Қазақстандық актер Нышанбек Жұбанаев ТНТ-Premier жобасына қалай таңдалды?

Танымал актер неліктен ең алдымен ақшаға емес, сценарийге, режиссерға және рөлге ерекше мән береді?

Бұл туралы Нышанбек Жұбанаев Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

F: Нышанбек, Сіз жуырда ресейлік жобаға шақырылғаныңызды хабарладыңыз. Бұл қандай жоба, онда кімді ойнайсыз, сізге кім ұсыныс жасады?

- Иә, мен ТНТ-Premier компаниясының «Шаман» атты сериалына шақырылдым. Дәлірек айтсам, осыдан 2 жыл бұрын маған Мәскеуден шақырту келді. Шынымды айтсам, Ресей тарапынан жасалған бұл ұсынысқа өзім де таңқалып қалдым. Олар маған қазақстандық кастинг директорлары арқылы шықты, кейін білгенімдей, олар мені Жанна Исабаеваның «Отвергнуты» жобасынан көрген екен, бұл фильм осы кезде шыққан еді. Мен онда басты рөлде ойнадым, ресейлік режиссерлар мені сол фильмнен ұнатып қалған екен. Оның үстіне фильм тек қазақ тілінде түсірілді, орысша аудармасы субтитр арқылы берілді. Бірақ соған қарамастан бұл фильм онда жақсы қаралыпты. Содан мені Мәскеуге шақырды, жолды, қонақ үй, күнделікті шығындардың бәрін өздері көтеріп алды. Осылай Мәскеуден бірақ шықтым, олар мені қазір бірге ойнап жатқан Александр Кузнецов деген актермен бірге, жарық қойып, гриммен, костюммен, камера алдында түсіріп алды. Артынан мені ұнатып, мақұлдап, бір ауыздан жобаға бекітілгенімді айтты. Бірақ сол кезде жобаға қолдау көрсеткен «Газпром» басшылары ауысып, бұл сериал уақытша тоқтап қалған болатын. Ал мен өтпей қалған шығармын деп ойлап жүрдім, бірақ араға екі жыл салып олар маған қайта хабарласты. Жаңа басшылар жобаны мақұлдағанын, қаржы мәселесі шешілгенін жеткізді және өздерімен бірге жұмыс істеуді ұсынды, мен әрине қуана келістім. Әрине, басты рөл емес, жылт етіп көрініп, жоқ болып кететін рөл деуге тағы болмайды, екінші рөлдегі кейіпкерді ойнаудамын, яғни эпизодтағы. Бірақ бұның өзі мен үшін қуантарлық жағдай болды. Біріншіден, актерларға деген құрмет ерекше, екіншіден, барлық жағдай жасалған, гонорар жағынан болсын, өсу жағынан болсын мүмкіндік мол. Сондықтан бұл жобаға кездейсоқ келген жоқпын, ТНТ продюсерлерінің өздері талантымды бағалап шақырды, менімен жұмыс істеуге қуанышты екендерін жеткізгенде ерекше көңіл күй қалыптасады екен.

F: Бұл жобадан қазақстандық актерлар мен каскадерлар командасын байқап қалдық. Олар кімдерді ойнауда, қандай трюктер қойды, ондағы қазақстандықтардың үлесі қандай?

- Алғашында авторлар жобаның 80% Мәскеуде, қалған 20% Қазақстанда түсіріледі деген еді. Бірақ, олар сценарийдің құрылымын өзгертіп, бәрін керісінше жасады. Жалпы, онда негізінен буряттар, якуттар ойнау тиіс болған және олар кейбір рөлдерде ойнап та жатыр, олар Мәскеуден келіп, осында түсіп жатыр. Біз бір-бірімізге ұқсас болғандықтан болса керек, бұл жобаға бірқатар қазақ актерлары да қатысуда. Әрине, түсіру алаңында барлық актерды бір сәтте кездестіре алмайсың, себебі түсіру уақыты сәйкес келе бермейді. Менімен бірге «Шал» фильмінің актеры Ерболат Тоғызақов ойнап жатыр, «Брат или Брак» жобасының актеры Дәурен Серғазиннің қатысып жатқанын естідім, сосын Ақан Сатаевтың біраз кинолдарында ойнаған, «Пять причин не влюбится в казаха» деген фильмнің актеры Нұржан Садыбековпен бірге ойнайтын сахналарымыз бар. Оның да рөлі тамаша! Ал каскадерлардан Бауыржан Әбішев жетекшілік ететін «Kazakh Union» жігіттері түсуде, олар трюктарды жасайды. Сөз жоқ, олар өз ісінің шеберлері, нағыз кәсіпқойлардан жасақталған команда. Қысқасы қазақ актерлары мен каскадерларының ресейлік жобадағы үлесі осындай.

F: Жоба қайда түсірілді, қанша уақытқа жалғасты, қай кезде экранға шығады?

- Жоба наурызда басталды, әлі түсіріліп жатыр, маусым айының соңына дейін жалғасады. Себебі көп сериялы фильм. Әрбір сериясы бір кино сияқты, әрбір сериясы бір сағаттан асады. Қашан шығатынын айта алмаймын, мүмкін алдағы жылы шығар, себебі түсіруден кейінгі шығармашылық процес бар, ол өте ұзақ жасалады.

F: Сіз тек кино ғана емес, Ғ. Мүсірепов атындағы театрдың актеры екенсіз. Сахна мен кино бір біріне кедергі келтірмей ме? Әлде толығымен киноға бет бұрдыңыз ба?

- Мен 2012 Т. Жүргенов атындағы өнер акдемиясын қызыл дипломмен аяқтадым және осыдан кейін біздің топтың 5 актеры Ғ. Мүсірепов атындағы театрға орналастық, онда төрт жыл қызмет еттік. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты ол жақтан шығып кетуге тура келді. Ал киноға алғаш 2012 жылы келдім, «Көк тарландары» деген киноға түстім. Бұл әскери өмір туралы фильм, әзіл-қалжыңы бар туынды, оны сол кезде көп көрермен көрді. Міне, сол сериалдан кейін мені режиссерлар шақыра бастады, оның үстіне сол кезде телехикаялар түсіру жаппай қолға алынған болатын. Содан бері көптеген кинолар мен сериалдарға түстім. Бірақ түбі театрға ораламын деген ойым бар, бірақ бұл Мүсірепов немесе Әуезов театры емес. Болашақта өзім жеке театр ашқым келеді, спектакльдер қойғым келеді, моноспектакль немесе бірнеше адамның қатысуымен қойылымдар жасау ойда бар. Әрине, бұл болашақтың еншісінде, себебі оны ашу оңай шаруа емес. Оған өзің сияқты ойлайтын өнер адамдары, қаржы және үлкен қолдау қажет.

F: Кинодан бөлек дубляжда істейді екенсіз. Қандай жобаларға қатыстыңыз?

- Мен Қазақстанға алғаш келген америкалық, голливудтық анимациялық жобаларды, Уолт Дисней, «Пиксар», оның ішінде алғаш 2011 жылы ұсынылған «Тачки-2 » деген жобада Молния Маккуин, яғни «Көліктер-2» мультфильмінің ең басты кейіпкері Найзағай Маккуиннің дауысын салған едім. Одан кейін «Корпорация монстров», «История игрушек», «Люди в черном» т.б жобалардың дубляжына қатыстым. Қазірде 31 арнаның және басқа да жеке компаниялардың мультфильмдерінде істеймін. Бұл да өзім жақсы көретін кәсіптің бірі.

F: Қазіргі күні сізге жасалатын ұсыныстар қаншалықты көп?

- Мені қазір өте көп шақырады. Мен негізі бақытты актермын. Бірақ мен барлық жерде жылтырап түсе бергім келмейді. Әсіресе сериалдарда. Себебі құның түсіп кетеді, қадірің кетеді, қызықсыз, шын мәнінде актер өз көрерменін сағындырып отыруы керек. Мысалы неге біз Леонардо Ди Каприоны, Уилл Смитті сағынамыз, күтеміз. Себебі олар 3-4 жылда бір киноға ғана түседі. Әрине, мен олармен өзімді салыстырмаймын, бірақ солардан үлгі аламын. Сол сияқты ең бастысы өзіңді құрметтей білу маңызды. Әрине, қаржы маңызды, табыс керек, бірақ мен ең алдымен бірінші кезекте сценарийге, режиссерға, рөлге, тек содан кейін ғана ақшаға мән беремін. Ақша ең соңғы орында. Ал оның алдындағылары көңілімнен шықса ғана келісімімді беремін. Ал ақшаны артынан келісуге болады. Өйткені кино мықты болса, ол саған талай есікті ашып береді, жарнама жасап береді. Бір ғана кино арқылы үлкен биіктерді бағындыруға болады. Ақша деп қатып қалуға болмайды. Ең алдымен қайда және не үшін түсетініңді мұқият қарау керек. Мені қызықтырмайтын жобалардың гонорарын әдей жоғары етіп қоямын. Өйткені бас тартудан ұяламын, көңілдерін қалдырғым келмейді. Сосын олар да мазалай бермейді. Ал жоба ұнап жатса, онда режиссермен өзара сөйлесіп, бірден кірісемін.

F: Ресейлік жобаға өтуіңізге Жанна Исабаеваның «Отвергнутые» фильмі себеп болды дедіңіз. Шынында, бұл туынды көпшіліктің қызу талқысына түсті, көп қаралды. Сөз жоқ ауыр фильм, себебі қоғам проблемасы ашық суреттелген. Бұл жобаға қалай таңдалдыңыз, ондағы образыңыз туралы не ойлайсыз?

Мен Жанна Исабаеваны адам ретінде, режиссер ретінде өте қатты құрметтеймін. Өйткені нағыз ермінез жан, сөзінде, уәдесінде тұрады. Ол кісіні көптен бері танимын. Алғаш 2013 жылы бір сериалдың кастингіне, басты рөлге шақырған еді. Бірақ бұл кезде менің тәжірибем аздау еді, театрда істеп жүрген кезім, өкінішке орай өзімді дұрыс көрсете алмай кастингтен өте алмадым, оның үстіне туынды орыс тілінде болды, ал мен жылдам сөйлейтін IT-маманының рөлін ойынауым тиіс еді. Бірақ қатты уайымдап, тілім күрмеліп, жобаға өте алдмадым. Сол кезде Жанна Исабаева актер ретінде мені жоғары бағалайтынын айтып, келесі жобаға міндетті түрде шақыратынын айтқан еді. Сөзінде тұрды, араға жеті жыл салып «Отвергнутые» картинасына шақырды. Менде бұл жобаға ерекше дайындалып бардым және бірден өттім. Бұл фильм, бұл роль маған өте ұнады, өте шынайы, әсерлі шықты, тіпті музыкасын арнайы Ташкентке барып, оркестермен жаздырды. Осындай кинолар қажет. Жалпы 30 астам жобаға түскен шығармын, соның ішінде 4-5 жобаны ерекше ұсынамын, солардың ішінде «Отвергнутые» лентасы бар. Мен үшін оның орны бөлек, себебі айтуға тұрарлық жоба болды, осындай режиссермен жұмыс істегенімді мақтан тұтамын.

F: Сіз ойнаған «Сәке» телесериалы ғаламтор желісінде көп қаралды? Өте сәтті әрі қызықты шыққан фильмдердің бірі деуге болады. Бұл жобаны кімдер түсірді, сізге кім ұсыныс жасады?

Бұл жобаны соңғы кездері веб-сериалдарымен танымал болған «Salem Social Media» компаниясы мен БАС продакшн продюсері Ақылбек Досжан бірлесіп түсірді. Өздері сценарийін жазды, Ожлас Нұрбай деген режиссер түсірді, бұған дейін сол режиссермен «Абысындар» деген жобада істедім, ол менің қабілетімді жақсы біледі. Иә, қызық сериал болды, шындыққа негізделген. Біраз адам онда өзін көрді, біраз адам күлді, ой түйді деген ойдамын.

F: Ғаламторға арналған сериалдар неліктен үлкен сұранысқа ие бола бастады деп ойласыз? Бұған цензураның жоқтығы себеп емес ме?

- Иә, бұл да себеп. Себебі қазіргі сериалдардың бәрі кітаптың тілімен сөйлейді. Ал көрермен одан жалығады. Өйткені өмірде ешкім олай сөйлемеді. Ал бұл жерде күнделікті өмірдегі сөздер қолданылады, сондықтан көп көреді. Жалпы драматургияда, театр өнерінде, кітаптағы романда адам өзіне ұқсас нәрсені көрмесе, кездестірмесе, оған қызығушылық танытпайды. Сол сияқты сериалда да солай. Әрине, өз басым жаман сөз айтудан аулақпын, бірақ біз адам болғандықтан, кейде тілімізге еге бола алмай қаламыз, ашуланғанда, байқаусызда ауызымыздан түрлі сөздер шығып кетеді. Ал ғаламтордағы туындыларда осының бәрі ашық көрініс табады, ондай сөздерге жол беріледі. Өйткені бұл күндегі өмірде, тұрмыста кездесетін құбылыс. Ал арналардағы сериалдарда оған рұқсат жоқ. Бәрі әдемі, көркем сөздермен жеткізіледі. Бірақ өмірде олай емес.

F: Кино саласындағы алғашқы гонорар есіңізде ме? Қазіргі кинодан түсетін табыс қаншалықты еселенді? Горорар көлемін негізінен кім белгілейді?

- Бұл сұрақты бәрі қояды. Бірақ мен бұл сауалды айналып өткім келеді. Себебі гонорар көлемін мақтанып айта алмаймыз, көңілден шықпайды, мен үшін аз. Бірақ, болашақта актерге деген құрметпен бірге, оларға төленетін ақы да өседі деген үміттеміз. Әрине, кез келген жобаның ақысын өзара келісесің, продюсер өз бағасын айтады, сен өз бағаңды айтасың, сосын келісесің. Бірақ мен тағы айтамын, егер маған жоба ұнамаса, онда ақша ештеңені шешпейді. Себебі мен үшін шығармашылық маңызды, актерлік шеберлік бірінші орында тұрады. Фаина Раневская айтпақшы: «Ақшаны ішіп-жеп қоясың, ал ұят мәңгі қалады». Сондықтан көрінген жобаға қарай беталды жүгіре бергенді қойдым. Ең бастысы Жаратушы ниетімізге қарай береді, несібемізді бұйыртады.

F: Көбінде антагонист рөлінде ойнайсыз. Мінезіңіз, табиғатыңыз осындай образдарға жақын ба, әлде сізге осындай рөлдер ұсына ма?

Академияда оқып жүргенде ағайымыз Макбет деген спектакль қойды, білесіздер, Шекспирдің туындысы, сонда мен сол рөлді төрт жыл бойы ойнадым. Өте ауыр рөл, басында протагонист болады, кейін антогонист болады. Соның образы қалып қойған, бірақ мен өмірде ондай адам емеспін. Алғаш «Көк тарландары» жобасында қатал офицерді ойнадым, онда осындай рөл болды. Режисерлардың көбі сол образды көріп алған, ал қазір керісінше ондай рөлдерден қашамын. Жуырда Айқын Төлепбергеннің фильмі шығады, онда да бандитті ойнауды ұсынған еді, бірақ одан бас тарттым, кейін маған тергеуші рөлін берді. «Шекер» деген сериалды білетін шығарсыздар, онда да жағымсыздың жағымсызын ойнадым. Күні кеше ғана «Сәке- 2» фильмінен бас тарттым, оның кезекті бөлімінде болмаймын. Ал «Шекер-2» жобасына түсемін. Жалпы бір рөлге бара берген дұрыс емес, себебі одан өспейсің, өзге қырларыңды көрсете алмайсың.

F: Актерлық өнер де өзге салалар сияқты бір ғылым деген екенсіз. Сіз бұл ғылымды қаншалықты меңгердіңіз. Қазақстанда ғылымның бұл түрі қаншалықты дамуда?

Нақты ғылым деген бар ғой. Сол сияқты актерлық шеберлік те өз алдына бір ғылым. Менің бір ұстамызның ұстанымымен айтсам, актер интуициямын екі-үш рөлді ғана ойнап бере алады, яғни КВН немесе вайнерлар сияқты өзіңді ойнап бересің. Ал Станиславский мен Чеховтың жүйесін білмесең және көп ізденіп, оқымасаң, онда осымен шектелесің. Ал режиссер жұмысы, актерлық шеберлік, оның бәрі тұтас ғылым. Себебі образды қалай жасаймын, одан не шығады, спектакль немесе киноға түскенде кейіпкерді қалай елестетесің, бұл үшін қандай шешімдер қабылдануы тиіс, осы арқылы не айтқым келеді деген сауалдарға кәсіби түрде жауап бере алмасың, онда бәрі бекер, одан түк шықпайды. Сондықтан бұл салада математика, физика, химия ғылымдары сияқты дәлдік пен нақтылық болмаса, онда өнер шынайы болмайды, мақсатқа жету мүмкін емес.

F: Жуық арада қандай жобалардан шақырту түсті. Кімдермен жұмыс істейсіз?

- 2021 жылдың 20 мамырынан бастап барлық кинотеатрларда Айқынның «Где мое кольцо» (Операция гүлдер) жобасы шығуда. Ал жазда, шілде мен тамызда жоғарыда айтқан «Шекер-2» сериалына түсемін, сол жобаға шақырды, кастингтен өттім. Бұл жобаның режиссеры, операторы, түсіру тобы және өз рөлім өте ұнады. Сондықтан мен үшін бұл сериал өте қызық болып тұр. Оның нәтижесін бұйырса бәріміз бірге көреміз.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
3527 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
2 августа родились
Аскар Жумагалиев
чрезвычайный и полномочный посол Республики Казахстан в Королевстве Нидерландов
Махмуд Касымбеков
руководитель канцелярии первого президента РК
Бронислав Шин
председатель совета директоров АО "Алматыинжстрой"
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить