Қаржы саласының маманы Мәдина Құрманбаева Ла-Маншты қалай бағындырды?

7213

«Ағылшын Эвересті» оның кәсібі мен жұмысына қалай ықпал етті?

ФОТО: жеке архив

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген қазақстандық триатлоншы, Ironman, «Iron Moms KZ» командасының мүшесі Мәдина Құрманбаева айтып берді.

F: Мәдина, алдымен өзіңіз туралы айтып өтіңізші. Сіз қайда дүниеге келдіңіз, қайда оқыдыңыз?

- Мен Алматыда туып өстім. Қазақ Ұлттық университетінде механика және қолданбалы математика факультетінде оқыдым. Ал одан кейін Еуропа Орталық университетіне түсіп, экономика магистрі атандым.

F: Сіздің мамандығыңыз қаржыгер екен. Қандай компанияларда қызмет еттіңіз?

- Иә, мен негізінен қаржы компанияларында қызмет еттім. Олардың ішінде АБН АМРО банкінің Алматыдағы, Мәскеу мен Лондондағы инвестициялық бөлімдері, Делойт компаниясының корпоративтік қаржыландыру және операциялық консалтинг қызметі болды. Осыдан кейін ірі өндіріс орындарының бірінде қаржылық бақылаушы міндетін атқадым. АССА-ның сертификатталған есепшісімін. Бүгінгі күні консалтингпен айналысамын. Ал кешкісін жаттықтырушы болып істеймін, балаларды жүзуге үйретемін.

F: Ал сіз өзіңіз қай кезден бастап жүзумен айналыстыңыз? Бұған дейін қандай қашықтықтарды бағындырдыңыз?

- Мен өзім жүзуді осыдан 10 жыл бұрын бастадым. Алматыдағы Фиделити спорт клубында жаттықтым. Алғашында қызымды апарып жүрдім, содан өзім қатыса бастадым. Өйткені күндердің бір күнінде маған клубтың нұсқаушылары қызыңызбен бірге өзіңіздің де бірге үйренгеніңіз жөн болар деген идея берді. Көп ұзамай бапкерге жазылып, жүзуді бастап кеттім. Осылай малтудың алғашқы ережелерін меңгеріп, суда демалу мен дем шығарудың әдістерін үйрене бастадым. Менің дағдыларым уақыт өткен сайын жақсара берді, көп ұзамай сенім пайда болды, ал араға уақыт салып жүзу бойынша түрлі жарыстарға және триатлон бәсекелеріне қатыстым. Солардың ішінде мен үшін ерекше есте қалған және ең керемет сынақ 2019 жылы Қырғызстанның Ыстықкөлінде болды. Мен онда ұзақтығы 15 шақырымды гидрокостюмыз жүзіп өттім. Яғни, көлді арғы бетінен бастап, бергі жағалауына дейін еңсердім. Онда Қазақстан, Қырғызстан, Ресейден 22 спортшы қатысты. Жалпы Ыстықкөлдің суы керемет, микроклиматы ерекше, онда мұзқықтардан бастау алатын 80 шағын өзен құйылады. Ал оның тереңдігі 702 метрге дейін жететінін кейін білдім.

F: Неге Ла-Манш? Сіз бұл сынға қанша уақыт дайындалдыңыз?

- 2019 жылы мен құрбыларыммен бірге Enduroman А2А аталатын ультратриатлон эстафетасына қатыстым. Бұл Лондон мен Париж аралығын қамтыған жарыс еді. Бәсекенің бір бөлігі Ла-Манш (English channel) арқылы өтті. Сол эстафетаға дайындық барысында маған осы бір бағытты неге жалғыз жүзіп өтпеске деген ой келді. Ал бұған дейін мен Ironman және XTri Wales экстрим сериясының үш бірдей ұзақ триатлонын еңсеріп үлгерген едім. Одан бөлек өзге де бағыттарды бағындырдым, олардың ұзақтығы қысқалау болды. Сондықтан дайындық пен төзімділік деңгейі жоғары болды. Қысқасы жан-жақты әзір болдым. Ал Ла-Маншқа деген дайындық жұмыстарына 2 жыл уақыт кетті. Бұл үшін Англияға аттанып, карантин алдында Ұлыбртанияда жаттықтым. Алайда пандемия кезінде бірқатар қиындықтармен бетпе-бет келдім. Себебі жаттығудың басым бөлігі негізінен бассейінде пысықтаулуы тиіс еді. Бұлшықет төзімділігін арттыру, күштік және жылдамдық техникаларын осылай меңгеру қажет. Алайда карантинде Англиядағы бассейндердің бәрі жабық болды, жұмыс істемеді. Сондықтан жаттығу барысында тактиканы қайта құрып, өзгертіп отыруға мәжбүр болдым. Мен негізінен күштік жаттығулармен айналыстым, жүгірдім, мүмкіндігінше жүзуге тырыстым, дененің суға деген сезімін жоғалтпау үшін және суыққа үйрету үшін теңізде немесе өзендерде жүзуге тырыстым.

F: Сіз Ла-Маншқа қай күні, қай кезде шықтыңыз? Жүзу уақыты қаншаға созылды? Қаншалықты қиын болды? Не ойладыңыз?

- Бұл 2021 жылдың 19 қыркүйегі болатын. Сөре ағылшын жағалауындағы Довер қаласының батысынан басталды. Менімен бірге бір ресми бақылаушы және олардың екі көмекшісі (2 пилот) шағын қайықпен (кішкентай балық аулайтын қайық) қатар жүзіп отырды. Мені қолдауға Алматыдан құрбыларым келу керек еді. Бірақ пандемия мен логистикалық қиындықтарға байланысты олар онда жете алмады. Сондықтан менің жанымда жергілікті, яғни Англиядағы екі досым еріп жүрді. Олар кезінде Ла-Маншты жүзіп өткен және осындай өзге де әлемдік әрі әйгілі бәсекелерде бақтарын сынаған жандар. Олардың тәжірибесі өте мол, осындай сындарда сенімді серік бола алады. Ал олардың мақсаты -жүзушінің жалпы денсаулығын қадағалау, жүзу барысында тамақтандыру. Олар өз міндетін әзіл-қалжыңмен өте керемет орындап шықты. Сондықтан мен оларға өте ризамын! Ал Ла-Маншты жүзіп өтуге 16 сағат 54 минут кетті. Мен өз миссиямды таңертең бастап, түнгі сағат екіде Кале портының шығысында аяқтадым. Ал мен еңсерген аралық тікелей алғанда 46 шақырым болды. Қатты ағыстың, ауыспалы толқындардың салдарынан бағыттың траекториясы әдеттегіден ұзақтау болады, себебі толассыз тербелген су бағдарыңызды әрбір алты сағат сайын өзгертіп отырады. Әрине, бұндай ұзақ бағытта көп нәрсені ойлауға болады, оған уақыт жетеді. Бірақ нақты бір мәселеге қатысты ой қорыту қиын. Әрине, түрлі ой келеді, бірақ олардың бәрі бір сәтте көкейден шығып кете береді.

F: Сізде кері қайту, жүзуді тоқтату туралы ойлар болған жоқ па?

- Әрине, әртүрлі ой келеді. Бір айта кетері бұл кезде ми бір нәрсені ғана меңзейді. Бұл-қалай да сылтау тауып, жүзуді тоқтатып, қайыққа міну. Өйткені суық және тұзды суда ұзақ болу, кейде толқынға қарсы жүзу оңай емес. Адам ағзасы бұндай ортаға, жайсыз құбылыстарға арналмаған. Сондықтан ми қызметі осы бір қиын сыннан құтылу үшін және жүзуді тезірек тоқтату үшін түрлі ойларға жетелейді. Жалпы марафондық жүзулердегі нәтиженің 20% физикалық дайындыққа, ал қалған 80% ой мен санаға тікелей байланысты деп бекер айтпаса керек.

F: Сол күні Ла-Манштағы ауа-райы қандай болды? Судың темпиратурасы қаншалықты төмен болды?

- Күн райы 16 сағат бойы өзгеріп отырды. Ал осы аралықта күн шығып, аспан бұлттанып, бірде жел, бірде толқын, бірде жаңбыр жауды, енді бірде су айдыны тынышталып, айнала шуақтанып шыға келді. Судың темпиратурасы 17-18 градус болды. Ал түнде суық және көңіл көншітпейтін көрініс қалыптасты. Мысалы қатты шайқаған кезде бірнеше рет жүрек айныды. Оның үстіне мен екі рет уақытында тамақтана алмадым. Тек су ішумен болдым және осылайша өз-өзіме келдім. Әсіресе, соңғы 3-4 сағатта қиын болды. Өйткені Франция жағалауына тезірек жету үшін жүзуді жылдамдату керек болды. Олай болмағанда уақыт өткен сайын күшейген ағыс бізді Солтүстік теңізге қарай алып кетуі мүмкін еді.

F: Жүзудің тәртібі мен ережесі қандай? Ұйымдастырушылар кімдер? Сіз қалай тіркелдіңіз, Қазақстаннан келесі кім болуы мүмкін?

- Дәстүрлі жүзуді ұйымдастырумен екі мекеме айналысады. Бұл -CSPF (Channel Swimming and Piloting Federation) және CSA (Channel Swimming Association) компаниялары. Олар тіркеумен айналысады, медициналық тестілеудің нәтижесін тексереді, біліктілік талаптарына (15,5 градус суда 6 сағат жүзу) қаншалықты сай екеніне көз жеткізеді. Тек осыдан кейін ғана ресми бақылаушыны бекітіп, белгіленген пилоттармен жүзуді бақылайды. Ресми байқаушы өз кезегінде жүзудің хроникасын жазып, тиісті әрі негізгі талаптардың орындалуын қадағалап отырады. Мысалыға, жүзушіде тек резиналы бас киім, очки және суға түсуге арналған іш киім ғана болуы тиіс. Сонымен қатар жүзу барысында қайыққа қол тигізуге болмайды. Ал Қазақстаннан келесі кім болуы мүмкін деген сауалға әзірге жауап бере алмаймын. Өйткені кімнің дайындалып жатқанынан бейхабармын. Дегенмен, келесі кандидат жуық арада белгілі болатынына сенімдімін. Себебі қазіргі күні әлемде ашық суда жүзушілер қатары күн санап артып келеді және оның ішінде Қазақстан да бар.

F: Ла-Маншты жүзіп өту үшін қандай да бір қаражат қажет пе? Жалпы бұл атақ сізге не берді?

- Иә, жүзуге тіркелу мен саған серік болатын қайықты жалға алу үшін 3000-3500 фунт стерлинг қажет. Ал көлік, тамақтану, тұратын жердің ақысын өзің көтересің. Мен бұл жетістігімді ерекше мақтан тұтамын. Дайындығыма, нәтижеме, өзіме сенгеніме өте ризамын. Өйткені Ла-Манш- жүзу марафонының «Эвересті» саналады және оны кез келген бағындыра бермейді. Иә, бұл миссия менің кәсібіме ықпалын тигізді. Бұл тәжірибені өмірде қолдануға тырысамын. Бастысы-кез келген істе сенім пайда болады. Әрине, биік мақсаттар көп, бірақ оларға бірден жету мүмкін емес. Ең бастысы-көп ойлана бермей, біртіндеп әрекет ету керек, олай болса тау қопаруға болады. Ал мен ең алдымен маған қолдау білдірген отбасыма, достарыма алғыс білдіргім келеді. Онсыз бұл межеге жету мүмкін болмас еді.

F: Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз. Алдағы жоспарыңыз қандай?

- Менің жолдасым бар. Біз қазір екі бала тәрбиелеп отырмыз. Үлкені университетті тәмамдауда, екіншісі жоғарғы сыныпта оқиды. Олардың әрқайсының шығармашылық және спорттық қызығушылықтары бар.

Менде қазір нақты марафондық жоспар жоқ. Әзірге жүзу техникасы мен жылдамдықты пысықтау керек. Мүмкіндігінше достарыммен велосапарларға шығуды жалғастырып, трейлде жүгіретін шығармын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить