«Dopamine Voice» дубляж студиясының негізін қалаған жастар қалай танымал болды?

40075

Бұл туралы әлемдік танымал анимациялар мен өзге де туындыларды дубляждаумен айналысатын компания өкілі Марлен Биназар Forbes.kz сайтына берген сұхбатында әңгімелеп береді

Марлен Биназар
Марлен Биназар

Марлен, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қайда білім алдыңыз, қандай саланы меңгердіңіз? Мамандығыңыз дубляжбен байланысты ма?

- Мамандығымның дубляжға тікелей қатысы жоқ. Өзім туралы айтар болсам – Шымкентте дүниеге келдім, қазір 21 жастамын. Сол шаһарда 7-ші сыныпқа дейін орта мектепте білім алдым, кейін физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыдым. Алматыдағы Қазақ-Британ Техникалық Университетінің грантын иеленіп, аталған білім ордасында ақпараттық жүйелер мамандығын меңгеріп шықтым.

Ал дубляж жасауға қалай келдіңіз? Неден бастадыңыз? Мақсат қандай еді?

- Бәрі де әлеуметтік желіден басталды. Жалпы, өзім қазақша дыбысталған туындыларды аса көп қарамайтынмын, қазақша контент қызықсыз сияқты көрінетін. Көп ұзамай аниме мәдениетіне көңіл бөле бастадым. Пандемия кезінде оқуды онлайн оқуға тура келді. Сол кездері ТікТок желісіндегі түрлі контентті қарап отырып, бір күні әзілге негізделген бейнероликтерге тап болдым. Бұл көпке танымал «Наруто» анимесінің үзіндісі болатын, бірақ оның дыбыстауы Қазнеттегі әзіл видеолардан жасалған еді. Ал олардың авторы, біздің топты құрушылардың бірі – Жұмаділ Әділ болатын. Сол кездері команданың екінші мүшесі Камила Әлімбекова «Наруто» анимесінен қысқаша үзіндіні қазақша дыбыстап, желідегі парақшасында жария етеді. Сөйтіп, Әділ Камиланы бірлесе жұмыс істеуге шақырып, артынша командаға осындай контентпен айналысатын Бекарыс Исмағұлов қосылады. Сөйтіп, үшеуі бірігіп, қазақша дубляжға кастинг жариялайды. Маған бұл идея бірден ұнады, сосын оларға өзімнің дыбыстау өнерімді көрсетіп, артынан мен де осы командаға қосылдым. Осылайша, мен түрлі идеялары бар, әр жастағы замандастарыммен таныстым.

Алғашында неден бастадыңыздар? Жұмыс қалай жолға қойылды?

- Мен бірден қолымнан келгенше командаға қолдау жасап, ұйымдастыру жұмыстарына белсене араластым. Жаңа логотип, сайт жасап, жоспар құрып, топқа бағыт бердім. Бұл 2021 жылдың сәуір айы еді, жақында біздің командаға 2 жыл толады.

Басында негізгі мақсат – жапон анимелерін қазақша дыбыстау ғана болатын. Бірақ артынша – қазақ тілін жастарға ұнайтын мәдениетпен ұштастыра отырып, қазақ тілін насихаттап, тілдің қолдану аясын кеңейтуге үлес қосуды көздедік.

Қазір қандай контент жасайсыздар? Команда құрамында кәсіби актерлар бар ма?

- Қазір біздің студия тек аниме ғана емес, көркем фильмдер мен бейнеойындарды да дыбыстайды. Шамамен 100-ден астам туындының үзінділерін қазақша дыбыстадық.

Топ құрамында бүгін 19 адам, яғни аудармашылар, бейнеөңдеушілер, дизайнер және тікелей дыбыстаумен айналысатын 8 жігіт, 6 қыз бала бар. Олардың жас шамалары 17 мен 26 жас аралығында. Бір айта кетері – дубляж жасаушылар түгел әуесқой актерлар, топ мүшелері әртүрлі мамандық бойынша оқып жатыр, жұмыс істейтіндер де бар.

Құрал-жабдықтарды қайдан алдыңыздар, қандай қаржыға?

- 2022 жылдың басына дейін команда мүшелері өз үйлерінде отырып жұмыс істеді, артынша біздің әлеуметтік желілерге жарнамалық ұсыныс келіп түсті. Біз сол ұсынысты қабылдап, жарнама жасап, өзімізге ноутбук, микрофон алуға және пәтер жалдауға мүмкіндік алдық.

Топ атауы «Dopamine Voice», мұның сыры неде?

- «Dopamine Voice» атауының негізін қалаған Бекарыс Исмағұлов. Сол кезде ол медицина колледжінде оқитын. Биологияда «дофамин» – ол бақыт, шаттық гормоны. Ал Voice – білесіздер, ағылшынша «дауыс» деген сөз. Бұл екеуін қосқанда «Бақыт дауысы» болып шыға келеді. Яғни, біздің мақсат – дубляжды көріп, тыңдаған адамдарды бақытқа бөлеу.

Дыбыстау процесі қалай жүреді? Әр материалды дубляждау үшін қанша уақыт кетеді?

- Біз қолға алған ауқымды жобаның бірі – «Титандар шабуылы» – бұл аниме бағытындағы сериал. Алғашында дыбыстаушылар оның бастапқы үш бөлімін өз үйлерінен жазып жіберді. Қалған бөлімдерін жалдаған пәтерде, оффлайн студия ашқан кезде жаздық.

Басында көптеген қиындықтар туындап, сериалдың 10 бөлімін дыбыстауға 6–7 ай кетті. Бұл уақыт аралығында біз өз сайтымызды ашып, әлеуметтік желілердегі парақшаларымызды дамыттық.

2022 жылдың жазында «Хаулдың жаяу қамалы» атты аниме-фильмді дубляждап шығардық. Бұл фильмге барынша көңіл бөліп, жарнамалауға тырыстық. Сөйтіп, біз туралы ел ішіндегі жаңалық порталдары жаза бастады.

Негізінен, 25 минуттық анимелерді 1–2 күнде аударамыз. Одан соң 2–3 күнде студияға жолданып, өңдеуге тағы бірер күн уақыт кетеді. Былайша айтқанда, 25 минуттан тұратын бір аниме бөліміне, шамамен, бір апта кетеді. Ал қысқа үзінділерді бір күнде, әрі кетсе төрт-бес күнде дыбыстай аламыз. Ал желіге күніне бір бейнеден ғана саламыз.

Фильмдердің дубляжына қанша уақыт кетеді?

- Біз алдымен фильм мәтінін толық аударып, оны тексеріп, редакциялаймыз. Оған әдетте бір-екі апта кетеді. Содан соң дыбыстау процесі басталады, оған, шамамен, бір апта, ал өңдеуге екі апта кетеді. Жалпылай алғанда, толықметражды фильмнің дубляжын 1,5 айда орындай аламыз.

Қазір көбі аниме, көркем фильмдер мен мультфильмдерді дубляждаймыз. Бейнероликтер мен деректі фильмдерді тек тапсырыс бойынша жасаймыз.

Аудиторияларыңыз туралы не білесіздер, олардың жас шамасы нешеде? Ең көп қаралған материал қандай?

- Біздің аудиториямыздың басым бөлігі TikTok және Instagram желілерінде жиналған. Telegram және YouTube арналарымыз, өз сайтымыз тағы бар. Оқырман санын толық қоссақ 600 мыңдай болып қалады.

Өзіміз аударып, дыбыстаған дүниелер топ сайтында және Telegram арнамызда жарияланады. Қаралым саны қарқындап өсуде. Ең көп қаралған толықметражды фильм – «Хаулдың жаяу қамалы». Ал TikTok-та ең көп қаралым жинаған «Blue Story» (2019) фильмінің үзіндісі болатын. Оны 4,1 млн адам тамашалаған.

2022 жылдың қараша айында әлемге танымал «Chainsaw man» анимесі жарық көрді. Ол туындының 18+ жас шектеуі болса да, бізде де көп қаралды. Сол танымалдылық толқынынан ажырамай, біз 12 бөлімнен тұратын анимені әр апта сайын жасап отырдық және бұл жобаны 2022 жылдың 31 желтоқсанында толық аяқтадық.

Бұл сала сіздерге кіріс, табыс беріп отыр ма?

- Бұл саланың табысы тікелей тапсырыс көлеміне байланысты. Шығын көп емес, бірақ қазіргі кірісіміз шығысымыздан төмен. Басты себеп – біз өнім бағасын бәсекелік бағалардан төмен қоя алмаймыз, ал егер орташа баға қойсақ, бізге деген сенім де төмендеп кетуі мүмкін.

Негізі, бұл жобада – қаражат көздерінен бұрын жоба мүшелерінің ынтасы маңыздырақ. Алғашқы тоғыз айда біз барлық жұмысты өз күшімізбен тегін жасап, дайын туындыны желілерде жариялап жүрдік. Ең алғашқы әрі ең ірі демеушілеріміздің бірі – Aviasales.kz сервисінің компаниясы болды. Олар ұсынған серіктестік бойынша, біз бұл сервисті өз желілерімізде жарнамалап, белгілі бір көлемде қаралым жинауға септік еттік.

Одан кейінгі қаражаттар қайырымдылық көмек (донаттар) түрінде түсті. Уақыт өте JKS Entertainment компаниясының жетекшісі Қазыбек Бексұлтан өз студияларын бізге тегін қолдануға берді. Содан бері біз өз өнімдерімізді сол студияда жазамыз.

Қазір тапсырыс көп пе?

- Қаражат көзінің бір бөлігі – дыбыстамаға жасалатын тапсырыстардан түседі. Әзірге біз нақты белгіленген бағамен жұмыс істейміз. Яғни, жұмыс құнын минутына, сағатына қарай есептейміз. Минуттық дыбыстамаларды, аудармалармен қоса алғанда, 5000 теңгеге жасаймыз. Ал егер көлемі 25 минуттан асып жатса, бағасын түсіреміз. Техникалық тапсырмаға қарай, баға да өзгереді. Жақында біз жаңа мультфильмнің қазақша дубляжын 600 000 теңге көлемінде краудфандинг жинап, бітірдік. Ол қаражат студияның әртүрлі мақсаттарына кетеді. Мысалы, кәсіби актерларды жалдау, әлеуметтік желілерде жарнамаға тапсырыс беру, сайтымыздың хостингін ұзарту, студияға қажетті құралдар мен жабдықтарды сатып алу деген сияқты. Ал қаралымнан ақша түспейді.

Жеке студия ашу жоспарларыңыз бар екен, оған не қажет?

- Иә, біз өзіміздің жаңадан салынған жеке студиямыздың болғанын қалаймыз және қазір демеуші іздеп жүрміз. Бізге қызығушылық танытқандар көп болды, бірақ кездесулер бәрібір нәтижесіз аяқталды. Болашақта тапсырыстар қабылдай отырып, қаражатты өз күшімізбен жинасақ деген де жоспар бар. Бірақ бұл ұзаққа созылуы мүмкін, себебі жақсы дубляж студиясының капиталы 10 млн теңгеден асады. Әрине, біз мұндай соманы толығымен демеушіден сұрап отырған жоқпыз...

Әзірге басты жанашырларымыз да, демеушілеріміз де – көрермендер. Олар бізге донат түрінде қолдау көрсетуде, әркім өз қалауынша көмек жібереді. Бірақ біз дубляж материалдарын сатпаймыз, олардың барлығы ортақ желіде қалады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить