Продюсер Айсәуле Әбілда: Егер біз тарихи фактіге қиянат жасасақ, тарихшылар бізді «жеп» қояды

32723

«Көрермен режиссерге сенбесе, фильмнен әсер алмайды. Әсер алмаса, ой түймейді. Ой түймесе, өзгермейді», - дейді тарихи сериалдар режиссері Мұрат Есжан

Режиссерлер Айсәуле Әбілда және Мұрат Есжан
Айсәуле Әбілда және Мұрат Есжан
Фотосуреттер кейіпкерлердің жеке архивінен алынды

Мұрат Есжан мен Айсәуле Әбілда отбасылық жұп, «Болашақ» бағдарламасының түлектері,  «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалдарының режиссері жене продюсері.

Мұрат пен Айсәулені әңгімеге тартып, тарихи сериалдарды түсіру барысы, ұлт зиялыларының өнегесі мен қоғамдық жады туралы сөйлестік.

F: Әңгімені алдымен сериалдардың атауынан бастасақ. Неге «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ!»? Тақырыптар баршамызға түсінікті, бірақ сериалдың мазмұны да, көрерменге деген месседж де бірден белгілі. Жалпы, фильмдердің атауын қалай таңдайсыздар? Оны өздеріңіз ұсынасыздар ма?

Мұрат: Бұл сериалдар Qazaqstan ұлттық арнасының тапсырысы. Телеарна бірнеше жылдан бері ұлы тұлғалардың өміріне арналған сериялық топтама түсіруде, сериал тақырыптары да арнайы шаблон бойынша жасалады. Мысалы, «Қаныш. Қазына», «Тәшенов. Тайталас», «Мағжан. Мен жастарға сенемін», «Әлкей. Ғұлама ғұмыр», «Дина. Күй құдырет», «Міржақып. Оян қазақ!». Бұл біздің фильмдерге ғана емес, арнадан шығатын барлық сериалдарға ортақ формат. Сондықтан тақырып қоюда телеарнаның ішкі талабына бағынуға тура келді.

Айсәуле: Бірақ, соған қарамастан, «Міржақып. Оян қазақ!» деп атаймыз дегенде, «Оян қазақ» деген бастамашыл топпен ассоциация болмай ма екен?», «тақырыпты бекітпей қоя ма екен?» дегендей өзіндік бір ішкі күмән болғаны да рас. Дегенмен, ешқандай мәселе туындаған жоқ. Сериал қалың көпшілікке осы атауымен жол тартты.

«Міржақып. Оян, қазақ!» сериалынан үзінді сурет
«Міржақып. Оян, қазақ!» сериалынан үзінді сурет

Мұрат: Ішкі цензура бәрімізде де бар ғой. Міржақып дегенде бірден осы тақырып ойға келді. Арнаның форматына да сай әрі Міржақыпқа «Оян, қазақ» деп қоймағанда, кімге қоясың?! Арнада қолдағандар да, күмәнданғандар да болды. Кейде «Қазақ» дегенді алға шығаруда да бізде бір сақтық бар. «Біз көп ұлттымыз, басқалар бізге қалай қарайды» деген жалтақтық бар. Былай қарағанда, оның бәрі өз ішіміздегі кедергілер. Мәселен, Qazaqstan арнасынан таныс-тамырсыз қандай да бір жоба алуға болмайды деген де түсінік бар. «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалы арнаның жоба жоспарында тұрған телехикая болатын, соны түсіруге бізді өздері шақырды. Біздің «Хабар» арнасына жасаған «Абай жолы» жобасындағы жұмысымызды көріп, шақырса керек.

«Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалын түсіруге дайындық барысында талай оқып, зерттеп, көп деректі зерделедік. Сонда Міржақыптың бейнесі бөлек сериал болуға сұранып тұрғанын бірден байқадық. Сөйтіп, келесі сериалды Міржақып Дулатұлына арнауға ұсыныс жасадық. Және сериалда актер құрамы осы қалпында қалса деп, ойымызды телеарна басшылығына да жеткіздік.

Айсәуле: Мұраттың режиссерлік арманы бар: Алаш тақырыбына арнап елу сериал түсіру және олардағы актерлік құрам да өзгермесе деген. Әдетте, бізде әр дәуірді әртүрлі команда түсіреді, онда әртүрлі актерлар ойнайды. Сондықтан көрерменге актерлармен байланыс орнату қиын. Оның үстіне қазір тарихты ауызша айтып, жеткізе алмаймыз. Біздің ұрпақ аудио-визуал ұрпақ, сондықтан тарихты оларға ыңғайлы, қабылдауына жеңіл жолмен берген дұрыс. Меніңше, тарихи тұлғалардың өміріне арналған телехикаялар қазір сол миссияны орындауда. Міржақыптың рөлін актер Бақыт Қажыбаев, ал жары Ғайнижамал рөлін актриса Зарина Кармен сомдады. Екеуі де танымал, жұмысбасты актерлар, кезінде оларды «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалына эпизодтағы рөлге шақырғанда, келесі жолы басты рөлдерде ойнайды деп топшыладық.

«Міржақып. Оян, қазақ!» сериалын түсіру барысы
«Міржақып. Оян, қазақ!» сериалын түсіру барысы

F: Әйтсе де, меніңше, сериалда Ғайнижамал бейнесі толыққанды ашылмаған. Аттастырған жігітіне тұрмысқа шықпай, «ұят болады» дегенге қарамай, өз сүйгеніне қосылуға батылы жеткен қыз – мінезді қыз. Бірақ қазақ қоғамының сол кездегі ұстанымына қарсы шығуға батылы жеткен Ғайнижамал, сериалда тұрмысқа шыққан соң асхана деңгейінде қалып қойған. Әлде оның себебі телехикая сценаристері – Мұрат Есжан, Ұларбек Нұрғалымұлы, Ұшқын Сәйдірахман – бәрі ер азамат болғанында жатыр ма?

Мұрат: Шыны керек, алты бөлімнен тұратын телехикаяға көп нәрсе сыймады. Оны біз көрсетпейік деген жоқпыз, мүмкіндік шегі солай болды. Көп нәрсені айтып, көрсеткің-ақ келеді, бірақ бәрін сығымдап, ең өзекті жерлерін қалдыруға тура келді. Кейде біз кино емес, ақпараттық агенттік болып кетеміз. Көркем туындымен қатар, телехикаяны тамашалаған әр адамға Міржақып туралы жан-жақты ақпарат беруге, оның барлық қырларын көрсетуге тырыстық. Ғайнижамалдың ең көп көрінетін жері – Міржақыптың Соловецкий лагерінде жатқан кезі. Сонда баласы Әлібекпен бірге бір ай Міржақыптың жанында болады. Аузынан көп нәрсе естіп, айтып келеді. Бірақ сөзіңіздің жаны бар. Біз Ғайнижамалды ашпағанымызбен, Гүлнар апайды барынша аштық деп ойлаймын. Гүлнар апай – Алаштан қалған жалғыз тұяқ. Қазір біз көріп жүрген барлық суреттерді, естіп жүрген барлық естеліктерді бізге сол кісі жеткізген. 

Сол жақта: сериалда Гүлнар Міржақыпқызының рөлін сомдаған Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова, оң жақта: Айсәуле Әбілда
Сол жақта: сериалда Гүлнар Міржақыпқызының рөлін сомдаған Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова, оң жақта: Айсәуле Әбілда

Айсәуле: Мен Мұратты қандай да бір патриархал көзқарастардың иесі, сондықтан Ғайнижамалдың бейнесін аз көрсетуге тырысты деген оймен келіспеймін. Бұл жерде біздің мақсат Міржақыпты барынша ашу болатын, ал ол әмбебап тұлға. Бір қарасаң, мақала жазып жатады, бір қарасаң, атқа қонып, әскер жинауға кетеді, енді бір қарасаң, бастамашыл топ құрып, аштық құрбандарына көмек қолын созуға аттанады. Сериалда Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылуы, революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, абақтыдағы жылдары және Ғайнижамалмен махаббат хикаясы көрсетіледі. 

Оcы ретте, «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясына қатысты бір жайт есіме түсіп отыр. Сериалда Ахметтің әліппені құрастыру барысында жары Бәдрисафа апаймен ақылдасып жатқанын көрсететін шағын ғана эпизод бар. Патриархал құндылықтардың сарқыншағы бар көрерменге оны қабылдау қиын болды. Бізді қатты сынады. «Сонда Ахмет оны әйелмен ақылдасып жасады дегілеріңіз келеді ме?» деп айтқан еркек те, әйел де ғалымдар болды. Былай қарасаң, Ахметке сай білімі бар әйел (кітапханада танысқан), неге онымен ақылдаспасқа? Ал қоғамның қабылдауы қиын болды. Бірақ, әрине, ол заманды қазіргі біздің түсінікпен өлшеуге, біздің бүгінгі көзбен қарауға болмайды. Ол заманда оқыған әйелдер аз еді. Олардың құқықтары да аса қорғалды деп айта алмаймыз. Ол кезде әйелдер бөлек тамақ істеп, бөлек отырғаны да рас. Біз онымен қазір келіспейміз деп, тарихқа қиянат жасауға болмайды.

F: Телехикаяда қазақ автономиясы мен тәуелсіздігі де сөз болады. Қалай ойлайсыздар, сол кезде Алаш зиялылары автономия үшін емес, тәуелсіздік үшін күрессе, қазір жағдай басқаша болар ма еді?

Мұрат: Сол кездегі реалий, сол кездегі статус-квомен қарағанда, ол жерде тәуелсіздік туралы мүлдем әңгіме болмаған. Бүкіл ой автономия төңірегінде еді. Өйткені олар дәл сол кезде тәуелсіздік деген утопия екенін жақсы түсінді. Тәуелсіздікті қалай болғанда да алмайтынын білді. Алаш арыстары ұлттық автономия алсақ деп күресті және ол күрес нәтижесіз болған жоқ. Бұдан әрі барса, жағдай ушығып кетіп, халық қырылуы мүмкін еді. Еңбектерін саралап отырсаңыз, бір емес, бірнеше жерде «халықты босқа қырып аламыз» деген қорқынышын көресіз. Өздері де 20 жылға жуық уақыттан кейін құрбан болды, бірақ сол уақыт аралығында халықты ағарту жолында жасаған қаншама еңбегі қалды! Олар сол кезде дана шешім қабылдады деп ойлаймын. Көзді жұмып, оққа қарсы жүру батырлық емес. Шын батырлық – ақылмен, айламен, келісіммен жүретін нәрсе.

Жалпы, патша өкіметі кезінде бізді Батыс генерал губернаторлығы, Орынбор генерал губернаторлығы және Түркістан генерал губернаторлығы деп үшке бөліп тастаған. Алаш автономиясы құрылып, жарияланып, екі жылға жуық өмір сүріп, территорияларын бекітпесе, 1920 жылы Кеңестік негіздегі Қазақ автономиясы, 1991 жылы – Қазақстан Республикасы осындай аумағымен құралмас еді. Ондай күрес жүрмеген жағдайда, біз бөлшек-бөлшек боп, біріміз мына жақта, екіншіміз ана жақта қалар едік. Мысалы, Таяу Шығысты қараңыз, шекаралары түзу, қолдан сызылған. Табиғи емес. Ал біздің бабаларымыздан қалған табиғи шекараның алғашқы нұсқасы сол Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы құрылған кезде жасалды. Бұл жоба араға 70 жыл салып, елімізді Тәуелсіз деп жариялауға негіз болды.

Режиссер Мұрат Есжан
Режиссер Мұрат Есжан

F: Осы ретте, телехикаяда қаншалықты деңгейде шынайы дерек пен режиссердің қиялы ұштасқан деген заңды сұрақ туындайды.

Мұрат: Біз максималды түрде шынайы фактіге сүйенуге тырыстық. Тарихи тұлғаның, ұлттың тағдыры ешқандай автор ойлап таба алмайтын шеберлікпен жазылған. Біздің негізгі жұмыс – халықты сендіруге келіп саяды. Егер көрермен болып жатқан нәрсеге сенбесе, одан әсер алмайды. Одан әсер алмаса, ой түймейді. Ой түймесе, өзгермейді.

Айсәуле: Егер біз қандай да бір тарихи фактіге қиянат жасасақ, тарихшылар бізді қалдырмайды, «жеп» қояды. «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалында бәрін қадағалап отыратын Райхан апай атты тарихшы кеңесшіміз болды. Сериалда Ахметтің жары Бәдрисафа апайдың НКВД қызметкерлері келіп, үйін тінтіп, ойран салғаннан кейін баласын түсіріп алатын эпизод бар. Өзі бір ғана бала көтерген кісі ғой. Сонда Райхан апай: «Ол оқиға болған, бірақ сендер сипаттап отырған оқиғадан екі жылдан кейін» деді бізге. «Апай, сериалды жылдап көрсетуге біздің уақытымыз жетпейді» деймін сонда. Себебі бұл – деректі фильм емес. Бұл көркем туынды. Ал көркем туындыда бәрі шынайы болуы керек деген талап жоқ. Бізді, не керек, «киношник» әріптестеріміз де «тым дерекке сүйенген көркем туынды түсіріпсіңдер» деп түсінбейді. Мемлекетте көп нәрсе «галочка» үшін жасалып жатқанын көресің де, «Міржақып туралы тағы қашан фильм түсіріледі дейсің? Тағы бір мерейтойды күтіп қала ма?» деп, оқиғасын білген соң, барынша көрсетпеуге тағы обалсынасың.

«Міржақып. Оян, қазақ!» сериалын түсіру барысы
«Міржақып. Оян, қазақ!» сериалын түсіру барысы

Мұрат: Кез келген туындыда кейіпкердің сөзі де, әрекеті де, тарихи дүниелер де бұрмаланбай берілгені дұрыс. Мысалға, «Қазақ» газетінің шығуы сынды тарихи дүниелерде адамдар көп шатаспауы керек. Ал ішкі бір мәселелер, ішкі драмалар аясында еркіндікке бой ұрмасаңыз, жаңағыдай эмоция тудыру қиын. Мысалы, әскер жинауға шықты деген кезде қандай деректерге сүйенеміз? «Қанша әскер жиналды?», «Қайдан жиналып жатыр?» деген ақпаратты «Сарыарқа» газетіндегі мақалалардан, «Қандай талаппен жиналып жатыр?» деген сұраққа жауапты «Қазақ» газетіндегі мақалалардан табамыз. Бізде бұл ақпарат бар, бірақ қалай жинағаны туралы ақпарат жоқ. Мысалы, Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде»: «16 жастағы бала едім, ауылға бір топ оқыған келді. Ішінде Міржақып деген бар екен. Қырық адамды жинады. Арбаның үстіне шығып сөйледі» дейтін тұсы бар. Бірақ ол Міржақыпты жағымсыз түрде береді. «Түкірігі шашырап сөйледі. Сосын ел оған көнбей, айтқанымен келіспей, «далада жатқан баламыз жоқ» деп кетіп қалды» дейді. Сәбит Мұқанов жүз пайыз өтірік жазып тұрған жоқ қой. Мүмкін өзінің жағымсыз эмоциясын қосып тұрған шығар, бірақ бұл факт. Демек, елді жинап, арбаның үстіне тұрғызып сөйлеткеніміз Сәбит Мұқановта тұр, қалай жинағаны, қандай талап қойғаны газетте тұр. Осылай ақпарат пен мәліметті тірнектеп жинаймыз.

Алаш кезеңінің бір қиын жері олар туралы ақпарат мақалада немесе тергеудегі анкета негізіндегі құжат жүзінде сақталғанымен, естелік тұрғысынан мүлдем жоқ. Тіпті, Ахмет Байтұрсыновтың інісінің баласы Самырат Кәкішев қандай да бір естеліктерді Тәуелсіздік алып, бәрі анықталған кезде ғана барып, «Ахаң туралы ақиқат» деген кітапта жазады. Оны да түсінесің, оны да кінәлай алмайсың. Сол заманның трагедиясы сондай.

 «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалынан үзінді сурет
«Міржақып. Оян, қазақ!» сериалынан үзінді сурет

Мысалы, Абай туралы естелік көп: Кәкітайдың естелігі, Архамның естелігі, Көкбайдың естелігі. Мұхтар Әуезов те қаншама адаммен сөйлесіп, естелік жазып кетті. Ал Ахмет, Міржақып туралы естелік жоқ. Олардың өмір салты қандай болды? Қалай әзілдесті? Қалай сөйлесті? Мінез-құлқы қандай болды? Оңдырып түк білмейміз. Әйтеуір Міржақып туралы Гүлнар апайдың жазып кеткені бар. Гүлнар апайдың өзі ес білген кезде 7 жаста болатын, ал Міржақыпты оның 14 жасында ұстап алып кетті. «Мен әкемді жеті-ақ жыл білдім. Соның өзінде әкем үйде болмайтын. Әкем бүкіл Қазақстанды атпен аралап шыққан адам» дейді. Гүлнәр апайдың жадында қалған естеліктерді біз қазір үлкен азық қылып отырмыз. Ал шетелдің кез келген бір жазушысын алыңыз, ол туралы күні мен сағатына дейін белгілі мәлімет табылады...

Сондықтан кейде, амал жоқ, солар үшін ойша өзіміз өмір сүруге тура келеді. «Мүмкін былай әзілдеген шығар», «былай сөйлеген шығар» деп топшылап, режиссерлік қиял қосылады.

Айсәуле: Ахмет Байтұрсынұлының жиеншары Айман Байсалова апай, қазір 80-ге келіп қалды-ау деймін, сұхбатының бірінде «өзіміздің ыдыс-аяғымыз да болмаған, себебі бізді әр 40 күн сайын көшіріп отырды» дейді. Қарап отырсаңыз, ол Ахметтің туған ұрпағы, туған баласы емес, жиеншары. Бірақ қудалауға ұшырап, өмірі көш үстінде өткен. Гүлнар Міржақыпқызын көрген адамдар да қашып, жолдың арғы бетіне өтіп, амандаспақ түгіл, көзбе-көз кездесуге қорққан. Олардың кебін кимеген соң, сондай деңгейде қорқытып тастаған соң, естелік айтпады деп жазғыра алмайсың да.

Айсәуле Әбілда және Мұрат Есжан
Айсәуле Әбілда және Мұрат Есжан

F: Тәуелсіз Қазақстан тарихында да жауабын таппаған мәселе көп. Егер Алаш зиялыларымен паралель жасап, ертеңгі ұрпақ үшін естеліктер базасын қалыптастыру керек болса, қазір кіммен сұхбаттасып бастаған дұрыс? 

Мұрат: 2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінде Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтың бюстары ашылды. Ашылу салтанатына Гүлнар апай да келді. Біз ІІІ–IV курс студентіміз, бірақ, шыны керек, ол кісі «Міржақыптың тікелей ұрпағы, қасына барып, бірнәрсе сұрайық» деген ойымызға да келмеді. Тарихи сана болмады. Ол өсіп, есейе келген дүниелер ғой. Кейін Ильяс Жансүгіровтың ұлы Саят Жансүгіровті де көрдім. Зиялылардың көпшілігінің тұяғы балалар үйінде өскен ғой. Бұл тұрғыдан Гүлнар апай, әрине, ерекше жан.

Өзімді қызықтыратын кезең – Кеңес өкіметінің толық орнаған кезі. 30-шы жылдардағы репрессия ұмытылып, көзімізді тырнап, ашқалы «Ленин, Сталин, коммунистік идеямен» туғандай бір кезең болатын. Тәуелсіздікке деген ешқандай үміт жоқ еді. Сол кездегі адамдардың психологиясы қандай болды? Адамдар нені аңсады, неге ұмтылды? Асханада отырып айтылған әңгімелер қандай болды? Осы тақырып қызықтырады, сол уақыттың куәсі болған адамдармен сөйлесіп қалғым келеді. Мысалы, сондай жандардың бірі – ғалым-антрополог Оразақ Смағұл, жазушы Дулат Исабеков, 1960 жылдары Мәскеуде қазақ студенттері құрған «Жас тұлпар» ұйымының басы-қасында жүрген Мұрат Әуезов. Меніңше, осы кісілердің кешегі, бүгінгі естеліктері бізге де, бүгінгі өскелең ұрпаққа да, келер ұрпаққа да құнды болмақ.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить