Ержан Жаменкеев: «HasSak» тобы өз елімізден қарағанда әлем елдерінде жақсы танымал

15560

Қазақстандық этнофольклорлық ансамбль халықаралық байқауларда қалай топ жарды, олар қалай танылды

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне «HasSak» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Ержан Жаменкеев айтып береді.

F: Ержан, ең алдымен топтың қалай құрылғаны туралы айтып өтсеңіз. Ансамбль қалай және қай кезде негізін қалады?

- «HasSak» этно-фольклорлық тобы ресми түрде 2013 жылы  өз жұмысын бастады. Оған дейін, 2010 жылы «Сақ» деген этно-ансамбль болды, бірақ оның бағыты эстрадамен аралас болатын. Топқа мен жетекшілік еттім, ансамбль әнші Майра Ілиясова демеушілгімен істеді. Құрамында Мөлдір Ербол, Жадыра Мүсірепова деген екі қыз болды, бірақ 2013 жылға қарай «Сақ» тобы жұмысын тоқтатқандықтан, жобаны өзім қолға алып, екі қызбен және сырттан тағы жігіттер алып, бес адамнан тұратын ұжыммен тәуелсіз топ ретінде жұмыс бастадық. Міне, жеті жылден бері табысты еңбек етіп келеміз, жетістіктеріміз өте көп. Ал ерекшелігіне келетін болсақ, о баста «Тұран» тобына еліктеп құрылған болатынбыз. Өңдеу стиліміз басқаша, шығармаларымыз кинода, «Астана-балет» қойылымдарында қолданылып, әлемге шығуда. Түріктің сериалы «Аманат» деген туындымызды саунтрек ретінде алды. Жалпы, қазақтың ұлттық музыкасы мен қазіргі заманның ырғақтары үйлесім тапқан, түрлі аспаптармен табиғаттың, жануарлар әлемінің дыбысын саламыз. Этно-бұл аспаптарымыз, фольклор –бұл ауызекі шығармаларымыз: күй, ән, терме, жырлар.

F: Музыканттардың білімі қандай? Олар қандай аспаптарды меңгерген? Топтың талабы қандай?

- Негізгі талап-мультиинструменталист болу керек, өзінің негізгі аспабынан бөлек 4-5 аспапқа дейін меңгере білсе жақсы. Өзге топта жұмыс істемейді, бірақ жеке шығармашылығын дамытуға шектеу жоқ. Негізгі аспаптарымыз-бұл домбыра,сыбызғы, жетіген, ұрмалы аспаптар және қылқобыз. Одан бөлек 20 шақты аспап бар, ал жалпы 30 жуық инструментте ойнаймыз. Қылқобыздан бөлек, нарқобыз, сыбызғының басқа түрлері, сазсырнайдың қосымша тағы 8 түрі. Дауылпаз, даңғыра, дабыл, шаңқобыз, мүйіз сырнай, керней, шертер, барбыт сынды аспаптар тағы бар. Осының бәрін небары 5 адам орындаймыз.  Барлығының музыкалық білімі бар, консерваторияның түлектері. Арай Қанатбек қана Жүргенов атындағы өнер академиясының магистранты. Қалғанымыз консеваториядан шықтық, мен қазіргі күні онда халық музыкасы факультетінің деканымын. Мөлдір Ербол магистратураны бітірді, ал Нұртуған Қосаманов пен Дархан Әлімғазы Уфада магистратурада оқып жатыр.

F: Ұжым тек музыканттардан ғана тұрады ма, жоқ әлде менеджер, продюсер бар ма?

- Біз менеджерлермен жұмыс істегенміз. Бірақ, қазір жетекші ретінде біраз жұмысты өзім істеуге тырысамын, шама жетпей жатса бәріміз бірігіп жасауға тырысамыз. Бірақ, әзірге өзімізге сай менеджерді тапқан жоқпыз, іздестірудеміз.

F: Ғаламторда бірнеше клиптеріңіз, аудиоформаттағы туындыларыңыз бар ма? Оларды қандай компаниялармен, қандай студиялармен түсірдіңіздер, жаздыңдар?

- Иә, қазір біз ғаламтор желісінде тек бейнеклиптерімізді ғана ұсынып келеміз. Себебі, аудио форматты өзгелер басқа мақсатқа пайдаланып кетіп жатады. Сондықтан, оларды тек Shazam, iTunes -Apple, Forty Five сынды арнайы музыкалық алаңдарға шығаруды ойластырудамыз. Ал шығармаларымыздың бәрі Болатбек Нұрқасымов деген композитордың студиясында жазылады. Ал авторлары кім десек, шығармалардың 70% өзіміздікі, 30% халық композиторларының, халық күйлері немесе халық әндеріне жасалған өңдулер. Біз оларды өзіміз әзірлеп, жоғарыдағы студияда жазамыз. Бұған дейін жарық көрген екі үнтаспамыз да сол студияда жазылған.

F: Жалпы осы күнге дейін қанша туынды жарық көрді? Оларды қаржыландыру қалай және кімнің есебінен жүзеге асады? Қолдаушылар бар ма?

- Қазірге дейін бізде 23 композиция жарық көрді, одан бөлек шығармашылық қатынаста жазған шығармалар бар. Қаржыландыру бойынша айтсам, біз өзімізді өзіміз қаржыландырамз. Бізді рухани қолдаған ағаларымыз болды, бірақ қаржылай ешкім көмектескен жоқ. Барлығын ансамбльдегі бес адам, концерттерден, кез келген жеке орындаулардан түскен қаражатты біз өз шығармашылығымызға жұмсап жүрдік. Үш бейнебаянымыз бар, біз оларды толығымен өзіміз қаржыландырдық, үнтаспаны да, костюмдерді де өзіміздің есебімізден, өз қалтамыздан, сапалы және үлкен қаржыға жасадық. Сондықтан, біз бәрін өзіміз қаржыландырамыз.

F: 2019 жылы әлемдік «World folk vision» ұлттық мәдениет және өнер фестивалінің жүлдегері атандыңыздар? Онда кімдер қатысты, қандай елдер қатысты? Әділқазылар таңдауы неліктен сіздерге түсті деп ойлайсыздар?

- Иә, 2019 жыл біз үшін тосын сыйларға толы болды. Бізге қаңтар айында «World folk vision» байқауының жартылай финалы өтетінін хабарлады және ЕврАзЭС тарапынан Қазақстан атынан сіздерді ұсынсақ деген ұсыныс жасалды. Әрине, біз келісім бердік, бірақ онда барып қайтатын шығынды әркім өзі көтереді екен. Осы кезде бізде алғаш демеуші пайда болды, Ресейдің Сочи қаласына барып қайту үшін Мega Center қолдау жасады. Нәтижесінде біз 148 қатысушының ішінен бас жүлдені жеңіп алдық. Жалпы, байқауға РФ ішіндегі автономиялар, әр ұлттың, әр мәдениет өкілдері келіп қатысты. Ал бұл жеңістің нәтижесі бойынша бізге Сауд Арабиясына, Эр-Рияд қаласында өтетін негізгі байқауға жолдама берілді.

F: Эр-Риядтағы нәтиже қандай болды? Қазақ өнері қалай бағаланды?

Сауд Арабиясында финал болды. Яғни, бүкіл әлем бойынша  «World folk vision» этаптарын ұтып келген жүлдегерлер Эр-Риядта жолықтық. Фестиваль 10 күн бойы өтті, сол байқаудың соңғы кезеңінде, финалында Қазақстан, Марокко, Моңғолия және Башқұртстан қалды. Фестиваль қорытындысы бойынша біз алғаш өткен  «World folk vision» әлемдік байқауының жеңімпазы атандық, бәрінен жоғары бағаланып, бас жүлдені жеңіп алдық. Осындай үлкен жаңалық болды. Бұл 2019 жылдың наурыз айында болатын.

F: Әділқазылардың таңдауы неліктен қазақ тобына жасалды деп ойласыз? «HasSak» оларды несімен бауарап алды?

- Біз бір шығарманы орындау барысында бірнеше аспапты ауыстырамыз. Бұл сахнада өте ерекше көрінеді. Яғни, бір адамның бірнеше аспапта ойнауы, түрлі дабыстарды шығаруымыз, адамның, табиғаттың, қасқырдың, желдің, жаугершілік замандағы жауынгерлік шығармаларымыз, ерекше қуат беретін, адамның делебесін қоздыратын музыканы бере білуіміз қызық болған шығар, соның легі әсер еткен шығар, ондай шығармаларымыз өте көп. «Аманат», «Хассақнама» деген туындыларымыздан бөлек, лирикалық «Ортеке» деген қуыршақ театрымыз бар, оларды билетеміз, әртүрлі жанрды қамтуға тырысамыз. Бір сөзбен айтқанда осындай өнеріміз арқылы оларды ерекше таңқалдырған шығармыз деп ойлаймын.

F: Жалпы топ тарихында қандай елдерде өнер көрсеттіңіздер? Ұлттық музыканы, өздеріңіз орындап жүрген туындыларды жаһан елдері қалай қабылдайды?

- «HasSak» тобы Англияда, Лондонда концертін берді, Кореяда болдық, Қытайдың оншақты қаласында концерт бердік. Биылғы жылы тағы он қаласына турне жасау жоспарда бар, келісім-шарт жасап қойғанбыз, тек қазіргі коронавирусқа қатысты датасы біраз кейінге шегерілді, нақты уақыты белгісіз болып тұр, негізі сәуірге жоспарланған еді. Ал бұған дейін Чехия, Түркия, Ресей, Сауд Арабиясы, Араб Әмірліктерінде өнер көрсеттік, Пекин консерваториясында екі рет шеберлік сабағын өткіздік. Ал өзіміз жеке орындаушы ретінде Германия, Франция, Швейцария сынды елдерде болып қайттық. Әлем елдері өте жақсы қабылдайды, себебі олар үшін бұның бәрі бейтаныс, бұрын тамашалап көрмеген, аспаптар, музыканың құрылымы, өрнегі, өзіндік мелизматикасы, осындай дүниелер олар үшін таңсық болғандықтан өте қызығып тыңдайды. Сонымен қатар, көмеймен айту, 30 шақты аспапты ауыстырып орындағанымыз оларды өте таңқалдырады. Мысалы, біз үшін де басқа елдің өнері қызық қой, сол сияқты олар да жақсы қабылдайды. Сондықтан, «Хассақ» тобы өз еімізден қарағанда әлем елдерінде жақсы танымал. Сол себепті қазір керісінше ішкі насихатты арттырсақ дейміз.

F: Елімізде негізінен қайда өнер көрсетесіздер? Қайда шақырады, кімдер шақырады, қызығушылық қандай?

- Елімізде шақырып тұрады. Үлкен мерекелік шараларға, министрлік тарапынан, түрлі ұйымдар шақырады, аймақатағы әкімдіктер тарапынан болады. Мысалы, Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Павлодар, Шымкент және өзге облыстарда фестивальдер өтіп тұрады, соларға қатысамыз. Бірақ, біз негізінен шет елге көп шығамыз. Қазақстанда, жалпы шет елдерде өз аудиториямыз бар. Жекелеген шақыртулар болады.

F: «Хассақ» тобы табысты ма? Ұлттық өнер қалай бағаланады?

- Табыс өте көп деп айтуға болмас, бірақ өзімізді қамтамасыз етуге, әркімнің өз отбасын, шығармашалығын қолдауға, топтың костюмдерін тігуге, студиядағы дыбыс жазуға, бейнеклиптерге, роликтер мен жарнамаға қаражатымыз жетеді. Табысымыз жақсы деп айтуға болады.

F: Сіздер орындап жүрген күйлер, әуендер қалай дүниеге келеді, кім жазады?

- Біз шығармаларды жазар алдында, оның маңыздылығына және көтерілмеген мәселелерді іздейміз. Мысалы, біз екінші үнтаспада Арал тақырыбын қозғауды көздедік, теңіздің тартылуы, оның әлемдік, глобалдық проблема екендігі көп айтыла бермейді, сондықтан неге осы бір тақырыпты көтермеске деген ойға келіп, Аралым деген шығарма жаздық. Одан кейін білесіздер, Ұлы Жібек жолы конференциялар мен басқасуларда жиі насихатталады, біз сол тақырыпқа сай, бес елдің сарынын келтіріп, оларды қазақ әуенімен байланыстырып, «Ұлы Жібек жолы» деген шығарма жаздық. Мысалы, әуен Қытайдан бастау алып, Қазақстан арқылы өтеді, сосын керуен Өзбекстанға соғады, одан кейін Иранға, Түркияға жетіп, Стамбулда аяқталады деген ойша жоспарымызды құрып, бес елді қамту арқылы оның музыкалық формасын жасадық. Осылайша әртүрлі тақырыптарды қозғауды көздейміз. Ансамбльде қыздар мен жігіттер болғандықтан, екінші үнтаспада «Қыз қуу» деген арнайы шығарма жаздық. Кәдімгідей сахнада, қыз қуу көрінісі ұйымдастырылып, оған екі кейіпкер қатысып, ер азамат астындағы атын қамшыласа, қыз болса жігітті сабайды, осындай өзінің шағын сюжеті бар. Бұдан бөлек өзекті тақырыптарымыз бар және ең бастысы жастарға рух беретін, эмоционалды ішкі жарылысты суреттейтін «Хассақнама», «Жанартау» сынды шығармаларды жаздық. Үшінші үнтаспамызды шығарар кезде де осындай тың дүниелерді қозғасақ деген ойымыз бар. Бір айта кетері, топтың бірде-бір туындысы нотаға түспеген, біз шығармаларымызды ойша, қазақтың дәстүрлі құйма-құлақ әдісімен дайндық кезінде жаттап аламыз, соңында үнтаспаға жазамыз және осы қалпында қалады. Өйткені ертеде ата-бабаларымыз мақал-мәтелерді, жыр-дастандарды осылай ауызекі әдіспен жаттап алып отырған. Жазба мәдениетінде негізі қағазға сенеді, ал бізде ауызекі, жаттап алу, есте сақтау қабілетіне қатты мән берілген, құйма-құлақ әдісімен үйренген күй немесе ән болсын ешқашан ұмытылмайды. Біз сол әдісті жалғастырып келеміз, бәрін өзара ақылдасып, бесеуіміз жасап шығарамыз. Әркімнің шабыты әр кезде өзінше ойнап тұрады, сол кезде сол тақырыпты ортаға тастаймыз және оны бірге, жабылып отырып дамытамыз.

F: Қазір қандай жобамен айналысудасыздар? Жуық арада қандай клип, қандай туынды күтеміз? Жоспар қандай?

Жоспарымыз көп. Биыл, 2020 жылы біз концерттік бағдарламаларымызды жандандырамыз. Себебі, біз екі жылдай екінші үнтаспамен айналысып кеттік, мен өзім докторлық жұмысымды қорғадым, Мөлдір магистрлық диссертациясын қорғады, енді биылғы жылды шығармашылық қарым-қатынас жылы деп жариялап, түрлі жанрда, қазақ өнерін басқа қырынан  көрсетсек деп отырмыз. Мысалы, «Астана-балетпен бірлескен жоба, әншілермен бірлескен туынды жасау, бишілермен, театр ұжымдарымен жұмыс істеу ойда бар. Жалпы, топтың үлкен концерттерін беру негізгі мақсат болып тұр. Қазірдің өзінде Түркия, Литва, Бельгия, Қытай, Люксембург тарапынан шақыртулар алдық және жыл аяғына дейін бәрін аралап шығамыз деген ойдамыз. Қазіргі таңда өзім QF school деген Қазақ фольклор мектебін ашудамын. Онда ұлтымыздың аспаптары, дәстүрлі ән үйретіледі, «Хассақ» жолымен шәкірттер тәрбиелейміз, негізі жұмыс Алматыда, ал аймақтар үшін онлайн сабақтар өткіземіз. Әрине, биыл клип түсіру ойда бар, бірақ негізінен елдегі, аймақтардағы және шет елдердегі концерттерге басымдық беріледі.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить