Berlinale-2018: Берлинді бағындыру біз үшін белес

8927

Берлинале басталды, Қазақстаннан әйгілі кинофестивальге кімдер барды, үміт бар ма

Қазақстандық режиссер Шәрипа Оразбаева мен сценарийші Майра Жұмабекова туралы не білеміз, олар ұсынған жоба сарапшыларды несімен қызықтырды, Berlinale кинофестиваліне бұған дейін кімдер қатысты. Forbes Kazakhstan байқауға қатысып жатқан жерлестерімізбен тілдесті, кинотанушы Дана Әмірбековамен сұхбаттасты.   

Кешкі Берлин. 2018 жылдың 15 ақпаны. Berlinale Palast сарайы. Әлем журналистері мен фототілшілерінің назары қызыл кілемге ауған. Германия астанасында  жылдағы дәстүрге сай  68-ші Berlinale халықаралық кинофестивалі өз жұмысын бастады. Әлемдік кино майталмандары, әйгілі режиссерлер, танымал актерлар және сценарий шеберлерінің қатысуымен түсірілген түрлі жанрдағы туындылардың тұсауы кесіліп, бағасы берілетін бірегей байқау. Тарихы 1951 жылдан бастау алатын фестивальдің басты сыйлығы-«Алтын аю».   

10 күнге жалғасатын маңызды мәдени шарада негізгі номинациялар мен премьералардан бөлек, әртүрлі деңгейдегі секциялар мен бағдарламалар ұйымдастырылады. Қазақстандық Шәрипа Оразбаева мен Майра Жұмабекова бұл фестивальге Talent Project Market аясында қатысуда. Жалпы, бұл бағдарлама бойынша  әлемнен 3100 өтініш берілген, соның ішінен тек 10 туынды ғана таңдалған және олардың қатарына «Рысь» атты сценарий жобасын ұсынған қазақстандық авторлар да ілікті.   

Шәрипа Оразбаева  «Рысь»  аталатын толықметражды  киножобасы XIII «Евразия»  Халықаралық кинофестивалінде белгілі продюсер Анна Качконың жетекшілігімен өткен “Eurasia Spotlight” питчингінде бас жүлдені жеңіп алғанын айтады.  

Шәрипа Оразбаева, Анна Качко
Шәрипа Оразбаева, Анна Качко

- Негізі Берлин қаласында өтіп жатқан 68-ші Берлинале  кинофестивалі аясындағы ауқымды және бірлесіп жұмыс істейтін халықаралық кинонарыққа  қатысу оңай болған жоқ.  Talent Project Market 2018 бағдарламасына 133 мемлекеттен келіп түскен 3100 жоба қатысты. Сол бағдарламада біздің жоба киносарапшылардың назарына ілігіп, жалпы Қазақстан атынан ең алғаш рет осы бағдарламада арнайы қатысушы ретінде жолдама алды, - дейді режиссер.

Режиссер Берлин фестивалінің ашылу рәсімі керемет өткенін және бұл шарадан табылу үлкен мәртебе екенін айтады.  Себебі,  кинематография жұлдыздарымен бетпе-бет жүздесу, өз ісінің шеберлерімен бірлесіп жұмыс істеу баршаға бұйыра бермейді.  

- Біз ұсынған сценарий туралы айтатын болсам, онда ана мен баланың оқиғасы суреттеледі. Олардың арасындағы айнымас сезім, кез келген ананың өз баласы үшін қиын сәтте өзін құрбан етуге әзір болатыны туралы хикая  баяндалады.  Бұған дейін «Бастау», «Картоп жегіштер» атты авторлық қысқаметрлі фильмдерім халықаралық және республикалық кинофестивальдерде бірнеше сыйлықтарға ие болды. Ал «Рысь» менің толықмертлі фильмдегі алғашқы жұмысым болмақ. Бұл фильмді осы жылы үлкен экранға шығарып бірнеше халықаралық байқауларды бағындарсақ деген жоспар мен үміт бар, - дейді фестиваль қатысушысы.

Дана Әмібрекова
Дана Әмірбекова

Кинотанушы Дана Әмірбекованың айтуынша Канн, Венеция сынды кинематография саласындағы «А» дәрежедегі фестивальдермен бір деңгейде тұратын «Берлинале» кинофестиваліне қатысудың өзі өте жоғары мәртебе. Қуантарлығы, әлемнің ең үздік фильмдері бақ сынасатын бұл фестивальге отандық режиссерлеріміз де қатысып тұрады. 

- 1995 жылы өткен 45-ші Берлин халықаралық кинофестиваліне Қазақстанның атынан алғаш болып Сатыбалды Нарымбетовтің «Көзімнің қарасы» фильмі қатысып, қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденген болатын. Ал, 2004 жылы өткен 54-ші Берлин халықаралық кинофестивалінің «Kinderfilmfest» балалар киносы секциясына Қанымбек Қасымбековтың «Сізге күшік керек пе?» фильмі қатысты, - дейді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты,Театр және кино бөлімінің ғылыми қызметкері.

Дана Әмірбекованың айтуынша қазақстандықтар үшін "Берлинале" кинофестивалі Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмімен ерекше есте қалды.  

- Себебі, 2013 жылы өткен 63-ші Берлин халықаралық кинофестивалінде кинооператор Азиз Жамбакиев «Асланның сабақтары» фильміндегі үздік жұмысы үшін марапатталып, еліміздің мәртебесін көтерген еді. Ізін суытпай, отанымызда «Қарой», «Бөпем» іспеттес батыл жасалған  фильмдері арқылы танымал болған Жанна Исабаеваның «Нағима» атты туындысының көрсетілімі 2013 жылы өткен 63-ші Берлин халықаралық кинофестивалінің «Форум» секциясында өтті, - дейді сұхбат беруші.

Кинотанушының пікірінше қазақ киносының дамуына айтарлықтай үлестерін қосып жүрген режиссер Шәрипа Оразбаева мен сценарист Майра Жұмабекованың Talent Project Market бағдарламасына қатысуы үлкен мүмкінідктерге жол ашуы мүмкін. 

- Talent Project Market – жобаларды халықаралық сарапшылар, әлемдік кинофильмдер қорлары мен компанияларының агенттері бағалайтын ірі киноөнімдер нарығы. Егер осы бағдарламада отандас қыздарымыздың ұсынатын жобалары үздік деп бағаланса, болашақта Қазақстан-Германия бірігіп ортақ туындыны жарыққа шығарады. Ендеше талантты қос қарлығашымыздың елімізге жеңістің жалауын желбіретіп оралуына тілекші болайық. Дегенмен, Берлиналеде жеңіске жету емес, қатысудың өзі айрықша маңызға ие, - дейді кинотанушы.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить