Бейбіт атом: Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл

12201

Сынақ алаңын өндіріс пен ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға бола ма?

алғашқы сынақтың орны
Алғашқы сынақтың орны

Алғашқы сынақ

Семей полигоны. Ең алғашқы ядролық жарылыс жасалған «Тәжірибе алаңы». Дәл осы жерде 1949 жылдың 29 тамызында, атмосферада ең бірінші атом қаруы сыналды. Оның қуаты 22 килоттона болған және толқыны 5 км дейін жеткен. Бұл қуаты ең төмен болған жарылыс, одан кейін қолданылған атом қаруларының күші одан ондаған есе жоғары болды. Алғашқы жойқын қару шамамен 30 метр биіктікте сыналды және оның орнын қазір де анық көруге болады. Ал айналасындағы радиация мөлшері әртүрлі, бір жерде қалыпты деңгейден 2 жарым есе, кейбір жерде 3 есеге дейін жоғары. Бұл әлдеқайда төмендетілген көрсеткіш, себебі оның орны барынша залалсыздандырылды.

-Біз қазір «тротил көлінің» жанындамыз. Яғни, бұл жарылыстан пайда болған көл. Оның қуаты кәдімгі жарылғыштан 1000 есеге көп болған. Бұл жерде атом сынағы болған жоқ, тротил қуаты арқылы ғимараттардың төзімділігін тексерген. Бұл 1961 жылы жасалған жарылыс еді. Сонымен қатар оған жақын жерде түрлі ғимараттардың үлгісі салынды. Мысалы, бұл жерде Мәскеу метросының шағын үлгісі болды. Мақсат-оның жарылыстарға қалай төтеп беретінін анықтау еді. Оған ешқандай зиян келмегенін байқаймыз. Яғни, метроны сол кезде бункер, бомбадан қорғанатын орын ретінде қолдануға болады деген сөз,- ҰЯО ғылыми қызметкері К.Томилов.

Констатин Томилов
Констатин Томилов


1942 жыл. И. Сталинге барлау деректерін ұсынған Л. Берия жуық арада Германия мен Америка ядролық қаруға ие болуы мүмкін деген баяндама жасайды. Ал Сталин көп ойланбастан: «Жасау керек» деп бұйрық береді. Ал Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдік державалар арасында бақталастық саясат белең алып, алпауыттар арасында атом қаруын жасаудан және сынаудан «жарыс» басталды, ол «Қырғи-қабақ» соғысы деген атауға ие болды. Кеңес үкіметі сынақ үшін Семей даласын таңдады, онда 1947 жылдан бастап құрылыс қарқын алды. Қазақ жерінен жалпы көлемі 18,5 мың шаршы шақырым жер бөлініп, 1949 жылан бастап 40 жыл ішінде 456 жарылыс жасалды. Оның 116-ы жер бетінде, қалғаны жер астында сыналды.

-Жалпы жер үстіндегі жарылыстар 1962 жылдан бастап тоқтады. Осыдан кейін тек жер астында жасалды. Ал олардың жалпы саны 340 болды. Ал олардан атом көлдері пайда болды, бұл су іздеу үшін, өндірістік бағыттағы сынақтар еді. Әрине, ол жақтағы радиация жоғары, - деді Томилов.

Мамандардың айтуынша Семей жеріндегі жарылыстардың қуаты Нагасаки мен Хиросимаға түскен бомбалардан 2 жарым мың есе күшті болды. Сынақтардын зардабын Семей полигонына жақын аудандардан бөлек, Павлодар, Қарағанды облыстары да тартты. Аймақта мүгедек, кемтар, жарымжан болып туған балалар көбейді. Ресми деректерде полигон кесірінен 1 млн астам, кейбір деректерде 1,5 млн адамның зардап шеккені туралы айтылады. Алайда бұл соңғы статистика емес. Себебі адам бойындағы ауытқулар ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Бұған жапондардың қолдауымен жүзеге асқан ғылыми бағдарлама дәлел. Өкінішке қарай, Токиодағы арнайы жобаға қатысқан үш буынның өкіліне қатысты зерттеу нәтижесі көңіл көншітпейді. Өйткені ауру белгілері жас балалардан, жаңа туылған сәбилерден байқалуда.

тратил көлі
Тротил көлі

30 жылда не өзгерді, зерттеулер нәтижесі қандай?

1989 Семей-Невада халықаралық қозғалысы құрылды, оны әлем елдері қолдады. Антиядролық ұйымға белгілі ақын, қоғам белсендісі О.Сүлейменов жетекшілік етті, нәтижесінде сынақ саны азайды. Соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында тіркелді. Көп ұзамай Қазақстан тәуелсіздік алды, тарихи шешім қабылданды, 1991 жылдың 29 тамызында ҚР тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны жабылды.

-Шын мәнінде 20 ғасырдың ең айтулы оқиғасының бірі – Елбасы Н.Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлығы болды. Әрине, полигон тыншыды, бірақ онда үлкен жұмыс күтіп тұрды. Бұл ядролық инфрақұрылымды залалсыздау, салдарын жою, әскери кешенді конверсиялау еді. Осыдан кейін бейбіт атомды, энергетиканы дамыту үшін кадрлар даярлау болды. Осы мақсатта ұлттық ядролық орталық құрылды. Бүгінде 30 жыл бұрын қойылған міндеттер толық орындалды деп сеніммен айта аламын. Бізде төрт филиал бар,біз 4 бағытта жұмыс істеп келеміз. Бұл бейбіт атомды дамыту, жаңа технологиялар, жойқын қаруды таратпау бойынша және отандық мамандар базасын құру,-дейді ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков.

Эрлан Батырбеков
Эрлан Батырбеков

Полигон жері қалай пайдаланылады?

Ұлттық ядролық орталықтың мәліметінше 2013 жылдан бастап 5 жыл ішінде бір ғана «Тәжірибе алаңында» кешенді зерттеулер жүргізді. Жалпы 2 млннан астам спектрометриялық өлшеулер орындалып, 5000-нан астам үлгілер іріктеп алынып, оларға талдау жасалды, 1000-нан астам зерттеу ұңғымалары бұрғыланды, құрамында ядролық қызмет қалдықтары бар 50-ден астам объект анықталды. Соңынан оңалту жұмыстары жүргізіліп, жоба 2020 жылы аяқталды. Болашақта полигонның кейбір аумақтарын ауыл шаруашылығы немесе өндіріс үшін пайдалану жоспарлануда. Бұл үшін қазір «Семей сынақ алаңының ядролық қауіпсіздігі» туралы заң жоба дайындалуда.

-Қазіргі күні Семей полигонының барлық инфрақұрылымы өзге мақсатқа пайдаланбайтын жағдайға келтірілді. Бұл Дегелеңдегі 181 ұңғыма, бұл Балапанда іске аспаған 12 скважина. Сол кездері аймаққа төнген үлкен залал барынша төмендетілді. Біз жеті керемет жобаны іске асырдық. Полигон аумағы өте үлкен. Жалпы 18 мың ш.км. Бұл шамамен Израиль немесе Словения жері. Бірақ ол кезде бұл жердің барлығы пайдаланылған жоқ. Барлық жерге бірдей зақым келген жоқ. Сондықтан бізге нақты радиацияның деңгейін білу маңызды болды. Қазір қауіпті делінген аймақты екі есеге қысқартуға болады,-деді бас директор.

Бірқатар нысандарда ядролық қалдықтары жоғары концентрациясы бар топырақтың беткі қабатын алып тастау арқылы рекультивация жұмыстары жүргізілді, кейіннен топырақты арнайы әзірленген әдістеме бойынша қайта өңдей отырып, олар МАГАТЭ кепілдігімен ұзақ уақыт сақтауға жөнелтілді. Персоналдың қауіпсіздігі тұрғысынан рекультивация жүргізу мүмкін болмаған объектілерде арнайы қорғаныс құрылыстары салынды. ҚР ҰЯО күшімен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық объектілерде көп деңгейлі жүйелер құрылды. Олар сынақ полигонының басқа да объектілерінде, атап айтқанда «Дегелең» нысанында қауіпсіздік жүйелерін құру мен пайдаланудың алдыңғы тәжірибесін ескере отырып жасалды. Қазіргі күні айнала қауіпсіз күйге келтірілген және қатаң бақылауда. ҚР ҰЯО «Тәжірибе алаңында» жүргізген барлық жұмыстар АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіп-қатерді азайту агенттігі өкілдерімен және сарапшыларымен бірлесіп өткізілген. Атқарылған жұмыстарға агенттіктің сарапшылары ғана емес, сондай-ақ МАГАТЭ сарапшылары, «Росатом» мамандары жоғары баға берген.

Ядролық медицина орталығы
 

Бейбіт атом, ядролық медицина

Семей қаласы. Жуырда ғана ашылған Ядролық медицина және онкология орталығы. Жаңа кешен аймақтағы қатерлі ісікті алдын алуға, анықтауға және дер кезінде емдеуге мүмкіндік бермек. Өйткені онда озық үлгідегі диагностикалық жабдықтар, заманға сай емдеу аппараттары орнатылған, мамандар шет елде тәжірибеден өтіп келді. Бұның бәрі ядролық медицинаны жаңа деңгейге көтеруі тиіс. Бұл атомды бейбіт мақсатқа пайдалану арқылы қол жекізілген нәтиженің бірі.

Ядролық медицина орталығы
Ядролық медицина орталығы

-Бізде іске қосу бірнеше этап бойынша іске асты. Яғни, бірінші кезеңде диагностика бөлімі іске қосылса, одан кейін радионуклидті терапия бөлімі жұмысын бастады. Үшінші циклотронды пайдалануға беру, яғни оның көмегімен диагностикаға арналған препаттар жасалады. Біз оларды өзіміз, осы орталықта өндіріп шығарамыз. Бұған дейін біз науқастарды шет елге жіберуге мәжбүр болдық. Олар есей, Польшада емделіп келетін. Ал енді өз елімізде үлкен мүмкіндік туып отыр,-дейді Медициналық физика және радиациялық қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Дәурен Әділбаев.

Дәурен Әділбаев
Дәурен Әділбаев

Иә, Семейде 40 жыл бойы атом қаруы сыналса, қазір ол бейбіт мақсатқа пайдаланылуда. Жалпы ШҚО мен Семей өңірі онкологиялық аурулар бойынша бәрінен алда тұр. Бұл көрсеткіш полигонның және өндірістік кешендердің зиянынан туындауда. Ал ядролық медицина, онда ашылған орталық бұл жағдайға барынша ықпал етуі тиіс. Жалпы әлемдегі денсаулық сақтау саласы ядролық медицинаның дамуымен бағаланады, өлшенеді. Мамандардың айтуынша бұл орталық толығымен халықаралық талаптарға сай. Жаңа орталықта алғашқы кезеңде 17 адам емделіп шықты және олардын саны арта бермек. Ядролық медицина орталығы тек Семей өңірінен ғана емес, Қазақстанның өзге облыстарынан да қабылдайды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить