Қазақ киносы әлемдік кинонарыққа шыға ала ма?

62839

2022 жылы отандық прокатқа шыққан 450 кинокартинаның 64-і қазақстандық фильм болған

Уикипедия мәліметінше 2022 жылы әлемде ең көп касса жинаған үш фильм төмендегідей: «Аватар: Су жолы» (Avatar: The Way of Water) – кассалық жинағы 1 713 093 812 АҚШ доллар,  Top Gun: Maverick – 1 488 732 821 АҚШ доллары, «Юр дәуіріндегі әлем: үстемдік» (Jurassic World Dominion) – 1 001 978 080 АҚШ доллары.

Араға 13 жыл салып, көрермен назарына ұсынылған атақты режиссер Джеймс Камеронның «Аватар: Су жолы» картинасы Қазақстанда да кассалық рекорд жаңартты – фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын тамашалауға республика бойынша 42 мыңнан астам көрермен жиналған, кассалық жинақ 69 млн теңгеден асқан.

«Фильм түсірілген соң, ол өз жемісін беруі керек»

Гүлнар Әбікеева
Гүлнар Әбікеева
ФОТО: © Фотосуреттер сарапшылардың жеке архивінен және «ҰКҚМО» КЕАҚ сайтынан алынды

Киносыншы Гүлнар Әбікееваның айтуынша, 2022 жыл фестиваль үшін де, көрермен үшін де «жақсы киноға бай» табысты жыл болды.

«2022 жылы Қазақстанда 70 шақты кинокартина жарыққа шықты. Бізде қазір отандық фильмдердің саны күннен-күнге көбейіп келеді, мейлі, ол мемлекеттік қаржыға түсірілсін, мейлі жекелеген демеушілердің ақшасына түсірілсін. Бірақ қазақстандық киноның барлығы бірдей прокатқа шыға бермейді. Кей фильмдерге мүмкіндік беріледі, кейбіріне берілмейді. Жалпы, фильм түсірілген екен, ол өз жемісін беруі керек. Яғни, көрерменге жол тартуы тиіс және көрермен үшін ыңғайлы күні, ыңғайлы уақытта дегендей... Қазақстанның кинонарығындағы өзекті мәселенің бірі осындай», - дейді ол.

Киносыншы, фестивальдерге қатысатын фильмдер, әдетте, үлкен экранда көрсетіле бермейді, талап сондай деп қосады: «Халықаралық байқауларға қатысатын фильмдер үлкен экранда көрсетілмейді. Ереже бойынша фестивальдарға қатысатын фильмдердің құқықтары сатып алынады. Мұндай фильмдер тек фестиваль кезінде ғана көрсетіледі. Ал республикалық байқауларға қатысатын фильмдер қалың көпшілікке көрсетіліп қойған. Айталық, «Ағайындылар», «Боран» сияқты».

Қазақстан киносын кім қаржыландырады?

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов, 2022 жылы (қарашаға дейін) Қазақстанның прокат нарығы пандемияға дейінгі 20 млрд теңге деңгейіне жеткенін атап өтті.

Бауыржан Шүкенов
Бауыржан Шүкенов

Былтырғы қарашадағы деректер бойынша, отандық кинотеатрларда 15 млн билет сатылған, билеттің орташа бағасы шамамен 1300 теңгеге бағаланған.

«Ең қызығы, осы 20 млрд теңгенің 40%-ы, дәлірек айтсақ, 8 млрд теңгеге жуығы отандық фильмдердің еншісінде. 2022 жылы прокатқа шыққан 450 фильмнің 64-і қазақстандық. Бұл, жалпы көрсетілген фильмдердің 14%-ы, ал олар бізге жалпы табыстың 40%-ын берді. Бұл тамаша көрсеткіштер», - дейді Бауыржан Шөкенов.

Сондай-ақ, ол мемлекет қаржыландыратын фильмдер «табыс таба бастады» деп, мұны «оң үрдіс» деп танитынын айтты: былтыр режиссер Айдын Сахаманның «Дос-Мұқасан» фильмі кассада 500 млн теңгеден астам ақша жинаған.

2022 жылы ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдауымен 12 көркем фильм жарыққа шыққан. Олардың ішінде:

  • «Паралимпиадашы» фильмінің кассалық жинағы 25 500 000 теңгені құраған;
  • «Схема» – 2 300 000 теңге;
  • «1941 жылдың жазы» –  2 100 000 теңге;
  • «Алға» – 14 100 000 теңге;
  • «Патриоттар кезеңі» – 19 000 000 теңге;
  • «Нартай» – 4 013 200 теңге;
  • «Соқыр махаббат» – 3 200 300 теңге;
  • «Хирург» – 1 115 000 теңге;
  • «От» – 5 418 300 теңге;
  • «Ақын» мен «Өмір» – шектеулі түрде таратылып, 803 600 теңге жинаған;
  • «Дос-Мұқасан» фильмі бүгінге дейін кассадағы ең табысты отандық фильм – кинотеатрлардағы жинағы 500 000 000 теңгеден асады.

Дерек көзі: «ҰКҚО» КЕАҚ

Анықтама. Мемлекеттік қаржыландыруды ұсынатын бірыңғай оператор ретіндегі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қызметі ұлттық кинематографияны қолдауға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ отандық фильмдерді Қазақстанда және шетелде танымал етуге бағытталған.

Отандық киноның жемісі

Бауыржан Шөкеновтың айтуынша, жылдан жылға қазақ киносы әлемдік деңгейде бағаланып, жеңіске жетіп, көрерменін қуантумен келеді.

«2021 жылдың өзінде Ұлттық кинематографияны қолдау орталығының көмегімен түсірілген фильмдер фестивальдерде көрсетіліп, жүлделі орындарды иеленді. Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі Токио халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алса, Берлин халықаралық кинофестивалінің Generation секциясында Фархат Шәріповтың «Схема» фильмі бас жүлдеге ие болды. Пусандағы халықаралық кинофестивальде тұсауы кесілген Айжан Қасымбектің «От» дебюттік фильмі бірнеше жүлде алды: Лос-Анджелес, Сочи және Сингапурдағы фестивальдерде басты актер Төлепберген Байсақалов үздік атанса, фильм Минскіде үздік режиссер және үздік музыка номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Сондай-ақ, «От» Thrissur IFF-те FIPRESCI сыйлығын (Үндістан) жеңіп алды және Black Movie Swiss Film Festival шарасын ашқан фильм болды», - дейді ол.

Сол сияқты, «Ағайындылар» Ольденбург халықаралық кинофестивалінде (Германия) қазылар алқасының арнайы жүлдесіне және 31-ші Kinoshock халықаралық фестивалі жүлдесіне ие болса, «Бесік жыры» анимациялық фильмі Түркияда өткен Rotary Uluslararası Kısa Film Festivali жүлдесін алған.

«Біздің қысқа метражды фильмдер де мамандар тарапынан жоғары бағалануда. «Мерген» фильмі Шэньчжэнь қаласында (Қытай) өткен халықаралық кинофестивальде «Үздік триллер» аталымы бойынша жүлде алса, Түркияда өткен Golden Wheat Awards кинофестивалінде «Үздік режиссер» және «Үздік операторлық жұмыс» номинациялары бойынша жүлделі орындарға ие болды. «Көше ақыны» фильмі Meihodo International Youth Visual Media Festival және Annapolis Film Festival (АҚШ) халықаралық кинофестивалінде жүлде алды. «Граната» фильмі VI «Байқоныр» халықаралық қысқа метражды фильмдер фестивалінің жүлдесін жеңіп алды», - деп қосады Бауыржан Шөкенов.

Алматыдағы жалғыз ірі көркем, анимациялық және деректі фильмдер киностудиясы «Қазақфильмнің» баспасөз қызметі ұсынған мәліметке жүгінсек, бүгінде киностудия фильмдерін мемлекет бұрынғыдай тікелей қаржыландырмайды. Киностудияны қаржыландыру 2019 жылдан бастап «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ өткізетін байқау негізінде жүзеге асырылады. Десе де, «Қазақфильмге» қазір көптеген жеке продакшндар мен студиялар бәсеке құруда.

«Қазақфильмде» қандай жаңалық бар?

«2022 жылдың конкурстық іріктеуіне киностудияның 49 жобасынан – 18 жас режиссердің қатысуымен дебюттік жобалар ұсынылды. Питчинг қорытындысы бойынша «ҰКҚМО» КЕАҚ қолдауымен киностудия 12 фильм түсірді, оның ішінде 3 толық метражды, 6 деректі фильм, 1 қысқа метражды және 2 анимациялық фильм.

Жалпы, 2019 –2022 жылдар аралығында киностудияның 15 фильмі прокатқа шықты. Студия контентіне лицензиялық құқықтарды (кинотеатрлар, телеарналар, стриминг-платформалар, авиакомпаниялар және т.б.) сатудан түскен жалпы алым соңғы үш жылда 700 млн теңгеден асады», - деп мәлімдейді «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, олар, «Қазақфильм» туындылары халықаралық фестивальдарға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде дегенді қосады: «2022 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның 11 толық метражды, 2 қысқа метражды, 1 анимациялық, 1 деректі фильмі халықаралық деңгейдегі 27 фестивальге қатысып, 20 жүлделі орынға ие болды».

Қазақ киносы әлемдік кинонарықта бар ма?

«Қазақфильмнің» баспасөз қызметі бұл тұрғыда: «Құқықтарды беру туралы киностудиямен арада лицензиялық келісімшарттар жасасқан республикалық және шетелдік телеарналарға және басқа да ұйымдарға фильмдерді сату бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ресейлік және еуропалық компаниялармен, түрік телеарналарымен, Моңғолиямен, Қырғызстанмен, бүкіл ТМД аумағындағы платформалармен жұмыс жалғасуда» дейді.

Ал Бауыржан Шөкеновтің пікірінше, отандық кинотуындылардың әлемдік нарыққа шығуына «Қазақ киносы күндері» сияқты шаралар септік ете алады.

«Отандық фильмдердің кинофестивальдердегі табыстарын мақтан тұтамыз, десек те, әдетте, фестиваль, байқауларға көбінесе авторлық кинолар қатысады. Әрине, авторлық кино кинематографияның шығармашылық зертханасы ретінде үлкен маңызға ие, бірақ ол бәрібір үлкен киноиндустрияның бір бөлігі ғана. Ал Қазақстанда кең прокатқа және көрерменге арналған жоғары сапалы фильмдер де түсіріледі. Сондықтан да Ұлттық киноны қолдау орталығы бірқатар алыс және жақын шет елдерде «Қазақ киносы күндерін» өткізу туралы бастама көтеруде. Биыл отандық киногерлердің фильмдері Франция, Германия, Испания, Чехия, Оңтүстік Корея, Түркия, Грузия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Татарстан (РФ), Болгария, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде көрермен назарына ұсынылып, сол фильмдерді қоюшы режиссерлерді, продюсерлер мен жетекші актерларді таныс етті.

Осы тұрғыдағы шаралардың көмегімен қол жеткізуді көздеп отырған тағы бір мақсат – бірлескен жобалар құру үшін жаңа серіктестер, инвесторлар тарту, бұл да еліміздің әлемдік киноиндустрияға сапалы интеграциялануының оң қадамы болуы тиіс», - дейді Бауыржан Шөкенов.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить