Ахмет Байтұрсынұлы туралы фильм қалай түсірілуде

«Соңғы үкім» 2022 жылдың соңында дайын болмақ

«Соңғы үкім» фильмінің жұмыс сәті
ФОТО: © Folklore media ЖШС
«Соңғы үкім» фильмінің жұмыс сәті

«Соңғы үкім» –  ұлтымыздың біртуар ұлы, ағартушы-ғалым, саяси тұлға Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолын барынша қамтып, баяндауды мақсат еткен көркем суретті жаңа кинотуынды. Фильмді Folklore media ЖШС қолға алған: Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен. 2021 жылдың 16 қарашасында басталған түсірілім жұмыстары Алматыда бүгін де жалғасып жатыр. Картина авторлары, ұзақтығы екі сағаттай болатын жаңа фильм 2022 жылдың соңына қарай дайын болады деп отыр.

Абайдың толыққанды адамы...

Айта кету керек, қазақ киносында Ахмет Байтұрсынұлы туралы дәл осындай кең форматтағы жеке кинотуынды болған жоқ. Фильмді қоюшылар, жаңа картина Ұлт Ұстазының 150 жылдығына арналған деп отыр. Forbes.kz «Соңғы үкім» фильмі режиссерлерінің бірі Ерген Тоқмурзин мырзаға бірер сұрақ қойған-тын.

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі. Қайраткердің осындай сан қырлы келбетін, сан қырлы қабілетін бір фильмде ашып көрсету үлкен жауапкершілік. Бұған ішкі дайындығыңыз қандай?

- Сұрағыңыз ауырлау... Ахмет Байтұрсынов ХХ ғ. басындағы интеллектуалдар көтерілісінің бел ортасында жүрген саясаткер. Өзіңіз айтқандай, сан қырлы тұлға. Ғылым, әдебиет, журналистика салаларындағы еңбегі ерен. Мұндай біртуар тұлғаның образын экранда жасап, сомдау оңай емес. Ахаң ғылымға ғашық, рухани жетілген, кемел адам болған. Абайдың толыққанды адамы – дәл осы Ахмет Байтұрсынов... Әрине, үрей-қорқыныш жоқ емес. Жалпы, кез келген фильмді бастағанда осындай сезім бой түзейді. Бірақ, біз бұл жобаға барынша дайындалып келдік. Және де Ахаңды тану фильмді түсіру барысында да өз жалғасын табуда. Біз Ахаң ғұмыр кешкен уақыт пен кеңістікте өмір сүруге барымызды салып жатырмыз. 

Кино – ол топтық жұмыс. Режиссер ретінде толық шығармашылық еркіндікке иемін деп айта аласыз ба?

- Біздің топта өз ісін жетік білетін мамандар бас қосты. Жұмыс істеуге толық жағдай жасалған. Еркіндік бар.

Көрерменді қандай Ахмет Байтұрсынұлымен табыстырмақсыз? 

- Бұл сауалыңызға жауап беру қиын. Нақты жауапты фильм экранға шыққанда біле аласыздар.

Актерларды таңдауда қандай критерийлерге сүйендіңіздер?

- Бұл тұрғыда әдеттегідей кастинг жарияланды. Оның сыртында, өзіміз де қосымша іздеу салып, сараптау, талдау жұмыстарын ескердік. Іріктеу барысында актерлардың сыртқы емес, ішкі фактураларына мейлінше назар аудардық...

Баяу аққан Ертістей...

Ахмет Байтұрсынұлы сынды тарихи тұлғаны сомдау қай актерге болсын оңай тимесі анық. Forbes.kz тарапынан бірер сұрақ «Соңғы үкім» фильмінде басты рөлде ойнаған Азамат Сатыбалды мырзаға да жолданды.

Бұл рөл ерекше жауапкершілікті талап етеді, бұл рөлге қалай келдіңіз?

- Шыны керек, бұл, енді, әрбір актерға беріле бермейтін бақ. Ұлт Ұстазының образын сомдау  –  үлкен жауапкершілік. Бұл рөлге мен кастингсіз келдім: фильмнің көркемдік жетекшісі, сценарий авторы Ғалым Доскен ағамыз өзі хабарласып, кездесуге шақырды. Сонда режиссерлер, көркемдік кеңес мүшелері ақылдаса келе, Ахаңның рөліне мені үйғарғандарын айтты. Менің актерлік қабілетімді, түр-тұрпатымды, мүмкіндігімді зерделеп, саралап, осындай қорытындыға келіпті. Ғалым аға: «Келісесің бе?» дегенде, шыны керек, кәдімгідей есеңгіреп, біртүрлі болып қалдым. Артынан ойлана келе, мұндай рөл, мұндай мүмкіндік әр актердың алдынан шыға бермейтінін түсіндім. Жүрексініп, тартынсам да, келістім. Ғалым аға қасымда жүріп, бағыт-бағдар беруден шаршаған жоқ, сөйтіп, бойымдағы қорқыныш-үрейді біртіндеп сейілтті. Осылайша өзіме, рөлге деген сенім пайда болды. Бірақ, басқа рөлдегі әріптестер маған лайықталып, кастинг негізінде іріктелді.

Ахмет Байтұрсынұлының рөлін сомдаушы актер Азамат Сатыбалды.
Ахмет Байтұрсынұлының рөлін сомдаушы актер Азамат Сатыбалды.

Сіздің кей рөлдеріңізді көрермен қауым «жасанды, пафосы көп» деп сынап жатады. Тарихи ірі тұлғаны сомдағанда да осындай сын болады деп қобалжыдыңыз ба? Жалпы, сынды қалай қабылдайсыз?

- Сын түзелмей, мін түзелмейді. Сынның да сыны бар. Шынайы сын да, сандырақ сын да кездесіп жатады. Оның барлығына мән бере берсек, бір орында қаламыз ғой. Мұстай Кәрімнің: «Аяғыңа жабысқан шөңгеге мән берсең, жетер жеріңе қашан жетесің?! Не болса да, барып бірақ тазала»  дейтін әдемі сөзі бар. Әр сөзге қамығып, алаңдай берсек, бастапқы мақсаттан айырылып, адасып қаламыз... Рас, қобалжу бар. Бірақ, Алла Тағала осы рөлді маған беріп тұр, демек, мұның өзі сол «жоғары жақта» шешіліп қойса керек, кім білсін. Енді «сабақты ине сәтімен» дейік... Барлық көрерменге бірдей ұнап, бірдей жағу мүмкін емес. Менің өз көрермендерім бар. Сол өзімді жақсы көріп, бағалайтын көрерменнің көңілінен шықсам деймін. Естеріңізде болсын, жемісі бар ағашқа қана тас лақтырады – ондай сынның талайын көргенбіз, әлі де айтыла беретіні анық. Бірақ олардан жасқанып, бас сауғалап қалатын ұяң емеспін. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын...

Байтұрсынұлының бейнесін шынайы етіп шығаруда қандай актерлік ізденістерді таңдадыңыз?

- Әрбір рөлді сомдаудың өзіндік ерекше тәсілі бар, әсіресе, осындай ауқымды, ірі тарихи тұлғаның рөліне арнайы дайындалып, іздену керек. Ахмет бабамызды жүз пайыз дәл сомдап шығару мүмкін емес, өйткені ол кісі терең дария іспетті. Мүмкіндігінше шынайы етіп шығару үшін ішкі дүниесіне барынша үңіліп жатырмын. Мен сомдайтын Ахмет бабамыздың образы тарихтан алшақ емес, былайша айтқанда, сценаристің еңбегінің нәтижесі. Сценарий авторы әрі фильмнің көркемдік жетекшісі Ғалым Доскен ағамыз Ахмет Байтұрсынұлының өмірін, еңбектерін терең зерттеген кісі. Сценарийді жазуға, сондай-ақ, жазушы, сыншы Тұрсынжан Шапай да ат салысқан. Сценарийді оқығанда сол заман, Ахмет бабамыз көз алдымызға келеді. Бұған дейін мен Мұқағалиды сомдадым. Поэзияның ақиығы Мақатаев жанып тұрған от болса, Ахмет – баяу ағып жатқан Ертіс сияқты. Бірақ, ернеуі тасып кететіндей асау. Маған режиссерлер тарапынан Ахаңның сыртқы түрін емес, ішкі толғанысын, трагедиясын көрсету тапсырылды. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Кино экранға шыққанда көрермен өз бағасын береді деп ойлаймын.

Фильмнің режиссерлері: Ерлан Нұрмұхамбетов, Ерген Тоқмурзин.

Сценарий авторы және көркемдік жетекшісі: Ғалым Доскен.

Қоюшы операторы: Марс Омаров.

Бас продюсері: Дастан Атығаев.

Басты рөлде: Азамат Сатыбалды.

Өзге рөлдерде: Назгүл Қарабалина, Александр Багрянцев, Ерлан Кәріб, т.б.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
7696 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Жалын Кабыкен: попасть в NASA и сотрудничать с Министерством культуры Италии Смотреть на Youtube