Қазақстандық көрермендердің көңілінен шыққан телехикая Ресейде көрсетіле бастады

Продюсер Нартай Өтеген рейтінгі жоғары отандық телехикаялардың өндірісін қалай жолға қойды

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне «NAR Мedia Group» ЖШС директоры, Бас продюсер Нартай Өтеген айтып береді.

F: «NAR Мedia Group» компаниясы қашан және қалай құрылды? Жұмыс қалай басталды?

- Біз «NAR Мedia Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып 2013 жылдың ақпан айында құрылдық. Ол кезде мен «Қазақстан» РТРК» АҚ «Қазақстан» ұлттық телеарнасында продюсер болып жұмыс істейтін кезім. Сонымен қатар, «Қылмыс пен жаза» бағдарламасының жүргізуші әрі сценарий авторы едім. Сол кездерде хабарлар мен эфир туындыларының сапасын арттыру мақсатында бірнеше жобаларды аутсорсингке беру басталған. Біз осылайша 2013 жылдың күзінде «Қылмыс пен жаза» бағдарламасымен жеке шықтық. Әрине, бұрын мұндай істі бастан өткізбеген, тек телеарналарда ғана қызмет еткен мен үшін бұл жағдай қиындау соққанын мойындаймын. Бірақ, сол кездегі корпорацияның төрайымы, білікті басшы Нұржан Жалауқызының көмегінің арқасында бізге артылған сенімді ақтай алдық деп ойлаймыз. Ал, келе-келе біз компания құрамын кеңейтіп, қайта жасақтап шықтық десек те болады.

F: Сіз жетекшілік ететін компания телехикаялар түсіруді қолға алғанын білеміз?  Қандай бағытты  таңдадыңыздар, телетуынды қандай тақырыптарды қозғайды, неге басымдық бердіңіздер?

- Шынымды айтайын, бұл жағы өзі қызықтау басталған. Белгілі журналист, продюсер «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасының кеңесшісі Серік Абас-Шах бір күні мені шақырып алып, «саған ұсыныс жасасам, телехикая түсіруге қалай қарайсың?» - деді. Мұндайды жоспарламақ түгілі, ойлап та көрмеген мен: бірден бас тарттым. Қолымнан келмейтінін шынымен мойындадым. Ешқандай мүмкіндігімнің жоғын айтып, ақталдым. Секең «сенің қолыңнан келеді, тек қорқақтап тұрсың. Мен сені жақсы білемін, алып шығатыныңа сенімдімін!» - деп қайтпады. Содан ары қарай ағылды дейсіз... «егерде біз қазіргі кино түсіру қалпымызбен жүре беретін болсақ, көрерменнің деңгейін түсіріп қана қоймай, теледидарға телміріп отырған қалың қауым мен болашақ жеткіншектердің ұлттық сана сезімін түбірімен жойып аламыз. Бізге жат елдің көзқарасымен түсіретін емес, өзіміздің менталитетке сай туынды жасайтын азаматтар керек» - деп біраз лекция оқыды. Сөйтіп Секеңнің алдынан санамыз біраз «сілкініп» шықты. Сонымен, тағы бір-екі рет кездесуден соң «Неден бастауым керек?» - деп мойынсұна бастадым. «Сен бұл сұрақты маған емес, өзіңе қой!, сосын ойыңды түйіндеп келерсің» деді. Ал, сосын «түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден» айырылдық десе де болады. Менде бір-ақ ой болды, телехикаяда тек қана қазақылықтың иісі шығып тұру керек. Сосын өз ұлтымыздың құндылықтарын дәріптей отырып, салт-дәстүріміз бен асыл дініміздегі  тыйымдармен-ақ адасып жүрген азаматарымызға ой салу. Барлығына жасырын емес, біздегі көп телетуындылардың сценарийлері көршілес Ресей, Украин елдерінде алдымен орысша жазылады да, кейіннен қазақшаға аударылады. Сонда туындының қазақша авторы сценарист емес, аудармашы болғаны ғой. Жоқ, біз олай ете алмаймыз, өз халқымыздың туындысын тек қазақша жазамыз деген ойға келдік. Сөйтіп ең алдымен «Иірім. Ана қадірі» телехикаясының пилоттық жобасын түсіру керек деп шештік. Сөйтіп, Қоюшы – режиссер Төлеген Бейсет, сценарий авторы Сержан Зәкерұлы және Қоюшы-оператор Асылхан Мелдебек т.б команда мүшелері бірігіп жоғарыда айтқан телетуындыны түсіріп шықтық. Туынды тиісті орындардағы басшыларға ұнады да, бірден телехикая түсіруге тапсырыс берді. Сосын пилоттық жобадағы сценарий авторы Сержан Зәкерұлы басқа да жобалармен қолы тимей, аталмыш 4 бөлімнен тұратын телетуындыны дарынды журналист Мұрат Алмасбек жалғастырып, жазып шықты.

F: Алғаш түсірген «Иірім. Ана қадірі», «Отыңды өшірме», «Топыраққа тамған тер» телехикаялары көпшіліктің көңілінен шықты, рейтінгілері де жоғары болды. Телетуынды түсіруді күні кеше ғана қолға алған жас студия сұранысы жоғары сериалдарды қалай дүниеге әкелді?

- Сол кездегі «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасы болған Ерлан Қарин мырза ұлттың қамын ойлайтын, намысшыл азаматтарымыздың бірі ғой. Алғашқы туындымыз көрермен көңілінен шыққан соң қабылдап, «егерде тек жылтыр дүние емес, мән-мағынасы бар,ұлттық құндылықтарымызды көрсете алатын, жастарға тәрбие беретін, ең бастысы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін жақтарды насихаттайтын дүниелерің болса, тапсырыс беруге дайынбыз»,- деген еді. Артынша 20 бөлімнен тұратын «Отыңды өшірме» телехикаясы дүниеге келді.Телехикая жақсылық етсең де, жамандық істесең де оның түбінде өзіңе қайтып оралатынын еске салады. Әрине, әр туындының өзіне тән қиындығы да,  қызықшылығы да болады. Және де әр туындының жақсы шығуы бір ғана адамның қолынан келмейді. Оған бүкіл команда ғана болып жұмылу керек. Сонда ғана еңбек жемісті болады. Біздің команда солай жұмыс атқара білді. Қайбір телехикаямыздың болмасын актерлік құрамы да өздеріне берілген кейіпкерлерін сомдауда аянып қалған жоқ. Өйткені, оларға сценарийдің де қазақылығы ұнады. Ал, «Топыраққа тамған тер» телехикаясы еңбек тақырыбына арналған. Яғни, әр кезеңде әр бағытқа мойын бұрып отырдық. Бұл телетуындыда еңбек, туған жер, алтын бесік – ауыл тереңдей көрініс тапқан. Оған қоса, еңбегімен жер еміп, тұнық терімен туған жеріне үлес қосып, азаматтық ұстанымымен ауылын ардақтауды өмірлік парызы санаған қазіргі жас буынның, жаңа санадағы ұрпақтың ерік-жігері айшықталған.

F: Негізгі команда құрамы өзгерді ме? Идея жағы кімдікі?

- Жоқ. Сценарий авторы Мұрат Алмасбек, Қоюшы-режиссер Төлеген Бейсет, қоюшы-оператор Асылхан Мелдебек. Ал, идеяны негізінен мен айтып отырамын. Сонымен қатар, қазіргі кезде ҚР Президентінің баспасөз хатшысы – Берік Уәли көп кеңес береді, яғни, бас кеңесші. Сізге айтайын: Берік досымның  кинотанушы маманы екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. 

F: Жалпы актерлар құрамын іріктеу қалай жүрді? Оларға қойылатын талап қандай болды? Негізінен танымал актерларды таңдадыңыздар ма, әлде жас актерларға жол бердіңіздер ме?

- Мәселен, «Топыраққа тамған тер» телехикаясында біршама актерлар ғана танымал. Ал, көпшілігін сол түсірілім болған Шымкент қаласы және Жетісай ауданының актерларын таңдап алдық. Бұл да шалғайдағы елді-мекенде тұрып өнерін сарп ететіндер үшін үлкен мүмкіндік болды. Таланттардың көпшілігі ауылдан шығады десек те, бізде көбінесе алыс ауылдардан актерлар іріктеп ала бермейді. Ал, біз нағыз ауылда өнер көрсетіп жүрген актерларды таңдап алдық. Көрермен олардың шынайы өнеріне тәнті болды деп ойлаймын. 

F: Жалпы телехикаяның сапалы болуына ең алдымен қандай жағдай ықпал етеді? Кәсіби актерлар ма, қаражат па, әлде бәрі түсіру тобына тікелей байланысты ма?

- Мына нәрсені ашық айтқым келеді. Бізде әлі де болсын өнер үшін жан беріп, өз өмірін сарп ететіндер аз емес. Өйткені біз түсірген телетуындыға қатысты команда мүшелері, актерлар ең бастысы сапаға жұмыс істейтінімізді біліп, аянып қалған жоқ. Әрине, әрқашан осындай көңілжықпас, өнерге берілген жандар кездесе бермес, бірақ осындай жандардың арқасында туындылар жақсы болып шықты. Бірақ, олардың да осы кәсіпті нәсіп етіп жүргенін ойлағанда, шіркін жоғары жақ шын өнерден қаржыны аямаса екен деген ой түйесің.

F: Жақында «Қашқын» атты туындыны түсіріп болғандарыңызды білеміз. Бұл фильм не туралы? Қайда түсірілді? Кімдер ойнады? 

- Телехикая Алматы қаласы және Алматы облысында түсірілді. Туынды биік адамгершілік қасиет пен адал еңбек жолы ғана қоғамды жақсылыққа жетелейтінін, адами өркениеттің негізі таза жолмен қызмет ету екенін ашып көрсетуді мақсат тұтады. Ал, жеке басының пайдасы үшін қиянат жасап, айналасына зиянын тигізетін адамның өмірі тығырыққа тірелетінін, әділетті заң алдында жауап беретінін әйгілейді. Басты кейіпкеріміз – Дәлел мансап пен байлықты ғана ойлап, адалдық, туысқандық қарым-қатынастарға астамдықпен қараған жан еді. Оның осы әдеті өзін тығырыққа тіреді. Оңай жерден олжа іздемек болған ол соңында жанындағылардан да, туыстарынан да, қоғамнан да, ақырында өз-өзінен қашады. Міне, оның осындай жағымсыз өмірін бейнелеу арқылы басқаларға ой салу- біздің басты мақсатымыз болды. Ал, актерлар құрамына келсек, онда Қазақстанға кеңінен танымал Тілектес Мейрамов, Қуандық Қыстықбай, Бауыржан Қаптағай сынды дарын иелері ойнап шықты.

F: Сіздерге телехикая түсіруге тапсырысты кім береді?

- Біз телехикаяларды әзірше тек «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысымен түсіріп жүрміз. Жоғарыдағы үш телетуынды да «Қазақстан» ұлттық арнасының эфирінен өткен. Жуырда «Қазақстан» Республикалық телерадио корпорациясының төрайымы болып кезінде халықтың көзайымына айналған белгілі жүргізуші-журналист, қазіргі білікті де білімді басшы Ләззат Танысбай келді. Ол телевизия саласының қыр-сырын жан-жақты меңгерген жан. Қызметіне кіріскен сәттен бастап сапаны арттыруға барынша көңіл бөліп жатыр. Аутсорсингпен айналысатын мен сияқты бірнеше компаниялармен кездесіп, пікір бөлісті. Айтқан сөздері, ұсыныстары көңілге қонады. Бізге не керек, көрерменге не керегін біліп отыр. Бізді де сол бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырып отыр.

F: Қазір әлем елдері сериалдардан үлкен табыс табады? Түсірген туындыларын өз елдерінде көрсетіп қана қомай, өзге елдерге сатады. Қазақстанды осындай дәрежеге жеткізу үшін қанша уақыт керек, бұл бағытта ілгерлеу бар ма? Студияларымыз әлемдік бәсекеге қаншалықты сай?

- Әрине, кез-келген телехикаяны табысты ететін – ең әуелі оның сюжеті. Одан кейін түсірілу сапасы, көтерген идеясы, актерлері, т.б. болып кете береді. Осының бәрін биік деңгейге жеткізетін ол мықты мамандар топтасқан берекелі команда. Шынайы таланттар мен шеберлерді жинамай ешнәрсе жасау мүмкін емес. Одан кейінгі орында қаржы. Сценарист пен режиссердің ұшқыр қиялын түгелдей жүзеге асыру үшін алуан түрлі локацияда, жоғары гонарарлы актерлерді жалдап түсірілім жасау керек болады. Менің ойымша, қаржылық жағын қанағаттандыра білсек жақсы болар еді. Шын шеберлердің көбейіп келе жатқанын байқаймын. Тағы бір айтарым: елімізде «Кинематография туралы» заң шықты. Керемет! Ұлттық кино түсіретін компанияларға түрлі жеңілдіктер бар.  Ал, неге телехикаяларды да осы санатқа жатқызбайды. «Илеп жатқанымыз бір терінің пұшпағы» емес пе? Түсірілімдік жағынан сәл бөлек демесең біз де ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, салт-дәстүрімізді дәріптейміз. Ұлттық бағыттағы идеологияға жұмыс істейміз. Ойланатын, жоғары жақтағыларды ойлантатын жағдай деп білемін. Әйтпесе, бөлінген қаражаттың бірнеше пайызын салыққа төлейміз. Үкімет тарапынан да біраз қамқорлықтар болып жатса, телехикая саласында аса үздік дүниелер жасайтын, қазақстанық телехикияларды әлемдік бәсекеге сай ететін  уақыт онша алыста емес деп білем. Жалпы қазір даму бар, бұрынғымен салыстыруғе келмейді. Мысалы, біз түсірген «Отыңды өшірме»  атты телехикая Ресейде, Татарстанның «ТНВ» арнасында дубляждалып көрсетілуде. Бұл аталмыш телехикаяның сапалы екендігінің бір ғана көрсеткіші. Ал, ар жағында қаншама ( салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарымыз, күй, аңыз әңгімелеріміз) ұлтымыздың діңгегіндегі жағымды тұстары бар.

F: Сіз үшін сериалдар қаншалықты табыс әкеледі?

- Мен және менің командам түсірілген телехикаялар арқылы дәл қазіргі уақытта аса бір табысты бола қойған жоқ. Біз қазіргі уақытта қанша қиналсақта, сапаны алдыңғы орынға қойып отырмыз. Себебі, сапа артса, сұраныс пен пайда өзі келетіні анық. Шындығы осы.

F: Қазір бәсеке заманы. Техникалық мүмкіндіктеріңіз тиісті талапқа сай ма, түсіру құралдары жеке ме, әлде жалдайсыздар ма?

- Кейбірі өзіміздікі, кейбірін жалдаймыз.

F: Болашақта кино түсіру ойда бар ма? Болса қандай жанрда?

- Біз кез-келген нәрсеге он ойланып, мың толғанып барамыз. Және де арзан, жылтырақ нәрсеге құмарлығымыз жоқ. Дегенмен, қазір компаниямыздың құрамында еңбек етіп жатқан әр маман кәсіби деңгейі жоғары, білікті тұлғалар болып қалыптасты. Осы жылдар ішінде мүмкіндіктерімізді толық байқадық. Егер ондай ұсыныс болып жатса, толықметражды кино түсіруге де әзірміз.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
7369 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
23 сентября родились
Асылбек Карибаев
Генеральный директор ТОО «ҚазМұнайГаз Өнімдері»
Мурат Бекмагамбетов
директор департамента стратегии GR и корпоративного развития АO НК "Қазақстан темір жолы"
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить