50 қазақстандағы ең беделді бизнесмендер - 2022

5313

Ең беделділердің жаңа тізімінде – рейтингтен түсіп қалғандар бойынша рекорд және бірде-бір әйел жоқ

2022 жыл тағдыршешті оқиғалар көлемі жағынан тұтас онжылдықты орап алды, тіпті коронавируспен байланысты екі жылға созылған пандемияны сағынышпен еске аламыз десе болады. Қазақстандағы да, әлемдегі де көптеген жағдай алғаш рет болып жатыр, белгісіздік деңгейі өте жоғары, турбуленттілік аймағынан шығатын жол әлі көрінбейді.

Бизнес-элитадағы «ескі гвардияның» ықпалы шайқалды, ал активтерді кеңінен ұлттандыру саясаты мен «төсеме компаниялардың» жабылуын ескерсек, олардың капиталының көлемі кез-келген уақытта өзгеріп кетуі мүмкін. Осыған орай рейтингті зерттеу командасы әдістемені өзгерту керек деп шешті. Бағалау параметрлерінің арақатынасын үлестіру кезінде 60%-ы сарапшылар пікіріне берілетін болды. Нәтижесінде Қазақстандағы ең беделді топ-50 бизнесмен рейтингісі пайда болғалы бергі уақытта алғаш рет бірден 11 қатысушы өзгерді, яғни тізімнің 20%-дан астамы жаңаланды. Шығып қалған кәсіпкерлердің басым бөлігі елдің бұрынғы президентінің отбасымен туыстық немесе басқа да қатынаста болған, тіпті олардың кейбірі беделінен ғана емес, бостандығынан да айырылып үлгерген.

Жаңадан кіргендер қатарында екінші президенттің жақын туысы 39 жасар Мұхамед Ізбастин бар, ол оның әпкесі Қарлыға Ізбастинаның ұлы, Қазақстанның Болгариядағы экс-елшісі Теміртай Ізбастинның жұбайы. Мұхамедтің 41 жас-тағы туған ағасы Қаныш Ізбастин 2022 жылдың ақпанына дейін мемлекеттік «ҚазАгроҚаржы» мемлекеттік АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы болды. Мұхамед Ізбастиннің өзі мемлекет басшысының ұлы Тимурмен бірге 2000-жылдардың басынан бері «Салиш» мұнай-газ компаниясын иеленген (2019 жылға дейін ол «Аби Петроликм Кэпитал» деп аталды), 2020 жылы ол жойылды, оған дейін Атырау облысындағы Грядовое кен орнында көмірсутекті шикізатты барлаумен және оны өндірумен айналысты. Мұхамед Ізбастин нағашы ағасы сияқты Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (ММХҚИ) бітірген. 2005 жылы РФ СІМ Дипломатиялық академиясында «Қазақстанның Ресей және басқа да елдермен Каспийдің көмірсутекті ресурстарын игеру барысында халықаралық кооперациялаудың тиімділік мәселелері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Қазіргі уақытта бояу, лак, эмаль және олар үшін пигмент өндіретін TSM Group құрылтайшысының бірі. Forbes Kazakhstan аналитиктері ақпарат жинау кезінде президенттің туыстарына бұрын тиесілі болған компаниялардың соңғы бенефициарлары туралы ақпарат бұдан былай жоқ екенін байқады.

Алғаш рет рейтингке Orbis Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы әрі иелерінің бірі Фаррух Махмудов, Global Chemicals Company ортақтас иесі Жұмабек Жанықұлов және «Ракурс Консалтинг Груп» басшысы, танымал қаржыгер әрі қоғам белсендісі Ораз Жандосов та енді.

Алдыңғы рейтингпен салыстырғанда қатысушылардың орта жасы 52-ден 54 жасқа өсті. Ал тізімнің өзі тек ер адамдардан тұратын болды (өткен жылы бизнесвумендер арасынан топ-50-ге тек Гаухар Қаппарова енген еді).

Әдістеме

Рейтингтің лонг-тізіміне қоғамдық және демеушілік қызметін есепке ала отырып, еліміздегі ең танымал әрі ең белсенді 84 бизнесмен енген еді. Олардың ішінен зерттеу тобы капиталы және 2021 жылғы төленген салық бойынша балдардың қосындысы нәтижесінде ең жоғары көрсеткіш көрсеткен 55 қатысушыны іріктеп алды. Бұл тізімді бизнес өкілдері (қатысушылардан бөлек), бизнес-қауымдастықтардың жетекшілері, саяси және қоғам белсенділері, аналитиктер мен іскерлік БАҚ журналистерінен тұратын сарапшылар пулы бес балдық көрсеткішпен бағалады. Шорт-тізімді құрастыру кезінде сарапшылардың бағалауы ең көп үлеске ие болды – 60%. Қатысушылардың жасы 2022 жылдың 1 қазаны бойынша көрсетілді.

Рейтинг – Forbes Kazakhstan журналистік бағалау материалы және ол құжат немесе ресми ақпарат ретінде қолданыла алмайды.

   1. Тимур Құлыбаев

56 жаста | Әртарапты бизнес

Жұбайы Динара Құлыбаевамен бірге тепе-теңдік негізде «АЛМЭКС» холдинг тобы» АҚ-на ие, сол арқылы олар «Қазақстан Халық Банкі» АҚ бақылайды және «Altyn Bank» АҚ-ның 40%-на ие. Топ Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Грузияда қызметін жүргізеді.

«Кипрос» ЖШС-ның негізгі иесі. Компанияның көп салалы құрылымына «Viled Group» ЖШС, «Emdeu Group» ЖШС, «iQ Solutions» ЖШС, «PetroRetail» ЖШС (ҚМГ жанармай құю бекеттері желісі) және Алматы, Астана, Дубай мен басқа да қалалардағы коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысатын «Mercury Properties» ЖШС кіреді.

Ұлттық олимпиада комитетінің президенті, Kazenergy қауымдастығының төрағасы, Қазақстан бокс федерациясының құрметті президенті, ХОК қоғаммен байланыс және спорт арқылы әлеуметтік дамыту комиссиясының мүшесі.


   2. Вячеслав Ким

53 жаста | Әртарапты бизнес

Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы және акционері.

«Алсеко» АҚ-ның мажоритарлық акционері, сол арқылы «Астана-ЕРЦ» ЖШС бақылайды. Сонымен қатар «ELTOP Soft» ЖШС және «ПОЗИТИВ Инвест» ЖШС-де үлестері бар.

Қазақстан таеквондо федерациясының президенті, ҚР Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының вице-төрағасы және атқару комитетінің мүшесі, «Almaty Triathlon Federation» ҚБ қамқоршылар кеңесінің мүшесі, «РФММ» КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Fizmat Endowment Fund» ҚҚ құрылтайшысының бірі және қамқорлық кеңесінің мүшесі, «Мейірімділік» ерікті қоғамы» ҚҚ қамқоршылар кеңесінің мүшесі.


   3. Болат Өтемұратов

64 жаста | Әртарапты бизнес

«ForteBank» АҚ-ның 89,32%-на, «КаР-Тел» ЖШС мен «Sky Mobile» ЖШҚ-дағы (сәйкесінше «Билайнның» Қазақстан мен Қырғызстандағы байланыс операторлары) үлестерге, алтын өндіруші RG Gold компаниясына, Астана, Вена мен Мәскеудегі Ritz-Carlton отельдеріне, Ақмола облысындағы Rixos Borovoe отеліне, Қазақстандағы Burger King франшизасына, Global Development девелопер компаниясына, Қарағандыдағы «Сары-Арқа» әуежайындағы үлеске, Informburo.kz ақпараттық-сараптамалық интернет-порталындағы үлеске, «31 канал» ТРК-дегі мажоритарлық үлеске және Video International Kazakhstan медиажарнама нарығындағы оператордың үлесіне ие.

Сонымен қатар Нархоз университетінің иесі, оған Haileybury Astana School және Haileybury Almaty үлестері де тиесілі. Биылғы жазда Нархоздың реконструкция жасалған аумағы 30 мың ш.м. бас корпусы таныстырылды.

Болат Өтемұратовтың қоры құрылтайшысы, Қазақстан теннис федерациясы президенті, ҚР ҰОК атқару комитетінің мүшесі, Халықаралық теннис федерациясы (ITF) вице-президенті.


   4. Нұрлан Смағұлов

57 жаста | Авторетейл, машина жасау, девелопмент

«Astana Group» холдингінің негізін қалаушы және президенті, оған «Астана Моторс» және MEGA СОСО (Алматыдағы MEGA Alma-Ata, MEGA Park және Астанадағы MEGA Silk Way) желісі кіреді.

Жаңа Зеландияның Қазақстандағы құрметті елшісі, Велосипед спорты федерациясының президенті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ директорлар кеңесінің мүшесі.

Тағы бір зауыт салады

Қыркүйекте «Астана Моторс» қытайлық Chery Automobile Company-дың жаңа Cherry Tiggo көлігін таныстырды. Қытайлық компаниямен Қазақстанда авто жинауды ашу туралы келісімге келген еді. Аталған көлік үлгісімен қатар Changan International Corporation және Great Wall Motor автоконцерндерінің Changan және Hava брендттерін шығаратын толық циклді мультибренд зауытының құрылысы келесі жылы басталады. Есептік қуаты жылына 90 мың авто болатын кәсіпорынға $200 млн инвестициялау жоспарланған, бұл 2000-нан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Өнімнің 60%-ға жуығы ТМД елдеріне экспортқа шығарылады. Кәсіпорынды іске қосу 2025 жылға жоспарланған.

Сонымен қатар өткен айда Нұрлан Смағұловтың «Астана Моторс» компаниясының миноритарлық үлесін үш топ-менеджер: CEO Бекнұр Несіпбаевқа, GR басқарушы директоры Анар Макашеваға және CFO Руслан Омаровқа беру туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.


   5. Александр Машкевич

68 жаста | МГК, қаржы

Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы және Патох Шодиев, Ибрагимовтар отбасы және Қазақстан Республикасы үкіметімен бірге акционері.

Сонымен қатар Шодиев және Ибрагимовтармен бірге «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ, «Еуразиялық өнеркәсіптік компания» АҚ және «Еуразиялық өндірістік компания» ЖШС-ға ие.

«Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ және «Еуразиялық банк» АҚ директоралар кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі.


   6. Владимир Ким

61 год | Металдар, қаржы

KAZ Minerals Ltd акционері, президенті және атқарушы емес директоры. KAZ Minerals тобының құрамына Павлодар облысындағы Бозшакөл және Шығыс Қазақстандағы Ақтоғай ашық кеніштері, Шығыс Қазақстандағы үш жерасты кеніші, Қырғызстандағы Бозымчак алтын-мыс кеніші мен РФ-дағы Баимское кен орны кіреді.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-да, «Bank RBK» АҚ-да мажоритарлық үлестері, «Таң» телерадиокомпаниясында үлесі бар.


   7. Михаил Ломтадзе

46 жаста | Қаржы технологиялары

Kaspi.kz АҚ акционері, директорлар кеңесінің мүшесі және басқарма төрағасы.

Гарвард бизнес мектебінің Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка бойынша консультативтік кеңесінің мүшесі. Ол бірнеше мәрте СЕО Survey 2022 сауалнама нәтижесі бойынша Қазақстандағы ең үздік компания басшысы болып танылды.

Маркетплейсті күшейту жолында

2022 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша есепте Kaspi.kz Kaspi Travel бағытындағы GMV (сауда алаңында сатылған тауарлардың жиынтық құнының көрсеткіші) 300%-дан астам ұлғайып, 99 млрд теңгеге жеткенін хабарлайды. Онлайн-супермаркет санатында Magnum-мен әріптестік те сәтті болып, 2022 жылдың екінші тоқсанында орта есеппен алғандағы чек $25 кезінде 265 мың тапсырыс түріндегі нәтижені көрсетіп отыр. Маркетплейс үшін қосымша қызмет ретінде логистика бағытын дамыту үшін компания постаматтар желісін кеңейтіп жатыр. Олар жаздың басында Қазақстанның 20 қаласында 1600 данадан астам болған, жылдың соңына дейін постаматтар санын 3000-ға дейін ұлғайту жоспарланған. Есепте тауар жеткізудің 12,4%-ы постаматтар үлесіне тиесілі екені айтылған.

Биыл Kaspi.kz бесінші жыл қатарынан Baker Tilly Qazaqstan және Forbes Kazakhstan аса ірі интернет сауда алаңдары ренкингінде бірінші орын алып отыр.


   8. Тимур Турлов

34 жаста | Қаржы технологиялары

АҚШ-та тіркелген және Қазақстанда «Фридом Финанс» АҚ арқылы қызметін жүргізетін Freedom Holding Corp. инвестициялық тобының негізін қалаушы және акционері. «Фридом Финанс» АҚ «Банк Фридом Финанс Қазақстан» (бұрынғы Kassa Nova Bank), «Freedom Finance Insurance» сақтандыру компаниясы» АҚ, «Freedom Finance Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ-ның жалғыз қатысушысы.

CEO Freedom Holding Corp., Freedom Finance Insurance және Freedom Finance Life директорлар кеңесінің төрағасы, «Лондон-Алматы» сақтандыру компаниясы» АҚ және «Kcell» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, Aqniet Group бақылау кеңесінің мүшесі, РФ-дағы НАУФОР (Қор нарығына қатысушылардың ұлттық қауымдастығы) директорлар кеңесінің, «СПБ Биржа» бағалы қағаздар нарығы биржа кеңесінің мүшесі. YPO Kazakhstan мүшесі, IQanat білім беру жобасына қатысушы.

Қытай нарығына шықты

2022 жылы қыркүйекте Freedom Finance Global Қытайдың бағалы қағаздарды реттеу жөніндегі комиссиясы (CSRC) беретін білікті шетелдік инвестор куәлігін (QFI) алғаны белгілі болды. Бұл шетелдік институционалдық инвесторларға Қытайдың бағалы қағаздар және өзге де қаржылық құралдар нарығына қатысуға мүмкіндік береді. Компания China Construction Bank-тің кастодиан-банк болып таңдалғанын хабарлады. FFG Орталық Азияда аталған куәлікті алған алғашқы қаржы институты болды.

2022 жылы тамызда «Фридом Финанс» АҚ «Лондон-Алматы» сақтандыру компаниясын сатып алды. Компанияның 2021 жылғы есебіне сәйкес соңғы бақылау Темірхан Сүлейменовте – 50%, Ерлан Баймұратовта – 25%, Айдархан Сәрсембаевта – 25% болған.


   9. Айдын Рақымбаев

50 жаста | Құрылыс

BI Group холдингінің акционері және директорлар кеңесінің төрағасы.

IQanat білім беру жобасының бастамашысы және Арманжан Байтасовпен (рейтингте №21) бірге негізін қалаушы. Берік Қаниевпен (№25) бірге Quantum STEM Schools мектептер желісі құрылтайшыларының бірі. Әлеуметтік жетімдіктің алдын-алуға және жалғызбасты аналарға көмектесуге бағытталған «Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік» пен «Ана Үйі» қоғамдық қорларының негізін қалаушы. Қазақстандағы Ironman бастамашысы және Триатлон федерациясының мүшесі. YPO Kazakhstan-ға қатысушы.


   10. Кеңес Рақышев

43 жаста | Әртарапты бизнес

«Fincraft инвестициялық үйі» АҚ-ның ірі акционері, «Fincraft Resources» АҚ (бұрынғы SAT & Company) мажоритарлық акционері. «Fincraft Group» ЖШС-не ие, сол арқылы әлемнің жеті елінде жұмыс істейді.

Fincraft Group президенті, «Fincraft Resources» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектептің құрылтайшысы, Қазақстан бокс федерациясының президенті.


   11. Александр Белович

67 жаста | Құрылыс

Ұлымен бірге Bazis-A корпорациясына иелік етеді.

Bazis-A корпорациясы директорлар кеңесінің және басқарма төрағасы. «Атамекен» ҰКП президиумының мүшесі әрі Құрылыс және ТКШ комитетінің төрағасы, ҚР Су спорты түрлері федерациясының вице-президенті.

 

   12. Серікжан Сейітжанов

73 жаста | Әртарапты бизнес

Сейітжановтар отбасына «Оңтүстік» ҚСӨК тиесілі, сол арқылы олар «Саутс Ойл» ЖШС мұнай компаниясының 51%-на, Smart-Oil бұрғылау компаниясына, «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС құрылыс компаниясына, «Стандарт Цемент» зауытына, «КАС-бетон» ЖШС-не, «Ақ-жол ТрансСервис» ЖШС-не, «Стандарт Ресурсис» ЖШС-не ие, «Standard Petroleum&Co» сауда ЖШС-де және цианидтер өндіретін Talas Investment Company зауытындағы үлестерге ие.

Сонымен қатар Сейітжановтар отбасына Rixos Khadisha Shymkent және Rixos Turkestan отельдері, Satti Zhol жанармай құю бекеттері желісі, Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы мен Инновациялық-технологиялық колледжі тиесілі.


   13. Шухрат Ибрагимов

36 жаста | МГК, қаржы

Ибрагимовтар отбасының ERG тобындағы өкілі және директорлар кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар отбасына «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ, «Еуразиялық өнеркәсіптік компания» АҚ және «Еуразиялық өндірістік компания» ЖШС-ның үштен бірі тиесілі.

«Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ және «Еуразиялық банк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.

Инфлюенсерлер сыйлығының негізін қалады

Қыркүйектің басында Алматыда Шухрат Ибрагимов негізін қалаған New Era Media Awards 2022 бірінші марапаттау салтанаты өтті. Инфлюенсерлердің халықаралық сыйлығы әлеуметтік желілердегі контентті кеңінен насихаттауға және контент жасаушылар қоғамдастығын дамытуға бағытталған. 12 категория бойынша 11 елден келген 100-ден астам үміткердің арасынан жеңімпаздар (басты категория – «Жыл инфлюенсері») «онлайн-дауыс беру + қазылар алқасының бағасы» форматы бойынша анықталды. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, сыйлық жыл сайын өткізіледі және кеңейе түспек.


   14. Эдуард Огай

52 жаста | Металдар

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-де үлеске ие және ұлдарымен бірге «Қаражыра» АҚ 70%-ын бақылайды.

«Кazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы және «Kazakhmys Copper» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы лауазымын атқарады.

Жезқазғанға көшті

Биыл президент жарлығына сәйкес «Қазақмыс» тобы бас компанияларын жаңа құрылған Ұлытау облысының әкімшілік орталығы Жезқазған қаласына көшірді. Топ 2022–2026 жылдарға арналған облысты дамытудың кешенді жоспарының аясында университет, бассейні бар көп салалы спорт кешені, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт академиясы, концерт залы бар мәдени орталық пен балабақша сияқты әлеуметтік маңызы бар объектілерді әзірлеу, құрылысын салу және абаттандыру түрінде жергілікті әкімшілікке қолдау көрсетеді. 


   15. Еркін Тәтішев

46 жаста | Әртарапты бизнес

Канада, Қытай, Грузия, Израиль, Қазақстан, Ресей, Сингапур, Түркия, Вьетнам мен Украинада активтері бар Kusto Group иелерінің бірі және директорлар кеңесінің төрағасы. Топ қызметінің негізгі бағыттары – агробизнес, мұнай және газ, жылжымайтын мүлік, құрылыс материалдары және бөлшек сауда.

«Ержан» қоғамдық қорының негізін қалаушылардың бірі, «Қазақстан кендо және иайдо федерациясы» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушылардың бірі және басшысы, AlmaU қамқорлық кеңесінің мүшесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ директорлар кеңесінің мүшесі, High Tech Academy мектебінің негізін қалаушылардың бірі, «Мейірімділік» еріктілер қоғамы» қоғамдық қорының қамқорлық кеңесінің мүшесі.

Биыл ақпанда Тәтішев Ernst & Young өткізген «Жыл кәсіпкері – 2021» халықаралық байқауының ұлттық кезеңінің жеңімпазы атанды.


   16. Олег Новачук

51 жаста | Металдар

Nova Resources B.V. арқылы KAZ Minerals Ltd компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және Владимир Кимнің (рейтингте №6) серіктесі.

Өткен жылы күзде Ақтоғай алаңын кеңейту жобасы аяқталды. Екінші кен байыту фабрикасы кенді қайта өңдеу қуаттылығын еселейді, инвестициялар $1,2 млрд құрады. Топ құрамында Қазақстанда, Қырғызстанда және Ресейде 14 мыңнан астам адам жұмыс істейді.


   17. Рашит Сәрсенов

73 жаста | Әртарапты бизнес

Сәрсеновтар отбасы – «Нұрбанк» АҚ және «Виктория» сақтандыру компания-
сының мажоритарлық акционері. Сонымен қатар отбасы Helios жанармай құю бекеттері желісіне, KSP Steel, «Кастинг» ЖШС, Caspian Riviera отеліндегі, «AltynEx Company» АҚ алтын кеніші кен орнындағы үлестерге ие.

Бизнесменге Vita су өндіру және сату компаниясы, «Француз үйі», Beautymania, Imperial Home, «Планета красоты» сауда желілері, «Новое поколение» газеті, Caspian University және Алматы құрылыс және менеджмент колледжі, Түркістан облысындағы Chateau Silk Alley шарап шаруашылығы кешені тиесілі.

«Виктория» СК директорлар кеңесінің төрағасы, «BSB қаржы-өнеркәсіп корпорациясы» ЖШС президенті, Caspian University қамқорлық кеңесінің мүшесі.


   18. Райымбек Баталов

51 жаста | FMCG, инвестициялар

Raimbek Group холдингінің иесі және директорлар кеңесінің төрағасы. Холдингке Raimbek Agro, «RaimbekAlco», «Раимбек групп плюс», City Fair Trade ltd, Raimbek-Grain & Co, Raimbek ILM компаниялары кіреді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы. «Даму» КДҚ» АҚ тәуелсіз директоры, Ұлттық құрылтай және ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің мүшесі. Қазақстан тарапынан ШЫҰ іскерлік кеңесінің, «Қазақстан кәсіпкерлері форумы» қауымдастығы кеңесінің, ҚР Су асты спорты федерациясының, Enactus Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы. «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.


   19. Бакытбек Байсеитов

64 жаста | Каржы

«Банк ЦентрКредит» АҚ-дағы ірі үлестің иесі. Сондай-ақ оған «Orient Invest Group» АҚ, «Green Invest» ТИАИҚ» АҚ, «Petrogaz AG» ЖШС, «Finproject» ЖШС, «International Jet Tour» ЖШС тиесілі.

«ЦентрКредит Банк» АҚ және «BCC Invest» АҚ директорлар кеңе-сінің төрағасы. ҚР Банктер қауымдастығының президенті, «Банки Казахстана» журналы иелерінің бірі.

Банкін кеңейтеді

Қыркүйектің басында «ЦентрКредит Банк» АҚ «Альфа-Банк» (Қазақстан) ЕБ АҚ-ның құқық мирасқоры «Eco Center Bank» АҚ-ның қосылатынын мәлімдеді. «Альфа-Банк» (Қазақстан) ЕБ АҚ-ын ЦКБ сәуірде сатып алған және алғашқысының атауы биыл мамырда ресми ауыстырылған. 1 тамыздағы жағдайға сәйкес банктердің жиынтық активтері 3,4 трлн теңгеге жуық соманы құрады, бұл Қазақстан Халық банкі мен Kaspi-ден кейінгі үшінші ірі қаржы институты атануға мүмкіндік берді. Меншік капиталының мөлшері (300 млрд теңгеден астам) бойынша банк елдегі бесінші орынды иеленіп отыр. 


   20. Александр Клебанов

59 жаста | Әртарапты бизнес

Сергей Канмен (рейтингте №26) бірге «ОАЭК» АҚ-на ие. Оған «Павлодарэнерго» АҚ және «СевКазЭнерго» АҚ, «Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» АҚ кіреді.

«ОАОЭК» АҚ және «ОАЭК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.

 

   21. Арманжан Байтасов

52 жаста | Медиа, телеком, девелопмент

Арманжан Байтасов құрамына MuzzOne телеарнасы, «Бизнес-FM» радиостанциясы, Businessfm.kz сайты, Forbes Kazakhstan және Forbes Georgia журналдары кіретін Tan Media Group тобына иелік етеді. ICON телекоммуникация компаниясының мажоритарлық иесі. Биыл наурызда бизнесмен Arbat Media атты жаңа медиа ашты. YouTube желісінде Baitassov Live авторлық жобасын жүргізеді.

Tan Media Group директорлар кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, «QazExpoCongress» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, Қазақстан Медиа Альянсының құрылтайшысы, Болат Өтемұратов қоры қамқорлық кеңесінің мүшесі, YPO Kazakhstan-ға қатысушы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ директорлар кеңесінің мүшесі, IQanat білім беру жобасының негізін қалаушылардың бірі.


   22. Данияр Әбілғазин

52 жаста | Әртарапты бизнес

Данияр Әбілғазиннің отбасына «Sinooil» ЖШС (SinoOil жанармай құю бекеттері желісі), «PetroRetail» ЖШС (QazaqOil жанармай құю бекеттері желісі), Viled Group, «ADD Invest Properties» ЖШС-дегі үлестер тиесілі. Соңғысы арқылы Құлыбаевтар отбасымен бірге Астанадағы Keruen city Astana СОСО, Keruen СОСО, Talan Towers СОСО, Атыраудағы Baizaar mall СОСО және Keruen city Aktobe СОСО басқарады. Сонымен қатар отбасы «Аяла» қайырымдылық қорына ие.

Су спорты түрлері федерациясының вице-президенті, «Almaty Triathlon Federation» ҚБ қамқорлық кеңесінің мүшесі, Ұлттық олимпиада комитеті жалпы сұрақтар жөніндегі вице-президенті, ҚР Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының төрағасы, ҚР Үстел теннисі федерациясы президенті, Fizmat Endowment Fund қоры қамқорлық кеңесінің мүшесі.


   23. Айдан Кәрібжанов

50 жаста | Инвестициялар, энергетика

«Visor Kazakhstan» ЖШС мажоритарлық иесі. Сонымен қатар бизнесменге «Jasil Jel Energy» ЖШС, «Greencity KZ» ЖШС және жел электрстанциялары арқылы электр қуатын өндіретін «Northern Wind Kazakhstan» ЖШС тиесілі.

«Аспандау» қорының қамқорлық кеңесінің мүшесі, Сутегі энергетикасы қауымдастығы құрылтайшыларының бірі.


   24. Дінмұхамет Ыдырысов

57 жаста | Әртарапты бизнес

Дінмұхамет Ыдырысовқа Түркістан, Қарағанды, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс істейтін «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС тиесілі. «Үшқұю» АҚ, «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ, «Kundybai Mining» АҚ, «Керегетас» тау-кен компаниясы» ЖШС-да үлестері бар.

«Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы, AlmaU қамқоршылар кеңесінің мүшесі.


   25. Берік Қаниев

52 жаста | Әртарапты бизнес

Lancaster Group иелерінің бірі және директорлар кеңесінің төрағасы. Топ құрамына мұнай сервисі компаниялары «Ер Сай Каспиан Контрактор», Ecoorientir, логистикалық QZ Silk Road Logistics, Azia Teniz Grouр, «Жандиг-С» ЖШС құрылыс компаниялары, Tin One Mining (бұрынғы «Сырымбет» АҚ), Zhaltyrbulak тау-кен компаниялары, «Васильевское» тау-кен металлургия компаниясы» ЖШС, Abdi Ibrahim Global Pharm фармацевтикалық компаниясы (Abdi Ibrahim түрік компаниясымен бірге) кіреді.

«РФММ» КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы және қамқорлық кеңесінің мүшесі, Fizmat Endowment Fund қоғамдық қоры құрылтайшыларының бірі, «Арлан» футбол клубының құрылтайшысы, «Жас Қыран» республикалық балалар-жасөспірімдер футбол лигасының президенті, Қазақстан футбол федерациясы балалар-жасөспірімдер футболы комитетінің төрағасы, Quantum STEM School мектебі құрылтайшыларының бірі, Airvision.kz қоғамдық қорының құрылтайшысы, YPO Kazakhstan мүшесі, IQanat білім беру жобасына қатысушы, «Нұрлан Қаппаров қоры» қоғамдық қоры құрылтайшыларының бірі, «Атамекен» ҰКП төралқасының мүшесі.


   26. Сергей Кан

54 жаста | Әртарапты бизнес

Александр Клебановпен (рейтингте №20) бірге «ОАОЭК» АҚ және «ОАЭК» АҚ-дағы үлестерге ие. Ал оның ұлы Яков Клебановпен бірге «Circle Maritime Invest» АҚ кеме иеленуші компаниясындағы, Rixos Almaty отеліндегі, «Теңіз Star» ЖШС-дегі үлестерге иелік етеді. Қазақстан корейлерінің қауымдастығының қамқорлық кеңесінің мүшесі, IQanat білім беру жобасына қатысушы.


   27. Қайрат Мәжібаев

54 жаста | FMCG

«RG Brands» АҚ-ның 98,05%-на ие. Топтың Ресей мен Қырғызстанда еншілес кәсіпорындары бар.

RG Brands директорлар кеңесінің төрағасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының сауда комитетінің төрағасы, Respublika Foundation қоғамдық қорының негізін қалаушылардың бірі және төрағасы, Қазақстан гольф федерациясы құрылтайшыларының бірі.


   28. Елдар Әбдіразақов

49 жаста | Сақтандыру бизнесі, қаржы

Centras Group холдингінің иесі, оның құрамына «Коммеск-Өмiр», «Сентрас Коммеск Life», «Сентрас Иншуранс» сақтандыру компаниялары, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Сентрас Капитал» ЖШС қаржы компаниялары, iLEX заң компаниясы, SOS медицина орталығы, «Сентрас» венчурлық қоры» АҚ кіреді.

«Қазақстанның қор биржасы» АҚ (KASE), «ForteBank» АҚ, «Air Astana» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі. «Атамекен» ҰКП төралқасы жанындағы корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі. Kazakhstan Growth Forum құрылтайшысы, жастарға арналған Professionalize Kazakhstan білім беру жобасының бастамашысы.


   29. Эдуард Ким

57 жаста | Ретейл

«Technodom Оperator» АҚ негізін қалаушы және иесі. Компания құрамына Қырғызстандағы осы аттас компания да кіреді. Оның, сондай-ақ «Технодом Сервис» ЖШС және «Компания Фаэтон» ЖШС-де үлестері бар.

ҚР Сауда желілері одағы құрылтайшыларының бірі, «Ана үйі» қайырымдылық жобасына қатысушы, «Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік» ҚҚ құрылтайшыларының бірі.


   30. Марғұлан Сейсембай

55 жаста | Инвестициялар

Asadel Partners PEF Pte Ltd. басқарушы серіктесі, компания арқылы «Алель Агро» АҚ-да, «Tamos Education» ЖШС-де және басқа компанияларда үлестері бар. Seimar Investment Group басқарушы компаниясы мен «Алмалы жұмақ» қоғамдық қоры құрылтайшыларының бірі.

Haileybury Almaty мектебінің акционерлерінің бірі. Авторлық білім беру бизнес курстары мен бизнес клубының иесі, аталған курста білім алу және клубқа мүше болу «Марғұланның білім беру платформасы» сайты арқылы сатылады.


   31. Ерлік Балфанбаев

58 жаста | Құрылыс индустриясы

Alina компаниялар тобының негізін қалаушы, оған AlinEX, Alina Paint, «НАШИ», NORMA, Decorex, G-EX брендттері, «Домовой» еден жабындары орталықтары желісі, DOMSAD үй мен бақшаға арналған электронды гипермаркет, «Таза Отан» әлеуметтік жобасы, қазақстандық Doctor Green экологиялық таза тұрмыстық химия бренді кіреді. Сондай-ақ, бизнесменге Алматы маңындағы Oi-Qaragai әрмезгілдік отбасылық шипажай тиесілі.

Таразда зауыттарды іске қосты

Биыл тамызда Alina Group Тараз қаласында Орталық Азиядағы алғашқы заманауи автоматтандырылған, тіл-ойық тақталар (ТОТ – бөлмеаралық және интерьерлік арақабырғаларды монтаждауда қолданылатын гипстен жасалған панель) шығаратын зауытты іске қосты. Қуаттылығы жылына 380 000 шаршы метр ТОТ болатын зауытта тақталардың төрт түрі: қалыпты жағдайларға арналған толық құйма тақталар және қуыс тақталар, сонымен қатар ылғалға төзімді тақталар шығарылады. Жобаға 3,5 млрд теңге инвестиция салынған.

2023 жылға қарай қолданыстағы өндіріс қуаттылығына Тараздағы жылына 780 000 тонна құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт қосылады. 


   32. Иван Сауэр

64 жаста | АӨК

«Агрофирма «Родина» ЖШС иесі және бас директоры. Сонымен қатар «Астана-Нан» ЖШС, «Жакен-1» ЖШС, «Тастак» ЖШС, «АФ-Отан» ЖШС-не ие.

«Азық-түлік контракт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ қоғамдық кеңесінің және «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қамқорлық кеңесінің мүшесі.


   33. Сайдолла Қожабаев

63 жаста | Машина жасау

Alageum Group-тың мажоритарлық иесі, оған «Кентау трансформаторлық зауыты» АҚ, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Ақтау трансформаторлық зауыты» ЖШС, «Алматы электромеханикалық зауыты» ЖШС, «Электромонтаж» АҚ, «ПромЭнерго» жобалау институты» АҚ және Шымкенттегі жоғары кернеулі трансформатор жабдығын өндіруші Asia Trafo зауыты кіреді.

Alageum Group бақылау кеңесінің төрағасы.


   34. Александр Гарбер

60 жаста | FMCG

Халық тұтынатын тауарлар дистрибуциясы саласындағы аса ірі компаниялардың бірі, Қазақстан мен Қырғызстанда жұмыс істейтін «Прима Дистрибьюшн» ЖШС мажоритарлық иесі. Сондай-ақ бизнесменге «Прима Құс» ЖШС тиесілі, «Прима-Мороженое» ЖШС-дегі, шай өндіруші қазақстандық-үндістандық компания «Tea House» ЖШС-дегі, «Best Start» қойма ЖШС-дегі үлестер, меншік жылжымайтын мүлкін басқаратын «REA» ЖШС тиесілі.


   35. Алмас Сұлтанғазин

58 жаста | Ретейл

Алмас Сұлтанғазин Sulpak және Alser компанияларындағы мажоритарлық
үлестерге, сондай-ақ «ST Networks» ЖШС, «High Tech Commerce» ЖШС және ABE MediaGroup жарнама агенттігіндегі үлестерге ие.

 

   36. Ораз Жандосов

60 жаста | Консалтинг, энергетика

«Ракурс Консалтинг Груп» ЖШС мен «Eneverse KunKuat» ЖШС иелерінің бірі (Алматы маңындағы күн электр станциясы).

«Батыс транзит» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қамқорлық кеңесінің, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы консультативтік кеңесінің мүшесі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің штаттан тыс кеңесшісі.


   37. Қайрат Итемгенов

51 жаста | Әртарапты бизнес

«Aqniet Group» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы және жалғыз акционері. Холдинг Қазақстан бойынша Europharma және ArzanPharm брендтерінің 280-ге жуық дәріханасы бар желіні басқарады.

Бизнесменге сондай-ақ Greenhouse-Qaztomat жылыжайлар кешені, Мәскеудегі Mövenpickжәне Holiday inn Express отельдері, Алматыдағы Novotel және Ibis Style брендтері арқылы қонақүй кешені тиесілі.


   38. Фаррух Махмудов

46 жаста | Әртарапты бизнес

Orbis Kazakhstan көп салалы компаниялар тобы иелерінің бірі және директорлар кеңесінің төрағасы. Топ ретейл, жеңіл көліктерді (Toyota, Infiniti, Volkswagen, Nissan, Audi, Porsche, Hyundai, Mitsubishi, Exceed), жүк көліктерін (HINO), арнайы көліктерді (JCB), ауылшаруашылық (Fendt, Valtra) көліктерін және қойма техникасын шығару және лизингке беру қызметін Қазақстанда, Қырғызстанда және Өзбекстанда жүргізеді. Сонымен қатар компания құрылыс, логистика, агроөнеркәсіп, мұнай химиясы мен күнделікті тұтынатын тауарлар дистрибуциясы саласында қызмет етеді.

Маусымда топ Almaty қонақүйін Нұрлан Смағұловтан (рейтингте №4) сатып алды.

Елордада автокөлік зауытын

Биыл жазда Астанада коммерциялық және арнайы техника шығаратын Orbis Machinery зауыты ашылды. Өндіріс жеңіл салмақты KIA Bongo-ны шығарудан басталды. KIA Corporation-мен келісімге 2021 жылы қол қойылған. Оңтүстік Корея тарапы өндірістік желіні іске қосуды, персоналды оқытуды басқарды және сапаны бақылайтын болады. Бұл KIA коммерциялық техникасының ТМД-дағы алғашқы өндірісі және зауыт жұмысының басым бөлігі экспортқа бағытталатын болады.

2023 жылы екінші кезең іске қосылғанда өндіріс қуаттылығын жылына 20 мың данаға дейін жеткізу және HINO (жапон жүк көліктері) мен JCB (британиялық жол-құрылыс техникасы) брендтері техникасын жинап-құрастыру жоспарланған, қазір оларды импорттаушы – Orbis компаниясы.

Инвестициялар 11 млрд теңгеге жуықтады, оның 20%-ы – компанияның меншік қаражаты. 


   39. Бахаридин Аблазимов

53 жаста | Мұнай және газ

2021 жылы Қазақстанда аммиак және аммиак селитрасын шығаратын жалғыз кәсіпорын «ҚазАзот» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы болды, мұндағы оның тікелей үлесі – 15%.

Бизнесменге сондай-ақ, «Матен Петролеум» АҚ-ның 5%-ы, «Үшқұю» АҚ-ның (бұрынғы «Аңсаған Петролеум» ЖШС) 30%-ы, «ТриасМұнайГаз» ЖШС, «KazAeroSpace» ЖШС, «Petro Chemical Company» ЖШС және «Sunrise Development» ЖШС-дегі ірі үлестер тиесілі.


   40. Марат Сәрсенов

55 жаста | Көлік

«Исткомтранс» ЖШС теміржол операторының мажоритарлық үлесіне ие, компанияның меншігінде және лизингінде 12 мыңнан астам вагон бар. Сондай-ақ ол «Будан» ЖШС (дәнді дақылдар мен бұршақ тұқымдас дақылдарды өсіру), «Продресурс» ЖШС мен «Тоболтранс» ЖШС-дегі (көлік-экспедициялық қызметтер) ірі үлеске иелік етеді.


   41. Серік Толықпаев

51 жаста | Құс шаруашылығы

Aitas KZ тобының мажоритарлық акционері. Топтың құрамына өсімдік шаруашылығы, құс етін өндіру және өңдеу, дистрибуция саласындағы 11 кәсіпорын кіреді. Негізгі кәсіпорындары – «Кус&Вкус» брендімен өнім шығаратын Өскемен және Макинск құс фабрикалары.

«Іскерлік аумақтарды тұрақты дамыту» қорының құрылтайшысы.


   42. Владимир Денисов

62 жаста | Әуе тасымалдары

«SCAT» әуекомпаниясы» АҚ мажоритарлық акционері және президенті. Компания арқылы Тараздағы Әулие-Ата халықаралық әуежайын және өңірлік әуе рейстерімен айналысатын «Оңтүстік аспаны» АҚ бақылайды. Компанияның активтерінде сонымен қатар, Шымкент әуежайының салынып жатқан жаңа терминалы бар.

Шымкент кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі.


   43. Мұрат Әбдірахманов

59 жаста | Инвестициялар

«Astel» АҚ телекоммуникациялық компаниясы, «Орион Система» ЖШС және «ТРИ» ЖШС (Алматыдағы «Мирас» салтанат сарайы) иелерінің бірі. Жұбайы Светлана Әбдірахмановамен бірге Қазақстанның бірнеше қаласындағы стоматологиялық клиникалар желісі «Dent-Lux» АҚ-на иелік етеді. Компания арқылы Алматыдағы Medical Park көп салалы медициналық орталықты бақылайды. Қазақстандағы және шет елдердегі жобалары бар венчурлық инвестор. Chocofamily, HR Messenger, UvU, Easytap және басқа компанияларға инвестициялар салған.

Айдын Рақымбаев (рейтингте №9) және Эдуард Киммен (№29) бірге «Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік» және «Ана Үйі» қоғамдық қорлары құрылтайшыларының бірі.


   44. Мұхамед Ізбастин

39 жаста | Құрылыс индустриясы

Бояу, лак, эмаль және оларға арналған пигменттерді өндіретін TSM Group құрылтайшыларының бірі. Бұрын «Аби Петролеум Кэпитал» мұнай компаниясында үлестері болған.

Ірі бизнесмендердің қатарында «Қазақстан халқына» қорының демеушілердің бірі. Ел президентінің ұлы Тимур Кемелмен бірге Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры құрылтайшыларының бірі (Мұхамед Ізбастин – Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы Қарлыға Ізбастинаның ұлы).


   45. Сергей Терещенко

71 жаста | Әртарапты бизнес

«Интеграция» Халықаралық қоры» ЖШС басқармасының төрағасы және түпкілікті бенефициары.

«Ордабасы құс» ЖШС, «Александровский сад» ЖШС, «VITA Жетісу» ЖШС-де (азықтық дақылдарды өсіру), «Европолис Инвест» құрылыс ЖШС-де, «Холдинг Д&T» ЖШС-де және «Мадлен» кондитерлік және кофеханалар желісінде үлестері бар.

Азаматтық және қызметтік мақсаттағы қару-жарақ айналымы саласындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қауымдастығының төрағасы. Ұлттық омарташылар одағының құрылтайшысы. Алматы және Түркістан облысының құрметті азаматы. Израильдің құрметті консулы.


   46. Жұмабек Жанықұлов

46 жаста | Әртарапты бизнес

«Karazhal Operating» ЖШС (Halliburton-мен бірге Қарағанды облысындағы барит кенін қайта өңдеу), Global Chemicals Company (кен байыту және мұнай-газ өнеркәсібіне арналған арнайы химияны жеткізуші) негізін қалаушы. Сонымен қатар Saryopan Operating-те (бельгиялық Carmeuse Group-пен бірге химиялық реагенттерді өндіру зауыты), «Тараз металлургия зауыты» ЖШС (ферроқорытындылар өндірісі), елдің бірнеше қаласы мен облысында 11 филиалы бар Nova Medical Centre медициналық диагностикалық орталықтар желісінде үлестері бар.

Тараз металлургиялық зауытының және Теміртау электрметаллургиялық комбинатының президенті, «Кемел Ұрпақ» қоғамдық қорының негізін қалаушы және президенті. Paryz ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы төралқасының төрағасы.


   47. Марат Баққұлов

49 жаста | Машина жасау

Қазақстан мен Татарстанда өнеркәсіптік желдеткіштерді өндіретін «АЖЗ» (Алматы желдеткіш зауыты) ЖШС иесі.

«АЖЗ» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы және Өңдеуші өнеркәсіп одағының басқарма төрағасы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының мүшесі.


   48. Бауыржан Оспанов

54 жаста | Әртарапты бизнес

«Алакөл-Агро» компаниясына, «TSC Service» ЖШС, «Koksu Hydro» ЖШС-не ие.

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті қамқоршылар кеңесінің мүшесі.

 

   49. Александр Дериглазов

53 жаста | Дистрибуция, ретейл

«Меломан»/Marwin желісіндегі, «Комфорт» үйге арналған тауарлар гипермаркеті желісіндегі, «Первое казахстанское музыкальное издательство» ЖШС-дегі үлестерге ие.

 

   50. Алмас Құдайберген

43 жаста | Мұнай сервисі

Centrasia Group негізін қалаушы және басқарма төрағасы. Топ құрамына мұнай сервисі компаниялары «CHI Electric» ЖШС, «CHI» ЖШС, «ILT Сenter» ЖШС-ның 80%-ы және «Экспертиза» ЖШС-ның 50%-ы, «Centech» ЖШС өндірістік зауыты кіреді. Компаниялар Қазақстан, Ресей, Түркия мен Грузиядағы ірі мұнай жобаларында жұмыс істейді.

Қазақстан мұнай сервисі компаниялар одағы төралқасының негізін қалаушылардың бірі және мүшесі, «Болашақ» стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы кеңесінің төрағасы, «Болашақ» қайырымдылық қоры қамқорлық кеңесінің, ҚР Үкіметі жанындағы отандық кәсіпкерлер кеңесінің және технологиялық саясат жөніндегі кеңесінің мүшесі. YPO Kazakhstan мүшесі, «Ана үйі» жобасына қатысушы.

Қашағандағы келісімшартқа ие болды

2021 жылы атыраулық Centech зауыты «Қашаған» жобасы үшін импортты алмастырып, электромонтаждық жабдықты әзірлеу және жеткізу бойынша тікелей келісімшартқа ие болған алғашқы қазақстандық кәсіпорындардың бірі болды. Сонымен қатар былтыр «Теңізшевройл» БКЖ жобасындағы электромонтаджық жұмыстар бойынша ең ірі қазақстандық қосалқы мердігер CHI Electric компаниясы (қызметкерлер саны – 2200 астам адам) Калининградтағы «Ямал СПГ – 2» табиғи газды өндіру, сұйылту және жеткізу бойынша біріктірілген жобаға арналған мұнай-газ модульдарының құрылысындағы өзіне тиесілі жұмыстың бөлігін атқарып шықты.

Фотографтар: Андрей Лунин, Владимир Шаповалов, Вадим Соловьёв, Никита Басов, Павел Михеев, Руслан Мазунин, Резеда Небогова, Валерий Аяпов, Иван Беседин және баспасөз қызметтерінің мұрағаты

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить