Голливудтан Болливудқа дейін

10032

Қазақтың каскадерлері әйгілі киностудияларды қалай бағындырды, «Nomad Stunts» тобына қызығушылық неге жоғары

Алғашында қазақстандық кинолардың қойылымдарынан көрінген каскадерлер санаулы жылдар ішінде әлемдік киноиндустрияны қалай таңқалдырды, әйгілі киностудиялар оларға қалай төлейді, бұл кәсіп қаншалықты табысты, қаншалықты  қауіпті, сақтандыру компаниялары олардан неге бас тартады. Forbes Kazakhstan кезекті қойылым үшін Болливудтқа бет алған «Nomad Stunts» жетешісі Жайдарбек Күнгүжиновтен сапар алдында сұхбат алды.

Жайдарбек Күнгүжинов-«Nomad Stunts» каскадерлер тобының негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өз командасымен  бірге «Көшпенділер», «Мың бала», «Рэкетир», «Шал» (Қазақстан),«Моңғол»(Ресей), «Сұлтан «Бейбарыс» (Мысыр), «Дневной дозор» (Ресей), «Неудержимые 2» (АҚШ), «Марко Поло» сериалы (АҚШ), «Конан -варвар» (АҚШ),«Ертұғрыл» (Түркия), «Коловрат туралы аңыз» (Ресей), «Тобол» (Ресей), «47 Ronin» (АҚШ) және т.б фильмдердің қойылымдарына қатысты. Әйгілі Арнольд Шварценеггер, Сильвестр Сталлоне, Джет Ли, Киану Ривз, Боло Йен, Джейсон Стетхэм, Брюс Уиллис сынды Голливуд жұлдыздарымен бірге жұмыс істеді. «Nomad Stunts» тобының құрамында 54 каскадер бар.   

F: Бүгін Болливудқа ұшып бара жатқаныңызды білеміз. Бұл сапардың мақсаты қандай? Қандай ұсыныс түсті?

- Қазір онда «Princess» (Ханшайм) деген үлкен тарихи туынды түсіріліп жатыр. Кезінде ағылшындар және үнділер арасында болған соғыс жайында. Алғашында Мальтада, теңіздегі үлкен кемелердің үстіндегі қойылымдар түсірілген болатын. Киноны түсіріп жатқан Үндістан, бірақ қойылымдарды ұйымдастыруға Африкадан, Америкадан және Қазақстаннан мені шақырды. Яғни, әлем мамандарының бірлескен жобасы. Бұл жолы  қойылымдарды  Мумбай қаласындағы үлкен қамалда түсіреміз, онда атыс, төбелес,биіктен құлау,секіру сынды трюктер жасалады,арасында аттарды қолданамыз.

F: «Номад» тобы қалай құрылды? Каскадерлер қалай таңдалды?

 - Иә, «Номад» тобы негізі 2000 жылы құрылды. «Көшпенділер» фильмін түсіргеннен кейін және ресейлік «Монғол» атты туындыға қатысқан соң құра бастадық. Бұған дейін қазақстанда каскадерлер тобы болмаған, көбін цирк қызметкерлерінен жасақтадық, артынан спортшылар келе бастады. Таэквондо, Тай боксы және күреске қатысқан жігіттер арасынан таңдадым.  

F: «Сіз жетекшілік ететін топ шет ел нарығына көп шығып жүр.  Тіпті, Голливудқа дейін жеттіңіздер, Азия, Еуропа, Ресей фильмдеріне қатыстыңыздар. Осы күнге дейін қанша елде және әйгілі деген кімдермен жұмыс істедіңіздер? Жетістік қандай?

 - Көп жерде істедік, көп елде түсіп жүрміз.  Францияда, Англия, Ирландия,  Испания,Тайланд, Ресей, әсіресе Голливудта көп киноға түстік.  Ал Болливудта қазір алтыншы кино, Амеркандықтармен жаңағы киноның қойылымдарын қоятын боламыз. Ол 10-шы ақпаннан басталады. Төбелес, ұрыс, аттармен болсын, бәрін жасаймыз. Әрине, қиындығы жоқ емес. Себебі, олардың жүйесі басқаша, талап өзге. Дегенмен, жетістігіміз көп. 2014 жылы Atlantic City қаласында спорттық «Оскар» алдық, 2017 жылы, яғни «Викинг» киносынан кейін американдықтар шақырып,  «шет ел киноларындағы ең үздік номинация» бойынша бүкіләлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығын берді, қазір сол академия құрамындамын.  Бұдан басқа халықаралық марапаттарымыз көп. Ал, соңғы жұмыстарымыз ресейлік «Тобол» фильмі болды, биыл прокатқа шығады. Сол елде түсірілген «Коловрат» үлкен экранға шықты. Голливудтың, Еуропаның әйгілі режиссерларымен, танымал актерларының көбімен жұмыс істеп келеміз.

F: Қазақстандық каскадерлерге шет ел тарапынан неліктен  сұраныс жоғары.  Оларды ең алдымен не қызықтырады?

Сұраныс жоғары,себебі біз көбінде аттармен жұмыс істейміз, жігіттеріміз мықты,танылып жатыр,ең қиыны аттар. Мысалы, машинаны алдын ала дайындайды, қайда құлату керек, қалай жүргізу керек, техникалық жағынан бәрі есептелген. Ал аттарда ондай жоқ, оларды баптау керек, үйрету керек, қалай құлату керек, қай жерде құлату керек, біз бұның бәрін жоғары дәрежеде меңгергенбіз. Ең алдымен осы өнеріміз үшін қызығады. Тарихи, қазіргі кино болсын, бәрін жасаймыз. Мәселен, «Неудержимый 2» фильмінде атпен бірге атыс-шабыс, төбелес, катер үстінде, су астында, суға секіру сынды қойылымдардың бәрін істедік. Адамға түсіндіруге болады, бірақ жануарға түсіндіре алмайсын. Олардың қасында күні -түні болу керек, үйрету үшін бір-екі ай кетеді, бастысы арғымақтар қойылым кезінде үркімесе  болды.

F: Адамдар белгілі, аттарды қалай таңдайсыздар?

- Иә, оларды да таңдаймыз. Мәселен, 20 аттан біреуі ғана жарауы мүмкін.  Өзім іздеймін, қараймын, жігіттерді жіберемін, мініп көру керек, мінезін, сырын білу керек. 2-3 жыл дайындаймыз.  Содан, қартайғанша мінеміз. Он жылдан аса жұмыс істеген жылқылар бар. Үш атты зейнетке жібердік. Бір айта кетері ешқайсына зақым келген емес. Оларды адамнан артық жақсы қараймыз, жақсы көреміз (күледі).

F: Джеки Чанға сақтандыру компаниялары жолағысы келе бермейді. Себебі, шығындалатындарын біледі. Сіздерде сақтандыру жағы қалай? Адам денсаулығына зиян келіп, төлемдерге жүгінген кездер болған жоқ па? 

- Шынында сақтандыру компаниялары бізбен  жұмыс істегілері келмейді. Келіскеннің өзінде көп ақша сұрайды. Сондықтан, біз оларға сақтанар кезде кәсібімізді айтпаймыз,өзіміз үшін дегендей. Себебі, олар біледі бізде әртүрлі жағдай болады. Қол сынады,бел кетеді, онсыз болмайды. Шет елге шықсақ, мәселен, Ресейде бізді өздері сақтандырады. «Коловрат», «Викинг» киноларында солай болды. Біздің продюсерлер бұл мәселені қолға алар емес, анау жоқ, ақша тапшы деген сылтаумен. Енді екі- үш жылда болып қалар.   Барлық жерде бар, Қазақстанда жоқ және көрші Қырғызстанда солай. Ал, Голливуд, Болливудта ондай проблема жоқ. Ұшақтан түскен кезде сақтандыру құжатын қолыңа ұстатады.

F: Бұл кәсіп қаншалықты қауіпті, қаншалықты табысты?  Бұл мамандыққа келетіндер негізінен кімдер?

 -Енді бұл өте қиын, қауіпті жұмыс. Бізге әртүрлі адамдар келеді. Бірі табыс тапқысы келеді, енді бірі әйгілі каскадер болғысы келеді. Бірақ, көбі уақыт өте кетіп қалады. Мәселен, 20 адам келсе, соның ішінде 1 адам ғана қалады. Көбі шыдамайды. Өйткені жұмыс қиын, жарақаты көп. Ал табысқа  келсек, бұрын ақшасы аз болған, қазір жаман емес, себебі шет елге көп шығып жүрміз. бірақ кейде 3 ай жұмыс істеп, кейде 2-3 ай жаттығумен ғана жүреміз. Ал табыс жағы қалай келіскенімізге байланысты, әртүрлі.

F: Шамамен айтуға бола ма? Құпия болмаса...

Ақшасын айта алмаймын, онымен продюсерлер айналысады. Бір ғана нәрсені айтуға болады. Голливуд, Болливуд болсын бізбен салыстырғанда  80% жоғары төлейді. Себебі,оларда киноның сатылымы жоғары. Ал бізде төмен және онша төлемейді. Бірақ, бастысы бұл емес. Әрине, шет елде тиісінше жағдай жасайды, қамтамасыз ету жағы жоғары, себебі коммерциялық кино оларда бұрыннан жолға қойылған.

F: Жалпы, сан жылғы еңбек ақталып, бағаланып жатыр деуге толық негіз бар ма?

- Иә, әрине, бұрын бізге жәй каскадер деп қарайтын. Қазір көзқарас өзгерді. Киногерлер санасады, ақылдасады, құрметтейді. Әлем елдерінің  біздің өнерге құрметі ерекше, үнемі шақырады, барлық жағдайды жасайды. Мәселен, Голливуд, Болливудқа барып жүрміз. Олардың дайындыққа беретін уақыты, ақшасы да жоғары. Бірақ, тағы айтамын бастысы бұл емес. Біз үшін ең алдымен тәжірибе маңызды, біз әлемнің әйгілі каскадерларымен бірге жұмыс істеп, сол тәжірибені елге әкелудеміз. Себебі, бұл сала бізде енді ғана дамып жатыр. Бірақ, бізден шет елдіктер көп нәрсе үйренеді, олар бізден көп тәжірибе алады. Біз үшін бұның бәрі өте қызық.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить