Афро-қазақ транзитi

12547

Пандемия кезінде Қанат Көпбаев Эфиопияда және Павлодарда зауыт салып, Семейдегі тері өңдеу комбинатын жаңартуды қолға алды

Қанат Көпбаев
ФОТО: Андрей Лунин
Қанат Көпбаев

1996 жылдың жазында Халық шаруашылық институтының 20 жасар студенті Қанат Көпбаев алғаш рет Ыстықкөлге сапар шекті. Қарағанды облысының Жәйрем кенішінде туып-өсіп, Жамбыл облысындағы Гранитогорск кенішінде мектеп бітірген Қанат үшін қырғыз көлі дәстүрлі демалыс орны емес-тін. 

Негізі, бұл «Астана Холдинг» ұйымдастырған корпоративтік сапар болатын. Ал ол бұл компанияға таяуда ғана практикаға келген-ді. Автобусқа отырған Қанат, маңайындағы серіктері түгелдей бала жетектеген аға-апалар екенін байқап, автобустың ең соңында жалғыз отырған бозбаланың қасынан орын таңдайды. Сөйтіп, Ыстықкөлдегі демалысты екі жігіт бірге өткізіп, мәре-сәре болады.

Қанаттың жаңа досы – таяуда ғана Мәскеуден келіп, ағасының компаниясына жұмысқа тұрған Еркін Тәтішев еді (ел іші жақсы таныған бұл корпорацияның негізін қалаған Ержан Тәтішев, Мұхтар Әбіләзов және Нұрлан Смағұлов мажоритар акционерлер болатын). Еркін сол кезде инвестиция бөлімінде, ал Қанат, курстасы Мұрат Өтемісовпен бірге (қазір Kusto Home компаниясының басшысы) Алматы-дағы Сәтбаев және Фурманов көшелері қиылысындағы Astana Motors-тың сату бөлімінде жұмыс істеді. «Сол жылдары көп адамдар компьютерді дұрыс қолдана білмейтін, әріптестерімнің өтінішімен маған үнемі әртүрлі хат теруге тура келетін. Мен, сондай-ақ «маркетинг» сөзінің мағынасын жақсы түсіндім, біз институтта осы пән бойынша оқи бастаған кезіміз. Мен тіпті ептеп беделге де ие болып, маңайымдағылар Студент деп еркелететін», – деп күледі 44 жастағы Қанат Көпбаев (рейтингте 29 орында).

Кейін ол ЮНИСЕФ, АҚШ елшілігі секілді әртүрлі халықаралық және шетелдік ұйымдарға факспен, электронды поштамен хат жөнелтіп, «біздің компания «Тойота» сатады» деп құлақтандыра бастады. Сол тұста «Тойота» сату көрсеткіші күрт өскені байқалды. «Бастық өткізген жиналыста ол  (Нұрлан Смағұлов) бірден «Маркетингпен кім айналысып жүр?» деп сұрады. «Міне, біздің Студент». Осылайша мен сонау 1996 жылы салонның сату бөлімін басқаруға кірістім. Нұрлан Еркебұланұлы менің бизнестегі алғашқы ұстазым. Біз қазір де емен-жарқын араласып тұрамыз», – дейді бизнесмен.

Еркін Тәтішевпен арадағы достық қатынас жалғаса берді, бір жылдан кейін оларға Дәулет Нұржанов (рейтингте 32 орында), кейінірек Талғат Тұрымбаев қосылды (Kusto Group компаниясының төртінші серіктесі). Көпбаев холдингтің қаржы бөліміне ауысып, 21 жасында сала ішін жақсы білетін, жан-жақты кәсіби маман атанды. «Сол кезде біз мұнаймен де, вексельдермен де, бағалы қағаздармен де айналыстық. Бұл өзіндік бизнес мектебі еді. Біз алғыр да, қабілетті болатынбыз, содан да басшылық бізді қолдап, өсуге мүмкіндік берді», – деп еске алады ол. Алғыр жігіттер басқарған операциялар ондаған миллион доллар тұратын, мысалға, холдинг құрамындағы Astana Sugar үшін қант құрағын сатып алу деген сияқты: бұл компания қантқа негізделген отандық ең ірі компания болатын, әрине, Рахат Әлиев «Қант орталығын» ашқанға дейін (уақыт өте бұл орталық осы саладағы жалғыз компанияға айналды). «Біз қант құрағын Кубадан кемемен тасып, оны Бұрындай мен Меркідегі қант зауыттарына жеткіздік, ал дайын қантты бүкіл ел ішінде саудаға салдық. Бір кеме қант құрағы 20 млн доллар тұратын. Бұл қазір де қыруар ақша, ал ол кезде... Бұған айтарлықтай мән бере қоймадық, сірә, біз үшін бұл қызықты ойын секілді еді – мүлдем жаспыз ғой ол кезде», – деп күледі Көпбаев.

1998 жылы олар солтүстікке іссапарға аттанды. Холдинг сатып алған Жетіғара асбест комбинаты төлем жасау қабілетінен айырылып, қарызға белшесінен батып жатты. Кәсіпорынды қалыпқа келтіру үшін олар Қостанай облысында біраз жыл жұмыс істеді. Холдингтегілер қалжыңдап, оларды «Кусто командасы» деп атайтын – мұхит тереңдігін зерттеуші әйгілі француз Жак-Ив Кустоның құрметіне. Арада тағы біраз жыл өткенде алғыр жігіттер серіктестік негізде өз компаниясын ашып, оны Kusto Group деп атады. Кейін компанияның жылдық айналымы 1 млрд доллардан асты.

Нигерияға саяхат

Компания әлем бойынша 10 шақты елде жұмыс жүргізіп келді, бірақ географиялық тұрғыда бүгінге дейін тек Еуразиямен шектелген-ді. Биыл Kusto Group жаңа құрлыққа қадам басты. Африкаға деген қызығушылық бұрыннан болған, әйтсе де нақты қозғалыс-әрекет төрт жыл бұрын, Лондондағы достары бизнесмендерді нигериялық миллиардер Алико Данготенің інісі Сани Данготемен таныстырғанда басталды. (Алико Данготе – Дүниежүзілік экономикалық форумның мүшесі, 2013 жылы Forbes оны Африкадағы ең ықпалды адам деп атады, ал 2014 жылы ол Time журналының ең ықпалды топ-100 адам тізіміне енді; Dangote Group холдингінің иесі. Бұл холдингтің еншілесі Dangote Cement Plc Forbes Global 2000 тізіміне енген Нигерияның бірінші компаниясы). Отбасылық корпорацияның вице-президенті Сани, қазақ бизнесмендерін Нигерияға шақырды. Kusto, ең алдымен, құрылыс материалдары нарығына назар салды (компания Израильдегі лак, сыр, бояу және гипсокартон шығарушы ең ірі өндіріске және Вьетнамдағы алдыңғы қатарлы құрылыс компаниясының біріне иелік етеді).

200 миллиондай халқы бар Нигерия 2014 жылы ЖІӨ бойынша ОАР елін басып озып, Африкадағы ең ауқымды экономика деңгейіне шықты. Әлбетте, қазақ бизнесмендері жаңа құрлықты игеруде бұл ел елеулі мүмкіндік деп ойлаған, алайда мұндағы инфрақұрылым ерекшелігі олар күткендей болған жоқ. «Онда елді электр энергиясымен қамту көрсеткіші өте нашар. Жаңа астана Абуджа біршама жарық, ал 20 миллион адам тұратын бұрынғы астана Лагоста жарық тек ауқатты кварталдарда ғана бар», – деп түсіндіреді Көпбаев. Бір аптаға созылған саяхат барысында олар нарықты зерттеп, цемент өндіруші штатқа да барды. «Ол астанадан 400 км қашықтықта орналасқан. Жолдары да тамаша (немістер мен қытайлар салып берген), табиғаты да керемет, жол бойында кішігірім қала да көп. Штат губернаторы жылы қарсы алды, егер біз инвестиция салуға келіссек, барынша көмектесуге әзір. Бірақ штат электр жарығымен толыққанды қамтамасыз етілмеген, дизельдік генератор алып қосу керек, ал ол экономиканы әлсіретіп жебереді. Ондағы дизель отыны да импорттан келеді (Нигерия – ОПЕК мүшесі, бірақ он-да мұнай өңдейтін өз зауыты жоқ – ред.). Есептеп көрсек, киловатт сағат бағасы біздің ақшамен 100 теңгеге шығады», – дейді бизнесмен.

Бизнесмендер түн жамыла кері қайтты, ал жол бойындағы қалалардың бірінен де электр жарығы байқалмады. 400 км қашықтыққа созылған түнек бойында арагідік қарсы кездескен көлік шамы немесе арабтың Etisalat мобильді желісінің (жергілікті операторды сатып алған) жарнамасы ғана жарқ ете қалады. Бұл жарнаманың жарығы да жүк көліктеріне орнатылған генераторлар есебінен. «Бүкіл ел осылай: әр үйде өз генераторы бар. Нигерия ғана емес, бүкіл Африка 90% жарықсыз отыр», – деп әлі таңғалады Көпбаев. Оның пікірінше, бұл құрлық электр қуатына негізделген бизнес үшін тартымды: «Африка өте ауқымды нарық әрі мұнда жылу және гидро энергетикасы үшін шикізат та бар», – дейді ол.

Нигерияға саяхат нәтижесінде қазақ бизнесмендері бірқатар ниет хаттамасын жасаумен шектелді. «Артынша оларда сайлау алдындағы дүрбелең басталды. Сайлаудан кейін бірқатар өкілетті кісілер ауысып кетті, кейін елдің солтүстігін бақылап, құбыр арқылы өтетін экспорт мұнайын ұрлап жүрген Боко Харам белсенділік таныта бастады. Нигерияға шығуға біз үшін әлі ерте», – дейді Қанат Көпбаев.

ФОТО: архив пресс-службы

Аддис-Абебадағы Alma-Ata

Дегенмен бизнесмен Африкаға деген ерекше қатынасын жасырмайды. Нигериядан кейін ол Танзания мен Уганданы зерттеуге мән берді (компанияда Көпбаев Африка бағытын басқарады). «Африкаға алғаш аттанғалы жатқанымда, маған ондағы небір сұмдықтарды айтып, қорқытушылар көп болды. 1990-жылдары Зимбабведен Қазақстанға келген серіктестеріміз бізден күзетші бөлуді сұрағаны бар. «Не үшін?» деп біз аң-таңбыз. Сөйтсек, олар Time журналында шыққан Қазақстан туралы бір мақаланы оқыған, ал онда бізді өте қауіпті ел деп көрсетіп, қадам сайын мафия алдан шығады деп те бөсіп жіберген. Африка елдері туралы біздің адамдар да осындай пікірде. Шындап келгенде оларда аса қауіпті дейтіндей ештеңе жоқ. Африка, меніңше, болашақтың нарығы, онда игеруді күтіп жатқан мүмкіндіктер өте көп, бірақ бизнесмендер сол жаңсақ пікір аясында Африкада бизнес бастауға жүрексінеді. Дегенмен таяу арада бұл пікір өзгеретіні анық», – деп болжайды бизнесмен.

Африкаға қызығушылық аясында қазақ бизнесмендері ептеп болса да Эфиопиямен жұмыс істеуге бел буып отыр. Бұл үшін Kusto Group меншігіндегі израильдік Tambour арқылы эфиопиялық еврейлермен байланыс орнатуға тура келген (Эфиопия халқының басым бөлігі христиандар, бірақ онда Сабья патшайымы кезеңінен қалған иудейлер де бар). Ең бастысы, мұнда электр  жарығына қатысты проблема жоқ, Эфиопия электр қуатын экспорттап та отыр.

Аддис-Абеба қаласына алғаш келген Қанат Көпбаев әуежайдан орталыққа жетер жол бойындағы ғимараттың біріндегі «Alma-Ata» деген жазуды көріп, өз көзіне өзі сенбеді. Аудармашы бұл стоматологиялық клиниканың атауы деп түсіндірді. Алматы атауы эфиоптар жерінде қайдан шықты – қызық-ақ.  Бұл жазуды көрген сайын, оның сырын ашқың келеді. Кешке қарай оны серіктестері ұлттық тағамнан дәм татуға жергілікті мейрамханаға шақырады (әдетте шетелдік қонақтарды осында әкеледі екен). Сол кеште бейтаныс эфиоп Көпбаевқа қарап, орысша: «Брат, сен қазақсың ба?» демесі бар ма. «Мен аң-таң болып, «иә, қазақпын» деймін. Сол арада ол маған құшақ жая бас салғаны. Сөйтсем, келгелі сырын ашқым келген «Alma-Ata» тіс клиникасының қожайыны дәл осы дәрігер Ашабер екен. Ол кеңес кезінде Алматы медициналық университетінде оқыпты. Еліне келген соң тіс емханасы желісін ашқан, бүгінде олардың саны 36-ға жеткен», – деп әңгімелейді бизнесмен. Ашабер өз еліндегі ықпалды тұлғалардың бірі: Панафрикан парламентінің депутаты және Эфиопияның Олимпиада комитетінің төрағасы. «Біз онымен етене араласып, дос болып кеттік, қазір де үнемі байланыстамыз. Зауыт құрылысы бойынша бүгінгі серіктесімізді де Ашабер арқылы таптық», – дейді Қанат Көпбаев.

Kusto Group жобасы үшін таяу маңда цемент зауыты болуы шарт. Бұл тұрғыда Тыграй штатының астанасы Мэкале қаласынан серіктес табылған (Нигерия сияқты Эфиопия да федеративтік ел, ол әртүрлі штаттарға бөлінген, оларда әртүрлі этнос өкілдері қоныс тепкен және олар өзін-өзі басқару құқына ие). Kusto Group, сөйтіп, Messebo Cement компаниясымен келісімге қол қояды. «Онда құрылыс материалдарын шығаратын зауыт салып жатырмыз. Біз – 30% үлеске ие миноритар акционерміз, бұдан артық үлес алу міндеті болған жоқ. Африка тәуекелі көп құрылық, біз үшін, ең бастысы, онда тұрақтап қалу, нарықты зерттеу. Эфиопия 100 млн адам халқы бар ауқымды ел. Егер онда бәрі ойдағыдай болса, әрі қарай әрекет етуді ойластырамыз», – дейді бизнесмен.

Аталған зауыт цементтен жасалған жұқа панельдер өндіретін болады. Қазір онымен көпқабатты үйлердің шатырын жауып, тегістейді (битум құймас бұрын). Бизнесмен бұл нарықты өте зор деп суреттейді, бірақ Африкада бәсекелестік дамымаған, өйткені инвесторлар мобильділігі төмен бизнес түріне ақша салуға мүдделі емес: цемент панельдерді мыңдаған шақырымға таси алмайсың. Бірінші кезеңде жоба айтарлықтай арзанға түскен – жалпы құны 10 млн доллар, бірақ өндірісті кеңейту мүмкіндігі жоқ емес. «Онда гипс те, цемент те бар, уақыт өте гипсокартон, тіпті бояу шығаруды да ойластырамыз. Tambour Израильде гипсокартон өндірісінің 60%-на ие. Ондағы біздің жігіттер, әлем бойынша Knauf компаниясын жергілікті өнім шығарушы басып озған бірден-бір елміз деп мақтанады», – деп әңгімелейді Қанат Көпбаев.

Инженерлік жұмыстарды түгелдей Қазақстан жағы жүргізуде. Жоспар бойынша зауыт ендігі іске қосылуы тиіс-тін, өкінішке орай, пандемия жол бермей отыр. Қазір құрылысты Zoom арқылы бақылауға тура келуде, бұл оңай емес. Әйтсе де зауытты тұрғызуға автономия билігі барынша қолдау көрсетуде. «Африкада жемқорлық дегеніңіз шаш етектен, институттар мүлдем дамымаған, мұның бәрі жұмыс барысына көптеген кедергі келтіреді. Мысалға, Нигерияда шенеуніктер өздеріне үлес бөлу туралы бүкпестен ашық айтады. Абуджа қаласында бізді құны 1–2 млн доллар тұратын коттедж қалашығына апарды. Құрылыс сапасы өте нашар, Қазақстанда мұндай үйлерге 200 мың доллар да бермейді: қабырғалары қирап жатыр, шатыры әзер тұр. Әрине, бізде де жемқорлық мәселесі бар, бірақ олармен салыстыруға келмейді», – дейді Көпбаев.

Биліктегі жемқорлықты қытайлықтар барынша пайдалануда, бірқатар орындарда олардың жолы жүріп тұр. «70 жыл бұрын ағылшындар өздерін осылай ұстаған. Мысалға, қазір кейбір сауда орталықтары мен мейрамханаларға жергілікті жұртты кіргізбейді де», – деп отыр бизнесмен.

Құнды шикізат... күл

Kusto Group өз елімізде де жаңа жобаларды барынша дамытуда. Біздің сұхбат аяқталған бойда бизнесмен дереу Павлодарға ұшты. Онда Екатеринбургтің «Гранула» компаниясымен бірлесіп алюмоселикатты микросфера шығару зауыты салынып жатыр. Микросфера, Ақсу электростанциясының иесі ERG компаниясының еншілесі – Еуразиат энергетикалық корпорациясынан (ЕЭК бизнестегі үлесін сатып алу опционына ие) сатып алынады. Павлодар облысында еліміздегі ең үлкен көмір ГРЭС-тері бар: Ақсуда және Екібастұзда (мұнда екеу). Олардың әрқайсысының арнайы қоймасына күл шығындылары төгіледі. Бұл күлдің құрамында құрылыс индустриясы үшін өте құнды шикізат бар: суға да батпайтын, отқа да жанбайтын, өзі титтей болса да өте берік, іші қуыс шариктер. Олар қышқылдар мен сілтілердің ықпалына да төзімді. Бұл шикізат әлем бойынша жоғары сұранысқа ие, оның бағасы да қымбат. Микросфераны жинақтап, Ресейге жеткізуді Қазақстан осыдан 15 жыл бұрын бастады. Бірақ бұл әзірше қарабайыр деңгейдегі бизнес: өңдеу барысы аса тереңдетілмеген кептіруге негізделген. Айтпақшы, ГРЭС қазандығында жағылатын Екібастұз көмірінің химиялық құрамы осындай микросфера шығаруда өте ыңғайлы деп есептеледі.

ФОТО: Андрей Лунин

Kusto Group зауыты микросфераны көлеміне қарай іріктеумен қатар (өнім түріне қарай әртүрлі болғаны дұрыс), кептіру деңгейін күшейтуді де қолға алмақ (қазір ылғалдық көрсеткіші 2% болса, оны 0,5%-ға жеткізу көзделген) және де белгілі көрсеткіштерге негізделген күрделі қоспаларды жобалау мүмкіндігі де ескерілуде. Павлодар еркін экономикалық аймағында зауыт құрылысы (5 га жер телімі бөлінген) қыста басталды. Бірақ оны іске қосу жұмыстары пандемия салдарында кейінге шегерілді. «ERG компаниясының өз серіктестері болды, дегенмен олар мейлінше тұрақты әрі кәсіби жұмыс істейтін әріптес іздеді. Ал біз мұнай өндіреміз, бізге толтырушы қоспалар керек, осылайша ойламаған жерден жұмыс бастадық. Микросферамен бұрыннан айналысатын ресейлік «Грануламен» бірге біз ERG үшін жоба әзірлеп ұсындық. Олар өз талаптарын алға тартты: біз алдын ала төлеммен олардан, шартты түрде, 1 млн долларға 5000 тонна шикізат сатып аламыз, әрі қарай не істесек те, өзіміз білеміз. Осылайша біз жобамызды бастап, өз мүмкіндіктерімізді көрсеттік. Ал олар бізге өз қоймаларынан шикізат өндіруге эксклюзивті құқық беретін 10 жылдық келісімшарт ұсынды. Фракцияға айналдырып, химикаттар қосқаннан кейін микросфераны Еуропаға Ресейге ұсынған бағадан да қымбатқа экспорттай аламыз», – деп бөліседі компания жоспарымен Көпбаев. Өндірісті Жаңа жылдың алдында іске қосу көзделген. Бизнесмен, қазірдің өзінде сатып алушылар кезекте тұр дегенді айтады.

Біріккен кәсіпорында Kusto Group үлесі 75%, «Гранула» үлесі – 25%. Жобаға ENRC енгенде серіктестер 15%-дан алады, бақылау тізгіні Kusto тобында қалмақ. Инвестициялар шамамен 1 млрд теңгені құраған. «Зауыттың өндірістік қуаты – 12 000 тонна, біз бір жылда 15–20 млн доллар түсім болады деп үміттенеміз, зауыт өз шығынын тездетіп ақтай алады», – деген сенімде Көпбаев. Екібастұздағы екі ГРЭС қоймасынан шикізат жинаушылар да кейін  Kusto Group зауытымен жұмыс істейтін болады деп отыр ол: «Қазір онда жұрт қолымен теріп алады, сонда бар болғаны келісіне 80 теңге, онда да, бірде төлеп, бірде төлемейді. Біз нарықты реттеп, нақты баға белгілеп, қорғау тетіктерін енгіземіз, арнайы киім беретін боламыз, сөйтіп, олар да біртіндеп бізге келе бастайды», – деп түсіндіреді өз болжамын бизнесмен.

Терінің жыры бітпейді

Семей тері-былғары комбинатына Kusto Group эволюция нәтижесінде келді деуге болады: бірнеше жыл бұрын олар елге оралып, агросалаға инвестиция құю керек деп шешті. «Бұл Еркіннің идясы еді. Өз басым қарсы болдым, өйткені Украинадағы агробизнес біраз уақыт ырыққа көнбеген. Бірақ олардың жері қара топырақ, не ексең де қаулап өсе береді. Теңіз айлағы да қол созым жерде: жылына 150 тонна өнім өсіреміз де, теңіз арқылы экспортқа жөнелтеміз. Әрине, мұны ретке келтіруге де біраз жыл кетті. Ауыл шаруашылығының өзіндік ерекшеліктері көп, оның ішінде барымта, ұрлық та жоқ емес. Сол кезде біз Қазақстаннан тысқары жерлерде табыс тауып жаттық, бірақ ата-баба рухы жібермеді ме, Еркін елге қайтуды ұсынды. Ақыры біз де көндік», – деп күледі бизнесмен.

Компания мал шаруашылығы бизнесін сатып алды, осы арада жаңа проблема туындады: елімізде малға керек дәнді дақыл өсірілмейді, оны өсіретін тұқым тағы жоқ. «Содан біз тұқым алуға өзіміз кірістік. Америкалық BASS компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрдық. Артынша Петропавл, Қостанай, Ақмола облыстарынан жер алып, сонда біраз техника жеткіздік. Инвестиция да аяған жоқпыз. Биыл мал азығы ретінде 50 га жүгері ектік. Кезінде бізге: «солтүстікте жүгері өспейді» дейтіндер көп болған, бірақ біз өсірдік. Ғылымға жүгінсек, бәріне де қол жеткіземіз, мысалға жедел гүлдейтін тұқымдар да бар. Агробизнесті біз сиырдан бастадық, алайда алдымен малдың азығын реттеп алу керек. Ол кезде біздің тәжірибеміз аз, – деп әңгімелейді Қанат Көпбаев. – Малдың терісін экспортқа шығаруға болмайтынын білмейтінбіз. Бұрын теріні «көлеңкелі жолдармен» сыртқа шығарып жататын, ал қазір жағып жібереді не көміп тастайды. Обал ғой». Бизнесменнің айтуынша, Семей тері-былғары комбинаты туралы ұсыныс Қазақстан даму банкінен (ҚДБ) түскен.

«Семей тері-былғары комбинаты» серіктестігін (кеңес кезінде КСРО-дағы ірі кәсіпорын Семей ет комбинатымен тікелей байланыста болған, әскерге арнап қысқа тон да тіккен. 1998 жылдан бері жалғыз құрылтайшысы Жұмағазы Рақымғалиев) банкрот етіп жариялау жөніндегі сот шешімі 2019 жылдың жазында жария етіліп, бірқатар апелляциялардан кейін былтыр қараша айында өз күшіне енді.

2005 жылы ҚДБ үкімет жарлығымен комбинатқа құрал-жабдықтарды жаңартып, жаңғыртуға 23 млн доллар кредит желісін ашқан болатын. Құрал-жабдықтардың негізгі бөлігі жаңартылып, орнатылды да, бірақ бұл кәсіпорынды бәрібір қалпына келтіре алмады: ақша қайтпай қойды, өндіріс толыққанды қосылған жоқ, коммуналдық шығындарын өтеу үшін комбинат арагідік тапсырыс негізінде алған шикізатпен жұмыс істеді. Банк пен құрылтайшы арасында сол кезде үлкен кикілжің де орын алған: мемлекеттің қайтарымсыз қалған 22,3 млн доллар қаржысы біртіндеп тот басқан темірге айналуға шақ қалғанды.

ФОТО: Андрей Лунин

Тері-былғары комбинатын қалыпқа келтіруге кіріскен Kusto Group әзірше тек жалға алу негізінде келісіп отыр. «Өйткені біз бұл бизнеспен мүлдем таныс емеспіз.  Зауытқа келіп көрдік: құрал-жабдықтары жаман емес, әрине, әлі де инвестиция салу керек. Мамандары да жеткілікті, олардың 50%-ы кеңес кезінен мүмкіндігі шектеулі жандар (мылқау кісілер). Оларға арналған жатақхана да қасында», – деп әңгімелейді бизнесмен.

Kusto Group зауыт мәселесімен үш-төрт ай танысып, нәтижесінде, 2021 жылдың соңына дейін жалға алу тура келісімге биыл қол қойды. «Қазірдің өзінде көз жеткіздік – Қазақстанда тері илеу мүмкіндігі жоқ, біз сапалы былғары шығара алмаймыз. Бұл бекер ақша шашу деген сөз», – дейді Қанат Көпбаев. Себебі бізде өңделетін теріні дұрыс жолмен сылап алу мәдениеті жоқ. Малдың терісі таза, шыбын-шіркей үймелемеген, зақымданбаған және тұтас болуы тиіс. Кеңес әскерінің қысқа тонына жараған тері бүгінгі былғары нарығына жарамайды. Тек «KazBeef» ЖШС малының терісін қолдануға болады, өйткені оларда мал күтімі жоғары деңгейде. Бірақ олардың өнімі комбинат үшін өте аз: бар болғаны 60 тонна. «Біз мал терісін барлық жағынан үш рет өңдеп, байқап көрдік, өкінішке қарай, өнімнің 80%-ы бәрібір жарамсыз болып шығады. Бұл зауытқа кім келсе де, ол қазір тауарлы былғары шығара алмайды. Біздің маркетологтар Қытайдағы, Вьетнамдағы, Италиядағы офистермен хабарласып, малдың жүні мен терісі алынғаннан кейін қалатын таза ақуыз қабық – белкозинге деген сұраныс барын анықтады. Одан мал азығына қоспа, шұжық жасауға қажет жеуге жарамды қабық жасайды. Келесі деңгей – желатин, Қазақстанға ол 100% импорттан келеді. Алайда белкозин де, желатин де бізде өндірілмейді, бірақ олар мал терісін экспорттауға тыйым жөніндегі жарлық ішінде ескерілген. Сондықтан бұлардан экспорттық баж салығы алынады, ал бұл дегеніңіз тоннасына 300 евро!» – деп қынжылады Қанат Көпбаев.

Компания үкіметке хат жолдап, онда бұл өнімдерге қатысты баж салығын алып тастауды сұрап отыр. Бұл үшін үкімет инвесторды желатин шығарушы кәсіпорын салуға міндеттеуде. «Біз оларға, жігіттер, біртіндеп қимылдайық. Қазір ел ішінде тері илеуші бес-алты зауыт бар, ең болмаса, сыртқа белкозин шығаруды жолға қояйық – баж салығын алып тастаңыздар деп өтінумен келеміз. Нарықтарды зерттеп, байқап көрейік. Желатинге деген сұранысты анықтайық, сонда бәрі өз орнына келеді», – дейді ол. Көпбаевтың айтуынша, еліміз желатин шығара бастаса, оған қытайлар инвестиция салып, барлық ауқымды өздері алуға дайын отырса керек.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить