Еуропадағы ат спортын Қазақстандағымен салыстыруға келмейді

Жокейлік оның өмір салты, хоббиі және күнделікті жұмысы. Ол – Алматы облысы, Кербұлақ ауданында дүниеге келген, қазір Көлн қаласында тұрады. Германияның үздік жокейі – Бауыржан Мырзабаев. Ол туралы ақпарат қазақ тілінен гөрі неміс, ағылшын, француз басылымдарында көбірек жарияланады. 2009 жылдан бері Еуропада тұратын қазақ шабандозы Forbes Kazakhstan тілшісіне сұхбат берді.

ФОТО: © Marc Ruehl

Бауыржан Мырзабаевпен сұхбат уақытын келісу оңай болмады. Германиядағы бәйгелерден соң, Англияға сапарлап бара жатқан шабандоз телефон арқылы сұхбаттасуға әрең уақыт тапты. Ол жастайынан Англияға барып, білім алып, кәсіби маман болуды армандады. Бала кезінде бәйгеге шауып, шабандоз болудың қыр-сырын ауыл баласының деңгейінде білген ол, өсе келе білімін шыңдап, бұл кәсіппен кәсіби түрде айналысуға ден қойды.

«Ауылда шабандоз балалар көп қой. Алайда олар өсіп кеткен соң, салмағы ауырлаған соң бұл іспен кәсіби түрде айналыса алмайды. Біздің елімізде ондай мүмкіндік жоқ», – дейді Бауыржан.

Жазғы демалыс кезінде Алматыдағы ипподромға келіп атқа шабатын Бауыржанның кәсіби шабандоз болуына ықпал еткен сол кездегі Алматы ипподромының басшысы Нұрлан Тілеулес мырза. Сол кісінің қолдауымен Бауыржан Англияға жокейлік мектепке оқуға тапсырады, сәті келмеген соң Италияға барып бағын сынайды. Тек 2009 жылы ғана жылқыларын чех елінде баптайтын, белгілі режиссер Ардақ Әмірқұловтың ықпалымен сол елдегі жокейлік мектепке оқуға түсу мүмкін болады.

Германияның төрт дүркін чемпионы болған қазақ

«Еуропада жокейлік мектеп – біздің елдегі колледждің дәрежесіндегі оқу орын. Онда 9-сыныптан кейін оқуға қабылдайды, үш жыл оқытады. Үш жыл бойы ат шабыстардың түрі, деңгейі, жарыс жолында шабандозға қойылатын талап, ат шабыс ережелері оқытылады. Үш жыл бойы тек атқа шабу ғана емес, жылқылардың селекциясы, ветеринария, яғни осы саланың толыққанды маманы болуға қажет білім толық беріледі. Мен барлық сынақтардан өтіп, кәсіби жокей лицензиясын 2012 жылы алдым», – дейді шабандоз.

Бауыржан Мырзабаевтың айтуынша, Еуропада ат жарыстары жиі ұйымдастырылады. Францияда күнде ат жарысы болып жатады. Германияда жетісіне екі рет өтеді. Шабандоздың күнделікті өмірі де сол жарыстан-жарысқа қатысу үшін көбіне жол үстінде өтеді. Өзі тұратын Көлнде көп бола да бермеймін дейді.

«Еуропада ат жарыстары кәсіби деңгейде ұйымдастырылатындықтан, біз белгілі бір жокей клубына тіркеліп, жыл сайын лицензиямызды жаңартып тұрамыз. Бір жокей клубта жүз жо-кей болса, оның үздік ондығына кіретіндері ең көп жарысқа қатысады. Осылайша бір күнде он рет ұшқыр бәйгеге шабуымыз мүмкін. Он ретте он түрлі қожайынның он түрлі тұлпары тақымға тиеді. Мен биыл төртінші рет Германия чемпионы атандым, сондықтан жокейлер рейтінгінде бірінші орында тұрмын.

Жылда қыста бір айға Қазақстанға барып, демалып қайтушы едім. Биыл бара алмайтын секілдімін. Қазір Жапониядан жокейлік лизенция алу үшін құжаттарымды тапсырып қойдым. Лицензия алсам, қыс бойы Жапонияда жұмыс істеймін деп жоспарлап отырмын. Бірақ Жапонияға барып жұмыс істеу үшін Германия чемпионы болу керек. Мен Германияның төрт дүркін чемпионы болдым.

Жалпы жокей ретінде Германияда алған лицензиям әлемнің бар елінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Алайда Жапонияға ол лицензиямен ұзақ мерзімге қала алмайсыз. Жапонияда жарыстарға үш айдан артық қатысар болсаң, сол елдің жокейлік лицензиясын алуға тура келеді.

Қыста Францияның оңтүстігінде күн райы жылы болады, сондықтан онда жарыстар тоқтамайды. Ал, жалпы Еуропада бұл мезгілде ат жарыстары өте бермейді. Сондықтан, мұндағы жокейлер қыста Дубай, Катар, Бахрейн, Гонконг, Жапония елдеріне барып жұмыс істеп қайтады. Мен де Сауд Арабиясына барып ат жарысқа қатысқам. Алайда, ұзақ уақыт жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Соңғы жылдары пандемия салдарынан ешқайда шыға алмадық», – дейді Бауыржан.

«Мысалы, менің бір тренермен келісімшартым бар, – деп ойын жалғады кейіпкеріміз. – Ол жүз ондай атты жаттықтырады, ал тұлпарлардың иелері әртүрлі. Сонымен қатар, менеджерім бар. Ол біздің уақытымызды ұйымдастырып, жылқылардың иелерімен келісіп, қандай атқа шабатынымды, қайда баратынымды анықтайды. Жұмысымыз үшін еңбекақымыз бен сыйлықақымыз жокей клубтың есепшотына түседі, содан кейін ай соңында біздің шотқа аударылады. Әдетте, атқа шапқанымыз үшін ақы және жарыста оза шапсақ сол үшін сыйақы төленеді. Жалпы, мұндағы сайыстарда сыйлық қорынан бесінші орынға дейін сыйақы тағайындалады. Сол сыйақыдан бізге үлес беріледі».

ФОТО: © Marc Ruehl

Еуропада жокейдің табысы ат жарысының ауқымына байланысты екен. Бауыржан Мырзабаевтың сөзінше, кейде деңгейі жоғары жарыста бір тұлпарға шауып-ақ, көп табыс табуға болады. Еуропадағы осындай жарыс күнінде жокей салықтар мен алымдарды қоспағанда шамамен мың доллар табуы мүмкін.

«Жақында Францияда жарыс болады. Жүлде қоры бес миллион еуро. Оған үш жастан жоғары жылқылар қатысады. Осы сайыста бірінші орын алатын тұлпар жүлде қорының 60%-ын алады, сол сомадан жокейдің проценті мен бапкердің пайызы беріледі. Сонда бәйге атының иесіне 45%-ы қалады. Маған бұл сыйақыдан 7,5%-ы беріледі», – дейді шабандоз.

Бауыржан Мырзабаев Еуропада жокей жарыстарға тек табыс табу үшін қатыспайтынын айтады. Ондағы талап бойынша кәсіби жокей ат жарыстарын қалдырмай қатысып отыруы тиіс. Бұл – кәсіби шабандоз үшін басты талап. Өйткені, кәсіби маман көп, сайыстарға сирек қатысатын шабандоз тез ұмытылады. Сондықтан, «ақша үшін емес, өзіңнің кәсіби маман ретінде «аттан түспегеніңді» көрсету үшін жарыстардан қалмауға тырысамыз. Қызық болғанымен, шыдам мен еңбекті талап ететін өте күрделі спорт. Бір күн Берлин, екінші күні Париж, мысалы, ертең Англияға жарысқа қатысуға ұшып барамын» дейді Бауыржан Мырзабаев.

Жылына 700–800 жарысқа қатысып, жаттығу барысында жүз атқа шабатынын айтқан Бауыржан бір жылқыға бауыр басып, оған қарайтын уақыты болмайтынын айтады.

Бұл күрделі спорт түрі болғандықтан жокей үшін салмақ маңызды рөл ойнайды. Кейіпкеріміз үнемі 55 келі салмақты ұстап тұруға тырысады екен. Сол үшін 7–8, тіпті кейде он келіге дейін салмақ тастаған кездері болған. Бауыржан жарыстан қолы бос уақытта үнемі жүгіреді, фитнеспен шұғылданып, диета ұстанады. «Нан, тәтті тағамдар жемеймін» деген шабандоз бұл салада жүргеніне он жылдан асқандықтан оған ағзасы да үйренгенін айтады.

Мәселенің бағасы – 1 млн еуро

«Еуропада жылқыларға, ат спортына жасалатын жағдайды Қазақстанмен салыстырсақ, арасы жүз жыл шығар». Бауыржанның дерегінше, Францияда бір жылда ат спортына 278 миллион еуро бөлінеді. «Қазақстанда жалпы спорт саласына мұншашама қаржы бөлінбейтін шығар» деген шабандоз елімізде ат спортына кемінде 1 миллион еуро бөлінсе, бұл сала қарыштап дамып кетер еді деген пікірде.

«Еуропада бұл спорт түрін қаржыландыру тиянақты түрде жолға қойылған. Мұнда букмекерлік компаниялар арқылы бәс тігуге заң жүзінде рұқсат етілген. Әлемнің қай түкпірінде отырсаңыз да интернет арқылы ойынға бәс тіге аласыз. Ал осы букмекерлерден түскен қаржы келесі ойынды қаржыландыруға жұмсалады. Сонымен қатар әр сайыста демеушілер болады. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында үкімет те қаржы бөледі. Өйткені ат спорты саласының өзі – тағашыдан бастап, атты қарайтын адам, жаттықтырушы, аттың иесіне де-йін қаншама адамға жұмыс беріп отыр», – деді сұхбат беруші.

Шабандоздың айтуынша, Еуропада жылқылардың селекциясына баса мән беріледі. Бүкіл дүниежүзінде бәйгеге шабатын ағылшын тұқымды аттар. «Бәйге – патшалардың спорты» деп аталады ғой. «Екінің бірі бұл кәсіппен айналыса алмайды. Мысалы, жүйрік тұлпарлар кем дегенде 100 мың еуро тұрады. Ауылдағы қарапайым қазақ ондай сомаға бәйге атын сатып ала алмайды ғой» деп жалғады ол.

Дегенмен, Бауыржан Мырзабаев аламан бәйгеден гөрі қысқа қашықтыққа шабатын ұтқыр шабыс бәйгесін елімізде дамыту – мемлекет үшін де пайдалы болар еді деген пікірін жасырмады. «Мұның өзі қаншама адамға жұмыс берер еді: жем-шөп дайындаушыдан бастап, тағашысы бар, ветеринар, жаттықтырушыға дейін бір атты баптауға 4–5 адам керек».

Бауыржан елімізден Еуропаға ат әкетіп қатыстыру мүмкін емес, бізде жылқының селекциясы жоқ дейді: «Біздің тұлпарлар мұндағы ағылшын жылқыларымен сайысқа түсе алмайды».

Еуропада бәйге аттарының деңгейі жеті дәрежеге бөлінеді. Біздің елімізбен ұқсастығы сол – әр дәрежедегі жарысқа әр жастағы жылқы шабады. Әр ат бәйгесінің белгілі бір талабы болады. Сол талапқа сай жылқы мен шабандоз қатыстырылады. Әр дәреженің жокейі үшін белгілі бір салмақ талабы бар. Мысалы, үш жастан асқан байталда салмағы 54 келі жокей шабуы тиіс.

Жылқының жүйрігін пошымынан танитын қазақы түсінік болғанымен мұндағы тұлпарларды сыртынан танып, баға беру қиын дейді ол. Кейіпкеріміздің сөзінше, кейде аукционнан 1 миллион еуроға сатып алынған тұлпарды 5 мың еуроға сатып алынған ат шаң қаптырып кетеді екен.

ФОТО: © Marc Ruehl

Дегенмен, Еуропада селекциямен кәсіби түрде айналысу жолға қойылғандықтан, жылқылардың тұқымы да бағаланады. Яғни, жүйріктерден туған құлын қымбат болады. Алайда, әрдайым жүйріктен жүйрік туа бермейді дейді Бауыржан. «Дегенмен, Еуропада және әлемнің көптеген елдерінде секілді жүйрік баптау, оны өсіру, тұқымын алып, қымбатқа сату – мұның барлығы бизнес. Бизнес көзі ретінде өте жоғары дамыған» деп түйіндеді ойын.

Бауыржан Мырзабаевтың жеке жаттықтырушысы дайындайтын жүзден аса бәйге аты бар. Бағасы 5 млн еуро тұратын атқа шапқан Бауыржан ең үлкен Дерви жарысында бас жүлдені жеңіп алған.

Қазақстанда шабандоздар мектебін ашу жоспарда бар

Кейіпкеріміздің елімізде жокейлік мектеп ашу жоспары бар. Шабандоздың айтуынша, Қазақстанда осы саланы дамытуға қызығып жүрген ынталы жастар да бар. «Алайда мәселенің барлығы қаржыға келіп тіреледі. Өйткені, біздің елде бәс тігуге заңмен тыйым салынған. Оның үстіне ал-ғашқы сыйлық қоры қажет. Оны көтеретін ешкім жоқ. Мемлекет те бұл салаға қаражат салып отырған жоқ. Ал Қазақстаннан балалар алдырып, оқыту, тәрбиелеу үшін – оларға демеуші қажет. Өз елімізде жокей мектебін ашып, балаларды тәрбиелеп, үйретіп, оларды шетелге жарыстарға апаруға болады. Дегенмен, оның өзіне де инвестиция қажет», – деп түсіндіреді ол.

Біздің елде ат бәйгелері жиі өткенімен, шабандозға мән берілмейді дейді Бауыржан. Жастайынан ат құлағында ойнап өскен шабандоз балалар өскен соң бәйгеге шабуға салмағы жарамай, бойындағы машығын кәсіпке айналдырып, дамыта алмай қалып қойып жатады. «Егер мұндай мектеп ашсақ – осы жастарға да үлкен мүмкіндік берер еді», – дейді кәсіби жокей.

Еуропаны бағындырған қазақтан шыққан шабандоз қазір өз жағдайын жасап жатқанын, әке-шешесіне шамасы келгенше көмектесіп тұратынын айтады. Еуропада қалса менеджер немесе жаттықтырушы болып, мансабын жалғастыруға мүмкіндігі бар екенін де жасырмайды. Дегенмен, болашағын Қазақстанмен байланыстыруға тырысады. «Бірақ Қазақстан тарапынан маған қолдау жоқ, елде менің бар екенімді білмейтін де шығар» дейді.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
29549 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Почему Байтасов хочет стать акимом Алматы Смотреть на Youtube