Ертай Нүсіпжанов: Шоу-бизнестегі жаңашылдықты тек батыстан ғана емес, шығыстан да үйренуіміз керек

7292

Димаштың дүниеге танылуына ықпал еткен ASSPAN продюсерлік орталығының жетекшісі қандай халықаралық жобаларды қолға алды

Ертай Нүсіпжанов
Ертай Нүсіпжанов

F: Ертай, Қытайда білім алдың, ССТV медиа орталығында тәжірибеден өттің. Бұл сенің болашағыңа, шығармашылығыңа қалай ықпал етті? Қазір алып елмен байланысың қандай?

– Қытайдың 22 провинциясы мен ірі мегаполистеріндегі жергілікті телеарналарды санамағанда, елдегі ең ірі медиа ресурсы саналатын ССТV-дің құрамына кіретін әр салалы 42 телеарна елге жан-жақты ақпарат таратуда. Оның ішінде тек ағылшын, испан, француз, араб және орыс тілдерінде ақпарат тарататын арналары бар. Кейбір дерек көздеріне сенсек, ССТV-дің Бейжіңдегі Бас штабында 40 мыңға жуық қызметкер, ал әлем бойынша барлық сала мамандарын қосқанда жалпы саны 200 мыңдай маман аталған медиахолдингтің штаттық кестесінде еңбек етуде. Осындай заманауи ортада тәжірибе алу маған ерекше шабыт беріп, ой-өрісімді кеңейтуге, екі ел арасында ақпараттық, әріптeстік, шығармашылық байланыстар орнатуыма ерекше ықпал етті. Іс барысында, олармен іскерлік қарым-қатынаста маған медиа әлеміндегі жаңа технологияның зор мүмкіндіктерін тереңірек меңгеруге, шығармашылық жобаларды жүзеге асырудың ұтымды тұстарын үйренуіме жол ашты. Жаңашылдықты тек батыстан ғана іздемей, жапон, кәріс, малай елдері сияқты шығыстың алып мемлекеттерінен де пайдаға жарамды дүниелерді үйренгеніміз абзал.

F: Жеке продюсерлік орталыққа жетекшілік етесің. Бұл орталық қалай және қашан құрылды? Ұжымда кімдер және қанша адам бар?

– Негізі продюсерлік қызметпен айналысқаныма талай жыл болды. Ал жұмыс барысындағы қажеттілікке байланысты орталық ретінде құрылғанымызға екі жыл болды. Орталықта журналист, маркетолог, музыкант және тіл мамандары бар. Және әрбір жобаның ауқымы мен концепциясына қарай сырттан мамандар тартатын кезіміз болады.

F: Қазір орталық қандай жобалармен айналысады? Кімдермен, қандай мемлекеттермен жұмыс істейді?

– Қазіргі таңда музыкалық бірнеше жобамыз бар. Жоба мақсаты қазақ өнерін, қазақ өнерпаздарын шетелге таныту. Бұл оңай шаруа емес. Эстрада әлемге ортақ жанр дегенімен де әр елдің дәстүрлі ырғақтары, ұлттық әуендері музыкалық бояулары болады. Біз сияқты басқа елдің де өзіндік музыкалық талғамы, халқы ұнататын стилі, жанры бар. Тіліңді ағылшыншаға немесе қытайшаға сындырсаң болды емес, мәселе оған қоса сол елдің жаңағы айтқан талғамына сай орындау шеберлікте. Және ерекше стиль, қайталанбас образ да маңызды. Бізге Қытайда танылғысы келетін көптеген өнерпаз келеді. Алайда осындай маңызды тұстарын ескере бермейді. Одан бөлек өзіміздің жергілікті телеарналармен де әртүрлі жобалар жасап жүрміз. Көркем фильмдер, телехикаялар, мультфильм аудармасымен, оны дубляждаумен айналысамыз. Түркиямен, Қытаймен, Малайзиямен жұмыстар жасаймыз. Қазіргі таңда жекелеген авторлардың қазақ тіліндегі кітаптарын шығаруды да қолға ала бастадық.

F: Кез келген сала бастапқы қаражатты қажет етеді? Сен үшін инвестиция көзі қайдан, бұл сала қаншалықты табысты?

– Біз үшін негізгі табыс көрсеткен шығармашылық қызметтеріміз арқылы келеді. Сөйтіп қолда бар қаржылық ресурстарды жобалар бойынша айналымға жіберіп отырамыз. Бұл салада ізденген адамға игерілмей жатқан іс көп деп ойлаймын. Мысалы, нарықта музыкалық сала бойынша аудиовизуалды өнімдердің авторлық құқық жүйесін құру, ақылы платформалар жасау арқылы табыс табу әзірге бос жатқан сала. Әрине мен маркетолог емеспін, бұл бәлкім біздің қазіргі нарық талабына сай келмейтін болар. Алайда, осы сияқты әлемнің озық елдері қолданысындағы табыс табудың тетіктерін ертелі-кеш бізге де меңгеруге тура келеді. Бірақ бізге, әсіресе шығармашылық ізденістегі қазақтарға қазірден бастап әрекет етуге кеңес беремін.

F: Бірде Шанхай кинофестивалі аясында өтетін "Фильм тілі, аударма, дубляж" тақырыбындағы халықаралық симпозиумның тұрақты мүшесі екеніңді айттың. Ондағы миссия қандай?

– Бұл фильмдерді басқа тілге аударатын әлем мамандарының кәсіби платформасы. Онда қазіргі таңда фильм аудармасындағы басты мәселелер талқыланады. Күллі адамзаттың түсінуіне оңай атыс-шабыс жанрындағы фильмдерден бөлек дәстүрлі, драмалық жанрдағы фильмдердің мағынасын жоғалтпай аудару, аударылып жатқан тілдегі оның баламалы мағыналарды дәл беру, ойды ықшамдап аудару сияқты қыры мен сыры айтылады, әркім өз тәжірибесімен бөліседі. Одан бөлек шетелдік фильмдерді әркім өз елінің таным-талғамына сай іріктеп, талдап алу үшін мүмкіндіктер беріліп, фильмдердің жыл сайынғы жаңа бай каталогы ұсынылады. Кейінгі кезде осы симпозиум негізінде қазақ киноиндустриясында көпшілік көңілінен шыққан үздік фильмдерімізді шетел нарығына ұсынуға басымдық бере бастадым. Мысалы, қазақ музыкасына назар аудартқанымдай, енді қазақ киносына Қытайдың қызығушылығын тудырсам деймін.

F:  Жалы халықаралық байланыс, іскерлік, мәдени ынтымақтастық шоу-бизнес үшін не береді?

– Кез келген бизнес үшін нарық маңызды. Мысалы Қытай нарығына енуге бәрі қызығады. Себебі, онда нарықтың үлкен ордасы бар. Бірақ соған сай шеттен аса қажет ете бермейтін олардың өздерінің де жеткілікті бай ресурсы, әрі мемлекеттің идеясына қарай сүзгі-сұрыптаулары бар. Қазір Қытай нарығы үшін жаңаша және олардың ұлттық идеологиясына қайшы келмейтін кез келген жоба үшін есік ашық. Бұл, тоқсан пайызы коммерциядан тұратын шоу-бизнес үшін де таптырмас дүние. Ал сол нарыққа енсе, ұлттық мүдденің де өз мақсаттары орындалатыны анық. Оған “Димаш жобасы” дәлел. Бұл бір Димаш үшін үлкен шығармашылық шырқау болғаны сөзсіз.

F: Димаштың “I’m a Singer” байқауына қатысуына, оның күллі әлемге танылуына өзің ықпал еттің. Қазір әншімен байланысың бар ма?

– Иә, Димашты кезінде аталған байқауға қатыстыруға көп күш, көп уақыт жұмсалды. Оған бастапқыда байқаудың маңыздылығын түсініп кету оңай болған жоқ. Қазір бәрі басқаша. Белгілі жағдайларға байланысты байланыс үзілді.

F: Жуырда Қазақстан мен Франция аниматорларының бірлескен «Жібек» мультфильміне продюсерелік жасауды қолға алғаныңды білдік. Бұл жоба қалай жүзеге асуда? Бюджеті қандай?

– Анимациялық жобаның авторлық құқы толықтай Қазақстан тарапында. Авторы тарапынан бекітілген бюджет $5 млн құрайды. Қазіргі уақытта аталған жобаға қызығушылық танытқан қытайлық анимациялық компания таптық. Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, олар өздерінің нарығына лайықтап жоба сценарийіне өзгерістер жасағысы келіп отыр. Бұған қазақстандық авторлар келіскен жағдайда, олар бюджеттің тек жартысын көтеруге, шығармашылық топтың бекітілген мерзім аралығындағы қаламақысын толықтай өтеуге, екі жылда өндірістік жұмыстарды аяқтауға, әрі мультфильмді Қытайдың 1500, әлемнің 50-ге жуық ірі кинотеатрларында көрсетуге, шығын өтелгеннен кейінгі таза табысты теңдей екіге тарапқа бөліп, өнімнің Орта Азия бойынша авторлық құқын Қазақстан тарапына беруге келісіп отыр. Қазір сценарий авторы жоба мазмұнын мүмкіндігінше сақтап қалуды басты шарт деп танып отыр. Ол кісіні қолдаймын. Себебі, жоба қазақ мультипликаторының идеясынан туып отырғандықтан, онда қазақы идеологияның сақталуы аса маңызды. Және де жалпы бюджеттің екінші жартысына инвестор ізделуде. Меніңше, осы талаптар орындалып, мәселе өз шешімін тапқан жағдайда ғана істен нәтиже күтуге болады.

F: Димаш дүниеге танылды, келесі кім? Әлемдік деңгейдегі тағы бір жұлдызды жандыру жоспарда бар ма?

– Бұл бірінен соң бірі бола беретін көпшілік ойлағандай оңай шаруа емес. Бұл кез келгеннің басына орнай бермейтін бақ. Менің арман-мақсатыма уақытында дәл келген Димаштың таланты. Немесе оның жұлдызының жарқырауына Құдай мені себепкер етті. Яғни, бұл бірінсіз бірі орындалмайтын біртұтас жағдай. Сол сияқты әркімнің өз бағына қарай басқаларға да продюсерлік етіп, әлемге танытуға еңбек етудеміз. Оны да уақытына қарай бақ пен бап көрсетеді.

F: Қазақстандық шоу-бизнес үшін қазір не қажет, не жетпейді, әлемдік нарықты бағыдыруға не кедергі?

– Әр саладан мықтыларды көргіміз келсе, бәрінен бұрын соларды өсіретін орта қалыптастыру керекпіз. Талап қоюдан бұрын талғамды күшейтіп, сұраныс тудыру қажет. Бізге дәл қазір әлемдік нарықты бағындыратын әнші емес, той мен көңілдің көрігін қыздыратын орындаушы-әртістер керек. Бәрі де қоғамның сұраныс-тілегіне қарай болып жатыр. Сол себепті дарындылар не істейді? Сұраныс болмағандықтан тұншығып қалады немесе көптің ығына жығылып, жалпы массаның тілегін орындауға мәжбүр болады. Олай етпесе табыс таба алмайды, отбасын асырай алмайды. Былайша айтқанда, бәрі де күн көрістің қамымен жүр. Біз әлем халқы мойындаған әншілердің әндерін түсініп, сүйіп тыңдайтын деңгейге көтерілуіміз керек. Мысалы Қытайда халықтың талғамы мен талабы күшті. Соған қарай экраннан сахна мәдениетін сыйлайтын, әдептен аспайтын, әнімен ғана емес тұлғалық болмысымен көптің көңілін тапқандарды ғана көресіз. Яғни, таланттарды халық өзі тәрбиелеп жатыр.

F: Жуырда қандай жаңалық күтеміз? Жоспар қандай?

– Орталықтың қолға алып кірісіп жатқан жобалары біршама. Қазіргі басты жоспарда қоғамдағы қазақ әйелдерінің мәселесін қозғайтын, әйелдерге ұлттық менталитетімізге сай түрлі бағытта психологиялық кеңес беретін қоғамға белгілі бір тренер-мотиватордың қазақша авторлық кітабын шығаруға талпыныс жасап жатырмыз. Автормен келіссөздер, мамандар маркетинг жүргізіп, концепциясы жасалу үстінде. Бәрі сәтті болып жатса, бұл да халық ризашылығына бөленетін үлкен бір жоба болатынына сенімдімін.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить