I am a singer Димашты, Димаш I am a singer жобасын әйгілі етті

Жаһанға жол ашқан жұлдызды сәт, белеске толы бір жыл, даңқ жолындағы достық миссия

Димаш Құдайберген, Алпамыс Шаримов
Димаш Құдайберген, Алпамыс Шаримов

Дәл осыдан бір жыл бұрын, 2017 жылдың қаңтарында жерлесіміз Димаш Құдайбергенов Қытайдағы I am a singer әншілер байқауында жарқ етіп жанып, өзінің ғажайып дауысымен алғашқы турдың өзінде-ақ төрткүл дүниеге танылып үлгерген еді.   Бәрі қалай басталды, бір жылда не өзгерді, әлем мойындаған әнші қазір қандай продюсерлік орталықпен жұмыс істеуде, «Қара алтын» компаниясы туралы не білеміз, жобаның басынан бірге болған әнші мен оның PR менеджерінің шығармашылық жолы неліктен екіге бөлінді, отандық және  жаһандық шоу-бизнестің беталысы қандай. Forbes Kazakhstan осы және өзге де сауалдарға қатысты әйгілі әншінің досы, жас продюсер  Алпамыс Шаримовпен тілдесті.  

F: Алпамыс, қазақстандықтар сені Димаштың PR-менеджері ретінде және жақын досы ретінде жақсы біледі. Алғашқы сауалды аспан астындағы елде қол жеткізген жетістіктен   бастасақ. Димаштың күллі әлемге танылуына себепші болған Қытай телеарнасындағы "I am singer" жобасы ма, әлде осы жобада өзінің талантын, өнерін жан-жақты көрсете білген Димаштың өзі ме?

- Бұл тарапта екі жақтын да бір-біріне үлкен септігін тигізгенін айту керек. Әрине, ең алдымен Димаштың өнері. Егер олай  болмаса, қандай әлемдік шоу болмасын, бір сәтте жарқ етіп шығарып, көп ұзамай көзден ғайып етіп жатады.   Бірақ, Димаш олардың қатарынан емес. Ол ғасырда бір туатын жан. Оның өнері, дауысы -Тәңірдің берген сыйы. Қазақстанды былай қойғанда, «I am Singer» жобасын бұрын Еуропа мен АҚШ біле бермейтін. Димаштың феноменалдық өнер көрсетуі шоудың да танымал болуына өз септігін тигізді. Тіпті, биыл аталмыш жобаға Американың хас жұлдыздарының бірі Джейси Джи де қатысуда. Сондықтан, Димаш «I’m Singer»-ді, ал «I’m Singer» Димашты танымал етті деп айта аламын. 

F: Алып елде әрдайым досының қасында болған  Алпамыс қазір Димаштың қасынан неге көрінбейді. Бұның себебі неде? Қазір немен айналысып жүрсің? Францияға бет алғаныңды естідік. Болашақты шет елмен байланыстырасың ба? 

- Димаш екеуміздің арамызда ешқандай қызметтік келісімхаттар жоқ. Мен оны ең бірінші бауыр, дос ретінде қолдау көрсетіп қасынан табылдым. «I’m singer» жобасы туралы алғаш Димашқа айтып, бірге жабық кастингке де бардым. Бұл мен үшін де үлкен тәжірибе, үлкен белес болды. Досым үшін істеген ісімнің өз миссиясы толықтай орындалды деп сеніммен айта аламын.

Бүгінде Димаш қытайлық «Қара алтын» деп аталатын продюсерлік  компаниямен келісімшартқа отырды. Оның әлемдік деңгейіне шығуына кәсіби жол көрсететін нағыз мықты мамандардан құрылған топ қызмет атқаруда. Бұл продюсерлік орталықтың басшысынан бастап, барлық қызметкерімен жеке таныспын, жұмыстарын өте жоғары деңгейде атқарады. Олар тек Қытайдың аумағында ғана емес, бүкіл  әлемдік аренаға қызмет етеді.  Қазақстанда бұндай деңгейдегі продюсерлік орталықтар өкінішке орай, жоқ. Сондықтан да, Еліміздің атын мұхит асырып, танымал ететін Димашымызға жай сеніммен қарап, тілектес болсақ жетеді. Оңы мен солын айқын ажырата білетін  еліміздің мақтанышымен әлі талай қуанамыз!

Мен бүгінде екі жоғары оқу орынында білім алудамын. Қазақ ұлттық өнер университетімен бірге Франциядағы Жоржа Помпиду өнер орталығында кәсіби біліктілігімді арттырудамын. Мамандығым арт және медиа менеджер. Осы сала бойынша жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Жақында Франция астанасы Парижде ЮНЕСКО-мен бірігіп түрлі шаралар ұйымдастыруды бастадым.

F: Қытайдың, батыстың шоу-бизнесімен жақын таныстың. Естіп қана қомай, бел ортасында жүріп, көзбен көрдің, талай танымал продюсерлермен бетпе- бет жүздестің. Әлемдік шоу-бизнестің беталысы қандай, бізге не қажет, көшке ілесу үшін не істеу керек? Бастысы қаржы ма, қолдау ма, әлде талант па?

- Бәрі өз уақытымен. Асықпау керек. Бизнес деген ақша бар жерде ғана жүреді. Ақшаның көзі тойда болса - бизнес те сол жерде. Неге «той бизнес» ұғымының кейбіреулер үшін намыстан биік екенін түсінбеймін. Дженифер Лопес те, Ники Минаж да, Бионс та гонорарын жақсылап төлесе тойға  да шығады.

Бірақ, бүгінде концерттер беріп, арена жинап, сапалы әнмен сахнадан-ақ жақсы ақша табуға болады. Тойға мүлдем шықпайтын «Ninety One» тобының табыс көзі - концерт. Альбом сату жақсы үрдіске айналып келе жатыр. Бұрынғыдай компакт диск шығарып, дүкен сөрелерінен месс ITunes сынды электронды альбомдарды саудаға салу арқылы жақсы табысқа жетуге болады. Әрине, жақсы PR, жанымен берлоге жанкүйерлер және бастысы сапалы өнім болса болғаны.

Қазақстанда қазір «кино бизнесі» қарқынды дамуда. Көптеген  режиссерлар мен продюсерлер  кассалық фильмдерді түсіруге кірісті. Көрермен отандық өнімді қолдайды. Күні кеше Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по казахски» туындысы касса жинауда шет елдік кинолардың алдына түсіп, көш бастады. Бұл қуанатын жағдай. Тек кино түсіреміз деп шекарадан шығып, «отандық өнімді» қолдап жүрген көрерменнің көңілін қалдырып алудан сақтану керек. Сапалы кадр, кәсіби мамандардан басқасын аластатып жіберуге де келісемін. Ал  «Дәм болсын» фильмдері көбейген күні, көрермен көзілдірігін шет елдік өнімдерге қайта көздейтінін ұмытпау керек!

F: - «Бастау» деген топқа жетекшілік ететініңді білеміз. Бұл топтың тұсауы Димаштың Астанадағы концертінде кесілгені белгілі.  Дуэт қалай құрылды, Қытайға дейін бе, әлде кейін бе?

- Жаным қазақ болғандықтан ба, өзіме домбыра қатты ұнайды. Домбырашылар дуэтімен ең алғаш Қытайда таныстым. Димаш «I’m singer» жобасында «Дайдидау» әнін шырқаған кезде қолдауға келген Қазақ Ұлттық өнер университеті студенттерінің өнеріне тәнті болдым. Мен түгіл бүкіл Қытайды Димашпен бірге тебіренткен жігіттерге сол кезде бірге жұмыс істейік  деген ұсыныс білдірдім. Бүгінде топтың құрылғанына бір жыл да болған жоқ. Сингапур, Германия, Иран елдеріне барып өнер көрсетіп келді. Жігіттер  ЮНЕСКО-ның арнайы алғыс хатына ие болып үлгерді. Жаңа жылдық мереке кешінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында өнерлерін көрсетіп, ыстық ілтипаты мен батасын алды.

F: Бастау» тобының алдағы миссиясы  қандай? Әлемдік  шоу-бизнеске шығу жоспарда бар ма? Жоспарланған сапарлар,келісімдер бар ма?

- Алда жоспарымыз көп. Жақын арада Түркияға барып концерттік кеш береміз деп отырмыз. Көбіне қазақ аспабын шет елге танытуға күш салудамыз. Сондықтан да, скрипка әлем аспабына айналғандай, домбырамыз да жер шарын шарласа қандай бақыт?!

F: Шет ел, Еуропа қазақ елі, қазақтың өнері туралы не біледі, не ойлайды? Қаншалықты хабардар?

- Шет ел бізді енді ғана танып жатыр десек қателеспеймін. Бір Димаштың өнері бірнеше елге Қазақстан мемлекетін ашқаны аксиома. Жақында Францияда ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен өткен бір мәдени іс шараға қатыстым. Сол кезде аты аңызға айналған Мирей Матье ханыммен дастархандас болу бақыты бұйырды. Әншімен өнер туралы көп пікірлестім. Мирей Матьенің әңгімесінен бір ұққаным, әнші әлемге өзін де, елін де таныту үшін ана тілінде ән шырқағаны дұрыс. Кейбір әншілер шетелге барып, шет тілінде ән шырқап, сол аудиторияға жағыну миссиясын ұстанады. Бұл эгоисттік позиция. Музыкада тіл жоқ дейміз, ендеше елімізді, қазақ өнерін танытамын деген мақсаты бар жан ана тілін де асқақтатқаны абзал. Кезінде Парижді таңқалдырған Әміре де соның бір мысалы.

F: Енді қазақтың шоу-бизнесіне келсек. Жалпы даму деңгейі қандай, клип, әндер сапасы, әнші, продюсерлердің қызметіне  деген пікіріңді білсек? Бізге нені үйрену керек, неден жирену керек?Сенің ойыңша мүмкіндігі қандай?

- Біздің елде бәрі қарқынды жақсы дамып келе жатыр. Тасын енді қалап жатқан продюсерлік орталықтардың, әншілердің, әртістердің еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Сапасыз бейнебаян түсіріп, халықты жеңіл әнмен алдап, бір күндік «қара пиармен» айналысып жатқандар көп ұзамай көштен өздері қала береді. Әлеуметтік желілердегі халықтың белсенділігі бүгінде өте күшті. Жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүремін дейтіндерді өздері құлатады. 

Тек бізде үлкен шоу ұйымдастыру деңгейі әлі өзінің шарықтау шегіне жетпеді. «Евровидение», «Мисс мира» т.б әлемдік байқаулар бізге келсе жақсы тәжірибе болатын еді. Бірақ, ол күндердің де алыс емес екендігіне сенемін.

«Ән айтамын», «Сахна менікі»,-дейтіндерге бүгінде барлық мүмкіндік бар. Тек елімізде сапалы байқаулар саны аз, мүлдем жоқ десем де болады. Ал байқау қашан да әншіні шындап, сүт бетіндегі қаймақты шығаратын орын. Талай жылдық тарихы бар «Жас қанаттың» да рейтингі бүгінде мәз емес. Ел болып, халық болып нағыз жүйрікті анықтайтын жақсы шоулар жоқтың қасы.

F: Қазір қазақстанда «қара пиар» деген қаптады. Қаралау,даттау,күйе жағу, айыптау,жерден алып, жерге салу белең алды. Бұған не себеп. Бұл шоу-бизнестің деңгейіне берілген баға емес пе, әлде қалыптасқан заңдылық па? «Қара пиар» да пиар дегенге пікірің қандай?

- «Қара пиар» сөзі негізі орыстың «Черный пиар» сөзінің тікелей аудармасы. Бірақ, бұл тәжірибе батыста баяғыдан бар және жақсылап қалыптасқан құбылыс. Әлемдік барлық атақты корпорациялар мен компаниялар өз имидждерін қалыптастыруда «қара пиарды» ұтымды қолданады. Тіпті, сайлау алды үгіт-насихатта «қара пиарға» жүгінген талай саясаткерлерді мысалға алуға болады. «Қара пиарды» көбіне шетелде арнайы PR компаниялар мен PR мамандар жасайды. Олар оны кәсіби тұрғыдан, мақсатын қойып ұйымдастарды. Бізде ше?!.. Біздегі болып жатқан кейбір даттау мен күйе жағу, Сіз айтқандай айыптауларды жай ғана «өсек-аяң» деп айтар едім. Иа, қасақана, тек атымды шығарсам деген кейбір теріс пиғылдылар да бар. Бірақ, біз шығыс еліненбіз. Біздің менталитетке жат дүние. «Қара пиарды» ешкімнің көңіліне келмейтіндей, мысқыл әзілмен, баппен ұйымдастыруға болады. Ал, былапыт сөзге ерік беріп, бет жыртысып, «атын шықпаса жер өртеге» салу барып тұрған ақымақтық. Ондай жолмен келген танымалдылықтың уақыты да аз болады.

F: Сен кімерді тыңдайсың, қандай әншілерді,  продюсерлерді жоғары бағалайсын?

- Мен қазақстандық әншілерден Ұшқын Жамалбекті, Мархаба Сәбиді, Ғалымжан Молданазарды тыңдаймын. Аты аталғандар дүйім жұртқа танымал емес. Бірақ, әуендері әуезді, жүрекке қонады. Тыңдап көріңіз. Қытайдағы қазақтар Ұшқынның әніне ғашық, америкадағы қазақ студенттерінің кез-келгенінің телефонында Ғалымжанның әндері  бар. Олар жаңа толқын. Жақында ғана  Әмре деген жігіт шықты. Дауысы әдемі. Әлем шоу бизнес өкілдерінен Риананың, Джон Леженд, Сэм Смиттің шығармашылықтары ұнайды. Ал продюсерлерден нағыз еңбек Ерболат Беделханда. Мақсаты айқын, жолы бар, «көлігіне» отырған продюсер. Әлі бізді талай таланттармен таңқалдыратынына сенімдімін.

F: Алдағы жоспарың қандай? Біз Алпамыстан не күтеміз? Шоу-бизнес не күтеді?

- Мен өзге емес, өзімнен өзім не күтетінімді білмеймін?!. Мен  шығармашылыққа  өте қатты берілген адаммын. Көңіл күйімнің қошы үшін жұмыс істеймін. Шоу- бизнестің айнымас бір бөлігі телеәлем болғандықтан, осы ауылдан жаңа бағыттағы шоуларды жарыққа шығару жоспарымда бар. Әлем мойындаған сен тұр мен атайындармен» бірлесіп жұмыс істеу туралы  мақсатым бар. Өзімнің «Қайыр» қайырымдылық қорында жұмысымды  әрі қарай жалғастырамын. «Қазақ радиосында» жақында танымал тұлғалармен дидарласатын авторлық «136 сұрақ» атты бағдарламам жарыққа шығады. Бір сөзбен айтқанда, Жас келсе - Іске!

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
6793 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
21 февраля родились
Именинников сегодня нет
Самые высокооплачиваемые диджеи мира

Все цифры отражают доходы за период с июня 2017 по июнь 2018 года до вычета налогов

Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить