Қазақ мәдениетін зерттеп, оның нәтижесімен бүкіл әлеммен бөліскім келеді

31307

Тәуелсіз Қазақстанның поп-музыкасының энциклопедиясы не үшін қажет? Қазақтың ұлттық әуені мен бүгінгі заманның музыкасы қалай үндеседі? Отандық медиада қазақстандық әйелдің бейнесі қалай суреттелуде?

Наргиз Шөкенова, продюсер
Наргиз Шөкенова, продюсер

Батырхан Шөкенов атындағы қордың басшысы әрі бірқатар мәдени жобалардың продюсері Наргиз Шөкенова Forbes.kz үшін берген сұхбатында осы және өзге де тақырыптар бойынша өз пікірімен бөлісті.

Дала үні және заманауи музыка...

Наргиздің айтуынша, ағасы Батырханның атындағы қорды басқару, тек «отбасылық аманат» қана емес, бұл, ең алдымен, үлкен жауапкершілік, әсіресе, Батырдың өнеріне тәнті халықтың алдында.

«Батыр – халықтың ерекше махаббатына, құрметіне ие болған әнші, музыкант. Батыр деген атының өзі бізге үлкен міндет жүктейді. Ағамның атындағы қорды басқару маған отбасылық аманат пен мақтаныштан бұрын, үлкен жауапкершілік. Қордың негізгі жұмысы – Батырдың мұрасын сақтау, одан бөлек, біз – ағамның болмысы, жеке ұстанымы, өмірлік қағидалары да қор жұмысында орын тапса екен дейміз. Батырды танып-білгендердің бәрі оның өзгелерге жақсылық жасағысы келген мінезін, бауырмалдығын, қамқорлығын алға тартып жатады. Батыр өзі де көптеген адамдардың қолдауын көрген, оны өзі үнемі айтып отыратын. Сондықтан, артынан еріп келе жатқан талантты іні-қарындастарын қолдауды ол өзінің адами міндеті деп түсінетін. Осы қасиеттерін ескере келе, «бұлақ көрсең, көзін аш» қағидасын ұстанып, Батырхан Шөкенов атындағы қордың жұмысында талантты музыканттарды, өнер иелерін қолдауға баса назар аударамыз. Бұл тұрғыда арнайы ұйымдастырылған «Batyr Lab» музыкалық резиденциясы жұмыс істейді», - деп әңгімелейді біздің кейіпкеріміз.

Айта кетсек, продюсер Наргиз Шөкенова қолға алған бірегей жобаның бірі қазақтың ұлттық аспаптарымен бүгінгі заманның музыкасын орындауға арналған. Осы мақсатта құрылған The Buhars шығармашылық тобы түрлі жанрдағы музыканттардың басын қосқан. Олар қазақтың ұлттық аспаптарын қолдана отырып, әртүрлі бағыттағы әуен мен әуезге жаңаша үн береді, мысалға, джаз бен қазақтың ұлттық әуенін ұштастыра отырып.

Солдан оңға қарай: Шоқан Нукушев, Наргиз Шөкенова, Эмиль Досов
Солдан оңға қарай: Шоқан Нукушев, Наргиз Шөкенова, Эмиль Досов

«Қолда бар мән-мағыналармен жұмыс істеу арқылы жаңа құндылықтарды қалыптастыру – менің отбасымнан көріп-өскен өнегем. Сондықтан өзім продюсерлік ететін жобаларда мұрағатпен, жадымен көп жұмыс істеймін. Мәселен, мен Чокан Нукушевпен бірге тең продюсерлік ететін The Buhars жобасы – қазақ ұлттық аспаптарының алуандығын көрсетіп, дала үні мен заманауи музыка стильдерін ұштастыруға бағытталған жоба. Бұл жерде барлық композиция домбыра, дабыл, асатаяқ, жетіген, қыл-қобыз, шертер және т.б. ұлттық аспаптармен орындалады, бірақ оларды өңдеуде заманауи дыбыс жазу әрі дыбыс өңдеу мүмкіндіктерін пайдаланып, өзіндік стильде ән айтатын бірегей әншілердің басын біріктіреміз. Яғни, біздің мақсатымыз – заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін қолдана отырып, жаңа дыбыстарды зерттеу және сол арқылы біз өзіміз өмір сүріп жатқан заманға тән әуез, үнді жазып, оларды қаз-қалпында сақтау. Осындай эксперимент негізінде туған «Теңіз», «Үндеме» тректері тыңдаушылар арасында кең тарап, жылы қабылданды. Бұл коллаборациялық жоба Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен пайда болып, қазір де өз жұмысын сәтті жалғастыруда. Қазақ мәдениетін зерттеуді әрі қарай жалғастырсам деймін және зерттеу нәтижесімен бүкіл әлеммен бөліскім келеді», - дейді Наргиз.

Әйел, қоғам және подкаст...

Әртүрлі мәдени жобалардың басын қосып, оларға жаңа дем, жігер беріп жүрген біздің кейіпкеріміз бүгінгі таңда подкаст саласынан да қалыс қалмаған.

Baysa подкастын жазу сәті
Baysa подкастын жазу сәті

«Bulbul подкаст студиясымен бірлестікте дайындаған Baysa атты подкастымыз бар. Ол Қазақстанда музыка мәдениетінің қалыптасу жолын сипаттайтын подкаст. Алғашқы маусымы әрқайсысы қазақ және орыс тіліндегі он эпизодтан тұрды. Жуырда екінші маусымы жарияланады. Сондай-ақ, қазір зерттеуші әрі саясаттанушы Қамила Смағұловамен, BulBul студиясымен бірлестікте Qazaq Rouses атты подкаст дайындап жатырмыз. Бұл – зерттеу жанрындағы подкаст және ұлтымыздың мақтанышы, қазақ өнерінің заңғар тұлғалары Гүлфайруз Исмаилова, Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Шара Жиенқұлова және Хадиша Бөкеева сынды таланты жарқыраған жауһарларымызға арналған. Мен өзім интерсекционалды феминистпін және қазақ феминист әйелдерінің мәселесін батыс феминистерінің призмасынан қарау дұрыс емес деп ойлаймын. Тоталитарлық және авторитарлық жүйелерде әйелдер конформист болып, жүйемен мәмілеге келуге мәжбүр деген ойды негіздейтін зерттеулер бар. Әйелдерге жетістікке жету де, өзін өзі сақтау да қиын. Бұл тұрғыда, Qazaq Rouses жобасы ештеңеге қарамастан өзін сақтай білген әйелдер туралы жоба.

Осы арада айта кетсем, бүгінде мен басқаратын қор командасы әйелдерден тұрады. Мен басшымын, сонымен қатар, жармын, анамын. Ер адамдарға қарағанда, әйелдерге  жұмыс істеу де, мансап қуу да оңай емес. Қай салада болмасын, әйелдің жетістікке жету жолы, ер адамға қарағанда, ұзақтау. Бірақ осы жайлы айта бастасаң, «біздің де өзіндік қиындықтарымыз, проблемаларымыз бар, бірақ сендер секілді ол туралы айта бермейміз» дейтін ер-азаматтар өз ортамыздан да табылып жатады. 

Әйел бізде әлі күнге дейін объект. Медиада әйел туралы жазғанда оны зорлық-зомбылықтың не экономикалық қорлықтың құрбаны ретінде сипаттау басым. Әлбетте, бұл қоғамда бар нәрсе және ол туралы айту керек. Бірақ оған визуалды және мәтін түрінде үйреніп кету қаупі бар ма деп қорқамын. Сондықтан да осы Qazaq Rouses жобасы арқылы мықты қазақ әйелінің бейнесі қалыптасқанын қалаймын», - дейді Наргиз Шөкенова.

Наргиз Шөкенова
Наргиз Шөкенова

Поп-музыканың энциклопедиясы

«Жақында Батырдың шығармашылығына, оның жүріп өткен өмір жолына негізделген бір қойылымға бардым. Қойылымды қарап отырып, әр эпизод сайын қандай да бір фактологиялық сәйкессіздіктерге сүріне бердім, сүріне бердім. Бұл қойылым мен үшін қоғамымыздың бүгінгі болмысы іспеттес: іздену, тексеру, ненің болып-болмағанын зерделеу деген атымен жоқ.

Батыр қорының басшысы болып келгенде архивпен көп жұмыс істедім, суреттерді, Батырға қатысты барлық ақпаратты жинай бастадым. Өз міндетімнің бір бағытын Батыр туралы аңызды сақтауға негізделген шығармашылық жұмыс деп түсінемін. Былтыр режиссер Қанат Бейсекеевпен бірлестікте Батырдың шығармашылығын саралауға арналған «Отан-ана» – 20 жылдан кейін» атты фильмін дайындадық. Бұл – Батырды елге қайтарудың тағы бір талпынысы. Батыр үшін, әсіресе, өмірінің соңғы жылдары – қазақ тілінде туынды жазу, ұлттық аспаптарды жаңғырту өте маңызды болды.

Осы және өзге де факторлар маған тәуелсіз Қазақстанның поп музыкасының энциклопедиясын жасауға түрткі болды. Бұл энциклопедия 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін еліміздегі жаппай музыканың дамуы мен қалыптасуына арналады. Онда біз замандастарымыз музыканы қалай тыңдайды, олардың музыкалық таңдаулары қалай қалыптасады деген сұрақтарға жауап іздейміз. Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, әр бес жыл сайын елімізде жаңа поп-топтар пайда болып, қоғам оларды қазақша заманауи ән айтатын алғашқы топ деп қабылдап жатады. Осының бәрі бұл салада қандай да бір сабақтастықтың жоқтығын көрсетеді. Сондықтан да бар ақпаратты жинап, зерделеп, осы процеске қатысқан адамдардың көзі барда солардың сөзімен жазып алып, сақтау әрі жаңа буын өкілдеріне жеткізу өте маңызды деп есептеймін».

«Batyr Lab» иегерлерінің концертінде
«Batyr Lab» иегерлерінің концертінде

Өзіңді өзің тану мәселесі...

Наргиз Шөкенованың айтуынша, біздің қоғамда әлі күнге дейін «бізді күштеп отырықшы елге айналдырды» деген уайымға толы нарратив бар. Алайда, өзін-өзі түйсініп, қабылдап, мойындай білген, өзіне деген пейілі тоқ қоғам өкініштен біржолата арылып, бүгінгі қолда бар инструменттерді пайдаланып, өткеннен сыр шертетін, жүріп өткен жолды көрсететін, нақты мәліметтерден құрылған жадыхана қалыптастыруға кірісуі тиіс.

«Бізде мән-мағынамен жұмыс істеу әдеті қалыптаспаған. Онымен жұмыс істеуге, меніңше, ең алдымен, мемлекет мүдделі болуы керек. «Қасіретті қаңтардың» да бір себебі осыдан деп ойлаймын. Егер қоғамда: «Біз кімбіз?», «Бізді не мазалайды?», «Қазір қандай сезімде жүрміз?» дегендей сұрақтар жиірек қойылып, талқыланса, көп нәрсенің алдын алуға болар еді. Сонда біздің қоғамда «мен өз еліме қажет емеспін» деген түсінік, сезім қалыптаспас еді.

Кейде менде өзімді еліме «қажет еместей» сезінемін. Оны, әсіресе, тіл мәселесін талқылау барысында, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық алшақтық негізінде сеземін. Қазақ тілін жеткілікті деңгейде жақсы білмегендіктен, қандай да бір сынға, түсінбеушілікке тап болып жатамын. Сол үшін ғана мен жасап жатқан нәрселерді құнсыздандыру үрдісін байқап қаламын. Бірақ барлық жобаларымды екі тілде жасаймын және сала ішіндегі қазақшасы мықты мамандармен жұмыс істеймін. Соңғы кездері, тіпті, түрлі панельдік дискуссияларға, шараларға барудан бас тартып жүрдім: алаңды қазақша жақсы түсіндіріп бере алатын мамандар мен сарапшылар үшін босатқым келді. Бұл – менің жеке басымдағы процесс, бірақ қоғам ретінде де осындай үрдістен өтіп жатқандаймыз...

Айтпақшы, Baysa подкасты екі тілде шығады және қазақ тіліндегі эпизодтарды тыңдаушылар саны әлдеқайда көп. Қазір біз Air Astana бортындағы медиатекада бар жалғыз отандық әрі қазақша подкастпыз. Отандық әуе компаниясында ресейлік подкастерлердің өнімдерімен қатар тұру үшін жарты жылдай келіссіз жүргіздік. Біреуге қызық болып көрінсе де, бұл – факті. Осының өзі көп нәрседен сыр шертетіндей», - деп түйіндейді әңгімесін продюсер Наргиз Шөкенова.

Фотосуреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить