Анна Качко: Берлинале алаңындағы бастамамыз жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

10401

Kazakh Сіnема Берлинде не ұсынды, әлемдік кино нарығына шығу үшін қандай қадамдар жасалды

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне Kazakh Сіnема Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқармасы төрайымының кеңесшісі әрі халықаралық бағыт бойынша жетекшісі, қазақстандық делегациямен бірге 2020 жылдың 20 ақпаны мен 1 наурыз аралығында өткен фестивальге қатысып қайтқан Анна Качко айтып берді.

F: Анна, 2020 жылғы ақпанның 20 мен наурыздың 1 аралығында өткен Берлинале фестивалі несімен ерекшеленді? Мерейтойын атап өткен халықаралық шара қалай өтті?

 - Фестивальға келетін болсақ, биыл әлемнің ең көне кино алаңдарының бірі болып саналатын Берлинале үшін мерейтой. Сонымен қатар, 70 жылдығын атап өткен фестивальда елеулі өзгерістер болды, бұл жаңалық бүкіл кино қаумдастығына белгілі болуы тиіс. Атап айтқанда, биылғы фестиваль алғаш соңғы 18 жыл бойы Берлиналенің бас директоры қызметін атқарған Дитер Коссликтің қатысуынсыз өтті. Бұл лауазымға Мариетте Риссенбек тағайындалды, осылайша аталған алаңның 70 жылдық тарихында бірінші рет әйел адам басшы атанып отыр. Ал, көрсетілімнің көркемдік жетекшісі Карло Шатриан болды, ол бұған дейін Локарнодағы кинофестивальдің бас директоры қызметін атқарған.

F: Қазақстан бұл фестивальге қандай дайындықпен барды? Кімдер қатысты, біздің тарапымыздан не ұсынылды?

- Ең алдымен Қазақстан үшін маңызды болған ерекше бір жағдайды атап өту керек. Бұл Берлинале халықаралық фестивалінде алғаш рет Kazakh Сіnема ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының өз алдына жеке стенд қойғаны. Берлин алаңындғы көрме қазақстандық кинематографияны құрылымдық тұрғыда күллі әлемге алға жылжытуға бастаған бірінші әрі бірегей халықаралық оқиға болды. Жақын арада отандық кинематографияны танымал етуге бағытталған осындай айтулы әрі маңызды іс шаралар Канн, Лос-Анджелес, Торонто мен Пусан кино нарықтарында болмақ.

F: Қазақстан бұл іс-шара аясында қандай мәселелерді көтерді? Әлемдік киногерлерге қандай ұсыныстар жасалды? Қонақтар біздің стенді қалай қабылдады?

 - Әрине, ең алдымен, жаңадан қабылданған «Кинематография туралы» заң жайында хабардар еттік. Рибейттердің жаңа жүйесін енгізгенімізді жеткіздік, дәлірек айтсақ, егер шет елдік кинокомпаниялар Қазақстанға қаржы салса, мемлекет сол қаржының 30%-ын кино авторларына қайтарып береді, кинонарық қатысушылары үшін кино прокаттың ашықтығын қамтамасыз ететін бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйенің жұмысы туралы айттық. Ұлттық кинокомиссия туралы және Қазақстандағы киноны дамытуға бағытталған жоспарымыз жайлы, жалпы біздің орталықтың басқа да табыстары туралы кеңінен баяндадық. Мен тағы айтқым келеді, Kazakh Cinema стенді-бұл бренд болып табылады, біз осылай қазақстандық киноны шетелде жүйелі түрде ілгерілетудің өзіндік құрылымын құрудамыз. Біздің Unifrance немесе German Films-тегі әріптестеріміз осындай бастамаларды сәтті жүзеге асырып келеді.

F: Делегация құрамында кімдер болды?

- Жалпы, биылғы жылы Берлинале фестиваліне Қазақстаннан үлкен барды. Олар өзекті трендтерге сәйкес, негізінен отандық кинематографияда белсенді жұмыс істейтін әйелдерден тұрды: Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының коммерциялық емес АҚ Басқарма төрағасы Гүлнар Сәрсенова және киноорталықтың халықаралық сарапшылары Регина Тодеренчук, Есения Абенова және Әсел Ырыс. Сондай-ақ, қазақстандық делегация құрамына «Astanatelefilm» компаниясының продюсері Әлия Увальжанова, «Eurasia Talents» бас директоры Лаура Ерғалиева, «Eurasia Talents» директоры Надин Цой кастинг, «Қазақфильм» киностудиясының халықаралық департаментінің басшысы Ольга Хлащева, продюсер Юлия Ким, композитор Ақмарал Зықаева (Mergen), режиссер Ольга Коротько, сондай-ақ Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Эрнар Құрмашев және «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы «анимациялық кино» студиясының жетекшісі Адай Абельдинов бар.

F: Биылғы жылы Берлиналенің бағдарламасына Қазақстан тарапынан ешкім қатыспапты. Бірақ, кейбір киногерлердің өзге секцияларда белсенді болғанын білеміз. Олар кімдер, бұл қандай секциялар?

 - Иә, өкінішке орай, биылғы жылы фестивальдің ресми бағдарламаларының бірде-біреуінен қазақстандық картиналарды көре алмадық. Алайда, Қазақстан атынан біздің төрт бірдей отандасымыз жас кинематографистерге арналған түрлі білім беру секцияларына қатысты. Мысалы, продюсер Юлия Ким мен композитор Ақмарал Зықаева (Мерген) Berlinale Talents бағдарламасына қатысты, режиссер Ольга Коротько Script station секциясына іріктелді, ал кастинг-директор Надин Цой бірігей ұйымға - халықаралық кастинг-директорлар қауымдастығына кірді. Осы жылы негізгі конкурстық бағдарламада режиссер Вадим Перельманның «Уроки фарси» туындысы ұсынылған болатын, сол режиссер «Тень звезды» жобасымен қазақстандық ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының екінші питчингінде «халықаралық ко-өнім» секциясында финалистердің қатарына енді.

F: Қазақстандық стенд несімен ерекшеленді? Оны кімдер тамашалады? Кино қауымдастығынан қызығышулық танытқандар болды ма?

- Біз орнатқан Kazakh Cinema стенді салтанатты түрде ашылды. Жыл сайын дәстүрлі түрде күллі әлемнің, жаһан кинематогрофистері қауымдастығының назарын өзіне аудартатын алаңда осындай іс шараның өтуі біз үшін үлкен тарихи оқиғы болды. Шын мәнінде оған деген қызығушылық өте жоғары болды, фестиваль қатысушыларының арасында үлкен ажиотаж тудырды. Ал киноорталықтың бұл миссиясы Қазақстанды әлемнің қарқынды дамып келе жатқан кино алаңдарының бірі ретінде алға жылжытуға ықпал етеді. Жалпы, Kazakh Cinema стендінде 400 жуық адам болды. Қазақстанмен ынтымақтастықта жұмыс істеуге беделді кинематографистер мен ірі ұйымдардың басшылары қызығушылық танытты. Атап айтқанда, қонақтар арасында халықаралық кинокомиссиялар қауымдастығының президенті Джесс Коноплия (АҚШ), Израиль кино қорының директоры Катриэль Шори, «Роскино» компаниясының бас директоры Евгения Маркова, «СТВ» компаниясының басшысы Сергей Сельянов, Қазақстанның Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Қаріпов, Берлиндегі Герман-Қазақстан қоғамының директоры Галина Нұртасинова сияқты маңызды тұлғалар болды.

F: «Кинематография туралы» жаңа заң қанай жеңілдіктер береді, шетелдік серіктестермен бірлескен жұмыс қалай жүзеге асады?

 - Біздің Берлинале алаңындағы бастамамыз жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Себебі, онда кино саласын ілгерлетуге бағытталған барлық мәселелер қамтылды. Бұл Your New Shooting Destination: Kazakhstan Берлиналедағы European Film Market Landmark арнайы бағдарламасы шеңберіндегі шара. Мен өз сөзімде 2019 жылы құрылған Киноорталығы, Қазақстан киноиндустриясындағы заңнамалық деңгейдегі өзгерістер туралы және сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық киножобалар үшін ұсына алатын мүмкіндіктері туралы айтып бердім. Яғни, әлемдік туындыларды қазақ жерінде түсіру мүмкіндіктері және тұсаукесер аясында Қазақстанның керемет локациялары енген әсерлі бейнероликтер көрсетілді. Бұның бәрі жиналғандардың ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл бизнес-алаңға шетелдік кинематографистер, кинокомиссия өкілдері, сондай-ақ Франция, Германия, Австрия, АҚШ-тан келген әйгілі продюсерлер қатысты. Олар Қазақстанда кино түсіруге ниетті, қызығушылықтары өте жоғары. Жалпы, тсаукесерден кейін, Kazakh Cinema өкілдері келіссөздер үшін арнайы бөлінген аймақта Еуропалық және американдық продюсерлермен 30 -дан астам кездесу өткізді. Біз тағы да орталық құруға түрткі болған «Кинематография туралы» заң туралы, біздің бастамаларымыз мен кең ауқымды жоспарларымыз жайында айттық, бұл тағы да рибейттер, шетелдік кинокомпаниялар үшін 30% «кэшбек», яғни жеңілдік мәселесі. Бұл негізінен банктер, интернет-сервистер, танымал мекемелер мен т.б. пайдаланатын тиімді бағдарлама, яғни салынған қаражаттың белгілі бір көлемінің өз шотыңа қайта түсуі.

Сонымен қатар, кино туралы заңға сәйкес, Қазақстан кинемотографиясына «ұлттық кино» деген жаңа термин енгізілгені белгілі. Бұл термин туралы біздің ресми сайтымыздан кеңірең танысуға болады. Әрине, бұл ең алдымен қазақстандық кинематографистер көп үміт артатын мемлекеттік қаржыландыру. Бір ғана екінші питчинг аясында бізге 225 өтінім келіп түсті, оның ішінде 88-і іріктеліп алынды және осы күндері аталған киножобалар қорғалу үстінде. Сонымен қатар, жаңа заң бірыңғай автоматтандырылған жүйені енгізу арқылы кинонарықта тәртіп орнатуға мүмкіндік береді. Ал оның барынша ашық әрі тиімді болуы маңызды. Бұл арқылы әрбір кинонарық қатысушысы не түсіретінін және кім үшін түсіренін жақсы білетін болады. Біздің тағы бір мақсатымыз-Ұлттық кинокомиссияны құру, бұл тағы да Қазақстанның шетелдік киноөндірушілерге тартымдылығын арттыруға бағытталған, бұл комиссия біздің режиссерлеріміз үшін де жақсы демеу болады.

F: Қазақстанға халықаралық деңгейдегі киногерлерді тарту, олармен бірлескен жұмыс қандай нәтиже береді?

 - Біріншіден, шетелдік киножобалар Қазақстанға қаржы әкеледі, оның бұдан бөлек бірқатар артықшылықтары бар. Киноға салынатын өндірістік бюджеттен түсетін пайдадан басқа, оның бірқатар материалдық пайдасы болады. Екіншіден, бұл жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді, сонымен қатар, қазақстандық кинематографистер халықаралық жобалардан баға жетпес тәжірибе жинайды, яғни отандық жас киногерлердің келешекте әлемдік деңгейдегі маман болып қалыптасуына себеп болады. Сонымен қатар, біз кинотуризм сияқты тағы бір бағытты дамытуды қолға алудамыз. Бұл қазірде травел-индустриядағы жаңа және қызықты бағыттардың бірі болып табылады.

F: Кинотуризм есебінен мемлекет экономикасының өсімі қандай болады? Ол қалай жүзеге асады?

 - Иә, бұған бір ғана «Сақиналар әміршісі» немесе «Хоббит» франшизасының туған жеріне айналған Жаңа Зеландияның тәжірибесін мысалға келтіруге болады, олар осылайша күллі әлемге үлгі болып отыр. Алайда, Исландия бұдан да керемет нәтижеге жетті. Мысалы, онда HBO әйгілі «Тақтар ойыны» жобасының бірнеше негізгі эпизодтарын түсірген еді. Ал қазіргі заманның ең танымал телехикаясына айналған туындының түсірілген жерін, ондағы керемет локацияларды көру әлем туристерінің арманына айналды, онда қарай ағылған саяхатшылар қатары көбейді. Ал мемлекет одан пайда көріп қана қомай, оның есебінен мемлекет экономикасы 2009 жылғы қаржы дағдарысынан сәтті шыға алды. Бұл Киноорталық жүзеге асыратын жаңа заңның кейбір артықшылықтары ғана екенін айта кетуіміз керек.

F: Жалпы, Берлинале тарихында біздің режиссерларымыз қандай нәтиже көрсетті? Олардың картиналары қалай бағалданды?

- Иә, жалпы Қазақстан үшін Берлиналедегі алғашқы әрі жарқын оқиға режиссер Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» атты туындысымен байланысты болды. Бұл Берлиндегі 63-ші халықаралық кинофестиваль аясындағы айтулы нәтиже еді. Сол кезде Қазақстан, Германия және Францияның бірлескен жобасы алғаш рет негізгі бағдарламаға қатысып, жүлдеге ие болды. Сондықтан түсіру командасы үшін «Күміс аю» марапатын алу күтпеген әрі нағыз тосын сый болды. Қазақстандық режиссер Шарипа Оразбаеваның фильмі Берлиндегі 68-ші кинофестивальде әлемдік кино қауымдастығының ерекше ықыласына бөленді. Ол кезде Шарипаның «Рысь» атты алғашқы толықметражды жобасы Talent Project Market фестивалінің бағдарламасына іріктелген болатын. Айта кету керек, Talent Project Market –бұл әлемдік туындылардың ірі нарығы болып табылады, ондағы жобаларды халықаралық сарапшылар, әлемдік деңгейдегі сарапшылар мен түрлі киноқорлар мен компаниялардың агенттері қарап, бағалайды. Ал 2019 жылы қазақстандық режиссер Жаннат Алшанова да Berlinale Talents байқауына іріктеуден өтіп, оның «Конец сезона» атты фильмі беделді кинофестивальдің шорт-парағына түсті. Менің ойымша, біздің негізгі жеңістеріміз бен табыстарымыз әлі алда.

F: Берлиналеде қазақстандық «Томирис» фильмінің көрсетілгенін білеміз. Бұл қандай көрсетілім болды? Жалпы, фестивальде қандай туындылар ерекше бағаланды?

 - Иә, фестивальде негізгі бағдарламаға іріктелетін туындылар бар. Олардың орны өз алдына бір бөлек. Ал әлем нарығына шығарылатын фильмдер бөлек. Олар Берлинде, Каннда, Пусанда және басқа да нарықта сатылымға шығарылады және олардың өз агенттері бар. Қазақстандық «Томирис», «Конокрады», «Мариям» фильмдері және басқа да бірқатар туындылардың нарықтық көрсетілімі болды. Шынында «Томирис» жобасының халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндігі мол, сондықтан жобаның халықаралық дистрибьюторларға арналған екі бірдей көрсетілімі болды. Жалпы, мен продюсер және киноорталықтың халықаралық бағыты бойынша кураторы болғандықтан фестивальға қатысқан киноларды көре алмадым, себебі менде 150 астам кездесу болды. Дегенмен, мен Қазақстанға қатысы болған жоба қатысушыларын шын жүректен құттықтағым келеді. Мысалы, байқауға қатысқан екі шетелдік фильмде қазақстандық Елена Тронина ойнағанын білемін. Сонымен қатар, мен еңбектері жоғары бағаланған барлық актерлар мен режиссерлар үшін қуаныштымын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить