Самал Еслямова: Канн фестивалінен кейін табысым айтарлықтай өсті

14806

Қазақстандық актрисаның алдағы жоспары қандай, 2019 жылы қандай киноларға түседі?

Самал Ислямова
Фото: архив Самал Еслямовой
Самал Еслямова

Бұл жайында 2018 жылы  71-ші Канн фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі үшін» атағына лайық болған Самал Еслямова Forbes.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында айтып береді.

F: Самал, сіз жақында президент қолынан марапат алдыңыз, бұл қандай төсбелгі, сіз осы сәтте қандай әсерде болдыңыз?

-Әрине, бұл мен үшін үлкен мәртебе  болды. Себебі , Президент қолынан осындай дәрежелі марапат алу бұл тарихи жағдай. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ алу бұл үлкен қуаныш, бақыт.  Мен Мемлекет басшысымен кездесуді кішкентай кезімнен бастап армандаған болатынмын. Бірақ, Елбасымен жүздесемін деп ешқашан ойламадым. Оның үстіне көп уақыт бойы Қазақстанда емес, Мәскеуде жұмыс істедім. Ал елімізде еңбегімнің бағаланғаны мен үшін күтпеген сый, күтпеген оқиға,  күтпеген құрмет болды. Армандар орындалады.

F: Президент сізге не айтты?

-Президент маған ең алдымен сәттілік тіледі. Мен өз кезегімде арманымның орындалғанын жеткіздім. Сізбен жүздесу бала кездегі арман болғанын айттым. Ал Елбасы болса өзінің тілегін білдірді,  табыс тіледі. Сондықтан,  мен үшін бұл айтулы оқиға болды.

F: Қазір Мәскеуде жұмыс істеп жатқаныңызды білеміз. Қандай жобадасыз? Кімдермен жұмыс істеудесіз?

 -2018 жылдың желтоқсан айында бір картинаның  түсіру  жұмыстары басталуы керек болатын.  Бірақ оны 2019 жылдың ақпанына қарай шегерді. Сондықтан, алдағы жыл өте тығыз болатын сияқты, келер жылы көп жұмыс күтіп тұр.  Екі жоба бар, бірі ресейлік, екіншісі шетелдік.  Алғашқысы режиссер Сергей Бодровтың туындысы, «Калашников» деп аталады, онда маған рөл ұсынып жатыр. Ал екіншісі туралы әзірге жария ете  алмаймын, себебі атауы әзірге шартты, жоба  жаңадан қолға алынуда.

F: Әйгілі Канн фестивалі сіздің өміріңізді қаншалықты өзгертті? Шығармашылықта не өзгерді?

-  Әрине, өзгеріс көп. Мені тіпті фестивальден қайтарда, кедендік тексеруден өтіп жатқан кезде көпшілік танып, құттықтап жатты. Енді осы шарадан кейін көп ұсыныстар түсетін болды, бірақ менде бұған дейін жоспарланып қойған, келісіп қойған жобалар болды,сондықтан оларға уәдемді беріп қойғандықтан келісімімді бере алмадым.  Бір туындының бірін  өткен  күзде түсіріп біттік. Сонымен қатар, жарманаға түсуге шақырған кездер болды, бірақ, оның бәріне уақыт керек, оның үстіне ағымдағы жұмыстарды тастап кетуге тағы болмайды.

F: Сіз бір сәтте күллі әлемге танымал болдыңыз? Бәрі қалай басталды? Шығармашылық жолындағы алғашқы таңдау қалай жасалды?  Алға қойған биік мақсат болды ма?

-Әрине, осындай танымал боламын деп мүлде ойлаған жоқпын. Мен  негізі журналист болуды армандаған едім, бірақ кейін Петропавлдағы өнер колледжіне түстім.  Осыдан кейін жоғарғы оқу орнында оқу керек болды. Алғашында Алматыға барамын деген ой болды, кейін бұл жоспарымды өзгертіп, Мәскеуге барып, бағымды сынап көргім келді. Сәтін салғанда жолым болды, ақыры Ресейдің театр өнері институтына түсіп (ГИТИС), сонда білім алуға кірістім. Білім ордасының қабырғасында бірнеше спектакльде ойнадым, негізі онда үшінші курстан бастап сахналық қойылымдарға қатысасың, түрлі тапсырмалар береді, кейін театр өкілдері арнайы келіп қарайды және ұнаған актерларға өз сахналарын ұсынады. Мен осылайша оқу орнын тәмамдағаннан кейін өзге театрларда екі спектакльге  қатыстым, бірі «Моссовет» атындағы мемлекеттік академиялық театр, екіншісі «Союз театральных деятелей РФ». Мен оқуды бітірген кезде режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміне дайындық басталып кеткен болатын, сондықтан толығымен осы жобаға кеттім. Себебі, басқа шығармашылықпен қатар айналысу мүмкін болмады және уақыт жетпеді. Сондықтан мен бәрін тастап «Айка» картинасына толығымен кеттім. Білесіздер, бұған дейін мен фильм режиссеры түсірген  «Тюльпан» туындысына түскен болатынмын, араға жылдар салып онымен қайта жұмыс істеу бұйырды.        

F: «Айка» қанша елде көретілді? Қандай марапаттарды иеленді? Шетелдің көрермендері фильмді, сізді қалай қабылдауда?

-Әрине,  өте жақсы қабылдап жатыр. Мәселен фильм Жапонияда, Германияда, Финляндияда, Польшада гран-при алды, Түркияда маған «Ең үздік әйел рөлі үшін» атағын берді,  режиссерға  «Ең үздік режиссура» деген атақ тағы берілді. Көрермендер ерекше әсер алуда, себебі  бұл психологиялық драма, оны түсірудің өзі оңайға соқпағанын айта кету керек. Мен әлі ана атанбағандықтан маған бұл образды  ойнау қиын болды. Сценарий бойынша Мәскеуде жұмыс істейтін мигрант қыз, яғни, кейіпкер баласын босанғаннан кейін бірден жұмысқа асығады, осы сәтті түсіру оңайға соқпады, менің балам болмаса да анам бар. Сондықтан мен анамды ойлап,  бір кездері Мәскеуге кеткен кездегі қимтастықты, анаға деген сағынышты,  сол кездегі сезімді, алғаш келген кездегі қиын кездерді көз алдыма елестеп, әлгі образды алып шықтым. Яғни, режиссер мені осы картинаға шақырған кезде ана мен бала арасындағы байланысты түсіргім келеді деген болатын және бұл тақырыпты ашу өте қиын болатынын бірден ескертті. Әрине, ананың орны бөлек, сондықтан маған бұл туынды өте қызықты болды, бірақ түсіру жұмыстары 6 жылға созылады деп ойламадым. Дегенмен, ең бастысы біз үшін сапа болды, оның үстіне өзім де тиянақты, жоғары сапалы дүние жасағанды жақсы көремін және бірден бірнеше жобаға емес, бір туындыны соңына дейін жеткізгенді қалаймын.

F: Әлі ана атанған жоқпын дедіңіз. Жеке өміріңіз туралы білуге бола ма? Отбасы құру жоспарда бар ма?

-Әрине, отбасы керек,бала керек. Бұл сауалды маған көбі қояды. Осылай өнердің артынан жүре бересің бе,  қашан отбасы болады деген сияқты. Әрине, бұл да оңай емес. Көзді жұмып, үйлену керек деп шыға салуға тағы болмайды. Бүгін шығып, ертең айырылысу тағы дұрыс емес. Сондықтан, бұйырғаны болады, әрине, ұсыныстар болып тұрады, бірақ әлі нақты шешім қабылдаған жоқпын. 

F: Канн  фестивалі сізді қаншалықты табысты етті. Бүгінгі гонорарыңыз қалай белгіленеді? Каншалықты өзгерді?

-Әрине, бұрын мен «Айка» фильміне түскен кезде мен үшін бірінші орында ақша болған жоқ, онда өз қалауым бойынша түстім. Себебі,  мен  үшін ең алдымен табыс емес, өнер бірінші кезекте тұрды.  Ақша бүгін бар, ертең жоқ,  ал өнер қалады, жақсы дүние жасау арқылы ертең тарих беттеріне енесің. Бірақ, дегенмен, Каннан кейін  табысым, гонорарым айтарлықтай өсті, алайда анау атқандай көп деуге болмайды. Мәскеудегі достарым, әріптестерімнің табысынан еш кем емес деуге болады.  Жаман емес,төмен де емес. Мысалыға енді бастап жатқан режиссерлар бар, бірақ олардың қаржысы аз, бірақ идеясы жақсы, жүректен шыққан дүние, ондай кезде идея үшін келісім беруің мүмкін.     

F: Алдағы шығармашылығыңыз негізінен Мәскеумен байланысты бола ма, әлде қазақстандық киногерлермен де жұмыс істейсіз бе? 

-Әрине, мен ең алдымен Қазақстанның азаматымын, осында дүниеге келдім, осында өстім. Сондықтан, Қазақстанмен байланысты  үзбеймін, мені туған елімнен ешкім айыра алмайды. Отандық киноларға түскім келеді, отандық өнерді дамытуға атсалысқым келеді, оның үстіне қазақстандық киноиндустрия уақыт өткен сайын даму үстінде, халықаралық фестивальдерде жоғарғы нәтижеге қол жеткізіп келеді. Мәселен, былтыр  еліміздің киносына үлес қосайын деген ниетпен «Батырлар жолымен» деген сериалға түстім, туынды Қарасай батыр туралы болды. Қазірде ұсыныстар бар, бірақ олардың белгілеген уақыты біздің түсіру мерзімінен  сай келмей жатыр. Сондықтан мен Ресей мен Мәскеу арасында қатар  жұмыс істейтін боламын.

F: Алдағы жоспар қандай?

-Жаңа жылға дейін демаламын, жақсылап тынығамын. Осыдан кейін «Айка» картинасының прокаты басталады. Соның тұсаукесерлеріне, баспасөз-мәслихаттарына қатысу керек.  Лента әлемнің бірқатар елдерінде прокатқа шығуды бастады.  Қазіргі күні Польшада болып жатыр, Францияда енді басталады, Қазақстан мен Ресей қатар  көрсетеді, Жапонияда жуырда басталуы тиіс.  Алда көптеген сапарлар, үлкен жұмыс күтіп тұр.   

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить