Жаһанға жол ашқан жеңіс: Күт бізді, Голливуд!

9854

«Бастау» тобы Ригада өткен халықаралық байқауда қалай топ жарды

Латвиядағы «Восходящие звезды» байқауына кімдер қатысты, әділ қазылардың таңдауы неліктен қазақстандық топқа түсті, Голливуд сапары қай кезге жоспарланған, топ мүшелері туралы не білеміз.  Forbes.kz  жеңіс туын желбіреткен дуэт мүшелері Темірлан, Ернат және олардың продюсері Алпамыс Шаримовтан сұхбат алды.  

F: Жеңіс құтты болсын! Топтың құрылғанына  бір жыл болған жоқ. Осындай деңгейге жету, домбыраны шет елге таныту арқылы  жетістікке жетудің сыры неде?

А: Рахмет! Бұл біздің осы жеңісімізден кейінгі алғашқы сұхбатымыз. Эксклюзив десек те болады. Әрине, домбыра жалпыға бірден түсінікті бола кететін эстрада емес! Оны сезіну, оның үнін бойға билете білу де - үлкен іс! Шетелде қазақ ұлттық аспабын бәйгеге салу деген үлкен жауапкершілік. Артымызда үлкен бір ел, елдің ұлттық аспабының абройын аяқ асты етіп алмау екі есе ауыр күш. «Бастау» домбырашылар дуэтінің расымен де құрылғандарына бір жылда болған жоқ. Осы жылдың ішінде жігіттер Иран, Германия, Турция, Сингапур елдерінде өнер көрсетіп, бірінші рет Литва астанасы Ригада үлкен халықаралық байқауға қатысты. Еліміздегі танымал шоуларда бой көрсетті. Менің продюсер ретінде қойған мақсатым - домбыраны заманауи етіп көрсету. Менің ойымша домбыра дегенде көз алдымызға тек дәстүрлі өнер елестемеуі керек сияқты. 21 ғасырдың бар талабына сай, білімді, түрлі технологияларды меңгерген, стиль мен трендтің дәмін білетін жастардың қолында неге  домбыра болмасқа.  Яғни, ұлттық аспапты қазіргі заман ағымына сай таныту. Біз бұны  осы байқауда дәлелдей алдық. Бұл біздің басты жетістігіміз және халықаралық деңгейдегі алғашқы жеңісіміз. Бізді өте жоғары бағалады.    

F: Темірлан, Ернат,  өздерің туралы және осы байқау жайында айтып өтсеңдер. «Бастау» дуэтіне қалай келдіңдер?

Т: Менің есімім - Темірлан. Керекудің тумасымын, 6 жастан бері домбырамен кәсіби түрде айналысамын. Ал Ернат негізі Жезқазғанның тумасы, арғы аталары Ақтөбеден. Екеуміз де бүгінде Астанада тұрамыз. «Бастау» домбырашылар дуэті 2017 жылы маусым айынан бастап құрылғанбыз. Өткен жылы Димаш «I am Singer» байқауына қатысып, «Дайдидау» әнін шырқағанда біз ұлттық аспабымызбен сүйемелдеген болатынбыз.  Екеуіміз де бүгінгі таңда Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенттеріміз. Осы орайда бізді қолдап, шетелге шығуға жағдайымызды жасап отыратын, өнер жанашыры, ректорымыз Айман Қожабекқызы Мұсаходжаева ханымға алғымызды айтқымыз келеді. Нағыз өнерді түсінетін осындай жандар барда бізге әлі талай белеске шығуға мүмкіндік болары сөзсіз.

F: Байқаудың талабы қандай? Әлемнен қанша өнерпаз қатысты?

Е: «Восходящие звезды» байқауы жастар мен балалардың халықаралық музыка байқауы. Биыл жетінші мәрте ұйымдастырылып отырған кештің бас төрағасы танымал мәдениеттанушы, кәсіби музыкалық лектор, швед скрипкашысы, жазушы-публицист, ақын - Михаил Казиник мырза. Сонымен қатар, биыл әділқазылар алқасында әлем жұлдыздары, сахна саңлақтары Моник Макдональд (АҚШ), орыстың атақты опера әншісі Михаил Светлов сынды тұлғалар бағалады. 50-ге жуық мықтылар бақ сынасқан сайыста Бас жүлдеге ие болу басты мақсатымыз болды. Қатысушылар әлемнің түкпір-түкпірінен келген. Барлығына танымал скрипка мен виолончель, арфа, пианино т.б аспаптардың алдында домбырамен шығып, бірінші болу біз үшін үлкен мақтаныш.

F: Жалпы көрермендер, әділқазылар қазақстандық өнерпаздарды қалай қабылдады?

А: Жігіттер өнер көрсетіп жатқанда  әділқазылардың реакциясына қарап отырдым. Басында «күй» деген сөздің мағынасын сұрап, одан соң орындайтын шығармалары туралы толық айтып беруді өтінді. Олар «Күй тартыс» пен Олжас Сүлейменовтің «Евразия» шығармаларын орындады. Қандай да бір байқауда төрелік етіп отырғандардың ерекше ықыласпен қол шапалақтағандарын бірінші рет көрдім. Ал жеңімпаз атанып, гала- концертте өнер көрсеткен сәтте Рига тұрғындарының қошеметі, ілтипаты ерекше болды. Домбыраға тек сахнаға шығуға мүмкіндігін жасасаңыз болғаны, әрі қарай өз құдіретімен елді тебіренте түседі, бір сөзбен айтқанда бұқараны баурап алады.

F: Голливуд туралы айтып өтсеңіздер. Яғни, бұл байқауда жеңімпаз болған қатысушылар мұхит асып өнер көрсетеді, үлкен шоуға қатысады екен. Жолға қашан шығасыздар?

А: Дұрыс айтасыз, Голливудқа шақырту алдық. Жеңімпаз атанғанымызға мәз болған сәтте, бұл тосын сый болды біз үшін. Шілде айында өтетін үлкен кеште өнер көрсетіп, қазақ домбырасының үнін әлемге тағы бір мәрте жаңғырамыз деген ойдамыз, бұйырса. Одан да басқа, Парижге, Израиль астанасы Иерусалим қалаларына да шақырту алдық.

F: Алда тағы басқа қандай жоспарларыңыз бар? Қандай жаңалық күтеміз?

А: Латвиядан елге оралған соң елімізге танымал әнші Гүлнұр Оразымбетовамен бірге бізді 7-8 наурыз күндері Павлодар және Ақсу қалаларында екі жеке концерттік кешіміз күтіп тұр. Ұлан ғайыр қазақ еліне арналған Ұшқын Жамалбек, Гүлнұр ханыммен бірге жаңа ән дайындау үстіндеміз. Домбырамен жастарға түсінікті бағытта да жаңа музыкалық туындыларды жарыққа шығару ойымызда бар. Ал алдағы мақсатымыз-әлемдік шоу-бизнесті бағындыру. Оған жол ашылды деуге болады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить