Гүлмамыр Нұржан: Дизайн – тұтас ғылым, онда бір емес, бірнеше ғылым тоғысқан

15027

Киім индустриясынан үй интерьеріне бет бұрған жас дизайнер өз командасын қалай қалыптастырды

Дизайн  саласында бастапқы капиталсыз кәсіп ашу мүмкін бе, қазіргі күні безендірудің қандай түрлері трендте, таңдау қалай жасалады, талғам қалай өзгеруде, ұлттық стильге деген сұраныс қандай? Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген «Gulmamyr design» компаниясының директоры Гүлмамыр Нұржан айтып береді.

F: Гүлмамыр,  сіз киім дизайнері мамандығы бойынша білім алған екенсіз, ал интерьер дизайнымен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды? Кәсіп қалай және неден басталды?

- Менің интерьер дизайнымен кәсіби тұрғыда айналысып жүргеніме 5 жылдай болды, бірақ алғашқы кірпіші балалық шақта қаланды. Әкем Светқали Нұржан (Айт-Ман) – алты алашқа танылған ақын, шежіреші. Анам Бибайша Ілиясқызы— филология ғылымдарының докторы, академик Рабиға Сыздықтың төл шәкірті, ғалым. Балалық шағымыз Каспийдің жағасында, әулиелер орманы дерлік өлке Маңғыстауда өтті. Әке-шешем әдебиет пен өнердің төл адамдары болғандықтан, үйімізде қазақтың бір туар азаматтары Әбіш Кекілбай, Фариза Оңғарсынова сынды алыптар дәм тататын. Өскен ортамыз ән-күй, жыр, рухани әңгімелерге толы күндермен бай болғандықтан, біздің қалыптасуымызға орасан зор үлесін қосты дей аламын. Сондықтан болар, айналамды көркем дүниелермен толтырғым келетін. Сұлулық іздейтінмін де, әр дүниеден сұлулық көретінмін де. Осылай дизайн саласына келдім.

F: Бұл істі бастау үшін ең алдымен не қажет, не маңызды болды? Бизнес жоспар қалай пайда болды?

- Кез келген іс арманнан басталады, сосын мақсатқа ұласады. Адам мақсатты алға тартып талаптанады, сосын бәрі еңбекке ұласады. Солай мен де сүйген ісімді бастап кеттім. Алғашқы тапсырысым – 500 шаршы метрлік бала-бақша өте үздік жасалып шыққасын, өзіме сенімділігім арта түсті. Келесі тапсырыстарды іздеу мақсатында әлеуметтік желіге хабарландырулар қалдырып жүрдім. Сол кездегі жазбаларымды оқысам, әлі күлкім келеді, «өз ісін қатты сүйетін дизайнер тапсырыс қабылдауда» деген сынды сөздерден құралған. «Неге адамдар мені білмейді, білсе керемет қылып әрлеп берер ем үйлерін» деп қатты қынжылатынмын. Адамдар білу үшін көп тәжірибе жинап, жұмысыңды көрсете білу керек екенін сосын түсіндім. Сөйтіп, хабарландыруым канадалық компанияның көзіне түсті бір күні. Көрсеткен қызметімнің тапсырыс берушімнің көңілінен шыққаны сонша, маған бизнес саласында кеңестер бере бастады. «Дизайнер көп, бірақ бәрі де адам жанын тез ұғынып, оған керегін жасақтап бере білмейді. Тез арада команда жинап, студияңды аш»- деді. Кевин мырза жолдасым Бауыржан екеумізге әр апта сайын тапсырма беріп, соны біз қорғап, тапсырып отырдық. Осылайша, Канадалық миллионердің кеңестері компаниямыздың іргетасының қалануына, принциптерінің жасалуына орасан зор үлесін қосты.

F: Бастапқы қаржыны талап етті ме? Болса алғашқы қаржы көлемі қандай болды? Жеке капиталыңыз болды ма, әлде несие алдыңыз ба?

- Дизайн – көпшіліктің қолы жете бермейтін қымбат қызмет түрі болғандықтан, компания ашуда да қомақты қаражатты талап етеді. Бірақ ондай мүмкіндік бізде болмағандықтан бәрін 0-ден бастадық. Кеңсеміз – үй, кездесу ұйымдастыратын конференц залдарымыз – үйдің жанындағы мейрамхана, дәмханалар болды. Ең маңызды жұмыс құралым – танысымның үйін жасап, бартерге алған компьютерім, ең жақын көмекшім – кішкентай 3 жасар ұлым болды. Екеуіміз  жаздың шырқыраған шілдесі мен қыстың сақылдаған сары аязында бірде жаяу, бірде қоғамдық көліктермен жүріп,  талай құрылыстар мен базар,  дүкендердің табалдырығын тоздыратынбыз.

Ал қазіргі таңда мігірсіз еңбектің арқасында капитал жинап, компаниямыздың дамуына шынымен де қомақты қаражат жұмсаудамыз. Кез-келген капитал дұрыс жерге жұмсалса ғана ақталады. Неше жыл төккен маңдай теріміз жиналған қаражаттармен ақталса, қазіргі инвестициямыз болашағымыздың капиталы болмақ.

F: Командаңызда қанша адам бар? Олардың міндеті қандай? Ұжым қалай қалыптасты? Жұмыс қалай жүйеленген?

Қазіргі таңда 10-нан аса адам жұмыс жасайды, қосымша қызметтеріне жүгінетін мамандарды санамағанда. Компания республикамыздың үлкен-үлкен қалаларында тұратын сұлулыққа жаны құмар  адамдардың отбасымен  берекелі өмір сүруі үшін  күні-түні еңбек етуде. Команданың әр мүшесінің өз қызметтері бар: 3D визуализаторлар, архитекторлар, жоба және кеңсе менеджерлері сияқты мамандардан жасақталған. Ұжым бірте-бірте қалыптасты. Бір бағытта ойлайтын серіктестерімді табу тез болмаса да, табысты болды. Барлығы уақытпен, жұмыстағы қиын кездермен сыналып, жанымда қалған мамандар. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласының бас көшесінде компаниямыздың киелі мекені – 160 шаршы метрлі студиямыз, кеңсеміз орналасқан. Жұмыс жүйелі болу үшін ең басты критерий ыңғайлы, әдемі, команданың әр мүшесіне шабыт сыйлай алатын кеңсенің болуы. Бұл тарапта басшы ретінде өз міндетімді атқардым деп ойлаймын. Жұмыс конвеер секілді дамылсыз дөңгеленіп жүре береді. Жоба кеңсеге түскеннен бастап, әр маман өз қызметтерін бөліп алып, келесі маманға табыстайды. Жұмысымызды жүйелеуде әлі де ізденістеміз, сапалы қызмет көрсету үшін ол ізденісті ешқашан тоқтатпаймыз.

F: Сіздердің клиенттеріңіз кімдер? Жалпы қандай нысандарда жұмыс істейсіздер? Бұл негізінен жекелеген үйлер ме, әлде үлкен ғимараттар, жоқ әлде  кеңселер ме?

- Біздің тапсырыс берушілеріміз белгілі қаржылық дәрежеге, үлкен жетістіктерге жеткен азамат пен азаматшалар. Тәжірибемізде кеңсе, мейрамхана, дәмхана, сән және СПА салондары, мектеп, шығармашылық орталықтары, бала-бақша және жекеленген пәтер мен үйлер әсемделіп-әрленді. Бірақ өз табиғатым отбасының жайлылығын жақсартуға көбірек күш салғым келетіндіктен, негізінен, тұрғын пәтерлерді сәндегім келеді.

F: Сіздерге идея қалай келеді? Жоспарлау, жобалау, безендіру бойынша өздеріңіздің алдын ала дайындаған үлгілеріңіз бар ма, әлде  олар тапсырысқа байланысты әзірлене ме?

- Алдын-ала үлгі жасалмайды, анкетадағы сұрақтардан басқа (оның өзі қойылған талаптарға сай өзгеріп отырады). Бәрі әр жобаның, әр тапсырыс берушінің ерекешеліктерін ескере отыра арнайы дайындалады. Ал идея, шабыт ізденістер мен тәжірибеден туындайды. Көп білім жинау, әдемі жерлерді аралау, тарихи қазынасы бар орындарға бару – соның бәрі де қажет.

F: Дизайн өнері өз алдына бір үлкен ғылым деп жатады.  Олай болса сіз бұл саланы қаншалықты меңгердіңіз, оның  әлем нарығындағы, Қазақстандаңы  беталысы қандай?

- Дизайн өте ежелгі ғылым түрі. Оның ежелгілігі көне шумер-аккад заманынан жеткен сына жазулардан да белгілі. Маңғыстаудан шыққан өте танымал ғалым, ұлттық дизайнның негізін қалаушы, таңбатанушы Тайжан Досан: «Графикалық тілдердегі эзотерикалық ақпараттың негізінде, Руналық концепцияның үлгісімен біз Дизайнның иләһи сипатын анықтадық. Басқаша айтқанда, Құдай - бұл ұлы Дизайнер. Сондықтан да Дизайн сөзінің түп мағынасы - Жасаушы (Жасампаз) дегенді білдіреді», – деп, дизайнерліктің Әлімсақтан келе жатқан Жасампаз өнер екендігін дәл көрсеткен.

Дизайн – тұтас ғылым, онда бір емес бірнеше ғылым тоғысқан! Психология, физика, геометрия, математика, астрология, менеджмент, тағысын тағы. Тек қияли суретші болу жеткіліксіз бұл салада. Барлық қырынан жетік болуыңыз керек! Дизайнды әдемі сурет деп шатастырады көбі. Әдемі суретті әдемі қылып шығару үшін адамның жан-дүниесін зерттеу керек. Тұтынушының жүрегіне жол табатын кілтті таба білу керек, мықты психолог болу қажет. Ол әдемі суретті жүзеге асыру үшін әр бөлшегін есептеу керек, математика. Сызбасын сызу керек, миллиметрлеп, бұл  – архитектура. Әдемі бұйымның шын өмірде жасалу технологиясын білу керек, құрылыстағы барлық қатысушы мамандарды ұйымдастыра білу керек, бұл дегеніңіз – менеджмент, айта берсе көп. Қалай болғанда да дизайнды меңгеру үшін  көп саладан хабардар болған абзал.

F: Қазір қандай интерьер, безендірудің қандай түрлері трендте? Азаматтар, тапсырыс берушілер неге мән береді?

- Киім индустриясында қандай түс, қандай бұйым сәнде болса, ол тенденция міндетті түрде интерьер әлемінде жалғасын табады. Жыл сайын Миланда өтетін I Saloni көрмесі – әлемнің әр бұрышынан келген дизайн саласындағы әр және мамандық иелеріне келер жылдағы тенденциялардың бағытын анықтап беретін ең ірі іс шара. Сол жерден барлығымыз идея, білім, шабыт келер жылға бағыт алып келеміз. Соңғы жылдары безендіру материалдарынан алтын, ағаш, мәрмәр тастары сұраныста және жұмсақ линия, қанық түстер, домаланған пішіндер көп қолданылады. Жалпы, белгілі таза 1 стильден гөрі, аралас стильде жұмыс жасау трендке айналған. Мысалы, бұрын үйлер тек прованс, тек классика стилінде әрленсе, қазір бір үйде нео классика да, ар деко да, лофт, модерн стилдері де бір-бірімен оп-оңай көрші бола алады.

F: Әрбір ұлттың, әрбір елдің дизайнерлері өзінше ерекшеленеді. Олардың әрқайсынан өз дәстүрі мен тарихына сай қолтаңбасын аңғаруға болады? Сіздер ұлттық нақышқа қаншалықты басымдық бересіздер? Ұлттық стилге сұраныс қандай?

- Дизайнға қоршаған орта, өмір салты тұрмақ, әр ұлттың ділі, тіпті табиғаты әсер етеді. Мәселен, Англияның үйлері сол жердің тұманды, қоңырқай ауа-райы тәрізді қою, қараңғы түстерден құралады көбіне. Халқының мінезіне сай байсалды, салмақты, дәстүрлі интерьерлер көп кездеседі онда. Сол сияқты, шведтерде – ашық түстерді басшылыққа алатын скандинавиялық стиль. Олардың байлық, бақуаттылықтан гөрі интерьерлерінде көбіне функционалдылық басым. Америкада американдық классика стиліндегі интерьерлер, Жапония-Кореяда азияттарға тән дәстүрлі интерьерлер басым және хайтек технологияларды көп шығарғандықтан интерьерлері де аса функционалды, ыңғайлы әрі технологияндырылған.

Сол сияқты өз еліміздің де ең басты қасиеттерінің бірі қонақжайлық, ашықтық болғандықтан, молшылықты, байлықты жақсы көретін ұлт болғандықтан, біздің интерьерлеріміздің басым бөлігі кеңшілік, әдемілік, қымбатшылыққа бағытталған. Ал ұлттық нақыштағы интерьерлеріміз өте қанық, ерекше болғандықтан, көп жағдайда, үйдің барлық бөлмесін емес, акцент ретінде бір бөлмесін ғана сол стильде жасақтаймыз.

Сондай-ақ, басында айттым ғой, Маңғыстаудың қызымын деп, ал Маңғыстау бағзы ескерткіштерімен (күмбез, сағаналарымен, саркофак-дольмендерімен, міңгіртас, дікілтастарымен, бәдіз-петроглифтерімен, балбалтастарымен т.б.), ғылымда «адай стилі» деп аталған  ерекше архитектурасымен де әлемге әйгілі. Ондай феномен-құбылыстың сол ғажайып әлемнің арасында өскен менің шығармашылығыма әсер етпеуі мүмкін емес. Ол менің старт алаңым, шабыт әлемім. Болашақта ол әсерлердің қолтаңбамнан көрініс беруі заңды дер едім…

F: Бір нысанның жұмысы шамамен қанша уақыт алады? Бұл неге байланысты?  Осы күнге дейін қанша тапсырыс алдыңыздар, яғни белгілі бір ғимаратты толық бітіріп, келесіне көшесіздер ме, әлде басқалары қатар жасала бере ме?

- Бір нысанның жұмысы 2 айдан, тіпті, 3 жылға дейін созылуы мүмкін. Бәрі де жобаның көлеміне, жұмыстың жүргізілу уақытына байланысты. Әдетте барлығы қатар жүреді, бір жоба бітсе, екіншісі басталып жатады. Жыл он екі ай құрылыс бізде. Осы кезге дейін 50-ден аса жоба жасадық.

F: Сіз үшін бұл сала қаншалықты табысты? Табыс көлемі неге байланысты?

- Біздің атқарылатын жұмысымыз қызмет көрсету саласы болғандықтан, табысымыз жобалардың көлеміне байланысты. Жалпы алғанда, дұрыс ұйымдастырылған интерьер дизайн саласы жоғары рентабельді бизнес түрі болып есептелінеді. Өйткені, біздің ұсынып отырған қызметіміз жоғары интеллектуалдық үлесті, еңбекті талап етеді.

F: 2020 жылы әлемді жайлаған пандемия сіздің жұмысыңызға қаншалықты кері әсерін тигізді? Әлде керісінше, жұмыс одан сайын көбейді ме?

- Әрине пандемияның әсері бүкіл әлемнің әр саласына өзгерістер енгізді. Бізді де айналып өткен жоқ. Құрылыстарымыздың 90%-ы  тоқтады, студияның жұмысы онлайн форматқа көшті. Алдымыз бұлыңғыр болды. Экономика қалай өзгереді, не күтіп тұр бізді деп, біраз дел-сал болдық. Сондықтан, тез арада жедел шешім қабылдауға, процестердің барлығын қайта қарастыруға тура келді.   Карантинде де тынбай еңбектендік. Көп жерлерде тоқырау болып, жұмыстар қысқартылса, бізде керісінше жұмыс бұрынғысынан да үдей түсті. Компаниямызға жаңа мамандар тартумен қатар қызметкерлерімізге жаңа даму мүмкіндіктерін аштық. Себебі, карантиннен соң тұтынушыларымыз жаңа күшпен, тың идеялармен, әр түрлі жеке және бизнес жобалаларын іске қосып, жұмыс қарқынды жүріп кетті.

F: Әрбір күніңіз  қалай басталады?  Қалай өтеді? Уақытты қаншалықты тиімді пайдаланасыз?

- Уақытымды тиімді пайдалануға тырысамын. Әлемде материалдық және рухани құндылықтар бар. Осы екеуін тең дәрежеде сақтай білген жөн. Материалдық құндылықтарды арттыру мақсатында, мысалы бизнес империя жасау жолында жанұя, жақындарымды құрбан қыла алмаймын. Сол үшін әр күн мен үшін маңызды. Әр сағатымды жанұям мен бизнесіме қатар көңіл бөлуге тырысамын.

F: Алдағы жоспарыңыз қандай? Кәсіпті кеңейту ойда бар ма?

- Армандар көп, жоспар да көп. Жобаларымызды жиһаз, декорлармен қамтамасыз ететін шағын шоу-рум жасағымыз келеді. Және интерьерлеріміздің сапасын, ауқымын арттырғымыз келеді. Ал алыс жоспарларымыз одан да үлкен, одан да ауқымды. Ол туралы уақытында біле жатарсыздар.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить