Альмира Тұрсын: Томирис сын сәттерден сүрінбей өтуге жігер береді

56072

Режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмінде әйгілі сақ патшайымы Тұмардың рөлін сомдаған Альмира Тұрсын Forbes.kz сұрақтарына жауап беріп, ұлттық кино, қазақи менталитет және адамның тұлға ретінде өзін-өзі дамытып, шыңдау жолдары туралы пікір бөлісті...

ФОТО: © Альмира Тұрсынның өз архивінен

«Томирис» картинасы туралы әркім әртүрлі пікір айтады, дегенмен басты рөлде ойнаған Альмира Тұрсынның шеберлігін көпшілік қауым жоғары бағалады. Кәсіби актриса болмаса да, Альмира өзіне жүктелген міндетті кіршіксіз орындап, қазақ көрерменінің көзайымы атанды. Кейін ол Ақан Сатаевтың «Боксшы» фильміне сценарий жазғанын да білеміз. Кино әлеміне Альмира Тұрсын коучинг саласынан келген болатын, бұл саладағы кәсіби ізденісін ол бүгін де жалғастыруда.

Бұйырса, жұлдыз да бола аласыз

F: Альмира, естуімізше Томирис рөлін сомдауға 15 мыңдай үміткер қатысыпты. Іріктеу жайында Сіз кімнен естідіңіз?

- Негізі, мен де кішкентайымнан актриса болуды армандаған қыздардың бірімін (күледі). Бала кезімде әртүрлі кастингтерге шақырылдым. Бірақ бәрібір реті келмеді – кейде ұсынылған жоба маған ұнамайды, кейде кейіпкер талабына мен сай емеспін. Ал «Томирис» картинасының кастинг директоры Жайна Абдиева маған инстаграмға хат жазып, ұсыныс жасағанда көңілім кәдімгідей селт етті. Томирис өзімді тәнті еткен ерекше тұлға, сол себепті де мен кастингке қатысып, сынақтан өткенді жөн көрдім. Бұл шынында да «халықтық кастинг» деуге тұратын іріктеу еді, оған кино саласына қатысы жоқ көптеген қыз-келіншектер келді – спортшылар, дизайнерлер, студент қыздар, үй шаруасындағы әйелдер... Сол күні менің жолым болды: түр-сипатым режиссер мен кино тобының ұстанымына сай шығып, «типаж» тұрғысында мен Томиристің образын сомдауға жақындау болдым. Көріп отырсыздар, бұйырған болса, ойламаған жерден кино әлеміне тап болып, жұлдыз атану да мүмкін екен. Ең бастысы, өз-өзіңе сенім артып, қолыңнан келгенді аяғына дейін жеткізе білу, айталық – кино индустриясына кірігем десең, онда бұл саладағы жаңалықтарды қалт жібермей, кастингтерге қатысуды, сауалнама толтырып, киностудияға жіберуді ескеру керек. Мүмкіндіктер әр салада бар, ең бастысы, талпыныстан бас тартпау.

ФОТО: © Альмира Тұрсынның өз архивінен

F: Түсірілім барысында қиналған кездеріңіз болды ма?

- Рөлді сомдау алдында көп оқып, ізденіп, жан-жақты дайындалуға тура келді. Бұған дейін Томирис жайында естіп, білгенім мектеп қабырғасындағы мәліметтерге негізделген-ді. Ал түсірілім алдында барынша жаттығып, әртүрлі эксперименттерге барып, образ сомдаудың қыр-сырын байқап көрдім. Әрине, бұл тұрғыда команда тарапынан көп қолдау болды. Қалай дегенмен, мен үшін бұл алғашқы рөл, оңай болды деп айта алмаймын. Томирис – жауынгер елдің патшайымы, сондықтан да кадр алдында орындалатын міндеттердің біразы физикалық күш-жігерді талап етті. Бұл тұрғыда біраз жаттығып, тер төгу керек болды.

F: Томиристің образын өзіңіз қалай түсіндіңіз, қалай елестеттіңіз?

- Әу баста мен үшін Томирис ерік-жігері мықты әйел, елін, жерін пір тұтып, халық бостандығы үшін барын салуға әзір жауынгер, патшайым болатын. Фильмде дәл осы образды сомдауға тырыстым, бірақ жұмыс барысында оның мінез-құлқы мен ойлағаннан да күрделі екенін анық түсіндім. Біз Томиристі тек жауынгер ретінде ғана емес, әкесінің қызы ретінде де, ұлына қамқор ана ретінде де, ерін сүйген әйел ретінде де көрсетуге тырыстық. Жақындары үшін ол ештеңеден тартынбайды. Өмір жолында кездескен небір қиын сәттер оны күшті де қайратты, тіпті, қатал болуға мәжбүр етті. Таңдау жасауға тура келетін сәттер кез келген әйелдің өмірінде болуы ықтимал: ол морт сынып, өмірден түңілуі де мүмкін немесе өткен сыннан сабақ алып, әрі қарай нық басып аттанады. Ата-анасынан сәби кезінде айырылған Томирис, кейін жары мен ұлын өз қолымен жерлейді. Фильмнің соңында ол әйел ретінде жалғыз қалғанымен, патшайым ретінде елі бар, халқы бар, ол өз жерінің, елінің бостандығы үшін күресіп, жауын тізе бүктіруге дайын. Томиристің образы маған сын сәттерден сүрінбей өтіп, сенімнен арылмауға көмектеседі.

«Әрине, мен көріпкел емеспін...»

F: Кинодан тыс карьераңызда коучинг саласын таңдапсыз. Кәсіби тұрғыдағы бүгінгі жоспарларыңыз қандай?

- Университетте «Менеджмент және бизнес» мамандығын таңдағанмын, кейін Мәскеу мемлекеттік университетінде МВА бағытында оқып, «Адами ресурстарды басқару мамандығы бойынша» білім алдым. Бұдан кейін Халықаралық Эриксон университетінде коуч дәрежесі бойынша біліктілігімді шыңдауға мән бердім. Бүгінде мені қызықтыратын басты тақырып – адамдардың бойындағы дарын, талант, қабілет сынды қасиеттерді ашып, дұрыс мамандық тыңдауға ықпал ету. Қазір мен тәжірибелі коуч, яғни жаттықтырушы және мансаптық жетекшімін. Бұл мамандықты таңдауыма, кезінде, маған осы тұрғыда ақыл айтып, жол сілтейтін мамандардың болмағаны ықпал етсе керек. Меніңше, өмірден өз орнын таба білген адам – отбасына да, жүрген ортасына да, қоғамға да пайдасы тиіп, өзін бақытты сезінеді.

ФОТО: © Альмира Тұрсынның өз архивінен

F: Сізден бағыт-бағдар сұрап келетіндер кімдер? Олардың өтініш-ұстанымы қандай? 

- Мен ересектермен де, 8 сыныптағы және одан жоғары жастағы жеткіншектермен де жұмыс істеймін. Бірақ ізденушілердің басым көпшілігі – 70%-дайы өз өмірін өзгертіп, жаңа салаларды игерсем, балама жолдарға шықсам деген ересектер. Бала бағып, демалыста отырған әйелдер көп келеді, олар жаңа тәлім алып, жаңа кәсіп түрін игеруді мақсат етеді. Сол сияқты, бір салада біраз жыл бойы жұмыс істеп, әбден жалыққан, шаршаған адамдар да кездеседі, әдетте, олар мансап жолындағы жаңа мүмкіндіктерге иек артады. Жаһандық пандемия жария етілген тұста жұмыс көбейді: жұрттың бірқатары қалыпты өмірден тыс қалып, фрилансқа бейімделе алмай жатты, тағы біреулері жұмыссыз қалып, депрессияға бой берді. Көмек іздегендер көп болды. Тіпті, зейнет жасындағы кісілер де келіп, өз өмірін өзгертуге бел буғандарын айтып жатты, олар жаңа өмірде күш-қуат беретін жаңа кәсіппен шұғылданғысы келді. Маған осындай ұстанымдар қатты ұнады, яғни ол кісілер өмірден түңіліп, отырып қалмай, жаңа белестерді бағындырып, игеруге дайын деген сөз. Байқағаным – адам бір нәрсені шын ықыласпен, жан-тәнімен істеп, құлшынып жатса, артынша оған табыс та келе бастайды. Яғни, ақшалай қолдау өз-өзімен келіп жатады.

F: Қалай ойлайсыз, кез келген адам өз өмірінде жаңа жол, жаңа бағыт таба ала ма?

- Бұл арада нәтиже ғана емес, процесс те маңызды. Мен, тіпті, көріпкел болып, клиентке: сен түбі хирург боласың десем де, оған бәрібір уақыт пен тәжірибе керек, ол бұған, ең алдымен, өзі сеніп, өзі талпынуы керек. Ол өмірдің әр соқпағы мен белесіндегі талаптарды өзі байқап, еңсеріп, өмірдің ащысы мен тәттісін ажыратып, таңдау жасауы тиіс. Оның ішінде қателік те жеңіліс те болады, солардың бәрін өз көзімен көріп, дәмін татуға тура келеді. Онсыз болмайды.

Әлбетте, жұмыс барысында мен де ізденіп, білгенімді шыңдауға мән беремін. Өткізетін сессияларым тиімді де әсерлі болғанын қалаймын. Алдыма келген кісінің болмысын танып-біліп, оған лайық бағыт-бағдар іздеуге тырысамын. Бұл өте қызықты да күрделі процесс.

ФОТО: © Альмира Тұрсынның өз архивінен

F: Тhe Secret of a Leader («Тұлға ретінде өсу тренингі») атты отандық фильмді тамашалаған шығарсыз? Осы тақырыпқа жақын дейтін қандай картиналарды атап өтер едіңіз?

- «Тренинг личностного роста» – ия, әрине, Фархат Шариповтың шығармашылығы маған қатты ұнайды, ол, әдетте, бұған дейін ешкім бара қоймаған, тың тақырыптарды іздеп тауып, оларды тереңнен зерттейді. Ал адамның өзін-өзі іздеп, тануына септік ететін фильмдер дегенде, мен Disney мен Pixar компанияларының мультфильмдерін мысал етер едім. Айталық, Soul («Душа») мультфильмі – ол бұл өмірде өз орнын таба білу не себепті маңызды деген сұраққа жауап іздейді. Сол сияқты, Zootopia – «Зверополис» мультфильмі. Мен үшін тағы бір мықты туынды – Винсент Уордтың What Dreams May Come («Куда приводят мечты») картинасы, ол армандай білу адам үшін маңызды дегенді түсіндіріп береді.

F: Ал отандық режиссерлердің картиналарынан?

- Қазақстандық режиссерлердің ішінде, әрине, Ақан Сатаевтың «Адасқандарын» атап айтар едім. Бұл философиялық тұрғыда өте терең, адамға ой салатын картина. Ал «Анаға жол» фильмінен кейін, өз басым, анамды қатты құшақтап, оған мың алғыс айтқым келеді. Жас режиссерлердің ішінде Кана Бейсековтың «Ұстаз» атты деректі фильмі қатты әсер етті: өте мықты оқиға әрі әдемі түсірілген. Көпшілік көңіл бөле бермейтін қарапайым нәрседен режиссер терең мағына, тұңғиық ой таба білген. Керемет! Әділхан Ержановтың жұмыстары ұнайды, оның «Черный-черный человек» атты артхаустық туындысы кезінде Рашид Нұғмановтың «Инесі» іспетті культ деңгейіндегі фильм.

ФОТО: © Альмира Тұрсынның өз архивінен

F: Сізден кеңес алуға келіп жататын әйелдерге, қыз-келіншектерге қарап, коуч ретінде, актриса ретінде өзіндік түйін жасаған шығарсыз. Айталық, біздің қыздарға тән басты ерекшелік қандай, қазақ қыздарының бойындағы ұлттық болмыстың мәні неде деп ойлайсыз?

- Біздің қыздарға, әйелдерге қарап, кейде таңғаламын, олардың бойындағы күш-жігер дегеніңіз ұшан-теңіз. Кейде оларды Томириске ұқсатам: сырттай нәзік, іштей қайратты, махаббатқа деген сенімдері мол, бойларында өзіндік бір мызғымас күш өзегі бар. Бұл оларға қиын сәттерде ерекше жігер беріп, алға тартады. Біздің қыз-келіншектерге тән тағы бір мықты қасиет – олар өмірдің барлық талабына үлгеріп, бәрін де тыңғылықтай етіп жасай алады – үйде де, жұмыста да, отбасында да, әлеуметтік ортада да. Қазақша айтқанда, бесікті де тербетіп, әлемді де дөңгелетіп. Оның сыртында, өмірге деген құлшыныстары бір бөлек, ал бұл кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шығыс қыздарына тән тәлім-тәрбие деген осы шығар, кім білсін...

Алима Амантай

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить