Нұрлан Қоянбаев «Бизнес по-казахски» фильмінің 3-ші бөлімін түсіреді

13248

Комедиялық киноның жалғасы Африка мен Таяу Шығыста түсірілмек

Актерлар құрамы өзгере ме, кино авторлары қандай компаниялармен жұмыс істейді, лентаның бюджеті қандай, бұған дейін түсірілген фильмдер қанша көлемде табыс тапты. Forbes.кz белгілі продюсер Нұрлан Қоянбаевтан сұхбат алды.

F: Жуырда "Бизнес по-казахски" фильмінің 3-ші бөлімі түсірілетінін хабарлаған болатынсыз. Бұл жолы кино қай жерлерде түсіріледі?

- Киносүйер қауымның сұрауы бойынша 3-ші бөлімін түсіреміз деп шештік. Түсірілім Африка құрлығында және Біріккен Араб Әмірлігінде түсірілетін болады. Бұған дейінгі 2-ші бөлімі АҚШ –та түсірілгені көпшілікке аян. Әрине, Африкада кино түсіру әлдеқайда қиын екенін өздеріңізге мәлім. Көпшілік киносүйер қауымның көңілінен шығуы үшін, жалпы Қазақстан киноиндустриясының дамуына үлесімізді қосайық деген мақсатпен қиын да болса, Африканы таңдадық.

F: Кімдер түсіреді, кімдермен жұмыс істейсіздер, олардың тәжірибесі қандай?

- Африкадағы Кения мемлекетінің астанасы – Найроби қаласында және БАӘ-нің Дубай қаласында үлкен кинокомпаниялармен келіссөздер жүргізіліп бітті. Найроби қаласында орналасқан «Pontact productions» кинокомпаниясымен және Дубай қаласында орналасқан кинокомпаниясымен жұмысты бастап жатырмыз. Жоғарыда аталған екі кинокомпанияның да тәжірбиесі өте мол, жоғары санаттағы Голливудтық фильмдерді дүниеге әкелген кинокомпаниялар.

F: Фильм мазмұны қандай болмақ?Актерлар құрамы кімдер, яғни өзгере ме? Режиссері кім болады?

- Фильмінің жалпы мазмұны, жалпы концепциясы туысқандар жайлы, адамдарды бірлікке шақыратын, бір-біріне бауырмал болуға тәрбиелейтін фильм. Актерлер құрамы өзгерген жоқ: Жан Байжанбаев, Нұрлан Қоянбаев, Рамазан Амантай, Қажет Смағүл, Гүлназ Жоланова, Дариға Бадыкова. Режиссер - Анвар Матжанов.

F: Киноның бюджеті қандай? Қаржы кімнің есебінен?

- Киноның бюджеті барлық түсірілімдер аяқталған кезде белгілі болады. Бұл кино жеке қаржыландырылады, соның ішінде «Kazteleproduct» кинокомпаниясының есебінен және Қазақстандық компаниялардың демеушілігімен жүзеге асырылады. Жалпы қаржыландыру жағынан айтатын болсақ, біз түсірген кинолардан ешқашан үнемдеген жоқпыз.

F: Бұған дейінгі фильмдердің бюджеті қандай болды? Табыс қалай түсті? Түсірген кинолардың кірісі туралы айта кетсеңіз?

- Бұған дейінгі фильмдердің бюджеті өте қымбат болды деуге болады. Соның ішінде «Каникулы в Тайланде» туындысы өте қымбатқа шықты. Өйткені, барлық актерлар мен түсірілім тобын Қазақстаннан Тайланд еліне апарып, сол жерде бір аралды жалға алып, 30 күн шамасында түсірілім жұмыстарын жасадық. Жалпы үш фильм түсірген болсақ, соның әрқайсына $400 мың көлемінде қаржы жұмсалды. Ал табысқа келсек, алғаш түсілген «Бизнес по-казахски» 299 715 326 теңге жинады, ал «Каникулы в Тайланде» 286 687 929 теңге, ең көбі «Бизнес по-казахски в Америке», оның кассасы 581 388 630 теңге болды. Бұл дистрибьюторлардың билет сатылымы бойынша берген ресми мәліметтері. Соңғы комедия қазақстандық прокат тарихында алғаш Голливудтық фильмдерді табысы жағынан басып озып, бірінші орынға шықты.

F: «Бизнес по-казахски» киносының алғашқысы Алматыда, кейінгісі Америкада түсірілді? Шет елде түсірудің себебі неде, онда жұмыс істеу қиын болмады ма?

- Алғашқы туынды Алматыда түсіріліп жалпы киносаласында бағымызды сынап көріп, тәжірбие жинағаннан кейін, қазақ көрерменін жоғары сапалы туындылармен сусындату үшін шет елдерде кино түсіруді алдымызға мақсат қылып қойдық. Жоғарыда айтып кеткендей, шет елдерде оның ішінде мұхит асып, АҚШ -на барып, актерларды таңдап, түсірілім тобын жинақтап, жұмыс жасау оңайға соққан жоқ.

F: Алдағы жоспарлар қандай, Нұрлан Қоянбаев тағы қандай жобалармен айналысады?

- Алға қойған жоспарымыз кино әлемінде комедиямен айналысқаннан кейін, өзіміздің бар күшімізді салып, бүкіл әлемдік кино аренасына қазақ киносын, оның ішінде комедиялық жанрдағы туындыларымызды шығару. Бір сөзбен айтқанда, бағымызды сынап, Голливуд фильмдері сияқты қазақ комедиясын бүкіл әлемге таныту.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить