«Отандық мультфильм жасау өндірісіндегі басты мәселе – кадр тапшылығы»

28654

Биыл қазақ анимациялық кино өнерінің атасы Әмен Қайдардың туғанына бір ғасыр толды. Режиссер 1967 жылы түсірген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультипликациялық фильм бұл жанрдағы ең алғашқы отандық өнім болып табылады

Шыңғыс Рамазан
Шыңғыс Рамазан

Бүгінде елімізде анимация шығармашылығымен айналысатын 30 шақты жеке компания бар деп есептеледі. Сол сияқты, былтыр Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының негізінде «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі ашылды.

Forbes.kz отандық мультфильм өндірісінің бүгінгі жай-күйін білмек болып, «Балапан» телеарнасындағы танымал мультхикаялардың сценарисі Шыңғыс Рамазанмен сұхбаттасты.

F: Шыңғыс, біз қазір Қазақстанда мультфильм өндіру индустриясы бар деп айта аламыз ба?

- Қазақстанда мультфильм өндіру индустриясы бар және ол соңғы жылдары өте қарқынды дамып келеді. Бізде бұл индустрияның белең алғанына 55 жылдан асты. Көк жәшіктен көз алмай телмірген баланың уақытын басқа елдерде пайдалы контент өндірумен баурап алады. Баланың санасын, түйсігін қалыптастыруға түрлі-түрлі мультфильмдер ұсынады. Мысалға, Жапонияда мультфильм арқылы елдің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттайды, ал Қытайда патриоттық мазмұндағы мультфильмдер көрсетіледі. Бұл – болашақ ұрпақтың қалыптасуына септік ететін өзіндік әдіс, тіпті, идеологиялық әдіс деуге де болады.

Қазақстанда анимацияның дамуы ұзақ мерзімді стратегияны қарастырмайды. Қаражат мемлекет бекіткен ағымдағы жобаларға бөлінеді, бірақ олардың жұмсалуы құпия, коммерциялық табыс маңызды емес. Соңғы онжылдықтарда отандық аниматорлар, халықаралық байқаулардың жеңімпаздарын қосқанда, 200-ден астам анимациялық фильм түсірді.

Анимация өндірісі – ел үшін, ұрпақ үшін өте қажет дүние. Оған бей-жай қарауға болмайды. Қазақмультфильм өндірісі осыдан бес жыл бұрынғымен салыстырғанда, әлдеқайда дамыған. Бірақ анимацияға, яғни оның сценарийіне, дыбысына, суреттеуіне қаражатты көбірек бөлген дұрыс. Санға емес, сапаға жұмыс істеу керек. Сапа бар жерде жетістік бар…

Өкінішке қарай, қазір елімізде анимацияға арнайы қаржы бөлініп жатқан жоқ. Тек ортақ кинематографияға бөлінетін бюджет бар. Анимация да соның ішіне кіреді. Өткен жылы жалпы кинематографияға 4 млрд тенге бөлінгенін естідім. Ол да аз ақша емес… бірақ, қаншасы киноға, ал қаншасы анимацияға ол жағын анық білмедім.

Бір білетінім, былтыр «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі конкурстық негізде республиканың ірі қалаларынан ұсынылған 167 сценарийдің ішінен үздік жиырмасын таңдап, 5 минуттық анимациялық картиналардан тұратын 20 мультфильм түсірді.

«Балапан» арнасының «Сақалар» мультхикаясы
«Балапан» арнасының «Сақалар» мультхикаясы

F: Бүгінде бұл сала кімнің қолдауымен және қалай дамып жатыр?

- Отандық мультфильм өндіру саласында өсу бар, десе де өсуге тосқауыл болатын қиындықтар да жоқ емес. Мәселен, біздегі үлкен мәселенің бірі – кадр тапшылығы. Алматы мен Астанада анимациялық компаниялар, аниматорлар баршылық. Бірақ жақсы дизайнерді, 3D аниматорды, қоюшы суретшіні табу оңай емес.

Бір анимациялық фильмді жарыққа шығару үшін 50-ге жуық маман еңбектенеді. Мультфильмдер бірнеше кезеңнен тұратын зор еңбекті, уақытты қажет етеді. Алдымен жақсы сценарий жазылады. Кейін кейіпкерлердің суретін салып, 3D модельдеу, текстуралық 3D форматында жұмыс істеу тағы бар. Суретшілердің еңбегінен кейін аниматорлар мен визуализаторлар визуалды эффектілерді қосады. Бізде былтыр екі мультфильм балаларға жол тартса, биыл үшеуі жарыққа шығады деп отырмыз.

Отандық мультфильмдердің 80%-ға жуығын қаржыландыру мемлекеттік қаражат есебінен жүзеге асырылады. Ақшаның бір бөлігін қазақстандық жалғыз балалар телеарнасы, «Қазақфильм» киностудиясы, сондай-ақ Ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығы алады. Айтпақшы, анимация нарығы жеке инвесторлар үшін де қызықты. Бірақ әзірге олардың қаржыландыру үлесі 15–20%-ды ғана құрайды.

Біздің елде мультфильм десе, ең алдымен, «Балапан» телеарнасы ойға келеді. Мемлекеттік арнаның қолдауымен бұл арна жылына бірнеше төл туынды жасап шығарады. Сонымен қатар, шетелдік мультфильмдерді сатып алып, қазақша дубляждап көрсетеді. Негізі, «Балапан» ұсынған мультхикаялар арқылы көптеген қазақ баласы қазақша сөйлеуді үйренді деп айта аламыз.

«Балапан» арнасының «Дүлділ» мультхикаясы
«Балапан» арнасының «Дүлділ» мультхикаясы

F: Қазір кімдер, қалай және қай тілде, қандай өнім шығарып жатыр? Мультфильмдерге деген сұраныс телевизияда басым ба, әлде веб-платформаларда ма?

- Қазіргі таңда қаланың баласы көп уақытын You Tube платформасында өткізеді. Онда балаларға арналған қазақша контенттің үлесі айтарлықтай аз. Ал отандық арналардың ішінде балалардың сүйіп көретіні «Балапан» деп сеніммен айта аламын. Оның ерекшелігі – бүкіл контенттің қазақ тілінде болуында. Оны көбіне ауылдық жерде тұратын бүлдіршіндер көреді. Менің ойымша, «Балапан» арнасына бәсекелестік тудыратын тағы бір арна артық болмайды, сонда кішкентай көрермендердің таңдау еркі болар еді. Веб-платформада әзірге мультхикаялар сұранысқа ие емес: олар онда жоқтың қасы. Әрине, веб-сериалдар сияқты, веб-мультсериалдар да шығарып, жеке каналдар арқылы тек қазақ тілінде контент көрсетуге болады.

Әзірге мультфильмдер көбіне телевизияда сұраныс тауып отыр, You Tube-тегі мультхикаялар да сол телеарналардан жүктеледі.

F: Қазақ мультфильмдері фестивальдарға қатысып жүр ме?

- Әрине, отандық мультфильмдер халықаралық фестивальдарда бақтарын сынайды. Мәселен, мәдениет министрлігінің тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» экрандаған «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмі «Дух огня», «Панорама» және т. б. шетелдік фестивальдерден қанжығасын майлап қайтқан.

Сонымен қатар, 2018 жылы анимациялық киностудиялар қауымдастығы құрылып, өз кезегінде бұл қауымдастық рухани-мәдени маңызы бар көптеген іс шараларды атқарып жүр. Мысалы, ол жыл сайын Халықаралық Amen фестивалін ұйымдастырады. Былтыр Amen фестивалiне қатысуға Әзірбайжан, Грузия, Испания, Қазақстан, Қытай, Түркия, Өзбекстан және Франция мультипликаторларынан барлығы 147 өтінім түсіп, олардың 55-і іріктеуден өткен. Бұл жобаларды отандық және шетелдік анимацияның көрнекті қайраткерлері енген қазылар алқасы iрiктедi.

F: Бізде қазір шетелдік мультфильмдерге дубляж қаншалықты жиі жасалады? Оларға деген сұраныс қандай? Оның дубляжымен кімдер айналысады?

- Шетелдік мультфильмдерге дубляж Қазақстанда көп жасалады. Себебі, олардың туындысы балаларды ерекше өзіне тартуға бейім. «Саяхатшы Дарадан» бастап «Арыстан Патшаға» дейін балалар шетелдік анимацияны қызыға қарайды. Меніңше, отандық мультфильмдердің аздығынан да шетелдік туындылар көп дубляждалады.

Қазірде Батыстың танымал телеарналары TiJi және Nickelodeon қазақша нұсқада пайда болды. Яғни, шетелдік арналар күні бойына қазақша дубляждалады. Олардың дубляжымен кәсіпқой дубляж актерлері айналысады. Қателеспесем, ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне бұл бастаманы жүзеге асыруға «Болашақ» корпоративтік қоры көмектесті.

Ал үлкен экрандарда көрсетілетін шетелдік картиналардың дубляжымен қазақстандық жүз актерден тұратын Disney-дің дауыстық базасы айналысады. Дубляж дегеніміз фильмді өз ана тілімізде қайта ойнау дегенді білдіреді. Осыдан бес жыл бұрынғы мәліметке сай, 150-ден астам маман киностудияның өз стандартымен дубляж жасау бойынша білім алған. Олардың ішінде – 4 режиссер, 158 актер, музыкалық жетекшілер, дыбыс режиссерлері, аудармашылар, сондай-ақ екі аударма агенттігі бар. Қазақ актерлерінің дауыстары үйлестірудің қиын кезеңдерінен өтеді. Дубляж процесі өте маңызды, сондықтан Disney, Marvel немесе Sony сияқты іргелі компаниялар бұл жұмысты өздері бекітеді.

F: Отандық мультфильмдерде қазір қандай тақырыптар көтеріледі?

- Негізінен, ұлттық құндылықты дәріптеуге, бала тәрбиесіне, танымдық бағыттағы тақырыптарға басымдылық беріледі. «Балапан» телеарнасымен жұмыс істеп жатқаныма бес жылдай болды. Арнаның тапсырысы бойынша «Сақалар» атты мультхикая жаздым. Ол жердегі түпкі мақсатымыз ұмытылып бара жатқан ұлттық ойынымызды қайта жаңғырту. Яғни, асық деген не? Оның ішінде Сақа деген не? Асық ойынының пайдасы қандай? Біз бұл сұрақтардың жауабын осы хикаяға тоғыттық. Экраннан көрсетілген соң балалардың қошеметіне бөлендік. Сосын екінші маусымына тапсырыс алдық. Бұл қоғамға титтей болсын тигізілген пайда…

Сондай-ақ, жеті қазынаның бірі – жылқы жайлы «Дүлдүл» және «Дүлдүл-2» мультсериалдарын жаздым. Бұл жерде де жылқы жануары жайлы тың ақпарат бере отырып, драматургия арқылы балаларды достық пен жақсылыққа шақыруға ұмтылдық. Қытай, Жапон, жалпы Азия елдерінің идеологиясы да осындай. Біз де соған жақындап келеміз. Бұл қуантарлық жағдай… 

Біздің анимацияның қазіргі таңдағы басты проблемасы ол – жылдамдық. Жұмыстың емес, кейіпкердің, яғни анимацияның жылдамдығы. Ата-аналардан жиі естимін, қазақша мультфильм қараған балалар, әдетте, «ішім пысып кетті» дегенді көбірек айтатын көрінеді. Мағынасы зор, идеясы қызық болсын, егер ішіндегі анимация баяу қимылдаса, балалар тез жалығады. Өйткені, балақайлар тек жылдамдықты ұнатады. Бірақ бұл тұрғыда да жұмыс жүріп жатыр. Болашақта мінсіз туындылар көбейетініне сенімдімін.

Фотосуреттер кейіпкердің жеке архивінен және «Балапан» телеарнасынан алынды

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить