Оспан Әлі: Фото әлеміне деген қызығушылығым жылдар бойы жинаған тәжірибемді бір арнаға тоғыстырды

15451

Қаржыгер мамандығын меңгерген жігіт қалайша фото өнеріне бет бұрды

Оспан Али
Оспан Али

Оспан Әлі - Қазақстан мен шет мемлекеттердегі бірқатар көрмелерге қатысқан кәсіпқой фотограф. Фотосурет индустриясында өзіндік қолтаңбсымен белгілі болып үлгерген оның еңбектері республикадан бөлек, Италияның Миланы мен Франциядағы Лувр мұражайында жұрт назарына ұсынылған еді. Әсіресе, 2019 жылдың басында көпшілікті дүр сілкіндірген, қатыгез броконьерлердің қолынан қаза тапқан Ерлан Нұрғаливетің бейнесі күллі қазақ елін тебіренткен еді. Даланың еркесіне айналған киелі киіктерді   қорғаймын деп, жанын пида еткен қорықшыны  көзі тірісінде әңгімеге тартып, айрықша сәтті суретке түсіре білген Оспан Әлі болатын. Оның бұдан өзге де керемет туындылары сан түрлі көрмелерде көпшілікті тамсандырумен келеді. Forbеs.kz  тілшісі атақты суреттің авторымен тілдесті, оның шығармашылығымен танысты және алдағы жоспары туралы  білді.

Фото: Оспан Али

- Оспан, сіз  сан түрлі салада қызмет еткен екенсіз. Қайда, қандай мекемелерде  жұмыс істедіңіз? Ал фотография саласы  несімен баурап алды?

- Әр түлек өмірлік бағытын тапқанға дейін, өзін әр салада сынап көруі тиіс. Мен мектеп бітіргеннен кейін, белгілі бір өмірлік бағытымды көре алмағандықтан, ата-анамның берген кеңесімен келістім. Сол себепті,  Қазақ Ұлттық Уинверситетінің «Қаржы» мамандығына түсіп, қазақ білімінің қара шаңырағында ізденіп жүріп, жастар саясатына араластым, белсенді студенттердің бірі болдым, сол белсенділігімнің арқасында көптеген марапаттарға ие болып, шетелдік бағдарламалармен өзге елдерді араладым. Бакалавриатты бітіре салып, «Маркетинг» мамандығы бойынша мемлекеттік гранттың иегері атандым. Продюсерлік орталықта, телеарнада, көптеген қоғамдық бірлестіктерде қызмет еттім. Бірақ, осы белсенділігімді оятқан, өмірдегі көзқарасыма айтулы өзгеріс алып келген бір жағдай болды. Бұл 2006 жылы жай ғана өз қаржыммен барған «Work  and  travel» бағдарламасы еді. Бұған   санамды сілкінткен, елге деген көзқарасымды өзгерткен атышулы «Борат» фильмінің тұсаукесері себеп болды. Бұл кезде мен небары 19 жаста болатынмын. Сол кезде америкалық достарыма Қазақстанның кереметін  жан-жақты көрсеткім келді, бірақ оған фотоконтенттің жетіспейтінін  байқадым. Оның үстіне өзіммен алып келген дүниелерім болмағандықтан, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, фотоға деген қызығушылығым екі есе арта түсті. Уақыт өте келе бұл қызығушылығым барлық білімім мен  меңгерген мамандықтарымды ысырып, ақыры кәсібіме  айналды.

Фото: Оспан Али

- Алғашқы көрмеңіз қайда өтті? Жалпы бұдан кейін қандай көрмелерге қатыстыңыз? Ал, Парижде өткен жеке  жайлы не айтасыз?

- Негізі алғаш 2011 жылы жұмыс бабымен Астанаға көшкенімде, қаланы біраз уақыт бойы жатырқадым. Себебі, Алматыдан кейін бұл жерге үйрену оңай болған жоқ. Сол сәттерде фотоға деген қызығушылығым маңызын жоғарылатты. Жұмыстан тыс Instagram желісінде жасаған дүниелеріммен бөлісіп отыратынмын. Сол уақытта парақшамда кадрға қатысты эмоциясымен бөлісетін пікір білдірушілер көбейе бастады. Позитивті хаттар ала бастадым, ұсыныстар түсе бастады. Сөйтіп көптеген достарым байқауқауларға сілтеме жіберіп отырды. Соларға қатысып, жүлделі орын алып, Миландағы ЭКСПО-2015 көрмесіне қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Кейін Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған байқауда менің фотосуреттерім 500 фотографтың арасынан үздік атанып, топ жарған 26 фотографтың туындылары Париждегі «Карусель дю Лувр» сауда орталығында таныстырылды. Сосын тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, жеке фотокөрме ұйымдастыруға ұсыныс алып, «Тәуелсіздікке 25 тарту» атты жеке фотокөрмемді өткіздім. Кейін «Мен қазақ даласының қызымын» атты фотокөрме болды. Ал 2018 жылы Францияның Лувр музейінің атақты Париж алаңында «Қазақстан ырғағы» атты тағы бір жеке көрмем өтті. Күні кеше ғана, 2019 жылдың 23 мамырында «Құланшы» галереясы ұйымдастырған байқауда менің жұмыстарым топтық фотокөрмеге қатысуға және таныстыруға мүмкіндік алды.

Фото: Оспан Али

- Қазақстандағы, Парижегі көрмелер сіздің шығармашылығыңызға не берді?

- Кез келген фотограф өзінің жеке көрмесін өткізіп, қолынан туған барлық туындыларын ел назарына ұсынсам деп армандайды. Ондай арман мен мақсат менде де болды. Шүкір, 2018 жылы сол арманым орындалып, әсем Парижде өз көрмемді өткіздім. Көрмеге келген жергілікті халық менің фотосуреттерімді көріп, таңқалысып жатты. Талғампаз француз халқы еңбегімді осылай бағалап жатса, маған одан артық қандай бақыт керек? Бұл көрменің маған берері көп болды, себебі мен өз мүмкіндіктерімді бұрынғыдан да кеңейттім деп ойлаймын.

- Әрбір фотографтың өз қолтаңбасы болады. Жалпы сіздің бұл салада ұстанатын өз бағытыңыз бар ма?

- Қазақстандық фотографтар осы уақытқа дейін универсалды болып келді. Мен де фото саласында өзімді әр қырымнан сынап көрдім. Бірақ, жаныма жақын бағыт – портрет саласы болды. Мен өзімді «портретші»  деп білемін. Бірақ, қандай да бір қатып қалған ұстанымым жоқ. Еліміздің көркемдігін, сұлулығын таныту арқылы мен өзімді де дамыттым, танылдым. Сол сәттерде фото әлемінде жасалған дүниелер көп болды. Күніне миллиондаған кадрлар  жасалып жатыр. Жалпы мені өзгешелендірген қазақтың калоритін, ұлттық болмысты танытатын кадрлар болды. Солардың бірі – «Этноқазақ» кадры, «Әже» образы, «Табиғат әкесі» және тағы басқалары. Күні кеше ғана ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің желідегі парақшасына мен жасаған кадрды жүктеді. Мен үшін ол үлкен мәртебе, президент осы арқылы фотографқа деген үлкен құрметін көрсетіп отыр. Бұл жұмыста менің көрсеткім келгені – Тоқаевтың өзге ұлттармен, өзге мемлекеттің тұлғаларымен қаншалықты тең деңгейде тілдесе алатыны жеткізу болды.

Фото: Оспан Али

Сіз үшін  бұл қаншалықты табыс көзі болып саналады? Сіздің  табыс қалай белгіленеді? Өнер мен бизнесті ұштастыруға бола ма?

- Табыс көзі болмаса да, жанымды салып істейтін сүйікті жұмысым деп айта аламын. Ал, табысың қалай белгіленеді деген сауалға келер болсам, әр жобаның өзінің уақыты мен жұмысына қарай есептеледі. Кейде жоғары баға қоямын, егер жоба қызықтырып жатса, кейде ортақ келісімге келіп жатамын.

Фото: Оспан Али

- Қоғамдық жұмыспен айналысқан екенсіз. Қандай  бағытта, қай салаларда еңбек еттіңіз?

- Қоғамдық жұмыспен студент күнімде, қазақ білімінің қара шаңырағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында оқып жүрген кезімде айналыстым. Сол кездері университет қабырғасында алғаш рет «ҚазҰУ аруы» байқауына жетекшілік еттім. Ұйымдастыру деңгейі сол уақытта «Қазақстан аруынан» кем түспеді. Ал құрылымы жағынан мен ҚазҰУ студенттерін тек сырт келбетімен емес, іріктеу барысында олардың ішкі жан-дүниесіне, өз  мамандығын қаншалықты біледі деген сияқты тұстарына көп мән бердік. Қазір мақтанып айта аламын, сол қатысушылардың бірі ибалы келін болып отыр, енді бірі Дина Тасболатова, Альмира Тұрсын сияқты еліміздің танымал актрисалары және тағы басқалары ардақты ана атанып отыр.  Университетті тәмамдағаннан кейін де жастар саласындағы қызметімді жалғастырып жүрдім. Бүкіл жастар ұйымдарымен тығыз жұмыс істедім. Фотобар жасадым, қазіргі таңда «Фотобар» клубының мүшесімін. Жастар Конгресінің ұсынысымен  «100 жаңа есім» байқауына ілініп, жеңімпаздар қатарына кірдім. Сондықтан, осындай бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да  жалғастыра беретін боламын. Құдай күш-қуат берсін.

Фото: Оспан Али

- Сұхбатымыздың басында Қазақ Ұлттық университетінің «қаржы» факультетін, магистратураны «маркетинг» бойынша бітірдім дедіңіз. Бұл біліміңіз өмірде қаншалықты қажет болды,  қазір бұл саламен қаншалықты байланыс бар?

- Маркетинг ілімі дәл қазіргі кезеңнің мамандығы деп ойлаймын. Еліміздің бірқатар телеарналарында жұмыс істеуімнің өзі - ҚазҰУ-да алған білімімнің жемісі деп білемін. Әрине, қаржыгер болмасам да, өнімді өтімді ету, қызмет орныңның қоғамдағы ролін жақсарту, оны жарнамалау сияқты мәселелерде дәл осы маркентинг білімі қажет деп санаймын.

Фото: Оспан Али

- Қазір қандай жобалармен айналысудасыз? Кімдермен жұмыс істеудесіз?

- Қазіргі таңда байқауларға қатысып, келесі фотокөрмелерге дайындық үстіндемін. Қазір «Мен қазақ даласының қызымын» атты көрмемнің екінші кезеңін ұйымдастырмақпын. Бұл жобаның өзгелешігі – қазақ даласында туылған өзге ұлт өкілдерінің қыздары қазақ даласының қызы екенін мақтан тұтатынын, ата-бабаларының тарихын білетін қазақстандық қыздарды өзгелерге үлгі ету болып табылады. Өйткені алдыңғы жылы көптеген өзге ұлттың қыздары, өздерінің бабаларының тарихын білмегені маған сәл қызық болып көрінді. Екінші кезеңнің өзгешелігі – өзге ұлттың қыздары қазақ даласының элементтері мен портреттік кадрлары болады. Оның басты мақсаты -  біздің  ата-бабаларымыз тек жерді ғана аманат етіп қалдырған жоқ, сонымен қатар ұлттар арасындағы достықты, таным мен болмысты, тұрмыс пен тіршілікті де мирас етіп қалдырғанын еліміздің азаматтарына көрсету болып табылады.

Фото: Оспан Али

 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить