Америкалық ең ауқатты 20 тұлға

10849

Пандемия дүрбелеңіне дес бермеген қор нарығының арқасында америкалық Forbes 400 рейтингіне енген АҚШ-тың ең дәулетті өкілдерінің жағдайы бүгінде көш ілгері

Джефф Безос
ФОТО: Daniel Berman_Redux
Джефф Безос

Тізімнің алғашқы жиырма сатысына іліккендердің үлесінде 1,3 трлн АҚШ доллары бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21% жоғары көрсеткіш. Оның сыртында, рейтинг құрамындағылардың қазына-байлығының орташа көрсеткіші биыл 8%-ға өскен. Рейтингте аты аталған барлық бизнесмендердің жиынтық байлығының 42%-ы 21 орынға жайғасқан (20 орында екі адам бар) байшыкештің еншісінде. Марк Цукерберг болса биыл Уоррен Баффеттің алдына түсіп, 3 орынға орнықты, ал Илон Маск топ-20 тізіміне алғаш рет еніп отыр. Жеке капиталдар есебі акциялардың 2020 жылдың 24 шілдесіндегі бағасы негізінде жасалды.

Ең ауқатты америкалықтардың Forbes 400 тізіміне енген жеке қайырымдылық қорларының қоржынында миллиардтаған доллар бар. Бірақ АҚШ салық басқармасының талаптарына сай, олар қоғам ішіндегі түйінді мәселелерді шешуге қолдарындағы қаражаттың азғантай бөлігін жыл сайын бөліп-бөліп аударуға мәжбүр. Қайырымдылыққа капитал аямайтын рақымшыл кісілерді дұрыстап көрсету үшін, биыл редакция, Forbes 400 аясындағы қайырымдылық әрекеттерге ұпай тағайындау әдістемесін өзгертті.

Рейтингке қатысушылар өз қорларына (қор жұмыс істей бастағаннан бері) аударған қаражат көлемінен бұрын, бұл қорлар тарапынан бөлінген гранттар есепке алынды, сондай-ақ олардың тікелей қаржылық көмектері де (табылған ақпараттар негізінде) ескерілді. Осылайша, ең ауқатты америкалықтар қайырымдылық шараларына қанша қаржы бергенін барынша анықтауға тырыстық. Редакция донорлық қаржыландыру қорларына аударылған қаражаттарды есепке алған жоқ, бірақ рейтинг құрамындағылар өздері жария еткен, мұндай қорлар төлеп берген гранттар туралы ақпараттар ескерілді. Forbes осы тізімдегі тұлғалардан пікір де сұраған болатын. Олардың бірқатары өздері қатысқан қайырымдылық туралы әңгімелеп берді, бірақ пікір айтудан бас тартқандар да аз емес. Биылғы зерттеу барысында редакцияға Global Citizen құқық қорғау ұйымы мен оның «Give While You Live» бағдарламасы көмектесті.

Қайырымдылық деңгейлері

Рейтингтегілердің қайырымдылық шараларына қатысу деңгейін редакция пайыздық көрсеткішпен, яғни олардың дәулет байлығына шаққанда қайырымдылық шараларына қанша ақша бөлінді деген тұрғыда белгілеп отырды. Бұл үшін аталған рейтинг аясында дәулетті тұлғаның капитал көлемі анықталып, оған рейтинг құрамындағы тұлға өз ғұмырында қайырымдылыққа қанша сома бөлді, соны қостық. Бұдан кейін қайырымдылық сомасынан қосынды нәтижесін алып тастадық. Сөйтіп, төмендегідей көрсеткіштер анықталды, яғни: қайырымдылыққа бөлінген ақша ауқымы.

1. Джефф Безос

$179 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 8
Байлық көзі: Amazon • Жасы: 56
Тұрғылықты жері: Сиэтл, Вашингтон штаты
Қайырымдылық әрекеті: 

Дүние жүзіндегі ең бай адам қазір қиын кезеңдерді бастан кешуде: Amazon жұмыскерлері «коронавирус» аясында ереуілдер ұйымдастырып жатса, АҚШ Конгресі технологиялар саласындағы алып компанияларға қатысты тергеу амалдарын жүргізуде. Алайда карантин енгізілгелі жұрт жаппай онлайн саудаға көшуде, сөйтіп Безос бұрынғыдан да баи түсті. Соңғы жылы Amazon акциялары 64%-ға қымбаттап, Безостың онсыз да мол байлығына 65 млрд доллар қосып берді.

2. Билл Гейтс

$111 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 8
Байлық көзі: Microsoft • Жасы: 64
Тұрғылықты жері: Медина, Вашингтон штаты
Қайырымдылық әрекеті: ♥♥♥♥

Денсаулық сақтау мәселесіне ден қойған «көріпкел» деуге тұрарлық кәсіпкер, әлемдік деңгейде пандемия орын алуы мүмкін деп 2015 жылы TED конференциясында сөз еткені бар. Билл және Мелинда Гейтстер қоры COVID-19 инфекциясымен күрес аясында қажетті тестілер, вакциналар, препараттар әзірлеуге 350 млн доллардан астам қаржы бөліп, бұлармен дамушы елдерді де қамтымасыз етуге уәде етті. Қор таяуда арнайы акция өткізіп, DonorsChoose ұйымы арқылы 11 тамызда мұғалімдерге бөлген қайырымдылық көмегін 50%-ға ұлғайтты.

3. Марк Цукерберг

$85 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 8
Байлық көзі: Facebook • Жасы: 36
Тұрғылықты жері: Пало-Альто, Калифорния
Қайырымдылық әрекеті: ♥♥

Пандемия кезінде Facebook әлеуметтік желісін қолдану жиілігі де, жарнамадан түскен табыс та арта түсті. Маусым айының орта тұсында мыңдаған жарнама берушілер, оның ішінде Adidas пен Clorox та болды, Facebook желісіне бойкот жариялады. Олар өз әрекеттерін «жек көрушілік пікірлерге дұрыс модерация жүргізбей, қасақана адастыруға жол беретін саяси жарнамаға» қарсылық деп түсіндірді. Маусым айының соңында Цукерберг, Facebook өшпенділікті қоздырушы мазмұндағы жарнаманы жою жұмыстарын кеңейтеді деп мәлімдеді.

4. Уоррен Баффет

$73,5 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 8
Байлық көзі: Berkshire Hathaway • Жасы: 90
Тұрғылықты жері: Омаха, Небраска
Қайырымдылық әрекеті: ♥♥♥♥♥

Әйгілі инвестор коронавирус дағдарысы аяқталғанша күте тұрмақ болған, бірақ шілдеде оған тиесілі Berkshire Hathaway конгломераты Dominion Energy компаниясынан газ құбырларын сатып алу жөнінде келісімге келіп, қолма-қол негізде және борыштық міндеттемелер түрінде 9,7 млрд доллар төлем жасады. Бұл соңғы төрт жыл ішіндегі ең ірі келісім. Билл және Мелинда Гейтстер қоры арқылы қайырымдылық шараларына 40 млрд доллардан астам қаржы бөлген Уоррен Баффет 2000 жылдан бері биыл бірінші рет рейтингтің төртінші сатысына орналасты.

5. Ларри Эллисон

$72 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 8
Байлық көзі: Программалық қамтамасыз ету • Жасы: 76
Тұрғылықты жері: Вудсайд, Калифорния
Қайырымдылық әрекеті: 

Эллисонға тиесілі Oracle IT-компаниясы АҚШ үкіметіне COVID-19 емдеуінің нәтижесін бақылауға мүмкіндік беретін мәліметтер базасын әзірлеуге және арнайы вебсайт жасауға көмектесті. Аталған сайт жұмысқа қосылған алғашқы аптаның өзінде коронавирусқа қарсы вакцина сынағының үшінші фазасын жүргізуге 100 000 еріктіні тарта алды. 2018 жылдың желтоқсанынан, яғни Эллисон Tesla-ның директорлар кеңесі құрамына кірген сәттен бері оның электромобиль шығарушы осы компаниядағы үлесі төрт есе өсіп, 4 млрд долларды құрады.

6. Стив Балмер

$69 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 6
Байлық көзі: Microsoft • Жасы: 64
Тұрғылықты жері: Хантс-Пойнт, Вашингтон штаты
Қайырымдылық әрекеті: ♥♥

Microsoft компаниясының бұрынғы бас директоры коронавирус дағдарысымен күреске 40 млн АҚШ долларын жұмсады, оның 10 млн доллары вакцина жасауды жеделдету мақсатында Джордж Вашингтон Университетінің медицина мектебіне бағытталды. Вашингтон штаты аясында Балмер пандемиядан зардап шеккендерге арнап 6 млн доллардан астам қаржы бөлді, оның ішінде азық-түлік таратушы қорлар үшін де. Наурызда бизнесмен Калифорния штатындағы Инглвудтегі Forum спорт аренасын 400 млн долларға сатып алды. Бұл келісім нәтижесінде Forum аренасының бұрынғы қожайындары сотқа жеткізген арыз аяқсыз қалды. Олар Forum маңында Балмердің Los Angeles Clippers баскетбол командасы үшін жаңа арена салуға қарсылық танытқан болатын.

7. Илон Маск

$68 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 8
Байлық көзі: Tesla, SpaceX • Жасы: 49
Тұрғылықты жері: Лос-Анджелес, Калифорния
Қайырымдылық әрекеті: 

Көпшілік үшін мінезі оғаш көрінетін бұл кәсіпкердің есімі соңғы уақытта жаңалықтардан бір түспей қойды. Желтоқсанда ол британдық дайвердің арыздануымен, жала жабу жөніндегі сот процесінде ақталып шықты: Маск оны «педофил» деп атаған болатын. Мамырда, оған тиесілі SpaceX 346 млн доллар инвестиция тартқаны мәлімделіп жатқанда (компания құны 35,9 млрд доллар деп бағаланған), Маск пен әнші Граймстің жетінші сәбиі дүниеге келді. Сол тұста Илон Маск Twitter-дегі жазбасында өзінің «барлық материалдық мүлігін сатып», «баспана иесі болғысы келмейтінін» жеткізді де, артынша Калифорниядағы 7 үйін бірдей саудаға шығарды. 2019 жылдың қыркүйегінен бері Tesla акциялары 6 еседей қымбаттап, Масктің қазына байлығына 48,1 млрд доллар қосып берді. Бұл сома ішінде екі бірдей алып опцион да бар, Илон Маск оларға өзінің еңбек келісімдері аясында қол жеткізген.

8. Ларри Пейдж

$67,5 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 8
Байлық көзі: Google • Жасы: 47
Тұрғылықты жері: Пало-Альто, Калифорния
Қайырымдылық әрекеті: 

9. Сергей Брин

$65,7 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 8
Байлық көзі: Google • Жасы: 47
Тұрғылықты жері: Лос-Альтос, Калифорния
Қайырымдылық әрекеті: 

Былтыр желтоқсан айында Google Alphabet бас компаниясының негізін қалаған президенті (Брин) мен бас директоры (Пейдж) өз қызметтерінен кетіп жатқанын мәлім етті. Әлеуметтік желідегі ашық хатта олар 21 жылдық тарихы бар компанияның жетістіктеріне тоқталып (Google Maps, YouTube сынды), компанияны қашанда мақтан тұтатындарын жеткізді. Және де болашақта олар компания жұмысына жағаласа бермей, сырт көз ретінде бақылауды жөн көретіндерін айтты, бірақ, қажет кезінде «кеңес беріп, қолдау көрсетуге әзірміз» деді олар. Екі бизнесмен де компанияның бақылаушы акционері болып табылады және директорлар кеңесінің құрамында бар.

10. Элис Уолтон

$62,3 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 1
Байлық көзі: Walmart • Жасы: 70
Тұрғылықты жері: Форт-Уорт, Техас
Қайырымдылық әрекеті: ♥♥

11. Джим Уолтон

$62,1 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 2
Байлық көзі: Walmart • Жасы: 72
Тұрғылықты жері: Бентонвилл, Арканзас
Қайырымдылық әрекеті: 

12. Роб Уолтон

$61,8 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 4
Байлық көзі: Walmart • Жасы: 75
Тұрғылықты жері: Бентонвилл, Арканзас
Қайырымдылық әрекеті: 

30 сәуірден бергі үш ай орамында Walmart сатылымдары 9% шамасында өскен, бұған онлайн сегментіндегі сауданың 74%-ға қаулап өсуі ұйытқы болды. Пандемия кезінде ұлғая түскен сұранысты қанағаттандыру үшін, компания қосымша 400 000 қызметкерді жұмысқа алды: олардың басым бөлігі уақытша негізде. Ретейл алыбының негізін қалаған Сэм Уолтонның балалары бүгінде компанияның жеке тұлға ретіндегі ірі акционерлері болып табылады. Walmart-тың директорлар кеңесіндегі отырыстарға тек, төраға қызметінен кеткен Роб Уолтон ғана қатыса алады.

13. Маккензи Скотт

$57 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 3
Байлық көзі: Amazon • Жасы: 50
Тұрғылықты жері: Сиэтл, Вашингтон штаты
Қайырымдылық әрекеті: ♥♥

Шілде айында, яғни Amazon қожайыны Джефф Безоспен ажырасқанына бір жылдай өткенде, әдетте көпшілік алдына шыға бермейтін Маккензи Скотт (суретте) елең еткізер екі бірдей мәлімдеме жасады: біріншіден, ол фамилиясын өзінің екінші есімімен өзгерткенін жеткізді; екіншіден, нәсілдік, гендерлік теңсіздік және мобильді экономика мен қоғам денсаулығы мәселелерімен айналысатын 116 коммерциялық емес ұйымға 1,7 млрд доллар шамасында қаржы бөлетінін жария етті. Скот бұған дейін дәулет байлығының «кем дегенде бір бөлігін қайырымдылық шараларына жұмсаймын» деп уәде еткен-ді. Маусым айында ол Мелинда Гейтстің серіктесі ретінде «Теңдік күте алмайды» байқауын қолдады. Бұл байқаудың жеңімпазына 30 млн доллар тағайындалған.

14. Майкл Блумберг

$55 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 8
Байлық көзі: Bloomberg LP • Жасы: 78
Тұрғылықты жері: Нью-Йорк, Нью-Йорк штаты
Қайырымдылық әрекеті: ♥♥♥♥

Нью-Йорктің бұрынғы мэрі өзінің сәтсіз өткен президенттік кампаниясына 1 млрд доллардан астам қаржы жұмсады. Десек те осынау рекордтық сома оның дәулет байлығының 2%-нан да аз қаражат. Биыл наурыз айында Блумберг президент сайысынан шығып қалды. Сол тұста оған тиесілі Bloomberg Philanthropies қоры COVID-19 вирусымен күреске 330 млн доллар шамасында ақша бөлді.

15. Чарльз Кох

$45 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 5
Байлық көзі: Koch Industries • Жасы: 84
Тұрғылықты жері: Уичито, Канзас
Қайырымдылық әрекеті: ♥♥

Кох 1967 жылдан бері Koch Industries – АҚШ-тағы ең ірі жеке меншік компанияның бірін басқарады. Сауда көрсеткіші – 115 млрд доллар. Koch Industries еншілесі Molex компаниясы жапондық Fugaku суперкомпьютеріне қажет бөлшектер жеткізумен айналысады. Бұл компьютер ұзақ уақыт әзірлеме деңгейінде болған-ды, бірақ биыл сәуір айында COVID-19 вирусын зерттеуге көмектесу мақсатында іске қосылды.

15. Джулия Кох отбасымен

$45 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 1
Байлық көзі: Koch Industries • Жасы: 58
Тұрғылықты жері: Нью-Йорк, штат Нью-Йорк
Қайырымдылық әрекеті: ♥♥

Джулия кезінде Adolfo киімі дизайнерінің көмекшісі болған. Дэвид Кохпен ол ойламаған жерден 1991 жылы танысты. Арада бес жыл өткенде олар үйленіп, отау құрды. 2019 жылдың тамызында күйеуі қайтыс болып, Джулия Koch Industries компаниясындағы жұбайының үлесін мұраға алды. Бүгінде Джулия Дэвид Х. Кох атындағы қайырымдылық қорын басқарады. Бұл қор қазір медициналық зерттеулерге, шығармашылық және білім беру ұйымдарына демеушілік көмек көрсетеді.

17. Фил Найт отбасымен

$39,2 млрд   • Селф-мейд деңгейі: 8
Байлық көзі: Nike • Жасы: 82
Тұрғылықты жері: Хилсборо, Орегон
Қайырымдылық әрекеті: ♥♥

Nike компаниясын (бүгінде жылдық сатылымдары 37,4 млрд долларға жеткен) Найт 1964 жылы ашты, ал директорлар кеңесі төрағасы қызметінен 2016 жылы кетті. Сонда ол, кезінде өзі білім алған Орегон университетінде ғылыми кампус ашуға 500 млн доллар, сондай-ақ өзі оқыған екінші білім ордасы Стэнфорд бизнес жоғары мектебіне 400 млн доллар бөлуге уәде еткен болатын. Спорт киімін және спорт құралдарын шығарушы кәсіпкер биыл маусымда жүйелі нәсілдікпен күреске 40 млн доллар қаржы бөлді. 

18. Майкл Делл

$35,6 млрд   • Селф-мейд деңгейі: 8
Байлық көзі: Dell • Жасы: 55
Тұрғылықты жері: Остин, Техас
Қайырымдылық әрекеті: ♥♥

Майкл Делл директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас директоры болып табылатын Dell Technologies шілде айында VMware бұқаралық компаниясындағы (бұлт технологияларымен айналысады) құны 50 млрд долларды құрайтын үлесін бөлек бизнес ретінде қалыптастыру мүмкіндігін зерттеп жатқанын мәлім етті.

19. Шелдон Адельсон

$29,8 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 10
Байлық көзі: Казино • Жасы: 87
Тұрғылықты жері: Лас-Вегас, Невада
Қайырымдылық әрекеті: ♥♥

Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында Адельсонға тиесілі Las Vegas Sands корпорациясы 985 млн доллардан қағылды. Себеп: пандемия барысында екі казиносы жабылып қалды. Қазір олар қайтадан ептеп жұмысқа кіріскен. Адельсон қол астындағы қызметкерлеріне түгелдей қазан айына дейін жалақы төлейтінін мәлім етті. Республикалық партияның көптен бергі қолдаушысы Адельсон биыл әйелі Мириам екеуі президент Трампқа қолдау көрсетіп, 1,2 млн доллар бөлді. Айтқандай, 2016 жылы ол президент сайлауына 20 млн долларын аямаған.

20. Жаклин Марс

$29 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 2
Байлық көзі: Кондитерлік өнімдер, жануарлар жемі • Жасы: 80
Тұрғылықты жері: Плейнс, Вайоминг
Қайырымдылық әрекеті: дерек жоқ

20. Джон Марс

$29 млрд  • Селф-мейд деңгейі: 2
Байлық көзі: Кондитерлік өнімдер, жануарлар жемі • Жасы: 84
Тұрғылықты жері: Джексон, Вайоминг
Қайырымдылық әрекеті: дерек жоқ

Ағалы-қарындасты екеу Snickers және M&Ms шығарушы кондитерлік компанияның әрқайсысы үштен бірін мұраға алған. Корпорациядағы жылдық сатылым көрсеткіштері 35 млрд доллар шамасында. Оның құрамында, сондай-ақ Uncle Ben’s маркасы да бар. Биыл АҚШ-та белең алған Black Lives Matter наразылық шерулері аясында компания бренд логотипін қайта қарап, өзгертуді ескеретінін мәлім етті.

Жомарт бизнесмен

Джон Арнольд

Жасы: 46
Байлық көзі: хедж-фонды
Состояние: $3,3 млрд
Қайырымдылық әрекеті: ♥♥♥♥♥

1 млрд доллардан астам қаржысын қайырымдылыққа берген Enron-ның бұрынғы трейдері ең ауқатты америкалықтар енген Forbes 400 тізімінде қайырымдылық әрекеті үшін жоғары ұпайға лайық деп танылған он адамның бірі ғана. Жұбайы Лаура екеуі қайырымдылық шараларына Arnold Ventures LLC арқылы көмек көрсетеді. Соңғы бөлінген гранттар ішінде: 10 млн доллар медициналық қымбат препараттардың дженериктерін, яғни көшірмесін өндіретін Civica Rx стартабына бағытталған. Ол, сондай-ақ 4,5 млн долларын – Балтиморды бір күн ішінде 1 секунд аралықта ажыратымдылығы төмен аэрофотосуретке түсіру өндірісіне жұмсаған: оның бұл әрекеті қылмыскерлерді іздеп табу мақсатында деп түсіндіріледі.

Зерттеуге қатысқандар: Сара Эсер, Блисс Кокс, Филмона Хайлемайкл, Виктор Грау, Ханна Гросс, Лина Джой, Кэтрин Лав, Рефенсе Молоаре, Лукас Тернер, Криста Вайсман, Челси Чжу және Forbes Wealth командасы.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить