Бюджеті өте төмен болған қазақстандық фильм Локарно кинофестивалінде қалай жоғары бағаланды

19091

Режиссер Шәрипа Оразбаеваның «Мәриям» атты картинасы Торонтоға шақырту алды

Қазақстандық кино швейцариялық фестивальге қалай ілікті, туындының басты кейіпкері кім, бюджеті неге болмады,   фильм әлемдік конкурстың көрермендеріне қалай әсер етті? Бұл туралы туынды авторы, режиссер, Локарнодан оралған Шарипа Оразбаева Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып береді.

F: «Мәриям» картинасының идеясы қашан және қалай пайда боды?

- Бұл шын болған оқиға. Өмірден алынған. Мен осыдан жарты жыл бұрын  «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы «Қарекет» әлеуметтік бағдарламасында жұмыс істеген болатынмын. Сол кезде бізге  Меруерт есімді әйел хабарласып, хабарсыз кеткен жолдасын іздестіруге көмек беруді  сұраған еді. Ол кісінің төрт баласы бар, ал күйеу болса белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Біз ол жайлы сюжет түсіру үшін Талдықорған қаласынан 80 шақырым жерде жатқан Егінсу деген елдімекенге жақын маңдағы қыстауға бардық. Мен оның тұрып жатқан жерін көргенде таңқалдым, себебі, онда су жоқ, жарық тартылмаған, тіпті баратын жол жоқ. Меруерт күйеуімен, төрт бірдей баласымен  осындай жағдайда жеті жыл бойы тұрып келген, мал бағумен болған. Балалары да осы жерде  дүниеге келіпті. Ал осыдан екі жарым жыл бұрын отбасында күтпеген жағдай орын алады, 2016 жылдың қараша айында Меруерттің күйеуі кенеттен із-түссіз жоғалып кетеді және оның тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Яғни, азық-түлік алып келу үшін Алматыға жолға шығып, үйіне қайта оралмаған, оны соңғы рет көршісі ғана көрген, полиция болса іздестіріп жатқандарын айтады. Ал осы оқиғадан  кейін Меруерт балаларымен жалғыз қалып, қиын жағдайға душар болады. Кейіпкеріміздің басына түскен жағдай маған қатты әсер етті және мен ол жайлы кино түсіруді қолға алдым.

Сценарий авторы кім? Фильм қандай форматты ұстанды?

- Сценарийді өзім жазып шықтым. Оған екі апта уақыт кетті. Мен деректі, авторлық емес, толықметражды көркем фильм түсіруді  ойладым. Егер, ол деректі болған жағдайда қоғамдық пікір қалыптастыруы екі талай еді. Сондықтан, мен бірден көркем дүние түсіруді қолға алдым.

F: Актерлар  құрамы кімдерден тұрады? Олар қалай іріктелді?

-Мен алғашында бұл фильмге кәсіпқой актрисаны алсам деген едім. Бірақ, кәсіби маман болса, оқиға сенімсіздік тудырар еді, жасанды болар еді. Сондықтан, мен Меруерттің өзіне ұсыныс жасадым және ол түсуге келісімін берді. Кейіпкеріміз алғашында қобалжыды, себебі өнерге, киноға еш қатысы жоқ, бірақ ол үшін анау айтқандай ауыр болмады, себебі Меруерт өзін сомдады, фильмге түскен балалары да өзінікі, сондықтан аса қиындық болған жоқ. Бір сөзбен айтқанда басты кейіпкерлердің барлығы шынайы. Ал қалған актерлар өзімнің таныстарым. Мен оларға кино кейіпкерлерін ойнап беру туралы өтініш жасадым, олар мені қолдады.

F: Қайда түсірілді, түсіру қанша уақытқа жалғасты?

- Картина Меруерттің өз үйінде түсірілді. Біз алғашында Алматы маңайынан түсіретін жер іздедік, бірақ лайықты нысан табылмады, табылған күннің өзінде ешқайсы көңілімізден шықпады. Сондықтан, түсіру тобын Меруерттің ауылына алып бардық. Бір жағынан бәрі шынайы болғанын қаладық және  оқиға желісі толық сонда түсірілді. Түсіру жұмыстары   небары бес күнге жалғасты, себебі одан көп түсіруге мүмкіндігіміз және  қаражатымыз болмады. Шығармашылық топ та шағын,  небары алты адамнан ғана тұрды, тек қажет деген адамдарды ғана алдық.  Жұмыс қыста басталды, ақпан айында, ал олар тұрып жатқан қыстау тас жолдан шамамен 3 шақырым жерде орналасқан, онда  баратын жол болған жоқ, қар қалың болғандықтан түсіру алаңына көлік жете алмады, сондықтан барлық техниканы жаяу тасуға тура келді.

F: Қаржы мәселесі қалай шешілді, бюджеті қандай?

- Бюджеті өте аз. Ешкімнен қаржы алған жоқпыз, бәрін өз қаржымызға түсірдік. Қаражат табу үшін біраз уақыт кетер еді, сондықтан біз уақытты босқа кетірмей, бар қаржымызбен бюджетін жасап, түсіру жұмыстарына кірісіп кеттік.

F: Фильм Локарнодағы фестивальдің байқауына  қалай ілікті, қалай іріктелді, қай кезде ұсындыңыздар?

Негізі біз бұл картинаны Еуропадағы әйгілі Канн фестиваліне ұсынуды жоспарлаған болатыныз. Бірақ, туынды толық аяқталмағандықтан, оған үлгере алмадық. Ал одан кейінгі «А» класындағы фестиваль Локарно   болып табылады және лентаны аталған байқауға ұсынуды жөн санадық. Олар бізге барынша мүмкіндіктер беріп, қолдау жасады. Айта кету керек,  «Мәриям» фильмі жалпы ТМД бойынша іріктелген жалғыз туынды болды. Менің ойымша бұл да бір үлкен жетістік.

F: Фильмнің «А» класындағы конкурсқа өткені туралы жаңалықты қалай қабылдадыңыз? Бұған дейін өзіңізге деген сенім, үміт болды ма?

- Әрине, бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. Сенім болды деп айта алмаймын.  Себебі, лентаның бюджеті аз, ал қаржысы төмен фильмнің сапасы  да мүмкіндігі де аз  болатыны белгілі. Сондықтан, оның «А» класындағы фестивальге өтуі екі талай деп ойладым. Дегенмен, көкейде үміт болды. Фильмді жібердік, олар жылы қабылдады. Меніңше бұл дебютік фильм үшін жетістік деп ойлаймын.

F: Фильмнің  премьерасы қалай өтті? Жалпы қатысушылар, көрермендер қалай қабылдады?

Фильмнің премьерасы Локарнада 2019 жылдың 16 тамызында өтті. Билеттер түгел сатылды, екі зал лық толды. Көптеген көрермендер бір залға  сымай, есік алдында тұрып қалғандықтан,  олар үшін екінші зал ашылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша фестиваль тарихында бір премьераны екі залда жасау деген болмаған және олар бұл жағдайға ерекше таңданды. Ал көрермендер болса өте жақсы қабылдады. Тіпті, премьерадан кейін қолымызды алып, сауалдарын қойып жатты. Оларды ең алдымен кейіпкердің тағдыры қатты қызықтырды, өзін ойнап шыққан актриасының өмірі толғандырды және тезірек күйеунің табылуына тілек білдіріп жатты. Фильм шетелдіктердің көңілінен шықты.

F: Жалпы Локарно кинофестивалінің ерекшелігі қандай? Оған кімдер, қай елдерден қатысты, әділқазылар құрамында кімдер бар? Қанша туынды ұсынылды?  

Локарно- «А» класындағы кинофестивальдердің бірі. Канн, Берлиналие сынды әйгілі фестивальдерден кейінгі үшінші орында тұрған алаң болып саналады.   Бұл жерде әлемдік деңгейдегі кинолар іріктеледі және көрсетіледі. Біз қатысқан байқау бірінші, екінші және үшінші фильмін түсірген жастарға арналған «Қазіргінің кинемотографиясы» деп аталады, яғни, бүгінгі жастарды киносы. Оған әлемнен 15-16 туынды іріктелген. Әділқазылар үш адамнан тұрды. Олардың талғамы әртүрлі. Мысалы, спортты алатын болсақ, онда объективті көзқарас бойынша бағаланады, ал бұл жерде субъективті пікір назарға алынады. Әрбір әділқазы өзінша бағалайды. Әрине, сондықтан біз  жүлделі орынға іліге алмадық. Дегенмен, бұл фестиваль бізге үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Нәтижесінде көптеген фестивальдерге шақырту алып отырмыз, көптеген байқауларға жол ашылды. Бір айта кетері, біз өзіміз ғана емес, киноның басты кейіпкерін осында алып келдік. Мерует төрт баласын асырау үшін Алматыдағы ресторандардың бірінде еден жуып, күнін көріп жүр. Бұған дейін өзге елдер түгілі, ауылдан шығып көрмеген, тіпті шетелдік паспорты да болмаған Меруерт өмірінде алғаш Еуропаға келіп, Локарно фестиваліне қатысты. Оның қуанышында шек болмады. Менің ойымша бюджеті санаулы, санаулы күнде, санаулы адаммен түсірілген  фильм жүлде алмады деу әбестік  болар.             Бұның өзі бізге үлкен мәртебе, үлкен жеңіс.

F: Сіздер фествальге бара жатқан сәтте туындының Торонтоға шақырту алғанын білдік. Онда қай кезде барасыздар? Бұл қандай фестиваль?

- Жалпы, көптеген фестивальдерге шақырту алдық, «Мәриям» онда да конкурстарға қатысады. Соның бірі -Канадада,  Торонтода «А» класындағы фестиваль бар, онда алдағы қыркүйекте барамыз және америкалық премьера жасаймыз. Торонто негізі Оскарға жол ашатын кинофестиваль болып саналады, сондықтан біз осы фестивальге жолдама алғанымызға өте қуаныштымыз.  Одан кейін де бірқатар үлкен фестивальдер күтіп тұр. Олар жайлы кейінірек, уақыты келгенде айтуды жөн санап отырмын.

F: Бірқатар жергілілікті ақпарат құралдарына сұхбат беріпсіздер. Оларды ең алдымен не қызықтырды?

- Жергілікті журналдарға, екі телеарнаға сұхбат беріп үлгердік. Кино оларға өте ұнады.  Оларды ең алдымен фильмге негіз болған шынайы оқиға қызықтырды. Шетелдік журналистерді де негізінен жоғалып кеткен адамның тағдыры  толғандырды, Қазақстанда бұндай жағдайға қалай жол берілуі мүмкін  деген сауалдар мазалады. Әрине, фильмде жоғалған кісі табылады, ал оның қайда болғаны әйелі үшін де, көрерменге де жұмбақ болып қалады. Ал оқиғаның немен бітетінін тек фильмнен көру керек, ол жағын көрерменге қалдырайық.

 

F: Ал фестивальдің жеңімпазы кім? Жүлдені кім алды?

Жүлдені Сенегалдық Мамаду Дие деген жас режиссердың қолынан шыққан  «Нафистің әкесі» деген фильм жеңіп алды. Бұл қара нәсілділердің мәселелерін көтеретін картина болып табылады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить