Қазақстандық режиссер Лондондағы Rainbow Film Festival байқауында қалайша «Ең үздік әйел режиссер» атанды

9549

Шарипа Оразбаваның «Мәриям» атты туындысы әлем фестивальдерін қалай бағындыруда

ФОТО: личный архив

Бұл туралы сценарийст әрі режиссер Шарипа Оразбаева Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтады.

F: Лондондағы кинофестиваль қай кезде өтті? Бұл қандай байқау, оған тағы кімдер қатысты? «Ең үздік әйел режиссер» атағы сізге қалай бұйырды?

-Иә, біз жуырда Лондондағы 22-ші халықаралық кинофестивальдің жүлдесін алдық. Ол 2021 жылдың 5-11 шілдесі аралығында өткен болатын. Әлемге әйгілі «Rainbow Film Festival»  байқауына бірнеше халықаралық кинолар ұсынылды. Олардың қатарында менің туындым да болды. Ал «Ең үздік әйел режиссер» атағы маған «Мәриям» атты фильміне байланысты берілді.

F: Марапаттау рәсіміне шақырылдыңыз ба, әлде пандемияға байланысты онлайн өтті ме?

-Қазіргі таңда әлемнің барлық кинофестивальдері пандемияға байланысты онлайн өтуде. Сондықтанда ол жерге бару мүмкіндігі болмады. Дегенмен марапаттау рәсімі онлайн түрде өтіп, арнайы құттықтаулар жіберді.

ФОТО: личный архив

F: «Мәриям» фильмі алғаш Локарнодағы фестивальге қатысып, қазылар тарапынан жоғары бағаланған еді. Осыдан кейін картина қандай конкурстарға қатысты, қандай жүлделерге ие болды?

-Иә, фильмнің алғашқы тұсаукесері Швейцарияда өтетін атақты Локарно кинофестивалінде өтті. Одан кейін картина бірнеше жүлделер алып, көптеген кинофестивальдерге қатысты. Атап айтсам, 2019 жылы Торонто, Бусан , Туркия, Испаниядағы фестивальдерде жеңімпаз болдық, Македонияда «Үздік режиссер атағын алдық. Ал елімізге келсек VIII Бастау Халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер фестивалі –«Қазылар алқасы жүлдесі» бұйырды. Ал 2020 жылы ақпан айында Францияның Везуль қаласында халықаралық кинофестивальде Гран При жеңіп алған болатын. Сонымен қатар Жапонияда, Германия, Сингапур фествалльдерінен марапатпен оралдық. Қазандағы Халықаралық кинофестивальде «Ең үздік әйел рөлі» берілді, Сочиде «Приз им. Веры Глаголевой за лучший дебютный полнометражный игровой фильм» Жүлдесін алдық. Ең алғаш Швейцарияға барғанымызда біз бас кейіпкер Меруерт Себбосынованы өзімізбен алып барған едік. Бұл оның шетелге алғашқы сапары еді, сонда қызыл кілеммен өткен кезде оның көзжасына ерік бергенін көрсеңіз, міне осындай эмоциялар үшін бұл фильм түсіруге тұрарлық деп ойладым.

F: Картинаның бюджеті қандай болды? Шығармашылық топ қанша адамнан тұрды?

-«Мәриям» фильмінің бюджеті өте аз болды. Оны өз қаражатыма түсірдім. Әрине онда сол үшін де көптеген техникалық кемшіліктер бар. Қаражат аз болған сайын картина деңгейі де төмендеу болады. Шығармашылық топ бар - жоғы 6 адамнан тұрды. Бұл жерде 1 адам 4 маманның жұмысын атқарды десем болады. Мысалы, біз түсірілім тобында Меруерт екеуміз ғана әйел болдық. Сондықтан мен өзім режиссер ретінде ғана емес, топқа тамақ жасадым, грим жасау, костюмер өзім болдым, сонымен қоса Меруерт кадрға түсіп жатқан кезде кішкентай балаларына қарадым десе болады. Ал Меруерт болса тез кадрға түсіп, арасында ол да тамақ жасайды, балаларына қарайды, жүгіріп барып сиыр сауып келеді. Біз фильмді ақпан айында қыстауда түсірдік. Ол кезде күн суық, далада қалың қар болды. Қыстау тас жолдан әрі қарай 3 шақырымдай жол жоқ жерде орналасқан. Ол жаққа қарай көліктеріміз бара алмағандықтан техниканы жаяу тасуға тура келді. Біз түсірілімді 5 күнде бітірдік. Одан көпке қалу мүмкін емес еді, өйткені жарық жоқ, су жоқ. Осындай қиыншылықтар болған соң, еңбекпен жасалған дүние болғандықтан бұл фильм бізді біраз жеңістіктерке жеткізді деп ойлаймын.

ФОТО: личный архив

F: Туындының әлем тарапынан жоғары бағалануының сыры неде деп ойлайсыз? Киногерлер пікірі қандай, фильм оларды несімен баурап алды?

- Туындының әлем тарапынан жоғары бағалануы картинаның шынайылығында деп ойлаймын. Мұнда бәрі шынайы, жартылай деректі фильм десе де болады. Кейіпкерден бастап түсірілген жер, тұрған үйі, фильмде ойнаған кішкентай балалар өмірдегі шынайы кейіпкерлер. Сондықтан да киногерлер осындай экспреминтальді жұмысты жоғары бағалап жатқан болар.

F: Сізде бұл картинаны түсірген кезде қандай мақсат болды? Сол кезде осындай деңгейге, жетістікке жетемін деп ойладыңыз ба?

- Шынымды айтсам, мен бұл картинаны түсірген кезде қандай да бір үлкен жетістіктерге жетемін деп ойламадым. Бұл туынды менің дебюттік алғашқы толықметражды фильмім. Сондықтан да мұнда өз қателіктерім бар, мысалы қазір оны өзім түсінемін және дәл қазір болса басқаша түсірер едім деп ойлап қоямын. Бұл шынайы оқиғаны естігенде таң қалдым және оның сценарийін бір аптаның ішінде жазып шықтым. Енді мен көркем фильм жасағандықтан, шынайылықтан бөлек, көркемдік дүниелер қостым. Бұл фильмді қазір өзімнің Ютуб каналыма жүктеген болатынмын. Әрбір көрермен өзі көріп, өз тарапынан бағалай алады. Бұл авторлық фильм ғой, сондықтан комедиялық жанрға құмар кейбір көрермендердің көңілінен шықпауы да мүмкін деп ойлаймын.

ФОТО: личный архив

F: «Мәриям» лентасының жетістігі президентке дейін жеткен еді. Осыдан кейін сіздерге қандай да бір қолдау болды ма?

-Ол бір қызық жағдай болды. Мен фильмді көрсетуге Францияға кетіп бара жатқан едім. Парижде әуежайға түсіп, телефонымды қосып қалсам жүздеген хабарлама түсіп жатыр. «Сені Президент іздеп жатыр, қайдасың» деген сынды жолдамалар келді. Басында таңқалдым немесе бұл бір әзіл шығар деп ойладым. Кейін білдім, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі фильм туралы жергілікті газеттен оқып, дәл сол газеттің бетіне қол қойып, кейіпкерге көмектесуге арнайы тапсырма беріпті. Осылайша фильмнің бас кейіпкеріне Алматыдағы Водник ықшамауданынан 2 бөлмелі пәтер сыйға тартылды. Міне кейіпкердің тағдыры бір мезетте өзгеріп шыға келді. Бұл өте қуанышты жағдай деп ойлаймын. Өйткені Меруерт осыған дейін бір бөлмелі времянканы жалға алып, төрт баласын асырау үшін жергілікті мейрамханаларда еден жуатын. Оның тапқан нәпақасы үй алмақ түгілі, күнделікті тамағына жетпейтін.

F: Бұл туынды фильмнің басты кейіпкерін қалай өзгертті? Фильмде өзін ойнаға Меруерттің тағдыры қалай қалыптасты? Әлеуметтік мәселесіне ықпал етті ме?

-Жоғарыда айтқанымдай фильм шынайы оқиғаға негізделген. Мұндағы кейіпкер Меруерт өз-өзін ойнайды, ол ешқандай актриса емес, өмірдегі прототипі. Оның күйеуі осыдан бес жыл бұрын жоғалып кеткен. Олар Талдықорғаннан 70 шақырым жерде Егінсу Матай деген қыстауда мал баққан. Бір күні күйеуі жездесімен қалаға бару үшін тасжолға шығып, сол күйі із-түссіз жоғалып кеткен. Ал араға 5 салып сол маңайдан жездесінің өлі денесі табылған. Ал күйеуі әлі күнге оралмаған. Мен бұл оқиғаны естігенде таң қалдым, Меруерттің әйел ретінде сол қыстауда тұрып, дүниеге 4 бала әкелуі үлкен ерлік сияқты. Өйткені онда ешқандай жағдай, өркениет жоқ, су, жарық жоқ, тіпті байланыс ұстамайды. Кейін күйеуі жоғалған соң Меруерт балаларымен қалаға көшіп, күн көру үшін біраз қиындықтар көріпті. Мұндағы ең бір атап өтетін мәселе, Меруерт асыраушысы жоқ ана ретінде мемлекеттен балаларына көмек алмады. Яғни бұған күйеуінің не өлі, не тірі екені туралы мәліметтің болмауы себеп еді. Дәл қазір бұл мәселеде сот арқылы шешілді, күйеуі өлді деп танылып балаларына жәрдемақы ала бастады. Бірақ мұнда заң бойынша тағы бір мәселе бар. Егер күйеуі аман-есен қайтып келетін болса, мемлекеттен алған қаржыны түгелдей қайтарып беру керек болады. Мұндай заң бүкіл дүниежүзінде бар екен.

ФОТО: личный архив

F: Қазір қандай жобалармен айналысудасыз? Жуырда қандай картинаны көруіміз мүмкін?

-Қазір «Қызыл анар» деген жаңа толықметражды фильмімді аяқтадым. Бұйырса оны да жақын күндері үлкен кинофестивальдерден көрсетеміз деп жоспарлаудамыз. Бұл фильмде әйел тағдыры, оның әділдік жолындағы күресі болмақ. Мұнда бас кейіпкерді елордалық театрдың актрисасы Айнұр Бермұхамбетова сомдайды. Бұл фильмде кәсіби деңгейдегі актерлармен жұмыс істеймін деп шештім. Ол да авторлық фильм, мұнда да бюджет өте аз. Бірақ соған қарамастан өз көрерменін табады деп ойлаймын.

F: Сізге «Мәриям» фильмінен кейін қандайда бір ұсыныстар болды ма? Сіздің шығармашылығыңызға бұл лента қалай ықпал етті?

-Иә болды. Дәл қазір «Армандастар» деп аталатын үлкен кинокомпаниямен жоғарыдағы жобаның өндірісін аяқтатық. Онда бас продюсер Думан Қожахметов. Олар да авторлық фильмдерге қызығады. Сонымен қоса қазір үшінші толықметражды көркем фильмнің өндірісіне кірісіп жатырмын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить