Жаңа тыныс: Бейбіт Шуменов жуырда рингке қайта оралады

10031

Үлкен үзіліске не себеп, қарсылас әзір ме, менеджер меселесі не болды

Бейбіт Шуменов
Фото: facebook.com/BeibutShumenovFanPage
Бейбіт Шуменов

Бейбіт Шуменов 2018 жылдың қаңтар айының соңында рингке қайта оралатындығын мәлімдеген болатын. Кәсіби боксшы қандай қиындықтарға тап болды, дәрігерлер оған неге тиым салды, Америка қазақстандық спортшыларды қалай бағалайды. Forbes.kz шаршы алаңға шығуды асыға күтіп отырған былғары қолғап шеберімен тілдесті, алдағы жоспары жайында сұхбат алды.

Бейбіт Шуменов-жартылай ауыр (WBA super) және бірінші ауыр (WBA) салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы атанған жалғыз қазақстандық кәсіби боксшы. Ең аз жекпе-жектер санымен (жартылай ауыр салмақ дәрежесінде небәрі 10 кездесу өткізген) Әлем чемпионы атағына қол жеткізе отырып әлемдік бокс тарихына енген спортшы. Лас-Вегас қаласында дүниежүзілік промоутерлік лицензия алған АҚШ-тағы жалғыз шетелдік азамат. Сонымен қатар, KZ Event Productions, Inc промоутерлік компаниясының президенті болып табылады.

F: Бейбіт Шуменов шаршы алаңға қайта оралады деген жаңалық жұртты елең еткізді. Бұл шешім қашан және қалай қабылданды? Жаңа тынысқа не ықпал етті?

- Жалпы, әу-баста спорттық мансабымды аяқтағым келді. Маған жан күйзелісім, денсаулығыма қатысты кейбір проблемалар, менеджерім екеуіміздің арамыздағы түсінбестік әсер етті. Осының бәрі сол уақытта менің спорттық мансабымды аяқтасам деген шешім қабылдауыма түрткі болды. Шындығында маған біраз дем алып, үзіліс алу қажет болған еді. Ал енді кәсіби спортқа оралуға шешім қабылдауымның басты себебі менің бойымда күш-қуатым әлі таусылған жоқ және шаршы алаңға шығып, қолғап түйістірсем деген ниетім бар. Мен қайтадан әлем чемпионы атанып, әлемдік аренда елімнің намысын қорғағым келеді. Сондай-ақ, Қазақстанда кәсіби боксты дамытсам деген ойым бар.

F: Басты сауал. Бокс кеші қай кезге жоспарланған, қайда өтеді, қарсылас белгілі ме?

- Қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әзірге бұл келіссөздердің анық-қанығын жария ете алмаймыз. Дегенмен, істің мән-жайы толық анықталысымен, нәтижелерін міндетті түрде хабарлайтын боламыз.

F: Бұған дейін ақпарат құралдары Шуменов жарақатына байланысты кәсіпқой бокстағы мансабын аяқтады деп хабарлаған еді. Қазір денсаулығыңыз қалай?

- Иә, шындығында жарақатым болды. Бүгінде денсаулығым жақсы, тіпті жаттығуымды бастап та кеттім.

F: Көзіңізге екі рет ота жасатыпсыз. Оның еш қауіпі жоқ па? Дәрігерлер рұқсат берді ме?

- Көзіме өте ауыр ота жасалғаны рас. Бірақ қазір бәрі дұрыс. Сол көзім қатты зақымданып, 2008 жылдан бері онымен көрмей келгенмін. 2010 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алғаннан кейін, ота жасалып, сол көзімнің көру қабілеті қалпына келді. Яғни, мен екі жыл бойы бір көзіммен жұдырықтасып келдім десем болады. Әрине, дәрігерім менің спорттық мансабымды жалғастыруыма қарсылық білдірді. Себебі, жарақатым тым ауыр еді. Алайда, екінші көзіме ота жасалғаннан кейін ол менің осыншама уақыт бір көзбен-ақ спорттық мансабымды үзбей, жалғастырып келгеніме қатты таң қалды. Дәрігерім жұдырықтаса алатындығыма сенбесе керек. Қазіргі таңда денсаулығым жақсы, ешқандай қауіп-қатер төніп тұрған жоқ. Қажетті барлық тестерден өтіп, сараптамалар жасадым.

F: Менеджеріңізбен қиындықтар туындаған екен. Шаршы алаңға қайта шығуыңызға осы кедергі болғанын айттыңыз. Кіммен кездесуіңіз керек еді, арада не болды, себеп неде? Қазір кіммен жұмыс істейсіз?

- Оның өз жеке басының шаруалары артып жығылатын еді және маған қажетті кездесулер санын ұйымдастыра алмады. Сондықтан ұзақ іркілулер болды. Онымен келісімге отырғалы жылына бір ғана кездесу өткізіп жүрдім. Ал әлемнің ең үздік барлық боксшыларымен кездесіп үлгеру үшін маған кем дегенде жылына 3-4 жекпе-жек өткізу қажет еді. Үздіксіз жаттығып, үнемі күтумен болдым. Қазір мұндай менеджерім жоқ. Өзім тізгінін ұстаған KZ Event Productions деп аталатын промоутерлік компаниям бар.

F: Бокс мектебін ашуды жоспарлап отыр екенсіз. Қай қалада, онда кімдер жаттықтырады?

- Біз кәсіби боксты Қазақстанда дамытуды, отандық брендтің әлемдегі танымалдылығын арттыруды және біздің жігіттерге чемпион атанып, еліміздің даңқын шығаруға көмектесуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, жас боксшылардың дамып, оқу оқып, тәжірибе жинақтаулары үшін бокс мектебін ашу да жоспарда бар. Дәл қазір кім жаттықтыратындығын дөп басып айта алмаймын. Сондықтан мұның бәрі әзірге жоспар ғана. Алғашқы мектептің Астанада ашылғандығын қалаймын. Егер сұраныс болып жатса, өзге де қалаларда да іргетасын қалармыз. Бұл мектептерге балалар 7 жастан бастап алынатын болады.

F: Жуырда Қанат Исламды жаттықтырып жүргеніңізді көрдік. Бұл қазақ бокшысына деген қолдау ма, әлде оның командасымен қандай да байланысыңыз бар ма?

- Біз Қанат екеуіміз жақын достармыз. Мен оның жаттығуында болдым. Біраз тәжірибемізбен бөлістік. Оның кәсіби спорттық мансабында биік жетістіктерге жетуіне қашанда тілектеспін.

 

F: Геннадий Головкин мен Сауль Альварестың алдағы мамырда өтетін бәсекесіне болжамыңыз қандай?

- Жалпы, болжам жасау – қайырсыз іс деп жатады. Өзім де оны ұната бермеймін. Геннадийге бұл кездесуде сәттілік серік болуын тілеймін. Дегенмен бұл жекпе-жектің оңай болмайтындығын барлығы түсінеді деп ойлаймын. Кездесудің қалай өтетіндігін зор қызығушылықпен қарайтын боламын.

F: Америкада тұрдыңыз, бокс өнерінің қайнаған ортасында жүрсіз. АҚШ-та не маңызды, кәсіби шеберлік, ақша, әлде мықты менеджмент пе? Кезінде қандай қиындықтарға тап болдыңыз, оны еңсеру үшін не керек? Алдағы жоспарыңыз қандай?

- Мен Америкаға келгенімде қарапайым қазақтың баласы едім.Тіл білмейтінмін. Бірақ олар өз арман-мұратымды іске асырып, спорттық мансабымды құруға, сөйтіп жетістікке жетуіме мүмкіндік берді. Әрине, мен бұған шексіз ризамын. Ол жерде де өзге елдегідей аянбай еңбектене білу маңызды. Сонымен қатар, кәсіби дайындығың, менеджмент және ең басты өз мақсатыңа деген ұмтылысың мен әрекетің де маңызды деп ойлаймын. Болашақта жерлестерім, қазақ жігіттеріне өз арман-тілектерін жүзеге асырып, еліміздің намысын лайықты дәрежеде қорғай білулері үшін Америка есігін ашуды жоспарлап отырмын!

F: Қазақ боксшыларының мұхиттың арғы жағындағы бет алысы қалай? Америка отандық былғары қолғап шеберлерін қалай бағалайды?

- Бүгінгі таңда біздің елімізді, Қазақстанды білмейтін адамдар кемде-кем. Барлығының айтатыны тек мақтау-мадақтау сөздер. Елімізде 6 бірдей шоу өткізгенімде Америка азаматтары да келді және олар өте тәнті болды. Әрине, біздің елімізді дамыған, гүлденген, халқы сауатты әрі қонақжай деп ойламаса керек. Араларында Қазақстанда қалып, өмір сүргілері келетіндер де табылды. Сондай сүйсінген еді. Боксқа қатысты айтар болсам, қазақстандық бокс мектебінің атағы дүниежүзіне танылған. Бізді қатты сыйлайды. Меніңше, болашақта кәсіби бокс алаңында өнер көрсететін қазақстандық қырандарымыз көбейе түспек және олар елімізді танымалдылығы мен беделін бүгіннен бетер арттырып, әлемдік аренада көк туымызды асқан мақтанышпен асқақта желбірететін болады. 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить