Қазақстандық каскадерлар Сэмюэль Л. Джексон түскен Голливуд жобасына қалай таңдалды

7783

«Nomad Stunts» тобы қалайша әлемдегі №1 команда атанды?

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне «Nomad Stunts» жеетекшісі мен онда түскен каскадерлар айтып берді. 

«Nomad Stunts» жетекшісі Жайдарбек Күнгіжүновтің айтуынша Румынияда түсірілген  Голливуд жобасына 10 каскадер жіберілді және оның ішінде екі қыз болған. Қазақстандық каскадерлар «Киллердің кодексі» (The Protеgе) аталатын жобада тек трюк жасап қана қомай, онда актер ретінде қатысқан. Картина 2021 жылдың 20 тамызында әлемдік прокатқа шықты. Фильм режиссеры бұған дейін «Казино рояль», «Телохранитель киллера», «Маска Зорро», «Иностранец» туындыларымен танылған Мартин Кэмпбел. Ал басты рөлде Голливуд жұлдыздары Сэмюэль Л. Джексон, Мегги Кью, Майкл Китен ойнады.

- Сэмюэль Л. Джексонмен түскен жігіттердің ішінде менің ұлым Темірхан да болды. Біздің жігіттер пандемия алдында түсірілген жобада екінші пландағы актерларды ойнады, каскадерлар арасында ондай тәжірибе бар, егер қабілеті, келбеті келіп тұрса актер ретінде ойнай алады. Оның үстінде қазір біздің рейтингіміз әлдеқайда жоғарылады. Өйткені біз Әлемдік каскадерлар Академиясының «Таурус» жүлдесін алған соң дүниежүзінде №1 топ атандық. Бұл актерларға берілетін «Оскар» жүлдесімен тең, сондықтан бізге сұраныс өте жоғары. Сонымен қатар «Мулан» жобасынан кейін Голливуд актерлары қауымдастығының «Ең үздік каскадерлық» команда  атағын алдық, - дейді  «Nomad Stunts» жетекшісі. 

Қанат Құдияров
Қанат Құдияров

Қазақстандықтар «Киллердің кодексі» жобасына  алғаш онлайн кастинг бойынша таңдалған және көп ұзамай түсіру алаңына шақырылады. Картина толығымен Бухарестте түсірілді. Алайда пандемия бірқатар кедергілер келтірген.     

- Бізді бұған дейін «Волкодав, «Неудержимые 2» жобаларына қатыстық  және онда Болгарияның каскадерларымен жұмыс істеген едік. Біз оларды, олар біздің жақсы таниды және жобаға азиаттар керек болған соң бізді шақырған. Бұл «Millennium Media» жобасы. Мен өзіме келетін болсам, бейбіт тұрғындардың ішіндегі бұзақы жігітті ойнадым. Фильмнің басы Въетнамнан басталады. Мен және қасымдағы үш жігіт ондағы бандиттердің рөліне қабылдандық. Біз бір жарым ай көлемінде істедік. Онда бір емес, төрт рет ұшып бардық. Қызығы сол, бір күні Қазақстаннан Румынияға Германияның Франкфурты арқылы аттанып, күндіз түсіру алаңында болып, кешке қайтып кеткен кездеріміз болды. Бір күні таңертең Алматыға оралып, үйге қонбай, кешке қайтадан Румынияға аттанған кездеріміз болды. Себебі қайта шақыртып алды, - дейді жобаға қатысқан каскадер Қанат Құдияров.

Қазақстандық каскадерларға осылай Алматы мен Бухарест арасында ары-бері жүруге тура келген. Өйткені пандемияға байланысты түсіру уақыты бірнеше рет өзгерген. Бірақ жерлестеріміз бәрін уақытында әрі жоғарғы деңгейде орындап шықты.

Темірхан Тұрсынғалиев
Темірхан Тұрсынғалиев

- Бізде Болгариядан керемет қоюшы болды, біз сонымен бірге жұмыс істедік және онда болгариялық каскадерлар қатар істеді. Картинаның ұжымы өте керемет болды, басшылық,  яғни тапсырыс берушілер америкалықтар, ал түсіру тобы Румыниядан болды. Жаңбырда, түнде түсіретін кездер болды, әртүрлі образға ендік. Бірде каскадер, бірде массовкада боламыз. Әрине, біз үшін үлкен қиындық тудыратын трюктар болған жоқ, ол жерде бізді атқылайтын қойылымдар болды және көлік жарылысы кезіндегі іс-қимылдарды жасадық, яғни, арнайы сымсыз, сақтандырусыз өзіміз секіреміз. Сосын менде бір трюк болды. Мен вентиляцияға кіріп, онда кім барын қарамақ болған кезде маған қарай оқ жаудырады. Сол кезде бір жарым метр биіктіктен жерге қарай құлаймын. Ең бастысы біз бәрін сауатты, әдеттегідей ұйымдастқан түрде, өте жақсы жасап шықтық, - деді онда актер әрі каскадер ретінде ойнаған Темірхан Тұрсынғалиев.     

«Nomad Stunts» командасының мүшелеріне әмбебап болуға тура келді. Олар бірде бұзақылардың, шекарашылардың, енді бірде күзетшілердің, бейбіт тұрғындардың рөлінде ойнаған.  

- Бізге Сэмюэль Л. Джексон, Мегги Кью, Майкл Китенмен бірге бір фильмде түсу өте қызық болды. Әлемге белгілі жұлдыздар, танымал әрі кәсіпқой актерлармен жұмыс істеу өз алдына бір мәртебе. Біз онда көптеген рөлдерді ойнап, мотоциклмен трюктар жасадық, базар ішінде, ағылған халық арасында зулап жүруге тура келді, машина жарылған кездегі сәт ерекше есте. Себебі жарылыс шынайы және қатты болды. Керемет әсер, қосымша тәжірибе алдық, олар да бізден көп нәрсені үйренді. Әйгілі жұлдыздармен бірге тамақтанып, бірге жүрдік, бұл мен үшін қуаныш, себебі біздің қолымыздан келетін еңбегімізді Румыния мен әлем жұлдыздары алдында көрсетуге, өзімізді тағы бір танытуға мүмкіндік туды. Олар біздің жұмысымызға, кәсіби деңгейімізге таңқалып, жұмыс тәртібіне ризашылықтарын білдірді. Румынияның каскадерлары да бізбен істеді, олар да бұрыннан келе жатқан танымал өнерпаздар, Германиядан және басқа жақтан каскадерлар істеді, - дейді Қанат.

Қанат Құдияровтың айтуынша «Nomad Stunts» командасын қазірде әлем киногерлері жақсы таниды. Фильмнің басты кейіпкері Сэмюэль Л. Джексонның өзі бұл топты бәріздан бері білетінін айтқан.

- Сэмюэль Л. Джексон өте қарапайым адам екен. Картинаны түсіру барысында, ас кезінде қасымызда бірге отырады. Қазақстан туралы, біз туралы сұрады және «Nomad Stunts» туралы білетінін, естігенін айтты және осындай жобаға қатысқанымызға шын жүректен қуанатынын жеткізді. Ол өзі үлкен жаста болса да ширақ қимылдайды, жылдам, өзіне жарысымды іс-қимылдарымен тарта біледі, түсіру алаңында өте белсенді. Ол кісі киллердің рөлін ойнады, біз оның  қарсыласы болып ойнадық. Мысалы, шекарадан өтпек болған кезде біздің арамызда атыс болады, ол әрине басты рөлде болғандықтан қаруды шебер қолданып, сол сәтте шекараны кесіп өтеді. Ал Мегги Кью артынан кек қайтарады. Әрине, бәрін баяндап қойған қызық болмас, мен өзім әлі көрмедім және сіздер де  көргендеріңіз дұрыс шығар, - деді Қанат.     

Қанат Құдияров бұған дейін «Мulan» жобасында Голливуд жұлдызы Джейсон Скотт Лидің дублеры болды. Ал онмен бірге барған қазақ каскадерлары ондағы «Көкжалдар әскері» аталған жауынгерлердің трюктарын керемет жасап шықты. 

- Жалпы мен шетелдік үлкен жобалардың ішінде «Мulan», «Warrior» және Үндістанда кеңінен танымал «Thugs Hindustan» фильмдерінде істедім. Ал Румынияда каскадер әрі эпизодта ойнадым. Неге Румыния? Себебі америкалықтардың көбі сыртта түсіреді, өйткені өздерінде өте қымбат. Ал онда Въетнамның бір қалашығы сияқты үлкен аудан болды, яғни декорация жасалған, қаланың бір бөлігі сияқты, кейбір қойылымдарды павильондарда түсірді, - деді Темірхан.

Жайдарбек Күнгіжүнов
Жайдарбек Күнгіжүнов

Қазақстандық каскадерлар қазір кезекті жобаларға әзірлену үстінде. Алда үлкен жобалар күтіп тұр. «Nomad Stunts» жетекшісі Жайдарбек Күнгіжүновтың айтуынша олардың ішінде отандық және шетелдік ірі жобалар бар.  

- 2020 жылы Қасым хан фильмін бастап, оны биыл бітірдік. Шайқас қойылымдарының бірінші бөлігін Ахан Сатаев өзі түсірді, екінші бөліміндегі екі айқасты біз өзіміз түсірдік. Қазір оны монтаждап жатырмыз, Сатаевқа көмек көрсетудеміз. Жуырда Сатыбалды Нарымбетов аяқтап үлгермеген «Жаңғырық» фильміне көмектесеміз, ол кісі өмірден өткен соң аталған туындыны ұлдары түсіреміз деп жатыр. Қазір Ресейге ұшып бара жатырмын, онда Петр І жобасының экшн-қойылымдарына шақыруда, келесі жылы соны бастаймыз. Атыс, шабыс, аттармен жасалатын трюктар толығымен менің, біздің мойнымымызда, сосын Түркияға келіссөздерге ұшамын. Бұдан бөлек, Голливудпен бірлескен тағы бір жоба бар, оны қазір айта алмаймын. Сосын қазан айында Америкадан бір актер мен режиссер келеді, солармен бір тизер түсіреміз. Сонымен қатар Якутиямен келісімшарт бар, ол фильмнің қойылымдарын қарашада Қырғызстанда түсіреміз, - деді Жайдарбек.

Команда жетекшісі 2021 жылдың жаз айында омыртқасынан жарақат алып, операция жасатқан еді. Бірақ соған қарамастан жұмысын одан әрі жалғастыруда.

- Омыртқамды темірмен тартып тастады, бүгіле алмаймын, жалпы қиын операция болды,  көп жүре алмаймын. Бірақ арқамның  бұлшық еттерін жаттықтырып, қазір жақсарып келемін. Негізі мен бірәз жыл бұрын «Дневной дозор» фильмінде дублер болып, сонда аттан құлап, белімді сындырған едім, себебі артымда рация болды, содан зақым келді. Одан кейін Үндістанда жұмыс істеген кезде құлап, онда бір жетіден кейін жұмысқа шығып кеттім. Соның бәрі асқынып, ақыры операция жасады. Қазір Құдайға шүкір, жақсы болды, бірақ 4 ай атқа отыруға тиым салды, құлауға болмайды, трюк жасау қауіпті. Білкім, жасым да келіп қалған шығар, Голливуд жобаларында трюктарды өзім жасаушы едім, енді дәрігерлер қатаң ескерту жасауда, өйткені омыртқа шуруптармен тартылған, қалай болғанда бәрін уақыт көрсетеді, - «Nomad Stunts» басшысы.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить