Қазақстандық «Made in KZ» тобы Финлияндияда өнер көрсетті

8496

Әлемге әйгілі хит әндерді орындаумен танылған музыканттар көпшіліктің жүрегін қалай жаулады

Финляндия оларды қалай қарсы аллды, топ қалай құрылды, құрамы неге өзгерді, сұраныс қандай, алда қандай жоспарлар бар? Бұл жайында Forbes.kz тілшісіне «Made in KZ» жетекшісі Бауыржан Итекеев айтып берді.

Қос домбыра, ерекше вокал, сover-композициялар. 2015 жылы құрылған «Made in KZ» алғашында Джо Дассен (Et si tu n'existais pas), Eagles тобы (Hotel California), Элтон Джон (Sorry seems to be the hardest word), Стинг (Shape of my heart), Стиви Уандер (I just called to say i love you) , Вахтанг Кикабидзе (Чито-гврито) сынды әйгілі әншілердің және өзге де танымал туындыларды домбырамен шебер орындау арқылы таныла бастаған еді. DJ Byke ретінде белгілі топ жетекшісі Бауыржан Итекеев бастаған ұжым негізінен ғаламторда кеңінен танылып, кейін еліміздің сахналарында өнер көрсетіп, шет елдерге шыға бастады. Малайзия, Сингапур, Мәскеуде өнер көрсетті, қазіргі күні Финлияндия сапарында жүр.

- Бізге деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Шақыртулар көп, өнерімізді жоғары бағалайды. Малайзия, Сингапур, Мәскеуде болдық, енді міне қазір Финляндиядамыз. Елшіліктер шақырады, делегациялар алдында өнер көрсетеміз, түрлі мерекелік шараларда Қазақстан атынан концерт береміз, елімізде жекелеген салтанаттарға шақарып тұрады. Аудиторямыз жақсы, музыканы түсінетіндер керемет бағалайды, тыңдармандарымыздың талғамы жоғары. Финлияднияда дәл осылай қарсы алды, қошемет көрсетіп,ерекше ықыласпен тыңдады. Біз Хельсинкиде Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында өнер көрсеттік-дейді Бауыржан.

Құрылғанына 2 жылдан асқан топтың құрамы өзгеріп те үлгерді. Белгілі себептерге байланысты бір домбырашы мен әнші ауысты, қазірде олардың орнына жаңа музыканттар келді. Әнші Назым Хамитова Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепте оқыған, консерватория түлегі, Аслан Нұғыманов болса Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжін бітірген, домбырашы. Ең қызығы топ басшысы Бауыржан Итекеев тау-кен мамандығын тәмамдаған, арнайы музыкалық білімі болмаған, бірақ өнерге деген құлшыныс, ұлттық аспапты танытуға деген талпыныс оның тек музыка әлемінің бигінен көрінуне себеп болды. Бір сөзбен айтқанда диджей, домбыра,вокал керемет үйлесім тапты.

Мен о баста домбырада ойнай алмайтынмын. Кейін курсқа жазылдым, үйрендім, репетитор жалдадым, аспапты 29 жасымда меңгере бастадым. «Алдаспан» тобындағы ұстазыммен бірге топ құруды ойластырдық. Мен оған идеямды айттым, алғашында тек екі домбырамен орындап келдік. Содан, топқа вокал қосу керек деген шешімге келдік және кастинг жарияладық. Алғашқы әншіміз табылып, хит әндерді өңдеп орындауға кірістік-дейді сұхбат беруші.

Қос домбыра мен ғажайып вокал және әйгілі де әдемі әндер тыңдармандарды тебірентпей қоймады. Бүгінден ғаламтордағы клиптерді мыңдаған, жүз мыңдаған көрермен қарап үлгерген, тіпті арасында млннан аса адам тамашалаған бейнебаяндар бар. Оларды қазақстандықтармен бірге шет мемлекеттер сүйсініп тыңдайды, әлем елдерінің жерлестерімізді қалай бағалайтынын ондағы жазбалардан аңғару қиын емес. Бәрі де тыңдауға тұрарлық және өте сәтті шыққан жоба екенін жарыса жазған.

 - Мен өзім диджей болғандықтан, алғашында көптеген ремикстер жасап жүрдім. Яғни, дәстүрлі туындыларды заманға сай өңдеп, оларды house бағытында жасап келдім. Кейін домбыраны тек дәстүрлі бағытта емес, өзге қырынан танытуды ойладым, жастарды қызықтыру үшін. Добмырамен тек күй мен терме ғана емес, кез келген туындыны орындауға болады. Себебі, басқа аспаптардағы ноталардың бәрі домбырада бар. Жобаның мақсаты ұлттық аспапты өзге қырынан таныту, мүмкіндігін көрсету болатын. Бұл бағытты негізінен этнорок негізнде Ұлытау, deko launge cтилінде Асылбек Еңсепов бастады. Біздің жоба да өз тыңдармандарын таба білді.

Қазіргі кезде «Made in KZ» сover-композициялардан бөлек, отандық әндерді орындауға және жеке шығармашылықпен айналысуға белсенді түрде бет бұрды. Жуырда жаңа ән жарық көрді, жақында олардын саны артатын болады.

- Жеке шығармашылық туралы айтатын болсақ, жаңадан жаздырған әндеріміз бар. Біз «Жігіттер» тобының мүшесі Бағлан Әбдірайымовпен дует болып, «Мен сені жақсы көремін» деген ән жаздық. Жазда «Тартылыс» деген тағы бір жаңа ән жарыққа шығатын болады, жаңа форматта. Альбом жинағына жеткен жоқ, бірақ бұл бағытта жұмыс жасау үстіндеміз. Біз негізінен санға емес, сапаға мән бергенді жөн санаймыз. Әрине, жеке әндеріміз бар, бірақ бәрі менің көңілімнен шыға бермейді. Дегенмен, асықпай алда әлі талай асуларды аламыз деген ойдамыз.

Шығармашылық жолындағы талпыныс пен ізденіс кеңінен танылуға, ал танымалдылық табысқа жол ашты. Алда ауқымды жоспарлар, жаңа әндер, жаңа елдер күтіп түр.

- Табыс бар, жоқ емес,тұрақты. Бірақ анау айтқандай үлкен қаржы тауып жатырмыз деп айта алмаймыз. Біз үшін жеткілікті. Басты мақсат қаражатта емес,шығармашылықты дамыту, халыққа жеткізу, тыңдарманның көңілінен шығу. Сондықтан біз үшін ең бастасы аудиторияның лайықты бағасын алу маңызды. Қалғаны өздігінен келе береді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить