Аружан Саин: Мемлекет әрбір бала алдындағы өз міндетін орындауы керек

19741

Damu Bala платформасының Инстаграм парақшасындағы деректерге жүгінсек, биыл Алматыда 65 мыңнан астам бала тегін секциялар мен үйірмелермен қамтылған

Естеріңізде болса, 2 мамырда басталған балаларды тегін секциялар мен үйірмелерге тіркеу, араға екі апта салып тоқтап қалған еді: шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларында бос орын қалмаған...

Айтпақшы, 25 мамырда үкімет басшысы Әлихан Смайылов балалардың спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге тегін баруына мүмкіндік беру үшін жергілікті бюджеттен 93 млрд теңге бөлінгенін айтқан болатын. Ол, сондай-ақ, елімізде оқушыларға арналған 50 сауықтыру лагері мен инновациялық 100 шығармашылық орталығын салу бойынша жұмыстар басталғанын да мәлім етті.

Балаларды бөліп, алалау – кемсітушіліктің бір түрі...

ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин, республика аумағындағы «барлық бала тегін секциямен және үйірмемен қамтамасыз етілуі керек» деп есептейді. Балалар омбудсмені, елімізде балаларға қатысты мемлекеттік саясатты өзгертпейінше, кәмелетке толмаған балалар арасындағы қылмысқа тосқауыл қоя алмаймыз деген пікірде.

Аружан Саин, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі
Аружан Саин, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі

«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүргізген бірқатар зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, егер мемлекет балаларды оқытуға (бұл арада академиялық біліммен қатар, өнер мен спорт та қамтылады) неғұрлым көбірек ақша бөлсе, соғұрлым бұл елдердегі қылмыс деңгейі, оның ішінде жасөспірімдер арасындағы буллинг, суицид, зорлық-зомбылық сирек кездеседі, сондай-ақ, бұл елдерде азаматтардың өмір сүру деңгейі де мейлінше жоғары.

Егер біз қоғам ішінде белең алған кәмелет жасына толмаған балалар арасындағы қылмыс пен зорлық-зомбылықты азайтып, жоямыз десек, балаларға қатысты мемлекеттік саясатты түбегейлі өзгертуіміз керек. Балаларды барынша дамытып, пайдалы еңбекке баулитын, әр баланың қабілетін шыңдап, ашуға мүмкіндік беретін мемлекеттік жүйе құруымыз қажет.

Тек сонда ғана біз әлем бойынша бәсекеге қабілетті, экономикада, ғылымда, өндірісте, технологияда өсіп, дамуға әкелетін жоғары сапалы адами капиталға қол жеткізе аламыз. Мұндай ұрпақ өзін және балаларын тұрақты моральдық құндылықтар мен бір-бірінің құқықтарын құрметтеуге негізделген ұстанымдармен қамти алады. Яғни, бұл тек балалар мен ересектердің қауіпсіздігі мәселесі емес, бұл елдің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігі мәселесі», - дейді балалар омбудсмені.

Аружан Саин өз сөзінде, балаларды бөліп, алалау – кемсітушіліктің бір түрі дегенді айтады, ал бұл балалардың арасындағы қарым-қатынасқа да тікелей әсер етуі ықтимал

«БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының, ҚР Конституциясының және «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңның басты қағидатына назар аударайық: барлық балалардың құқықтары тең. Сондай-ақ, «халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балалар» қағидасы бойынша балаларды бөлуді кемсітушілік деп санауға болады және мұндай ұстаным балалар арасындағы қарым-қатынасқа әсер етеді. Мысалы, халықтың әлеуметтік осал санатындағы бала мектепте тамақтанады, ал басқа бала тамақтанбайды, өйткені оның ата-анасының табысы осал санаттағыдан 1000 теңгеге артық. Бірақ бұл баланың толық тамақтануына да, секциялар мен үйірмелерге де ақшасы жоқ», - дейді ол.

Әрине, біздің елде ауқатты дейтін отбасылар жоқ емес, олар балаларының қалауынша спорттың немесе шығармашылықтың кез келген түрін жеке сектордан да таңдай алады. Бірақ Аружан Саинның айтуынша, мұндай отбасылар бізде аса көп емес, сондықтан да ата-аналар, әсіресе, көп балалы отбасылар көп жағдайда өздері үшін құнды деген басымдықтарды алға шығарады.

«Ал олар үшін ең бастысы – баласын дұрыс тамақтандырып, киіндіру, оқыту. Тек содан кейін ғана олар қалғанына көңіл бөле алады. Сол сияқты, күнделікті жұмыс істеп, өз табысынан салық төлейтін адамдар ретінде олар сол салықтың игілігін көріп, балаларының, отбасының негізгі қажеттіліктері үшін жұмыс істеп жүргенін сезінуі керек», - дейді Аружан Саин.

Айта кетейік, бүгінде балалар омбудсмені сарапшылар қауымдастығымен бірлесе отырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде еліміз үшін «маңызды да қажетті мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар реформаларды» қолға алуда.

«Бұл реформалардың ең басты қағидасы – әлеуметтік осал отбасыларға, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге және т.б. бөлінбей, барлық балалардың тең құқықтарын қамтамасыз ету. Мемлекет әрбір бала алдындағы өз міндетін орындауы керек», - дейді ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі.

Бүгінгі баланың энергиясын дұрыс бағытқа бағыттау қажет...

ҚР мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру комитетінің Бұқаралық спортты дамыту басқармасының бас сарапшысы Еркебұлан Сәбихановтың айтуынша, биыл елімізде балаларға арналған жоба аясында мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру үшін 86,7 млрд теңге қолдау көрсетілген және бұл жоба қазір барлық өңірде толыққанды жұмыс істеуде.

Еркебұлан Сәбиханов, Бұқаралық спортты дамыту басқармасының бас сарапшысы
Еркебұлан Сәбиханов, Бұқаралық спортты дамыту басқармасының бас сарапшысы

«Бағдарлама ашылғалы бері – 2022 жылы 400 мыңнан астам бала қатысса, 2023 жылы 560 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер 13 мыңдай спорт секциясы мен шығармашылық үйірмелеріне тегін қатыса алады», - деп мәлімдеді ҚР МСМ спорт және дене шынықтыру комитеті Бұқаралық спортты дамыту басқармасының бас сарапшысы.

Өз кезегінде балалар омбудсмені Аружан Саин төмендегідей цифрларды алға тартады.

«ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі балалардың саны (18 жасқа дейінгі) – 6 738 016. Оның ішінде реформаға енетін, 5 жастан асқан балалардың саны, шамамен, 4,7 млн. Осыдан біз балаларды секциялар мен үйірмелермен қамту жоспарына кірістік: 2022 жылдың соңына қарай – 2 млн баланы, 2023 жылдың соңына қарай – 3 млн, 2024 жылдың соңына қарай – 4 млн және 2025 жылы – 4,5 млн баланы қамту жоспарда болды.

Алғашында бәрі жоспар бойынша жүзеге асты: 2021 жылдың соңына қарай, мысалға, artsport.kz платформасында 481 822 бала тіркелді, 426  013 жолдама берілді, оның ішінде 8 635 секция мен үйірмеде 373 941 жолдама іске қосылды. Аз уақыттың ішінде қаншама дарынды ұл-қыздарымыз мемлекет есебінен өздері қалаған спорт түрімен, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алды. Инерция екпінімен өсу 2022 жылы да жалғасты: былтыр белсендірілген ваучер саны 477 мыңды құраған», - дейді ҚР бала құқықтары жөніндегі өкілі.

Дегенмен, Аружан Саинның айтуынша, 2022 жылы аталған реформаны жүзеге асыру механизмі өзгертіліп, «бұл оның тоқтатылуына және бюджет қаражатын жұмсаудың ашық емес, бақылаусыз әдістеріне қайта оралуына алып келді».

«Бірыңғай artsport.kz платформасының орнына бүгінгі күні artsport.edu.kz сайтында 421 мың, damubala.kz платформасында – 110 мың белсендірілген ваучер бар екенін көреміз. Басқа нақты ақпарат жоқ. Орталықтандырылған есепке алу мен бақылау механизмі жойылды», - дейді балалар омбудсмені.

Айта кетейік, 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында: ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «...Әр облыста, ірі облыс орталықтарында спорт клубтары ашылуы керек. Өскелең ұрпақ өкілдері шығармашылық пен қолөнердің қыр-сырын меңгере алатын «балалар үйірмесінің» қызметін қайта жандандыру қажет. Заманауи шындықтың балалар үшін қауіптілігі сонша, олардың энергиясы мен қызығушылығын дұрыс бағытқа бағыттау қажет. Өйткені, балалар – мемлекетіміздің болашағы. Әкімдердің жұмысын да осы өлшем бойынша бағалайтын боламыз» деген болатын.

ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитеті Бұқаралық спортты дамыту басқармасының бас сарапшысы Еркебұлан Сәбиханов, қазір еліміздің барлық өңірінде ата-аналар балаларын ЭЦҚ кілттері арқылы тегін үйірмелерге тіркей алатынын айтады: «2023 жылға жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тапсырысты іске асыру үшін 4 жастан 17 жасқа дейінгі ҚР барлық балалары мен жасөспірімдері тегін үйірмелерге жазыла алады. Сондай-ақ, әр өңірдің мемлекеттік тапсырысты орындайтын платформасы болады. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында damubala.kz поатформасы болса, кей өңірлерде artsport.edu.kz платформасы. Барлық өңірде ата-аналар ЭЦҚ кілттері арқылы тіркеліп, балаларын қатыстыра алады».

Өз кезегінде балалар омбудсмені Аружан Саин, балаларды баулуға қатысты реформа барысы халықтың назарынан тыс қалмауы тиіс дегенді айтады.

«Біз реформаны орталықтандырылған түрде жүзеге асыруға, балалардың іс-әрекетіне қатысты барлық процестерді толық есепке алуға қайта ораламыз деген сенімдемін. Ал жақында artsport.kz платформасының Kundelik жүйесімен бірігуіне, балалардың сапарларын тіркеу форматының енгізілуіне қарап, әрбір тиын балалардың нақты қажеттіліктеріне, олардың денсаулығы мен жан-жақты дамуына жұмсалып, тиісті нәтиже береді деп үміттенгіміз келеді. Әкімдіктер мен министрлер қаржы тапшылығын айтып шағымданғанда, біз «мемлекетте ақша бар» дегенді қайталаудан жалықпаймыз. Тек, сол ақшаны бөлуді дұрыс жоспарлап, оның мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алу қажет», - дейді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі.

Фотосуреттер спикерлердің жеке архивінен алынды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить