Күлкі қымбат: Қазақстандағы әзіл мен сықақтың құны қанша

13067

Сықақшыларға сұраныс қалай, сатира қандай сипат алды, пародия жанры неге кенже қалып барады

Олжас Сыдықбек
Олжас Сыдықбек

Қазіргі күні Қазақстанда әзіл-сықақ театрларының, телевизия форматындағы юморлық шоу-бағдалармалардың қатары артқаны белгілі. Алайда көрермендердің көңілі қаншалықты көтеріңкі, күлдіріп жатқандар кімдер, әзіл индустриясының беталысы қандай? Forbes.kz белгілі пародист, жүргізуші Олжас Сыдықбекпен тілдесті, сатира саясаты туралы сұхбаттасты.

F: Мамандығың журналист екенін білеміз. Ал әзіл әлеміне қалай қадам бастың? Алғашқы пародия кімге, қайда жасалды?

-Ең бірінші пародияны Қазақ Ұлттық университетінде, журналистика факультетінде оқып жүрген кезде бастадым. Сол кезде студенттер арасында дәстүрлі байқау болатын, соған қатысып Бекболат Тілеуханға, Жүрсін Ерманға, Бауыржан Жақыпқа пародия жасадым. Студенттер,ұстаздар жақсы қабылдады, содан бұл өнер қажет екенін, керек екенін сезіндім және бертінде оны дамытуды қолға алдым. Бәрі осылай басталды. Араға уақыт салып «Терісқақпай» театрына жол ашылды, сонда өнер көрсете бастадым. Телевизиялық шоуларға қатыса бастадым, гастрольдер басталды,пародия арқылы кеңінен танылдым десем болады. Одан кейін Тұрсынбек Қабатовтың театрына шығып, біраз өнер көрсеттім.

F: Әкімдерге, танымал тұлғаларға пародия жасағаныңды білеміз. Олар қалай қабылдады?

-Елімізге белгілі азаматтар ішінде ең алдымен Иманғали Тасмағамбетовке жасаған болатынмын. Ол кезде ағамыз Алматы қаласының әкімі болатын. Ол кісі танымал, ал оған жасаған пародия сәтті шықты, көрермен үшін өте қызық болды. Әбсаттар қажы Дербісәліге жасадым, одан кейін Ахметжан Есімовті салып көрдім. Жүрсін Ерман бар. Олардың өздері көрді, жақсы қабылдады.

F: Яғни,қарсы болған жоқ, қолдады ғой...

-Иә, бірде Бекболат Тілеухан дауысымды салдың, мықты болсаң әнімді салып көрші деді. Әнін де айтып бердім, сәтті болды. Ешкім ренжіген жоқ, бәрімен жүздестім. Әбсаттар қажыға жасаған кезде сынағандар болды, дінбасымен әзілдеген орынсыз дегендер, бірақ кейін экс-бас мүфтидің өзі маған жолығып пародия маған өте ұнайды,бұл әдебиетте бар жанр, жасай бер деп күлген болатын. Иманғали Тасмағамбетов болса бұл өнерді қолдап, рахметін айтты, керісінше мені жүрген жеріңде танытып жүрсін, жасай бер, бірақ тапқан табысыңды менімен бөлісуді ұмытпа деп әзілдегені бар. Соған қарағанда 100% сай келді деп ойлаймын. Бізде пародия кенже қалғандықтан болса керек, бұл қойылымдарға деген сұраныс жоғары болды.

F: Неге кенже қалған? Пародия неліктен көп жасалмайды?

-Пародия қиын жанр. Екінің бірінің қолынан келе берметінін айта кету керек, тіпті көптеген актерлардың өздері бұл өнерді қолға ала бермейді. Мәселен, актерлық өнердің алғашқы сатысы этюдтан басталса, оның ең биік шыңы пародиямен бітеді екен. Өзге адамға айналу шынында қиын, оның мінезін, болмысын бейнелеп жеткізу, сөз саптауын келтіру, бір сөзбен айтқанда сол тұлғаға айнала білу керек. Бұл көп еңбекті қажет етеді.

F:  Кезекті кейіпкерлерің кім болады, дайындап жатқан образдар бар ма?

-Пародия негізінен танымалдылығы жоғары, жұрт алдына көп шығатын, белсенді адамдарға жасалады. Әрине, елімізде танымалдар бар. Бірақ, болмысы ерекше,табиғаты бөлек адамдар аз. Ең алдымен кейіпкердің тұлғасы қызық болуы тиіс, ел оны білуі керек, жалпы жұртқа белгілі болмаса көрермен қыбылдай бермейді. Ал ондайлардың қатары санаулы, белгілі ортада танымал болғанымен, оларды барша біле бермейді. Сонықтан, бәріне жаппай пародия жасай беруге тағы болмайды.

F: Әзіл мен сықақ қаншалықты табысты? Сенің табысың қалай белгіленеді?

- Иә, бұл сала табысты деуге болады, себебі сұраныс бар. Баға сол сұранысқа байланысты белгіленеді. Өзара келісім арқылы жасалады. Мысалы, түрлі кештерді жүргіземіз, той,мерейтойларға шақырады, менде бір салтанатты жүргізу $3 000 басталады, оны жасырмаймын. Қосымша беретін сыйлары болып тұрады. Қазақстандағы танымал әзілкештердің ішінде бір кешті $10 000, $15 000 дейін жүргізетіндер бар. Әркімнің өз бағасы бар. Оны нарық анықтайды. Телевизиялық хабарлардың келісімдері бөлек. Бұл әртістің деңгейіне, дәрежесіне байланысты болып жатады.

F: Деңгей демекші, қазір әзіл нарығындағы жағдай қандай? Күлкі қаншалықты қымбат?

-Әр нәрсенің бағасы бар. Әзілде де солай. Арзаны бар, қымбаты бар. «Күлдіре білу -өнер, күле білу-өмір, күлкі болу –өлім» деп жатады. Бірақ, қазіргі күні әзілге көңіл толмаушылық бар. Себеп көп. Өйткені бұл сала даму үстінде, оның үстіне күлкінің форматы ауысып жатыр. Қысқа мерзімді, қысқа әзілге сұраныс артты. Сахнада 20 минут ойналатын интермедияны тыңдап отырмайды. Қазіргі күні КВН ойыншыларына деген сұраныстың артқаны осыдан болса керек. Көрерменде таңдау бар. Телеарна, интернет арқылы қалағанын көре алады. Біз көрерменнің талғамынан кешігіп қалдық, өкінішке орай көрермен бізден озып кетті. Ұтымды әзілдер арқылы қоғамдағы құбылыстарды лезде жеткізіп, олардың талғамынан уақытында шығып отыру керек. Бірақ, барлығы ойлағандай бола бермейді. Бұл үшін жаппай ізеніс керек және үлгеру керек.

F: Авторлармен жұмыс жолға қойылған ба?

- Жақсы материал қай кезде болмасын жоғары бағаланады. Жазатындар бар. Соған сай қаламақысын алады. Бірақ, қазіргі әзілдерді сол саладағы сатириктер жазып жатыр деп ойламаймын. Кезінде Көпен Әмірбек, Марат Сақатов,Толымбек Әлімбеков сынды авторлардың шоғыры болды. Дәл қазіргі кезде әркім өзі жазатын болды. Актер, орындаушы өзі жазып, өзі ойнайтын болды. Кейінгі кездері КВН ойыншылары жазатын болды. Уақыттың талабы солай шығар. Қазіргі күні бүгінгі буынның көңілінен шығатын сықақшылар керек. Сабақтастық жоқ. Кешегі сатириктердің жолын жалғастырып жатқан авторлар жоқтың қасы деуге болады. Оларды атап бере алмаймын. Әрине, жазылатын, оқылатын әзілдер бар, олар баспасөздерде шығып жатыр,бірақ оларды ойнау арқылы жеткізе алмайсын. Ойнайтын әзілдер бар, олар ақырындап қалыптасып келе жатыр. Егер маған керемет әзіл жазатындар болса мен жоғары төлеуге дайынмын. Дегенмен, ұтымды әзілдер, халық риза болатын қойылымдар жоқ емес. Оны жоққа шығаруға болмайды.

F: Қазіргі әзіл қандай аудиторияға арналған? Интелектуалы юмордың деңгейі қандай?

-Әзіл қоғаммен дамиды. Қоғам қандай болса, әзіл солай болады. Оның үстіне әзілдің контингенті бар. Саяси, зиялы ортаға арналған, жалпы жұртқа арналған. Бір әзіл баршаға қызық бола бермейді. Мәселен, Ресей, Батыс елдері әзіл индустриясын қалыптастырып, оны үлкен бизнеске айналдырып алды. Гонорарлары өте жоғары. Әзілге негізделген шоу- бағдарламалар, комедия жанры жолға қойылған. Солай болуы керек. Қызық қойылымдарды жасау арқылы елді күлдіріп жатыр және керемет табыс табуда. Бізде бұл сала енді жолға қойылып келе жатыр.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить