Қазақтың Жібегі туралы мультфильмді неге француздар түсіретін болады

8966

Идея авторы, қазақстандық режиссер,суретші Ғали Мырзашев толықметражды мультфильм түсіру үшін авторлық құқын француздық продюсерлік компанияға табыстады. Қазір Қытай кинокомпанияларымен келіссөздер жүріп жатыр

Сюжетке сай, Жібек жолы бойындағы керуен құрамында болған Жібек есімді кішкентай қыз қауіпті жағдайға тап болады. Сол кезде оны қытайдың айдаһары келіп құтқарып, императордың сарайына жеткізеді. Қаршадай қызға байланып қалған аждаһа оны еліне жеткізу үшін барынша көмек береді. Олардың басынан кешкен жағдайлары шытырман оқиғаларға толы.

Идея авторы -Қазақстан анимациялық кино қауымдастығының президенті, ҚР суретшілер одағы және кинематографистер Одағының мүшесі, отандық анимацияның негізін қалаған Әмен Хайдардың жолдауымен Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтында (ВГИК) білім алған Ғали Мырзашев.

«Жібек жолы туралы аңыз» атты 90 минуттық анимациялық туындыны түсіруге 5 жылдан бері қаржы табылмай келеді. Жалпы бюджеті- $7,5 млн.

 Ғали Мырзашев француз продюсерлерiмен
Фото:
Ғали Мырзашев француз продюсерлерiмен

-Жақын күндері Францияның «Орбис медиа» продюсерлік компаниясымен келісім-шартқа қол қойдым. Яғни, өзімнің авторлық құқымды бір жарым жылға тапсыру туралы. Олар өз кезегінде мамандар мен қаржыландыру мәселесін қарастыратын болады. Алдағы уақытта «Оскар» сыйлыған алған «Амели» авторы, сценарийші Гийом Лоранды шақыратын болады-дейді Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген Ғали Мырзашев

Ғали Мырзашевке француздық продюсерлік компанияға шығу үшін Парижде тұратын жерлестері көмек беріпті.

Оның айтуынша, қазірде сценарийдің негізі болып табылатын ауқымды синопсис дайын. Оны әзірлеуге қазақстандық,ресейлік, қытайлық және француздық мамандар қатыстырылған. Жібек пен айдаһар бейнеленген микросюжеттер мен алдын ала дайындалған эскиздері әзір. Бұл жұмысқа «Белка мен стрелка: айдағы шытырман оқиғалар», «Ку! Кин-дза-дза» мультфильмдерімен белгілі суретші-режиссер Александр Храмцов қолдау білдірген.

Ғали Мырзашев «Жібек жолы туралы аңыз» туындысын түсіру үшін «Союзмультфильм» киностудиясының жетекші мамандары Татьяна Ильина, Михаил Алдашинмен бірлесіп жұмыс істеу туралы келісім жасап қойғанын айтады.

Жалпы, авторда қазірде диснейден кем болмайтын қазақстандық мультфильмді түсіру үшін отандық қаржыландырудан басқасының бәрі бар екен.

-Егер авторлықты сату керек болса, қатысушы ретінде құқымды мейлінше қысқартамын.Әрине, мен өз сюжетімнен айырылып қалуым мүмкін. Бірақ, жобаны жүзеге асыру үшін бір амалын қарастыру керек-дейді суретші

Сонымен қатар, автор «Жібек жолы туралы аңыз» анимациялық фильмін ілгерлетуді қазақстандық продюсер, Димаш Құдайбергенді әлемге танытуға себепші болған Ертай Нүсіпжанов қолға алғанын айтады.

-Қазір Ертай Пекинде және «ОРИ анимэйшн» және бірқатар компаниялармен жобыны жасау туралы келіссөздерді жүргізу үстінде.Қытай компаниялары мультфильм идеясына ерекше қызығушылық танытып отыр. Бірақ,продюсер қатысушылар құқының теңдей қорғалуын жақтап отыр-дейді суретші.

- Бір ғана нәрсені айтуға болады. Қазақстанда осыншама байлық бола тұра, анимациялық кинолардың қолдау таппайтыны,оны өнердегі бизнес ретінде қабылданбайтыны жанға батады. Бәлкім, өнерді интелектуалды тауар ретінде жоғары бағалайтын қандай да бір бизнес өкілі «Жібек жолы туралы аңыз» туындысына қолдау білдіріп, болашағы бар және игілікті жұмысқа инвестиция салып қалар-дейді Ғали Мырзашев.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить