайтылған жүйе 10 есе арзанға түседі. Оның сыртында жылдамдық артықшылығы тағы бар. Туннель салуда – бір мильді 8–12 апта қазатын стандартты машиналармен салыстырғанда, ұлғайтылған машиналар 80% жылдам болмақ, - дейді жас өнертапқыш, инженер Санжар Тайжан.

Ол, сондай-ақ өздері ұсынған диаметрі 0,5 метр туннель қазуды көздейтін прототип машинаның өзі, мысалға, электр сымдары не талшықты-оптикалық байланыс, су, газ құбырлары сынды өзге де коммуникацияылқ желілер үшін пайдалы да тиімді тетік деп отыр.

- Біз құпиялылық жөніндегі тиісті келісімге қой қойғандықтан да, мен қазір бұл жобаның қыр-сырын барынша ашық айтып, көрсете алмаймын. Дегенмен, өздеріңіз де түсінгендей, осы сынды, бірақ ернеуі кең дейтіндей туннельдер, мысалы, жүк тасуда таптырмас мүмкіндік, айталық, Amazon үшін. Немесе электромобильмен туннель арқылы өту үшін де ыңғайлы болады, - дейді ол.

Санжар Тайжан Лас-Вегаста өткен тұсаукесер шарасында
Санжар Тайжан Лас-Вегаста өткен тұсаукесер шарасында

Айтқандай, Санжар бізбен алдағы жоспарлары туралы да ой бөлісті. Бүгінде оны батыстың бірқатар ірі компаниялары жұмысқа шақырып, жас маманды қызықтырар ұсыныстар айтуда. Оның ішінде қала ішінде ғана емес, қала арасында, тіпті елдер арасында ұшу мүмкіндігі бар такси-дрон әзірлеу сынды бірегей жобалар да жоқ емес.

Тағы бір ұсыныс – электротехника және автомобиль өндірісі үшін мейлінше технологиялық және инновациялық батареялар әзірлеумен айналысатын компания тарапынан келіп түскен.

- 2020 жылдан, яғни университетті аяқтағаннан бері электрокарр шығару индустриясына қызығушылық танытып келемін. Осы тұрғыдағы жұмыстарымды әрі қарай жалғастыра берсем деген ой бар. Қазір осы салаға қатысты идеяларымды жүзеге асыру мақсатында инвесторлар іздестіре бастадым. Дәл қазір бұл идеяларды Қазақстанда не шет елдерде жүзеге асырамын деп, дөп басып айта алмаймын. Әзірше нақты бір шешімге келе қоймадым. Әріптестерімнің басым көпшілігі Еуропада орныққан, оны да есепке алсам деймін. Әйтсе де, ерте ме, кеш пе ойымдағы идеялар мен жобаларды Қазақстанда да қолға алып, жүзеге асыруды ескерерім анық. Бұл да бір менің ұзаққа негізделген жоспарымның бірі, - деп қорытындылайды әңгімесін жас инженер, өнертапқыш Санжар Тайжан.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить