Менен де мықты кәсіпкерлер санын көбейткім келеді

36590

100 миллион доллар инвестиция тарту үшін қандай компания ашу керек?

Жұмабек Жанықұлов
Жұмабек Жанықұлов
ФОТО: © Данияр Асылбек

Жұмабек Жанықұлов – «ең беделділер» рейтингіне енген жаңа бизнесмен, Halliburton трансұлттық корпорациясының Қазақстандағы кен байыту зауытының жалғыз серіктесі, бизнесі арқылы елімізге 100 млн доллар инвестиция тартқан. Forbes Kazakhstan кәсіпкермен сұхбат-тасып, геосаяси дүрбелең жағдайында бизнесін қалай жүргізіп жатқанын сұрап білді.

Жұмабек мырза, Halliburton компаниясының жалғыз ресми серіктесісіз. Білуімізше, бұл жобаның жүзеге асуына сегіз жыл уақыт кетті: алғашқы жеті жылды бюрократия жеп қойса, соңғы бір жылын ғана зауыт салуға арнадыңыз. Неге бұл процесс осынша уақыт алды? Бюрократияға тап болуыңызға не себеп?

– Halliburton-нің Қазақстандағы жобасы аталмыш компанияның дүние жүзіндегі кен байыту бойынша жалғыз бірлескен кәсіпорны. Қазақстанға осындай алпауыт компанияны алып келу, шынын айтқанда, мен үшін мақтаныш, үлкен жауапкершілік сезінемін. Қазір компаниямыз Halliburton жүйесінің ішінде. Ең алдыңғы орында тұрған мекеме екенінен бөлек, бізде жүз пайыз қазақтар жұмыс істейді. Ол да – мақтаныш.

Енді неге осы процесс сегіз жыл уақыт алды деген сұраққа оралсақ. Өкінішке қарай, Қазақстандағы бюрократия өте баяу жұмыс істейді, оның еш мақтанып айтар тұсы жоқ. Мысалы, таяуда Halliburton сияқты басқа саладағы тағы бір ірі бельгиялық компаниямен үлкен бір жобаны жүзеге асырдық. Шетелдік әріптесім бұл жобаны 2015 жылы төрт елде қатар бастады. Оның бірі – Қазақстан болса, қалғаны – Вьетнам, Тайланд және Оман. 2019 жылы осы үш елде зауыт жұмысы аяқталып, жоба басталып кетті, ал біз 2020-да ғана аяқтап, кірісе алдық. Енді ойлап қараңыз: бұл үш ел Қазақстаннан аса бір алға кетіп қалған мемлекеттер қатарында емес. Соған қарамастан, ондағы компаниялар төрт жылда зауытын құрып, өндірісін бастап кетті. Ал біз оны созып жүріп алдық. Бұл жағдайды серіктестеріміз Астанада өткен үлкен жиындарда, форумдарда айтты да. Проблема жөнінде министр де, премьер-министр де естіді. Бірақ «бізде осылай» дегенсіп бір жымиып, жылы жауып қоя салды. Шынын айтқанда, бұл нәрсе Қазақстанды шетелдік инвесторлар алдында тартымсыз, тиімсіз етіп көрсетеді. Ал бизнес тиімді болу керек. Мәселе жылдам шешілуі керек, жетістікке де тез-тез жету керек.

Биылғы жылды талқыласақ: соғыс басталды, одан санкциялар жарияланды, логистика нашарлады. Осы қиындықтарды қалай еңсеріп жатырсыз? Бизнесіңізге қалай әсер етті?

– Әлбетте, болып жатқан геосаяси жағдайлар Қазақстан экономикасына әсер етпей қоймайды. Салдарын барлық сала сезінді.

Біздің қазіргі басты мақсат – қайталама санкцияларға ілініп қалмау. Мемлекет ретінде, кәсіпкер ретінде, әрқайсымыз осыны түсінуіміз керек. Санкцияны қабылдау өте тез. Бұған бір-ақ апта жұмсаған Америка, Еуропа мысалдарынан байқауға болады. Есесіне сол санкцияларды жоюға жылдар кетеді. Сондықтан, Ресейге салынған санкцияның қандай да бір нормасына қарсы жұмыс істеп жатқанымыз жөнінде күдік туындап, ол расталып жатса, Қазақстанды да санкция салынған елдер қатарына енгізу қиын емес. Ал оған итермелейтін не? Шетелден келіп жатқан тауарды Ресейге сату. Егер сол тауарды өзіміз өндіре алсақ, онда әңгіме бөлек. Қазір біз жұмыс беруші қауымдастық өкілдері ретінде Қазақстан кәсіпкерлері санкциялық нормалар аясында не істеуіне рұқсат, не істеуіне болмайды деген мәселені талқылап жатырмыз. Оны құжат етіп шығарамыз әрі дайын болғанда алдымызда «мынаны жасауға болады, мынаны жасауға болмайды» деген нұсқаулық карта болады.

Ресеймен шекарамыз транзит үшін де қолданылады, сондай-ақ, экономикалық тұрғыда көршімізбен қарым-қатынасымыз да тығыз. Логистикалық тұрғыдан жағдай қиындап кеткендіктен, Грузия, Әзербайжан арқылы Ресейді айналып өтетін болдық. Бұл ретте келісімшарттарды қайта қарап, төлемдерді өзгертіп, порттардың мүмкіндігін пысықтау керек. Бизнес ағын су сияқты: әрдайым өзінің ыңғайын іздейді және табады. Осының бәріне бейімделеміз деп үш-төрт айымызды жоғалтып та алдық. Онымен қоса, сырттан келетін заттардың жету уақыты ұзарды, бағасы қымбаттады.

ФОТО: © Данияр Асылбек

Біздегі мәлімет бойынша, сіздің бизнес арқылы Қазақстанға 100 миллион доллар инвестиция келген. Ал қазіргі жағдайда еліміздің инвестициялық әлеуеті қандай?

– Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Қазақстанға шамамен 300 миллиард доллар инвестиция тартылды. Бұл тіпті бүкіл Орта Азияға түскен инвестиция мөлшерінен көп. Десе де, мақтанатын нәрсе емес, өйткені жаһандық масштабта бұл аса бір қомақты сома емес.

Осы уақытқа дейін шикізат өндіруге көп ақша салынды. Ол да керек еді, себебі ол болмаса, біз, бәлкім, осы кезеңге жетпес те едік. Бірақ, өкініштісі, – біз өнім шығару, жаңа технологиялар тарту тұрғысынан аздап баяулап қалдық. Қазақстанды көбіне шикізат жеткізуші ел ретінде қабылдап кетті. Енді айтпағым, осы мәселені өзгерту үшін инвесторға тиімді, тартымды елге айналу керек.

Жауапты алыстан іздемей-ақ та қояйық. Мәселен, менің өзімнен «қай елге ақша құясың?» деп сұраса, ең алдымен мыналарға жауап іздер едім: менің құқығым ол елде қорғала ма? Тапқан табысымды оңай шеше аламын ба? Өзім үшін ол елде қандай мүмкіндіктер бар? Ол елдің қоғамы қаншалықты сенімді?

Өзім бірнеше елде жұмыс істегендіктен, бірнеше алпауыт компаниялармен серіктес болғандықтан, олардың ойлау жүйесін түсінемін. Мәселен, Қазақстан туралы ақпаратты олар қайдан алады? Бірінші кезекте – тәуелсіз медиаресурстардан. Сол үшін халықаралық деңгейдегі тәуелсіз медиа өкілдерімен де жұмыс істеу керек.

Қазір компаниямыз Halliburton жүйесінің ішінде. Ең алдыңғы орында тұрған мекеме екенінен бөлек, бізде жүз пайыз қазақтар жұмыс істейді

Екіншіден, кез-келген экономикаға ұтымды әсер ететін нәрсе – озық технология. Бәлкім, ол қымбат шығар. Есесіне ол сапалы өнімнің кепілі. Осыған мысал ретінде Американы келтіруге болады. Жалақысы жоғары, соған сәйкес салығы жоғары, өмір сүру қымбат ел. Соған қарамастан, олар өндіретін заттарды дүние жүзі сатып алады.

Қорыта келгенде, инвестиция тарту – ол, әрине, үлкен жұмыс. Ең алдымен, имиджімізді түзеу керек, ол бір, екіншіден, озық технологияға өтуіміз керек.

Өзіңіз айтқандай, экономикамыздағы шикізаттың үлесі көп. Биылғы жылды алсақ, Қазақстан Ресейдің ықпалында екенін Кас-пий құбыр консорциумындағы үзілістер қайта-қайта растап отырды. Тоқаев мұнай тасымалының маршрутын қайта қарауды тапсырып еді. Бірақ мұнайды Ресейден тыс жолдармен жеткізу тиімді болмай отыр. Әйтсе де, басқа жол тауып, шикізатымызды әлемге шығару мүмкін бе?

– Осыған қатысты мен арнайы сараптама жасаттым. Енді саладағы барлық мәселелерді де, мүмкіндіктер де мен білемін. Ең алдымен, Каспий құбыр консорциумы – бұл экономикалық тұрғыдан да, экологиялық тұрғыдан да тиімді жол. Біздегі мұнайдың бүкіл экспорты соған бейімделіп жасалған. Соған ғана фокус жасалғандықтан, басқа жол іздеудің қажеттілігі болмаған. Мынадай жағдай болады деп еш-кім күтпеген. Енді жағдай туды. Демек, балама жол іздеу керек. Ал біздегі альтернатива – батыс және шығысқа бастайтын жол. Шығысымыз – Қытай, батысымыз – Каспий құбыр консорциумына балама бола алатын жол.

Мысалы, шартты түрде, біз жүз миллион тонна мұнай өндіреміз делік, сексен миллионын – батысқа, қалған жиырма миллионды – шығысқа жіберіп жаттық. Енді сексеннен қырықты алып, оны шығыстың үлесіне қоссақ, ол үшін, алдымен, цистерна, құбыр және т.б. нәрселер қажет, бірақ одан бұрын шығысымыз – Қытай болғандықтан, олар біздің мұнайымызға қарай технологиясын өзгертуі керек болады. Ондай қадамға Қытай бара ма? Барған күнде де ол қаншама уақыт қажет етеді. Өте ауқымды жұмыс. Сондықтан, біз мұнайды бұған дейін сатып жатқан елдерге сата беруіміз керек. Геосаяси жағдай әрі қарай қалай өрбитінін білмеймін. Қалай болғанда да, бізге ең тиімдісі – КҚК жолы ғана. Батысқа жеткізе берудің амалын табу керек. Мүмкін болғанша,

КҚК арқылы сата беру керек. Соның қасындағы екінші жолымыз – Ақтау-Баку торабы арқылы әрі қарай шетелге сату қажет.

Каспий құбыр консорциумының екі түрлі аспектісі бар. Бірі – экологиялық, екіншісі – экономикалық. Экологиялық қырын шешпей, экономикаға өту миға сыймайтын нәрсе. Сол үшін экологиялық жағын қазірден бастап қолға ала беру маңызды дер едім. Каспий теңізі – халықаралық дәрежедегі көл болғандықтан, ол процеске айналасындағы бүкіл ел, бірінші кезекте Ресей келісім беруі керек. Түсінгеніңіздей, бұл ұзақ мерзімді жұмыс. Оны талқылай беруден түк шықпайды, әзірден бастап кеткеніміз дұрыс. Сондай-ақ, күтпейтін мәселелер қатарында сараптама бар. Оған да уақыт өткізбестен кірісу қажет, себебі бұл процеске халықаралық келісімнің қажеті жоқ.

ФОТО: © Данияр Асылбек

Ал экономикалық аспектісі, білуімше, өткізу сыйымдылығы. Мұнайды танкер арқылы таситын болса, КҚК-дан он есе аз болады.

– Иә, себебі танкер жоқ. Одан бөлек, порт жоқ, платформалар керек. Каспий теңізі саяз болғандықтан, үлкен ауқымды танкерлер келе алмайды. Сәйкесінше, Баку жақ та, Қазақстан жақ та танкер қабылдай алмайды. Оның бәрі үлкен ауқымды жұмыс. Бірақ біз оны ұзарта бермей бастауымыз керек. Себебі басқа жолы да жоқ. Басты нәрсе – бұл процесс бірден бола қалады, шешіле қалады деп алданбаған жөн. Сол себепті әзірге сатқан жолмен сата беретіндей келісіп, жоғарыда аталған мәселелерді біртіндеп шеше беру қажет.

Ертеректе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кез-келген мәселе тым ұзақ талқыланатын және шешімі болмайтын бюрократиялық циклға айналды» дедіңіз. Әрекет талап ететін қазіргі кезеңде «Атамекен» уақыт талабына ілесе алып жатыр ма?

– Өзім «Атамекенде» әртүрлі деңгейлерде жұмыс істедім. «Союз «Атамекен» болып тұрған кезінде де, одан кейін де аймақтық палаталарда қоғамдық төралқа мүшесі болдым. Демек, ондай мекемелердің қалай жұмыс істеп жатқанынан хабардармын. Мәселе басқада: «Атамекен» палатасы бүкіл заңнаманы өз мойнына ала беріп, салдарынан қимылдай алмайтын, бизнестің бір министрлігі болып кеткен. Жыл басында өткен съезде жаңадан келген басшысы алдағы үш айда трансформация жасайтынын айтқан болатын. Бірақ одан бері алты ай өтіп кетті. Дұрысы – сол трансформациялық ұсынысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеп, кейін оны қоғам және кәсіпкерлер талқысына салуға тиіс еді. Өз басым, мұны қатты сынағым келмейді. Себебі сауда палатасы елімізге қажет. «Атамекен» соның аясында жұмыс істеп, қызмет көрсетуі тиімді болуы керек. Шынын айтқанда, тұрған дәнеңе жоқ деп ойлаймын: «Атамекен» келгелі бері елдегі әртүрлі саладағы көптеген қауымдастықтар дами алмай қалды. Ал өңірлердегі әр алуан саладағы кәсіби қауымдастықтарды «өлтіріп» тастасаң, олардан не пікір, не кері байланыс ала алмайсың. Демек, заңнаманың бәрі «Атамекеннің» мойнында. Министрліктерге бірдеңе қажет бола қалса, палатаға «сағат үшке дейін жауап керек» деп сілтей салады. Сәйкесінше, палатадан бір сарапшы шығып, тез-тез жауап беріп құтылады. Айтпағым, оларға да қазір оңай емес. Бейімделу, трансформация жасау туралы есептерін алдағы съездерден білерміз. Себебі расымен жаңашылдық қажет.

Геосаяси тұрақсыздық кезінде шағын және орта бизнес өкілдеріне қандай кеңес берер едіңіз?

– Аласапыран кезінде біз, кәсіпкерлер, оның ішінде үлкені бар, кішісі бар – бәріміз «өліп қалмауымыз» керек. Себебі түннің артынан таң келеді демекші, мына оқиғалар ертелі-кеш бітеді. Сонда осы тежеген нәрсенің бәрінен құтылып, бизнес серіппеге ұқсап атылады деп ойлаймын. Соған барлық жағынан дайын болуымыз керек. Сонда ғана әркімге өзінің қалаулы үлесі тиеді.

Жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясының президенті ретінде сізге сұрақ: кейінгі жылдары елімізде еңбек дауы көбейіп кетті. Ал жұмыс берушінің құқығы қорғалған ба? Оның жүктемесі қандай?

– Қазақстанда жыл сайын әлеуметтік-еңбек жанжалдарының саны артып келеді. Соңғы екі жылда олардың саны ондаған есе өсті. Мұндағы басты мәселе – тек еңбекақы мөлшерін арттыру ғана емес, еңбек, қауіпсіздік, менеджмент, кәсіби даму және меритократия қағидаттарының болмауы.

Алайда, елімізде бұл мәселелерді шешуге деген жүйелі көзқарас енді қарқын алуда. Қазір қызметкерлер үшін барлық инстанцияларды айналып өтіп, тікелей мемлекет басшысына, премьер-министрге үндеу түрінде өз талаптарын жеткізу оңайырақ әрі бұл ірі өндірістік компаниялардың үлкен проблемасы.

Кәсіпкерлердің белсенділігі, кәсіп жасауға ынтасы жоғалса, оған жаңа реформадан түк пайда жоқ

Сонымен қатар, осы мәселелерді қараудың және шешудің тиімді құралдарының бірі – әлеуметтік диалог немесе трипартизм деген ұғым. Оған сәйкес, мемлекет, жұмысшы, жұмыс беруші арасында диалог болу керек. Сондай-ақ, сол үш жақтылық нәтижесінде бір тиімді құжат дайындалуы шарт. Себебі жұмысшылар мен жұмыс беруші арасында дау туған кезде, бизнес оны неге жасап жатыр, әйтпесе неге жасай алмай жатыр – осыны да ойлау керек. Жауапкершілік үлесі тең болғаны маңызды. Диалог құра алсақ қана жаңа дәрежеге шығамыз. Қауымдастық ретінде біз осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз.

Конфедерация Қазақстанда әлеуметтік әріптестікті дамыту, яғни үкімет, жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында тиімді диалог орнату мәселелерімен айналысады. Ұзақ перспективада Paryz жұмысы ел экономикасының барлық құрылымдарына оң әсерін тигізеді: қызметкерлер үшін – лайықты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жұмыс берушілер үшін – кәсіп-орындарда үйлесімді диалог орната отырып, үздіксіз және тұрақты қызмет, үкімет үшін – әлеуметтік шиеленісті төмендету, жоғары білікті кадрларды қамтамасыз ету және басқа да маңызды әлеуметтік мәселелер.

Paryz бұл жүйеде жұмыс берушілердің мүдделерін қорғауға бағытталған, бірақ бұл оның жұмысшыларға зиян келтіретінін білдірмейді. Бұл дұрыс емес мәлімдеме. Керісінше, бұл жұмыстан барлығы ұтады – үкімет те, жұмыс берушілер де, жұмысшылар да. Себебі әлеуметтік әріптестік арқылы еңбек жағдайларының жақсаруы жоспарлы және жүйелі түрде іске асырылады. Бұл шетелдік үздік практика, әсіресе Германияда кең таралған.

Осы жақын арада машина жасаушылар кәсіподағы мен сол саладағы жұмыс берушілерінің арасында үлкен дау туындаған болатын. Дау сотқа өтіп кетіп, біршама кәсіпорындарға жүздеген миллион айыппұл тағылған болатын. Алайда, алдын-ала келіссөздер жүргізбегендіктен, жүргізе алмағандықтан, мәселе өршіп кеткен. Себебі, даудың түпкі мәселесі түсініспеушіліктен туындап отыр. Осы бағытта машина жасау саласының жұмыс берушілері Paryz конфедерациясын қолдау көрсетуге шақырған болатын. Астана қаласында үлкен дөңгелек үстел өтті – кәсіподақтар, жұмыс берушілер, министрліктер қатысты – соңында мәселені талқылап, келісімге келдік. Медиативтік келісімге келіп, сот процесін тоқтата алдық.

Алайда бұл нәтиже «уақытша» шешім екенін түсінеміз. Қазір сол мәселелердің алдын алу, жүйелі түрде шешу жолдарын пысықтап жатырмыз. Әрине, әлеуметтік әріптестік қағидатына сәйкес жаңа салалық келісім жасап жатырмыз. Бұл тәжірибенің барлық салаларға кең қолданыс табуына үлес қосамыз.

ФОТО: © Данияр Асылбек

Мен бұл сұрақты бекер қойып отырғаным жоқ. Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс беруші қызметкер үстінен зейнетақы жарнасын төлеу керек деген жоба ұсынды. Бұл шағын және орта бизнеске зиян келтіріп, конвертпен жалақы алатындардың қатарын толықтырмай ма?

– Толықтырады. Бірақ, сондай-ақ, 2024 жылы жаңа салық кодексі де шыққалы жатыр. Біз қазір диалог құрып жатырмыз. Әлбетте, еліміздің, кәсіпкерлердің және жұмысшылардың мүддесі үшін тепе-теңдікті іздеп тауып, бірге дамығанымыз маңызды. Мәселеге біржақты қарауға болмайды. Бизнестің жүгін арттыра бергеннен ол дамымайды. Кәсіпкерлердің белсенділігі, кәсіп жасауға ынтасы жоғалса, оған жаңа реформадан түк пайда жоқ. Сол үшін мемлекетке айтатын бірден-бір нәрсе – кәсіпкерлердің сағын сындырып, жігерін құм қылып алмау керек. Ол үшін тепе-теңдік маңызды.

Жеке өзімнің миссиям – айналамдағы өзім сияқты, менен де мықты кәсіпкерлердің санын арттыру. Қоғам күшейсін, бүгінгіден ертеңі жақсы болсын деген үрдістің аясында жұмыс істеп жүрмін.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить